Халқымыздың саны 20 миллионнан асты
16.11.2023 1106

14 қарашада республика тұрғындарының саны 20 миллионға жеткен болатын. Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, сол күні таңғы сағат 8:10-да дүниеге келген 5 бала бірдей еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған. 


Бүгін Мемлекет басшысы қуанышты хабарды жариялап, халықты құттықтады. 

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев X парақшасына.

Еліміздің мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүние есігін ашқан. Олардың үшеуі – ұл, екеуі – қыз.

Деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстан халықның саны 16,4 млн адам болған. Халықтың 1000 адамға шаққандағы туу көрсеткішін көрсететін жалпы туу коэффициенті 1991 жылғы 21,6-дан 2021 жылы 23,6-ға дейін өсті. Былтыр бұл көрсеткіш 20,7-ні көрсетті. Еліміздің үш өңірінде халық 2 млн адамнан асты. Олар: Алматы (2 146 576 адам) және Түркістан облыстары (2 054 021 адам),  сондай-ақ Алматы қаласы (2 030 285 адам).