Қасиетті жер аты – қазақ халқының тарихи жадысы
06.11.2023 1685

Нияз тауы мен Шорман Қаракөлінің шығыс бетіне қарай орналасқан Әулие биігінің етегіндегі Ақбұлақ елді мекенінде сонау тың игеру жылдары басында «Трактор» кеңшары ұйымдастырылып, ол 1972 жылы Молодежный кентіне айналды. Бұл жердің қазақ халқы тарихындағы екі маңызды оқиғасына қатысы бар: XVIII ғасырдағы Цин империясының басқыншылығына қарсы тұру, қазақ жерін жау экспансиясынан қорғау ерліктеріне және өткен ХХ-шы ғасырда Ертіс-Қарағанды су арнасы каналының салынуына. Осы төңіректен ағып жатқан Шідерді өзенінің арнасы су каналаның жолына айналдырылды.


Көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен аталатын Ертіс-Қарағанды каналының құрылысы Орталық Қазақстан үшін ХХ ғасырдың су каналы қазушыларының нағыз ерен еңбегі болды. Бұл тарихи маңызды оқиғаларды байланыстырып тұрған нәрсе, осы канал құрылысын ғалым-энергетик, академик Ш.Шөкин жобасын жан-жақты ғылыми негіздеп, Ертіс-Қарағанды каналының техникалық-экономикалық негіздемесін даярлауы, ғалымдар ерлігі болып табылады. Оған қатысты барлық мәселелерді шешу, әрине, оңай болған жоқ, өйткені бұл су арнасы Сібір өзендерін бұру жобасының жүзеге асырылған жалғыз бөлігі. Мысалы, Ресей қазір Сібір өзендерінің артық суын Қазақстанға беруді орынсыз санайды. Дегенмен мұның бәрі сонау 1950-60-жылдары экономикалық тұрғыдан есептелгені үлкен жетістік болған.  1962 жылы құрылысы басталып, 1968 жылы су арнасы іске қосылды. Ал толық жобасы 1974 жылы аяқталды. Бұл Орталық Қазақстан – Сарыарқа даласын сумен қамтамасыз ету міндетімен байланысты болды. 

Академик Қаныш Сәтбаев шын мәнінде маңызды жобаны өндірістік тұрғыда іске қосты. Қазір оның пайдасын елордамыз Астана қаласы да көріп отыр. Өйткені бұл су арнасынан тартылған суағар құрылысы арқылы Есіл мен Нұра өзендеріне Ертістің суы  келіп тұр. Сарыарқаның қазынасы ол - жер, жер асты байлықтары мен егін, жайылым жерлері екені белгілі. Бірақ бұл ұлт қазынасын қорғауға 1756 жылы дәл осы су арнасы каналын салдыртқан Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың, Шапық Шөкин сияқты біртуар академик ғалымдардың ата-бабалары – Ақмырза, Жәдігер, Мырзағұл батырлар атақты әйгілі Олжабай батырдың жасақтары қатарлы ел мен жерді жаудан қорғаған. Сүйіндік бұтағынан шыққан ержүрек бабалар, қуандық, алтай, қанжығалы, қаракесек, орманшы, қақсал, қозған аталарымен тізе қосып қазақтың өзге де көптеген туысымен бас біріктіріп, бүкіл қазақ елін, жерін сыртқы басқыншыдан қорғап, қарсы тұрып, қырғын-шайқас кешті. Алды Жоңғар хандығы, одан соң Цин патшалығы шапқыншылыған ұлы бабалар аманаты болған жері үшін ұрысқа түсті.

Бұл академик Қ.И. Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды су арнасы орналасқан Шүршіт-Қырған (яки Шүршіт-Қырылған, яғни Шүршіттердің қырғын тапқан жері) өлкесінде Цин патшалығының екі әскерімен шайқасып, ерлігімен әйгілі болған Олжабай батыр Толыбай батыр ұлы есімімен байланысты. Шүршіт-Қырған қазіргі Молодежный кентінен бірнеше шақырым жерде, Шідерті өзенінің бойында (қазір ол өзен арнасы канал арнасы ретінде пайдаланылады) орналасқан. Олжабай батыр (1709-1783) бастаған қол 1756 жылдың күз айларында осы жерде болған тарихтағы даңқты оқиғада ерекше ерлігімен танылды. Қытай және орыс тарихи деректемелерінде бұл жайттар егжей-тегжейлі баяндалатын Шүршіт-Қырған шайқасы жайындағы құнды тарихи материалдар бар. Олар қазақ халқының тарихи шежірелерімен, аңыз-әпсана, тарихи әңгімелерімен, сондай-ақ ХІХ ғасырдағы жер-су аты топонимика карталарының мәліметімен расталады.

