Қазақ спорт тарихындағы тұңғыштар
08.11.2023 1513

Жалпы қай салада (өнер, әдебиет, саяхат, экономика, ғарыш, саясат, спорт т.б.) болмасын оның басында тұратын, сол салаға айқара із тастаған «тұңғыштары» болады. Осы орайда, басқасын былай қойғанда қазақ спорты тарихында алғашқы болып топ бастаған, артына із тастаған ұл-қыздарымыз баршылық. Оларды қазіргі таңда біреу білсе, біреу білмейді. Сол себепті, спорттың әрбір түрінен туып шыққан тұңғыштарды портал оқырмандарына таныстыруды жөн көрдік. 


Рекордшы желаяқ

Марат Төлегенұлы Жыланбаев – қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш кәсіби марафоншы. Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Фрунзе атындағы кеңшарында туған. (Кейбір деректерде Павлодар облысы, Майқайың ауылында дүниеге келген делініп жүр). Марат он екі жасынан бастап, жеңіл атлетика спортымен айналысқан. Қыста шаңғымен ұзақ қашықтыққа жол жүріп, өзін шынықтырған. Ал, жазда қолы қалт етсе велосебетке мініп, кейде күніне жүздеген шақырым жол жүретін.

Марат Төлегенұлы жасында атақты марафоншы болам деп ойламаған шығар. Бірақ уақыт өте келе, қатаң табиғат аясында шынығып, шыңдалған жас қиындықпен бетпе-бет келуді аңсап тұратын күйге жетті. Оның сыртында кең даланың тылсым тіршілігіне бауыр басқан жас көрген-білгенін санасына түйіп, ептеп қағазға сурет-сұлбасын түсіруді әдетке айналдырды. 

Осы әдеті ақырында, Маратты суретші болуға итермеледі. Сөйтіп, ол бейнелеу өнері мамандығын оқыды. Оқи жүріп, спорттан қол үзбеді. Алғаш рет 1990 жылы Барнаул қаласында ұйымдастырылған 85 шақырымдық марафонға қатысып, аталмыш қашықтықты 6 сағат 43 минут 23 секундта жүгіріп өтіп, үздіктер сапынан табылды. 

Марафоншы бауырымыздың жасаған теңдессіз ерлігі – Азия, Африка, Америка, Аустралия құрлықтарында орналасқан өте үлкен құмды, шөлді далаларды жалғыз өзі басып өткен күллі әлемдегі алғашқы адам. Сонымен қатар екінің бірінің қолынан келе бермейтін істер жасап Геннистің рекордтар кітабына жеті дүркін есімі тіркелген теңдессіз қазақ. Атап айтқанда:

1990 жылдың 6-қазаннан бастап, 1991 жылдың 5-қазаны аралығында, яғни бір жылда 226 рет классикалық марафон (қашықтығы 42 км 195 метр) жүгіріп өткен. Қазақшалап айтқанда, 365 күннің 226 күнінде, күн сайын 42 шақырымға жүгіретін болған. 1991 жылдың 2 наурызнан бастап, 24 наурызна дейін, яғни 23 күн тоқсаусыз ұзақ қашықтыққа марафон жүгірген. 1991 жылдың 1-15 тамыз аралығында 15 күнде 30 классикалық марафон (бір күнде екі марафон) жүгіріп өтіп, орта есеппен әр марафонға 4 сағат 00 минут 54 секунд уақыт жұмсаған. 1991 жылдың 2-22 сәуірі аралығында Азия құрлығындағы атақты Қарақұм шөлін (ұзындығы 1200 шақырым) 20 күнде жүгіріп өткен.1993 жылдың 25 ақпанынан 23 наурыз аралығында  Африка құрлығындағы атақты Сахара шөлін (ұзындығы 1700 шақырым) 24 күнде жүгіріп өткен. 1993 жылдың 24 қарашасынан 15 желтоқсан аралығында Аустралия құрлығындағы Үлкен Виктория шөлін (1600 шақырым) 22 күнде жүгіріп өткен.1994 жылдың 01-19 сәуір аралығында АҚШ-тың Невада штатындағы тірі жан өмір сүрмейтін Мохави шөлін (1218 шақырым) 17 күнде жүгіріп өткен.

Сондай-ақ атақты марафоншы Еуропаның биік шыңы Эльбрусқа (5642 метр биік) марафондық әдіспен жеті күнде жүгіріп шыққан. 

