«Астана Опера» мәскеулік көрерменді таңдай қақтырды
10.11.2023 1934

Мәскеуде өткен «Музыканы көру» атты VIII халықаралық музыкалық театрлар фестивалінде «Астана Опера» да өнер көрсетті. Театр труппасы қойған Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклі музыка сыншыларының жоғары бағасына ие болды, – деп хабарлайды E-histroy.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Гастрольдік өнер көрсету XX ғасырдағы біртуар опера әншісі Галина Вишневскаяның әйгілі опералық ән айту орталығында өтті. Cпектакльді көрнекті музыка және қоғам қайраткерлері, Мәскеудің  зиялы қауымы тамашалады. 

– Алған әсеріміз керемет, театр лайықты музыкалық-вокалдық деңгейді көрсетті, музыкалық ансамбль бір қалыпты. Россинидің мәнері сақталды, ал мұндай пікір әрдайым барлығына бірдей айтыла бермейді, маэстро бәрін тиісті тұрғыда жасады, – деді спектакльден кейінгі әсерімен бөліскен музыка сыншысы Дмитрий Морозов.

– Өз гастрольдеріңіз үшін Мәскеуді таңдап, репертуарлық спектакль тұрғысынан осындай айрықша қойылымды алып келгендеріңізге рақмет, бұл батыл таңдау, шебер орындауды талап ететін туынды. Оны ұсынуға тайсалмай, бізге мереке мен жақсы көңіл күй сыйладыңыздар. Россинидің кемеңгерлігін танытатын тағы бір маңызды операны қостыңыздар, – деді Ресей газетінің музыка шолушысы Мария Бабалова.        

«Жібек саты» комедиялық операсының премьерасы «Астана Опера» театрында 2019 жылы өткен болатын. Содан бері спектакль Piccolo театры жобасы аясында туған сахнада белсенді таныстырылып келеді, труппа осы қойылыммен Қазақстандағы және жақын шет елдердегі қалаларға гастрольге шығып жүр. Әртістердің жоғары орындаушылық шеберлігінің, сәнді костюмдерінің және сахналық безендірудің арқасында қойылым көпшілікті үнемі таңдай қақтырып келеді. 

Опера-фарсты орындау оңай емес. Өйткені ол тамаша актерлік шеберлікті ғана емес,  bel canto техникасын мінсіз меңгеруді талап етеді. «Астана Опера» солистері осы міндеттерді мүлтіксіз атқарып, партияларға қайталанбас өзгешелік қосты. Кейіпкерлердің мінез-құлықын жан-жақтылы ашып, көрерменнің жүрегін жаулады. Мысалы, Айзада Қапонова Джулияның бейнесінде шебер көріністермен көзге түссе, тенор Әлихан Зейнолла Дорвильдің партиясын ерекше талғаммен орындады. Тапқыр Джерманоның бейнесін театр солисі, керемет қоңыр дауыс иесі, баритон Алтынбек Әбілда шеберлікпен сомдады. Ал Бланзактың партиясында сахнаға шыққан Евгений Чайников өзінің ашық дауысы мен байсалдылығының арқасында кейіпкерінің бейнесін жарқын әрі ұмытылмастай етіп көрсетті. Татьяна Вицинская Лючилланың партиясын жеңіл әрі ойнақы сомдады, Рамзат Балакишиев Дормонттың бейнесіне керемет ене алды. Ал маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі оркестр жас Россинидің әуендерін орындап, музыкалық сүйемел жасады.  

«Гастроль – бұл қазақстандық өнерді шетелдік көпшілікпен бөлісудің бірегей мүмкіндігі. Әртістер, техникалық ұжым мен гастрольдік өнер көрсетуге үлес қосқандардың барлығы осынау кешті айрықша ету үшін тынымсыз еңбек етті. Біздің өнеріміз лайықты деңгейде ұсынылды деп ойлаймын. «Музыканы көру» фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз», деді «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Қойылымды тамашалаған Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой: «Бүгін айтулы күн, өйткені үздік әлемдік опера ұжымдарының қатарына жататын «Астана Опера» секілді театрлардың осындай сапарлары Мәскеу үшін өте маңызды оқиға. Сіздер алып келген Россинидің өте күрделі әрі сирек орындалатын операсымен танысу Галина Вишневскаяның керемет опералық ән айту орталығында өтіп жатқан  фестиваль үшін де, мәскеуліктер үшін де үлкен бақыт. Оның үстіне   мықты музыканттардан, өрелі опера әншілерінен құралған «Астана Опера» театрының ұжымы бұл іс-шараның салтанатын одан сайын асырды. Мәдениет халықты біріктіреді, өзге ұлттың жанын түсіну үшін оның мәдениетін сезіну қажет. Бүгінде қазақстандық мәдениет – жоғары кәсіби мәдениет екенін атап өткен жөн», деді.       

Айта кетейік, «Астана Опера» театрының бұл жолғы гастролі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өтті.