Өткен 2022 жылы тамыз айнда, және биыл 2023 жылдың тамыз айларында тарихи-этнографиялық ескерткіштерді зерттеу мақсатында жүргізілген түздік ғылыми зерттеулер аясында, Шүршіт-Қырғанда өңірінде болып, оның айналасындағы жерді араладық. Өткен жылы зерттеу тобымыз Қарағанды облыстық тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау орталығы директоры Т.Төлеуов, «Мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама мұрағаты» ҚМУ басшысы, тарихшы-этнограф Т.Т. Аршабеков, Қарағанды облыстық тарихи-мәдени музейінің ғылыми қызметкерлері болды. Биылғы жылы сапарға қатысқан өлкетанушылар МұратАхметов, Алтынбек Құрманов, Мырзакәрім Адашев, т.б. болды.

Ономастика саласы мемлекеттің ішкі саясатының маңызды бөлігі болып табылады. Сондықтан онымен байланысты рәсімдерді ресми тарих ғылымы тұрғысынан іс жүзінде реттеу маңызды. Әрқашан қазақ мемлекетінің тарихи ұлттық басымдықтарын ескеріп отыру қажет. Осыған байланысты ұзақ жылдар бойы әр түрлі объективті себептермен осы уақытқа шейін оңтайлы шешімін таппай келген елді мекендер мен жер атауларын қалпына келтіру жұмыстары тоқтап қалып, енді ғана қайта қолға алынуда. Жер-су атауы жасанды түрде өзгертіліп, жергілікті халықтың ғасырлар бойы сақтап келген тарихи топонимдер жүйесі республика бойынша бүлінгені белгілі. Ол кешегі отаршылдық саясаты тұсында жасалған қасақана іс болды. Енді тарихи ескі атаулар ел көлемінде қайта жаңғыртылатын болады. Оны тарихи тұрғыда қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. Сол үшін бұл ретте ономастикалық комиссияның қызметінде қазақ халқының тарихында орын алған маңызды оқиғалар, тарихи фактілер, тарихи тұлғалар, атап айтқанда, тәуелсіздік үшін күрес тарихы жолында, еліміздің жерін қорғауда болған барлық тарихи жағдайлар ескерілуі тиіс.

Қазақ халқы қасиетті адам, әулие деп таныған Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өз заманында Олжабай батырдың есіміне қатысты мол тарихи мұраны жинақтап қалдырды. Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлі жер пайдалану жүйесін зерттеген ғалым, ірі мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан еңбектерінде де Шүршіт-Қырған жер-су аты аталып, оның тарихи оқиғасы айтылып, тұрған орны картаға түсірілген. Бұдан басқа, Қазақ Ғылым академиясының академигі, профессор Әлкей Марғұлан келтірген құнды тарихи зерттеу құжаттарында да Олжабай батыр есімімен қатар көптеген танымал тарихи тұлғалар бар. Олжабай батырдың есімін Бұқар жырау Қалқаманұлы, және қазақ халқының біртуар ақын-жыраулары - Жаяу-Мұса мен Сақау ақын жырлаған. Көнекөз қариялар баяндағын тарихи әңгімелерді осы өңірдің қазіргі аға буын өкілдері Болат Торбаев, Көшер Әлімбаев, Иса Олжабеков, Төлеген Ахметов ақсақалдар да айтып отырады. 

1756 жылы қазіргі Молодежное кенті, Ақбұлақ елді мекені төңірегінде орналасқан Жаман Қандыадыр мен Жақсы Қандыадыр тау жоталарының арасында болған шайқаста Абылай ханның әскерін басқарған көрнекті батыр-қолбасшылары қатарлы Олжабай батыр болды. Олжабай батыр, Бөгенбай батыр, басқа да атақты қолбасшылар Шүршіт-Қырған шайқасында Цин патшалығы әскеріне соққы берген. Олжабай батыр Цин әскерлерінің бірін тосын соққымен талқандап, екінші әскері кейін жеңіліс тапқан. Бұл Қазақстан жеріне басып кірген басқыншыға берілген ең қуатты атты әскер соққыларының бірі болды. Сол себепті бұл аймақтағы төбенің аты Шүршіт-Қырған деп аталды. Ол оқиға жайында хабар беретін еңбектің бірі, Әлихан Бөкейхан басқарған қазақтың жер пайдалану тәртібін анықтау үшін арнайы жабдықталған Щербина экспедициясы дайындаған «Материалы киргизского землепользования. Павлодарский уезд» кітабы. Бұл кітапта Олжабай батырдың есімі аталып, Павлодар уезінің аумағының тарихи сипаттамасында жан-жақты баяндалған. Кітап қазақтың шаруашылық дәстүрі мен XVIII-XIX ғасырлардағы қазақтың қоныстануы туралы құнды тарихи деректерден тұрады.

