Елордадағы күздің ғажайып әуені
31.08.2023 1363

Жаз маусымын артқа қалдырып, алтын күз салтанат құруда, дәстүр бойынша қыркүйек айында «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залында ересектер мен балалар аудиториясына арналған концерттер мен спектакльдердің бай әрі сан алуан репертуары күтпек.


- «Астана Операда» қыркүйек айы театр маусымының басталуының нышаны. Қазақтың маңдайына біткен ұлы опера әншісі Күләш Байсейітова атындағы Камералық зал да кішігірім маусымаралық үзілістен кейін өз жұмысын бастайды. Сүйікті орындаушыларын сағынған тыңдарман қауым шығармашылық ұжымымыз бар ынта-назарын салып дайындаған жарқын концерттер мен көрініске толы қойылымдарға келуге асығуда. Өз кезегінде, әртістер жазғы үзілістен кейін ерекше көңілмен сахнаға шықпақ. Он бірінші маусымда қалыптасқан дәстүр бойынша К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына танымал қазақстандық әрі әлемдік орындаушылармен қатар өнер жолына жаңа аяқ басқан жас дарындар шығады, себебі болашағынан үміт күттіретін музыканттардың жаңа толқынына қолдау көрсету театр қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Театр музыкатанушылары әзірлеген мазмұнды бағдарлама тосынсыйлар мен қызықты жобаларға толы, олар елорда тұрғындары мен меймандарының көңілінен орын алары анық, – деп атап өтті әдеби-музыкалық жұмыс департаментінің директоры әрі Камералық зал жетекшісі Маржан Жәкенова.

Ал осы айдың бағдарламасын «Forte Trio шақырады» топтамасынан «А.Дворжак – ұлы романтик» концерті ашады, оны көпшілік қауым назарына 9 қыркүйек күні әйгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің жетекшілігіндегі Forte Trio ҚР Мемлекеттік триосының музыканттары ұсынбақ. Тыңдарман назарына атақты чех классигінің «Думки» №4 фортепианолық триосы және №2 фортепианолық квинтеті ля мажор ұсынылады.

16 және 17 қыркүйекте танымал «Piccolo» театры жобасы аясында классика бағалаушылары үшін көрнекті композитор Доменико Чимарозаның «Жасырын неке» атты жалынды комикс операсы ұсынылады. «Құрмет» орденінің иегері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен «Астана Операның» опера солистері, оркестрі, хоры мен мимансы тыңдаушыларға көңілді күлкі мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды.

К.Байсейітова атындағы Камералық залдың толыққанды бағдарламасын «Galymzhan Narymbetov SEPTET» ансамблі жалғастырады. Шығармашылық ұжымның идеялық шабыттандырушысы Ғалымжан Нарымбетов бастаған шебер музыканттар 23 және 24 қыркүйекте елорда тұрғындары мен қонақтарына эксклюзивті нөмірлерін ұсынады, барокко дәуірінің үздік музыкалық үлгілерін, сонымен қатар Р.Гальяно, А.Пьяццолла және қазақ күйшілерінің музыкасын орындайды.

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамованың жетекшілігімен 27 қыркүйекте «Жанымды тербеткен әуен» концертін тарту етеді, бұл күздің алғашқы айының соңғы аккорды болмақ.