Қазақ шошаласының тарихы Ботай дәуірінен басталады
31.08.2023 2210

Қазақ этнографиясы мен мәдениеттану ғылымдарының нашарлығын, өзге жұрттың соңында қалғанын біз күн сайын аңғарамыз. Күні кеше біздің ата-аналарымыздың заманында күнделікті қолданыста болған дүиелер қазір із-тозсыз көзден ұшып барады. Заманның соңынан ілескен жақсы ғой, бірақ осы орасан жылдамдыққа ілесеміз деп біз өзіміздің мыңдаған жылдар бойы тіршілігімізге жаратып келген материалдық және рухани құндылықтарымызды керексіз қылып тастап кеткеніміз, жадыдан шығарып ұмытқанымыз жанға батады. Бүгінгі әңгіме бірнеше мың жылдардың арасын жалғаған ғажайып тарихы бар, біздің шаруашалық тұрмысымызда береке көзі болған шошалаға қатысты.


Шошала туралы  зерттеулер жоққа тән. Біз қазақ этнографиясы саласындағы еңбектерді ақтарып бір ғана кітаптан тұщымды мәліметерді кездестірдік. Бұл ұлт мәдениетінің жанашыры болған атақты мемлекет қайраткері Ө.Жәнібековтың  «Жолайрықта» кітабы.  Зерттеуші шошалаға   сипаттама бере келе оның қазақ жерінің әр өңірінде «шымнан, қамыстан, қамкесектен, қыштан,тақтатастан тұрғылатынын», тек «Ақмола, Атбасар, Құсмұрын, Жетікөл сияқты бұрын орманды-далалы болып келген аудандарда бес қабырғалы етіліп қиыстырылып жасалатынын, ағаш шаңырағы түндікпен, кіріп-шығатын ойығы –киіз есікпен жабылатынын»  жазады. Ө.Жәнібеков пікірінше  шошала «қазаққа тән тұрақты мекнжайдың ең көне нұсқасы» (Жәнібеков, 1995, 40 б.).  Біз де шошала қазақ жеріндегі адамзат  баласы мекен еткен  ең көне баспана екенін толық қуаттаймыз. 

Шошала сипаттамасы

Әр жерде құрылыс материалдарына  байланысты  шошаланың аймақтық ерекшеліктері бар. Мысалы, шошаланың  қабырғалары   солтүстік өңірде ағаштан бұрап (сруб түрінде) жасалса,  немесе талдан тоқылса, орталықта тастан қалынады, оңтүстікте қам кесектен салынады. Кей жағдайда шошала аралас құрылыс материалдарынан жасалады, мысалы негізгі ірге тастан қаланса,  жоғарғы жағы  ағаштан т.б.. Шошаланың барлық түріне ортақ бір ерекшелігі жоғарғы жағының шыммен жабылуы. Бұл шошала ішінде қоңыр салқынды тұрақты  ұстап тұруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге тағы бір ерекшелік- солтүстік ағашты аймақта  шошала үй ауласында жеке орнатылса, орталық және оңтүстік өңірде негізгі тұрғын үйге жалғас болып келеді. Бүгінгі күні шошала барлық аймақтарда шаруашалық құрылыс есебінде  қызмет атқарады.

Қазақстан жеріндегі шошала түрлерін салыстыра келе біз оның ең тарихи және классикалық түрі  Көкше аймағында кездесетін орташа бөренелерден  алты қырлы қылып жасалатын түрі деп есептейміз. 

Шошала құрылыс материалдарының әр түрлі болуына қарамастан  архитектурасы жағынан  бір -біріне ұқсас. Оның негізгі ерекшелігі  іргетасының  шеңбер түрінде болуы,  аса биік емес (шамамен 150-160 см) негізгі ірге  және шошақ  формадағы жоғарғы  жағы  (170-200 см). Қазіргі күні, әрине, алты қырлыдан төрт бұрышқа  ауысқандары көп. 

Шошаланың күмбез жағы негізгі іргеден биік болатыны өте қарапайым түсіндіріледі, оның ортасына жер ошақ қазылады да, одан шыққан түтін  жоғарыдағы  шағын  шаңырақ арқылы  шығады.  Егер күмбез жағы қысқа болса шошаланың іші түтіндеп кетеді. Сол себепті мәселен сіз шошаланың ішінде ет ыстайтын болсаңыз шаңырақты жауып қоясыз. 

Шошаланы негізгі іргесін  ішінен  сылап ақтап қояды, жоғарғы жағы, әдетте  10 – 15 жіңішкелеу ағаштан жасалып, оның үстінен жұқа талмен шабақтап, оның үстінен  шыммен жабылады. 

Шошаланы кей жерлерде ескі  киізбен  немесе қамыспен жауып, лаймен сылайды. Шошаланың жоғарғы жағы  киіз үйге ұқсайды, бірақ конус тәрізді шатыр десек болады.  

Төбесін көтеріп тұратын ортаңғы бөлігін  жіңішке дөңбектен төрт бұрыш тіреу етіп  құрастыратын тәжірибе бар, оның  төменгі  жағы  жерге  көміліп орнатылады.  Мұндай құрылғы болмаған жағдайда  бірнеше жерден  бұтақтары бар дөңбек ағаштар орнатылуы да мүмкін.  Бұл бұтақты ағаштарды асадал деп атайды. Шошаланың жоғарғы жағына етті, қарынды, басқа заттарды  іліп қоятын бірнеше жіңішке сырғауылдар көлденеңінен бекітіледі. 

Шошала сөзінің этимологиясы

Шошала  атауы қазақ қоныстанған бүкіл  далалық өңірде түгел және Оңтүстік Сібір сияқты көршілес аймақтарда да қолданыста болған.  Қазақстанның шығыс аймақтарында, Қытай және Моңғол қазақтары  арасында шошаланы тошала деп атайды, бұл ш мен т  дыбыстарының өзара ауысу заңдылығына байланысты пайда болған құбылыс. . 

Қазақстанның негізгі орталық, солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыс аймақтарында шошала  сөзі ас-су сақтайтын, ас пісіретін, құрт қайнататын арнайы құрылыс, немесе ортасында жер-ошағы бар  ас үй, шаруашылық үй  ретінде қолданылады (кілет, летняя кухня т.б.).  Қазақстанның батыс өңірлерінде (Жайық бойы, Сырдың төменгі жағы, Ақтөбе, Ырғыз т.б.)  және оған жапсарлас  Түркімен, Орынбор жағында шошала деп малға, әсіресе сиырға жәйсіз жәндікті айтады (овод, gadfli). Қазақстанның өзге өңірлерінде бұл ұшатын  сона  сияқты жәндікті сәйгел деп атайды. Батыс аймақтарда бұл сөз неге  жәндікке қатысты айтылады, оны анықтау өте қиын. Бұл мәселе  тым ерте кезеңдердегі тарихты, мысалы алғашқы сиыршы тайпалар мен жылқышылар арасындағы қарым-қатынасты да  нұсқауы мүмкін. Ұлы дала тұрғындары алғашқы бетте сиырды қолға үйреткені, кейін соның тәжірибесін пайдаланып жылқыны  бағындырғаны анық.  

Біздің ойымызша объективті анализ жасау үшін шошала сөзін екіге бөліп қарау керек. Оның бірінші бөлігі – шош - үшкір, сүйір, конус сипатындағы дүниеге, затқа, оқыс мінезге қатысты қолданылады. Мысалы- шошақ, немесе шошаю, бұдан әрі шошалаң, шошақай, шоштию т.б.   Бұл мысалдарды әрі қарай өрбітсек - шошаң-шошаң, шошу, шошымалы  т.б.  Соныменен біздің тіршілігімізде кездесетін  көп нәрсенің бәрі «шош»  түбірінен шығады десек қателеспеймыз, тіпті шошқа да өзінің атын шошайып тұрған тұмсығынан алғаны анық.

Енді шошала сөзінің екінші бөлігіне келейік, бұл жерде мәселе оңай шешіледі.  «Ала»  сөзінің түпкі мағынасы алаша сөзімен, яғни  жылқымен  байланысты. Бұл тақырыпқа  қатысты біздің «алаша» сөзінің этимологиясына қатысты еңбектерімізді қараңыз (Артыкбаев, 2017, с.265-295).

Соныменен  осы талдауды тиянақтасақ  «шошала» сөзінің алғашқы мағынасы түсінікті, ол  жылқышы елдің  шошақ үйі, яғни  конус бейнелі үйі дегенді білдіреді. 

Шошала тарихы

Жоғарыдағы этимологиялық талдау шошаланың өте көне ұғым екенін дәлелдейді деген пікірдеміз, яғни шошала алғашқы жылқышылық заманнан- энеолит дәуірінен, біздің жыл санауымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтардан қалған асыл мұра.  Қола дәуірінің Шағалалы қонысын қазған А.М.Оразбаев осы қоныстан табылған үй-жайларды  қайта қалпына келтіру барысында олардың  тура шошала типтес болғанын анықтады. Бұл сәйкестік қола дәуірі үйлері мен  қазақ шошаларында бірдей кездесетін тіреулерден де аңғарылады (Оразбаев, 1970, с. 67-83). «Мир кочевников центра Азии» атты тамаша монографияның авторы С.И Вайнштейн  шошала типтес үйлердің сақ (скиф, скуз, ишгуз) заманында да көп қолданылғанын жазады: «Срубные сооружения были, несомненно, известны древним жителям Саяно-Алтая в скифское время, о чем позволяют судить погребальные камеры в курганах Тувы (Саглы, Кокэль, Аржан) и Алтая (Пазырык, Башадар). Этнографтардың пікірінше Сібірдегі Бояр жазбаларындағы  (Боярская писаница)  ғұн қонысы ағаштан қиып салынған үйлерден тұрады. Ғұндар пайдаланған  киіз үйге ұқсас, ағаштан қиып (бұрап) жасалған, мүмкін талдан өрілген жартысфералық шалаш шошаланы көзге елестетеді. С.И Вайнштейн «Дарбазная конструкция кровли срубных жилищ, известная хакасам, бурятам, якутам, тувинцам, также достаточно древняя. Срубные многогранные юртообразные сооружения были известны, вероятно, и средневековым кочевникам Средней Азии, Казахстана, Южной Сибири» дейді. 

Ғалымдардың  пікірінше ағаштан қиып салған үйлерді  Шығыс Еуропаға алып барған дала көшпелілері:  «Вполне вероятно, что и выявляемые археологически следы круглоплановых жилищ с углубленными в землю жердями и стенами, обмазанными глиной, встречающиеся в лесостепях Восточной Европы во второй половине I тысячелетия н.э., принадлежали перешедшим к полуоседлости или оседлости кочевникам этих регионов, знакомых ранее с юртой»  (Вайнштейн 1991, с. 47-57 ). 

Соныменен шошала  жалпы Еуразия алқабындағы тұрғын үйдің, соның ішінде киіз үйдің генезисінде айрықша қызмет атқарды деп есептейміз.  Оның тарихы энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының  орманды-дадалы алқабын, яғни барабты  мекендеген қауымдардан басталып ХХ ғасырдың 80-ші жылдарына дейін жалғасып жатыр. Бүгінгі күні  орманды-далалық алқаптардағы шағын қазақи  ауылдардың азып-тозып кетуіне, Қазақстандағы жаппай қалалану (урбанизация) процесіне  байланысты  шошаланың тағдыры қыл үстінде тұр.

Ұсыныстар:

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі шошаланы міндетті түрде жоғалып бара жатқан құндылық ретінде айрықша назарға алуы керек; 

Тарихы бірнеше мыңжылдықтарға баратын солтүстік өңірдегі классикалық қазақ шошаласын сақтап қалудың ең төте жолы  оны музейлендіру. Шошала міндетті түрде Ботай музей-кешенінде, Бозоқ музей кешенінде тұруы керек;

Солтүстік Қазақстан, Ақмола  облыстарының жергілікті облыстық мәдениет басқармалары, өлкетану музейлері  бүгінгі күні өте сирек кездесетін, бізді сонау энеолит дәуірімен байланыстыратын шошаланы сақтауды шұғыл түрде қолға алуы керек.

***

Сөз соңында шошалаға қатысты деректерді, суреттерді табуға жәрдем жасаған шәкірттерім, мықты этнографтар Саят Ыбыраев пен Зубайда Сурагановаға алғыс білдіремін.

Әдебиет:

Артыкбаев Ж.О. Кочевники Евразии в калейдоскопе веков и тысячелетий.  Астана-М.,2017. -300 с. 

Вайнштейн С.И.  Мир кочевников центра Азии. М., 1991. - 289 с.

Жәнібеков Ө.  Жолайрықта.  Көкейкесті тақырыпқа сұхбат.. Алматы, 1995. – 115 б.

Оразбаев А.М. Поселение Чаглинка (Шагалы). Некоторые формы и типы жилищ // По следам древних культур Казахстана. Алма-Ата, 1970. С. 67-83.

Маргулан А.Х. Остатки оседлых поселений в Центральном Казахстане//Археологические памятники Казахстана. Алма-Ата, 1978. 214 с.