Алғашқы Олимпиадашы

Қосанов Ғұсман Сыйттықұлы - КСРО  құрамасы сапында Олимпиадаға қатысқан һәм 1960 жылы Рим олимпиадасынан күміс медалға ие болған әлемдегі тұңғыш қазақ. Ғұсман алғаш Украина астанасы Киевте өткен Олимпиада алдындағы жарыста жеңімпаз атанып, артынша 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапына енген еді. Бұл кезде спорт саласында да саясат өршіп тұрған. Орыс ұлтының өкілдері ғана алда болуы жазылмаған заң еді. 

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген атышулы спортшылардың сапында Олимпиада да өнер көрсету – қиынның қиыны. Аузымен құс тістеген АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция командалары оңай шағылатын жаңғақ емес. Финал. Алғашқы орындарға талас. Өңшең ығай мен сығай. Американың желмен жарысқан «қара маржандары» аяқтарына тас байлап жүгіретіндер сапында екені бесенеден белгілі. 

Олимпиада сөресінде КСРО командасының құрамы: Э.Озолин, Л.Бартенов, Ю.Коновалов және Ғұсман. Үш орыс, бір қазақ. Пистолет дауысы естілісімен желаяқтар құйын болып ұшты. Сәл аттам  жер ғана қалып қойды. Бірақ олимпиадада күміс жүлдеге ие болудың өзі үлкен жеңіс. Қазақ баласына тұңғыш Олимпиада медалі осылай бұйырды.

Ғұсман ағамыз 1935 жылы 25 мамыр күні бұрынғы Семей облысы  Бесқарағай ауданы Изатулла аулында  дүниеге келген екен. Жастық шағы ауылда өтті. Мал қайырып, даланың таза ауасын жұтып есейді. Желаяқ Олимпиада жүлдесін алғаннан кейін де спорттан қол үзіп қалған жоқ. 1964 жылы жеңіл атлетикадан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атанды. Мұндай дәрежелі атаққа ие болған қазақ спорт тарихында тағы да тұңғыш қазақ.  1965 жылы Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын бітірді. Осы жылы Киев қаласында өткен КСРО – АҚШ матчының 4x100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы атанды. 1966 жылы Днепропетровск қаласында өткен 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері болды.   Сонымен қатар Ғұсман  Сыйттықұлы 100 метрге жүгіруден Молдавия, Украина, Қазақстанның чемпионы атанған жалғыз қазақ. 

Атақты желаяқ  Лос-Анджелес қаласында АҚШ пен КСРО арасында өткен «Гиганттар додасы» атты жарыста басынан кешкен мына бір оқиғаны өкінішпен былай баяндапты: «...Аяқ тірейтін тіреуішімді қапелімде таба алмай қалдым. Бір жігіттің тіреуішін алуға тура келді. Апыл-ғұпыл асығыс қақтым да, жігіттердің қатарына бардым... Пистолеттің тарс еткен үні құлағымның түбінен шықты. Ілкі ілгері ұмтылдым. Сол кезде тіреуіш орнынан босап, кейін сырғып кетті де, сөреде қатар  тұрғандардан 3-4 метр қалып қойдым. Соның өзінде жетуге тырыстым. Бірақ 100 метрлік қашықтықта екі-үш метріңіздің өзі жеткізбейтін дүние».  

Қазақтан шыққан әйгілі желаяқ 1967 жылдан бастап жаттықтырушылық қызметке ауысты. Еңбегі ескерусіз қалмады. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1968 жылы оған Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағы берілді. 1990 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеден өтті. 

Тұңғыш гроссмейстер

Шахмат ойыны – нағыз ойдың жемісі. Ол үшін алдымен ойнай білу емес, ойлай білу керек. Көз алдарыңызға бір сәт шахмат тақтасын елестетіп көріңіздер. Екі жақта толған әскери жасақ, олардың арасында қарапайым сарбаз-пешка солдаттар бар, сондай-ақ ұрыс көрігін қыздыратын ат-түйе, ферз-арба қатарлы қуатты күш, патша-корольды қорғайды.

Шахмат ойынын соғысқа теңегендіктен, кейбір соғыс ережелерін еске түсірейік. Яғни соғыстағы басты қару – жақсы ойлау қабілеті бар қолбасшы. Оның болашақты болжай білуі, әр басқан қадамының зардаптары мен әкелетін пайдасын есептей білуі, жауының көздеген мақсатын анықтауы және соған сәйкес ойынды жүргізуі тиіс. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» демекші, ең басты қару – жоспарлы стратегия. Одан кейін жақсы жасақталған мықты әскер. Және соңғысы – басшыны қорғаныспен қамтамасыз ету.