Заманында Абылай хан Олжабай батырға даңқты үш лақап ат берген екен, оның бірі: «Олжабай есен болса - ел аман» деп ерекше ерлігімен танылғаны үшін, екінші лақаб аты «Он сан Орта жүзге ұран болған ер Олжабай» дегені әскери дәстүрге сай аты кеңінен танылуына орай берілген. Ескідегі Оғыз қаған, Шыңғыс қаған заманынан қалған рәсім – қазақ даласының әр азаматы жауынгер, ол бала болсын, мейлі кәрі болсын, ол ер болсын, немесе әйел азты болсын, бәрі де өз атамекен жерін қорғауға міндетті болған. Орта жүз қазағының XVIII ғасыр ортасындаға саны шамамен миллион адам болған болса керек. Абылай хан Олжабай батырға берген үшінші лақап аты: «Қу жарғақ Олжабай», оның мәні «Олжабай – жау оғы дарымайтын батыр» болған екен. Қайсар Олжабай батырдың даңқты жауынгерлік өмірі мен ерліктерін ел дәріптеген. Олжабай батырдың ерлігі туралы аңыздар бүгінде «Бабалар сөзі» атты қазақ халқының тарихи фольклорының көп томдық академиялық жинағына енген.

Осакаров ауданынының жер аумағы ХIX ғасырдың әкімшілік-бөлініс тарихында Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл сыртқы округтеріне кірген елді мекен жерлерін құрайды. Қазақ хандығының соңғы билеуші ханы Кенесары көтерілісінде ұлт-азаттық қозғалысы жанышталған соң патшалық Ресейден қазақ даласына жаппай қоныстанушылар ағылып келуінен бұл өлкедегі жергілікті тарихи қазақ атаулары орнына жаңа жер атауы беріліп, ескі топонимдер ұмыттырыла бастады. Қазіргі жаңғыру бағдарламасы ұстанымы аясында олар қайта түзетіліп, тарихи қаралуы тиіс. Өйткені, бұл қазақ халқының ұлттық кодын құрайтын тарихи жадының бөлшегі болып табылады.

Сыртқы басқыншыға қарсы шайқастарда ел мен жерді қорғауда қазақтың талай халық батырларының қаны төгілді. Даңқты тарихи оқиғаларда көпшілікке ерлігімен танылған қолбасшы атанған батырдың есімдерін мәңгіге есте сақтау ұрпақтың борышы. Сондықтан, Молодежное ауылына Олжабай батыр есімін беру қажет. Өйткені жас ұрпақ қазақ жерін қорғаған ата-бабалары қатарлы Олжабай батырдың киелі рухын қастерлеуі тиіс.

Сонау 2006 жылдың мамыр айында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің іргесінде өткен Олжабай батыр Толыбайұлын (1709-1783) еске алуға арналған «Олжабай есен болса – аман жеген» атты ғылыми-тәжірибелік конференция қарарында Олажабай батырдың есімі қала атауларында ұлықталып, тарихи ескерткіштер орнату керектігі атап өтілді. 2005 жылы тарихшы-этнограф, өлкетанушы М.Алпысбес, Е.Қасен, А.Құрманов шағын зерттеу тобы болып іргелес жатқан аумақтарға түздік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстарының Баянауыл, Қарқаралы және Ақмола сыртқы округтары болған жердегі мәдени мұраларды түздік зерттеу барысында Шүршіт-Қырған туралы аңыздарды баяндайтын ауызша тарих тақырыптары бойынша респонденттерден сұхбаттар жинастырылып алынды.

Қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғалардың есімін топонимика, урбаноним жүйесі аясында мәңгілікке қалдыру – тарихи сананы орнықтыру, қазіргі жас ұрпақ тәрбиесін ұйымдастыру, этнотуризмді дамыту ісі үшін маңызды болмақ. Өңірдің экономикалық дамуы мен кәсіпкерлік, киелі жерлер реестрін қалыптастырумен байланысты. Бұл әсем өлкеге келген туристер Нияз тауы мен Шадра қыраттары әсем көріністерін, Жақсы Қандыадыр мен Жаман Қандыадырға, Әулиетөбе биігіне, Ертіс-Қарағанды су каналының арнасын құрайтын Шідерті өзені бойы пейзаждарын тамашалай алады. Осакаров ауданы орталығы Сарыбел кентін Молодежный кентімен жалғайтын асфальт төселген жолы бар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған Жаңа Қазақстан құру жолындағы ауқымды реформалары ел алдына ерекше маңызды міндеттер қояды, соның бірі – Қазақстанда ұлттық ономастика және топонимика жүйесін қалпына келтіруге байланысты. 2023 жылдың 17 маусымында Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты Екінші Ұлттық құрылтайд ол «Ономастика саласын қалпына келтіру қажет. Бұл жұмысты бір орталықтан кешенді және дәйекті түрде жүргізілуі керек» - деді.

Президент Қ.Қ. Тоқаев «Ономастика халықтың тарихи өзіндік санасын нығайтудағы аса маңызды идеологиялық құрал» деп атап өтті. Ономастика мен топонимика мәселелері тарихи тұрғыда қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды. «Жер атаулары – тарихи жады» ұстанымына сай, елдегі этнотуризмді дамыту жоспарлары мен бағдарламалары аясында өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу қажет. Республикалық маңызы бар тарихи орындарды ретке келтіру, соның ішінде қазақтың рухты батыры Олжабай Толыбайұлының есімімен Молодежный кентін атап, мәңгіге қалдыру керек.


М. Алпысбес

тарих ғылымдарының докторы,

Л.Н. Гумилева атындағы ЕҰУ профессоры, 

ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының 

Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі