«Оқуға құштар жас» Дубайға жолдама алды
06.10.2023 1379

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында  6 қазан күні «Dauletten» қайырымдылық қоры» жеке қорының бастамасымен және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Қазақстан студенттер Альянсының» бірлесе ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Оқуға құштар жас» республикалық кітап байқауы қорытындыланды.   


Іс-шара барысында ҚР Мәжілісінің депутаты, «Dauletten қайырымдылық қоры» ЖҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы  Дәулет Мұқаев, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, ақын, жазушы – Ұларбек Нұрғалым, «Қазақстан студенттер Альянсы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері сөз алып, жобаның маңызына тоқталып өтті. 

Халық арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білімді, талантты жастарды анықтауды мақсат еткен кітап жарысы  2023 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйек аралығында өткен болатын. Байқауға қатысуға өтінімдер алдын ала www.dauletten.kz сайтына қабылданып, кітап оқу байқауына 18-35 жас аралығындағы 2500-ден аса оқырман тіркелген.  Оқуға міндеттелетін шығармалар тізімінде  С. Торайғыровтың  «Қамар сұлу» романы, Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызы», Р. Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары», Д. Исабековтің  «Қарғын», А.Мантайдың  «Жүрекке оралу» атты туындылары бар. 

Бекітілген 6 шығарманы оқуға 3 ай уақыт берілді және әр шығарма белгіленген мерзімде оқылуы тиіс болатын. Әр шығарманы оқу уақыты аяқталғаннан кейін ZOOM платформасы арқылы талқылау өтті.  Әр шығарманы оқу барысында қатысушыға әлеуметтік желіде #daulettenqorykitap2023, #akademiyalikkitapkhana хэштегімен кемінде 1 пост жариялау міндеттелген. 

Байқау қорытындысында оқылған шығармалар бойынша онлайн платформада тест тапсырылды. Тест нәтижесінде үздік деп танылған 20 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды.  Жолдама алған қатысушылар арасынан байқау  жеңімпаздарын анықтау мақсатында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында тест алынды, оқылған кітаптар бойынша талқылау өтті, кітапханаға экскурция ұйымдастырылды. 

Республикалық кітап оқу жарысын қорытындылай келе, үміткерлер арасынан үздік деп танылған Мадина Сахипова (БҚО)  байқаудың бас жүлдесін және (Saparla Travel компаниясы ұсынған сыйлық) Дубайға жолдаманы ұтып алды. Жүлделі 1- орынды және 200 000 (екі жүз мың) теңге сыйлықты Зухра Кажимова (Жетісу облысы) иеленді. Сондай-ақ, 2- орын және 150 000 (жүз елу мың) теңге – Динара Есімбековаға (Түркістан қаласы), 3-орын және 100 000 (жүз мың) теңге – Ханша Анеловаға (Астана қаласы) бұйырды. 

Тағы 10 қатысушыға  ынталандыру сыйлығы және 50 000 (елу мың) теңге табысталды.   Бір қызығы, финалға жеткен жиырма қатысушының арасында дәрігерлер мен есепшілер көп болып шықты. 

Бас жүлдені жеңіп алған Мадина Сахипова есімді он сегіз жасар оқырман ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып, өзінің кітапқа деген құштарлығын оятқан Тасқарина Гүлжиһан атты мұғалімінің еңбегін  ерекше ілтипатпен атап өтті. «Мен кітап оқу арқылы тек қана жақсылыққа кенеліп жүрмін» деген Мадина осыдан екі жыл бұрын да «Кітап оқы, тұлға бол» байқауынан жүлделі болып шетелге шығып келген екенін айтты. Сондай-ақ «Білім жұлдызы» шәкіртақысының иегері екен. Байқауға қатысқан басқа да жеңімпаздар әлем әдебиеті және қазақ әдебиеті шығармаларын талдауға, жастардың жаңа орта табуына жағдай жасаған.  оқырмандардың, студенттердің интеллектуалдық пайым - парасатын арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше ықпал еткен жоба алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтіп тұрса деген тілектерін жеткізді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Қазақстан студенттер Альянсының» бірлесе ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Оқитын ұлт» жобасы келесі жылы да жалғасын табады деген сенім бар.