Ежелден қалған аңыздар бойынша, шахматты ең алғаш болып біздің дәуірімізге дейін 1000 жыл бұрын үндістандық математик ойлап тауыпты-мыс. Кейбір деректер бойынша, шахмат біздің дәуірімізге дейін II-IIІ ғасырда пайда болған дейді. Алайда, бұл ойыны туралы дәлелді нақты ақпарат болмағандықтан, көптеген тарихшылар шахматты біздің дәуірімізден кейінгі 570 жылдан басталады деген тоқтамға келіп жүр. 

Бұл ойынның  КСРО-да дамуына 1927 жылы Александр Алехинның дүниежүзі чемпионы атануы қозғау салды. Ресейде туған Алехин  тарихта француз спортшысы ретінде қалды. 1948 жылы Михаил Ботвинниктің әлем чемпионы атануы, араға тоғыз жыл салып Василий Смысловтың топ жаруы КСРО шахматының толағай табысы еді. 1957 жылы Василий Смыслов чемпиондық тәжі киді. Үш жылдан соң Михаил Таль эрасы басталды. Сосын Тигран Петросян мен Борис Спасский әлем біріншілігінде бәйгеден келді.

Ал, шахматтың Қазақ елінде дамуына келсек, оның басында қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш халықаралық гроссмейстер (1994) Болат Асанов тұр. Сондай-ақ арғы тегі шығысқазақстандық ағайынды Сахатовалардың үлкені Гүлнар Сахатова 1980-жылдардың аяғында әлем чемпионы атана жаздағанын білесіздер. 

Сонымен шыққан алғашқы кәсіби шахматшы Болат Кәрішалұлы 1961 жылы  7 мамыр күні Алматы қаласында дүниеге келген. Ол 1973 жылы он екі жасынан бастап,  1980 жылға дейін әлем чемпионы М. Ботвинниктің шахмат мектебінде жаттыққан. 1984 жылы ҚазМУ-ді бітірген соң үлкен жарыстарға бет бұрды. 

1992 жылы Ирактың астанасы Бағдат қаласында мұсылман мемлекеттері арасында өткен шахмат турнирінде жеңіс тұғырынан көрінді. Келесі 1993 жылы Болат мырза Азия құрлық біріншілігінде ойдағыдай өнер көрсетіп, не бір азулы мықтыларды артқа тастап құрлық чемпионы тәжін киді. Осылай қазақ халқынан туып шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі гроссмейстер атанды. 

Өзі де шахмат ойнай жүріп, болашақ  жас шахматшыларды тәрбиеледі. Соның нәтижесінде 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алды. Болат Асанов 1994 жылдан бері әлемдік ФИДЕ Орталық комитетінің мүшесі, 1995 жылдан ФИДЕ президентінің кеңесшісі болып халықаралық деңгейде іс атқарып жүрген жасампаз тұлға.

Мерген қыз

Нысана көздеу спорт түрінен қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері - Гүлшат Ахметқызы Майлыбаева дейтін апамыз болған.  Бұл кісі 1931 жылы желтоқсан айының 29 күні Алматы қаласында дүниеге келіпті. Аталмыш спорт түрі 1896 жылы өткен тұңғыш Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Ал, Қазақстанда нысана көздеу спорт түрі 1923 жылдан бастап, дамып келеді. 

Гүлшат Ахметқызы – орта мектепті тәмәмдаған соң 1950 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеті) оқуын жалғастырып, әрі мылтық ату спортымен айналысады. 1952 жылы Қазақстан құрама командасы сапына қабылданып, алғаш рет Украинаның Львов қаласында өткен одақ біріншілігіне қатысты. Келесі, яғни 1953 жылы өткен тағы бір ресми жарыста кіші калибрлі винтовкамен «МВ - Б» жаттығуын орындау барысында Гүлшат апамыз алуға тиіс 600 мүмкіндіктен 549 ұпай жинап, КСРО спорт шебері нормативін орындады. 

Үздіксіз тер төгудің арқасында арада 2 жыл өткен соң яғни 1955 жылы жоғарыдағы ұпай санын 569-ға жеткізді. Бұл көрсеткіш сол кезде Қазақстанның жаңа рекорды ретінде тіркелгенін айта кеткен жөн. Одан кейін 1956 жылы өткен КСРО халықтарының  І Спартакиадасында қазақ қыздары арасынан тұңғыш рет ерлер сапында өнер көрсетіп, нысана көздеуден (600 мүмкіндіктен 587 ұпай) өзінің бұрынғы рекордын жаңартты. 

 1957 жылы Одесса қаласында өткен КСРО чемпионатында 600 мүмкіндіктен 594 ұпай жинап, біріншіліктен қола медаль алды. Сондай-ақ жатып атудан 200 мүмкіндіктен 200 ұпай жинап, тағы да еліміз рекордын тоқтатты. Бір таңданарлық жағдай осы рекордты әлі күнге дейін ешкім жаңартқан жоқ.

Гүлшат апамыз спорттық жолында КСРО және ҚазССР-дің ДОСААФ орталық комитетінің құрамасы сапында өнер көрсетті. 1959 жылдан бастап төрешілік қызметін атқарды. Республика және КСРО жарыстарында қазылық етті. 

1961 жылы Мәскеудің Ломоносов атындағы Мемлекеттік университетін тамамдап, жоғары оқу орындарына дәріс оқыды. Білім беру саласында педогогика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады. «Құрмет Белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған. 

Нағыз қазақ

Қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы: «Дүние де екі-ақ нағыз қазақ бармыз, бірі – мен, бірі – Шоқыр» дейді екен. Осы Момышұлы мен Бөлтекұлы Алматының көшесінде таяқтарын тықылдатып, қарқ-қарқ күліп келе жатса, жетесіз біреулер: «Екі жынды қазақ келе жатыр» деп бір-біріне белгі береді-мыс. Ұлттын сүйгені үшін «жынды» атанған заманда өтті. Дүниеден өткен соң да қазақтың екі арысы қатар жерленгенін қайтерсіз. 

Шоқыр атамыз 1916 жылы дүниеге келген екен.  Ата-анасынан ерте айырылған жетім бала Форт-Шевченко қаласындағы деддомға қабылданады. 1937 жылы еді. НКВД арнайы тапсырмасы бойынша жетім балалар үйінен қабілетті деген 30 баланы іріктеп алып, Алматыдағы Медеу шатқалына әкеліп, «құрбан» отрядын (отряд сметрников) дайындайды.  Солардың бірі - қазақ боксының негізін салушы, қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы еді.

Шөкең 1939 жылы Алматыда дене тәрбиесi техникумын бітірген соң екі жыл Кеңес армиясы құрамында Сібір әскери округінде әскери борышын өтейді. Армияда жүргенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, Шөкең Мәскеу үшін болған қанды шайқаста жарақат алып, елге оралуға мәжбүр болады. Денсаулығын түзеп алып, бокс спортымен қайтадан шұғылданады. 1946 жылы «Спартак» қоғамы бойынша бокстан КСРО чемпионы атанып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежесін қорғайды. 

Шоқыр ағамыздың басшылығымен осы жылдардан бастап қаланың, республиканың, Орта Азияның ресми чемпионаттары қолға алынады.  1947 жылы Мәскеуде өткен КСРО біріншілігіне Қазақстанның құрама командасы тұңғыш рет қатысып, Шөкеңнің шәкіртті Махмұт Омаров қола жүлдегер атанады. Осы жылдары соғыстан соң репрессияға ұшыраған Густав Кирштейн, Дәулеткерей Молаев секілді жігіттермен тізе қосып тер төккен  Шоқыр ағамыз бапкерлік ете жүріп, өзі де былғары қолғабын киіп тұруды ұмытпаған. 1947 жылы «Динамо» біріншілігінің финалисі,  үш дүркін Қазақ ССР-ның чемпионы болып үлгерді. 

Жалпы Шоқыр Бөлтекұлын Кеңес кезінде КНБ бақылауда ұстаған. Оған «ов»-ы жоқ фамилиясы себеп болса керек. Соғыстан кейін әскери бөлімшеге шақырып, сондағы орыс офицері: «Сіз соғысқа қатысқан құжатта «Бөлтеков» делінген екен, қазіргі «Бөлтекұлы» деген кім, біз оны қайдан білеміз!» деп тиіседі. Қысқасы құжат ауыстырып «Бөлтеков» деп жазылыңыз әйтпесе соғысқа қатысқаныңыз жайлы жеңілдік берілмейді дейді. Жарықтық Шөкең батыр:  «Мен – қазақпын. Сондықтан фамилиям да қазақша жазылуы тиіс. Сіздің фамилияңызды өзгертсе қалай қарар едіңіз? Жеңілдігіңізден менің намысым артық» деп шорт кесіпті. 

Шоқырды былайғы халық, көне алматылықтар қатты сыйлайтын болған. Бірде қолы ұзын бір азамат, «Шөке, жаяу жүрмеңіз мынаны мініп жүріңізші», деп астындағы су жаңа мотоциклін ұсыныпты. Әлгі азаматтың қолынан кілтті алған бойда Шоқыр бұларға көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың  жеткіншегін шақырып, «әй, бала, бері кел» деп, мотоциклдің кілтін ұстата салып, өзі жаяу аяңдап ұзай беріпті. 

Қазақ боксының атасы, дарынды бапкер, бес тіл білетін плагиат, шебер суретші, ұлтшыл тұлға Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде 78 жасында дүниеден озды.