Тайтөбенің болысы
29.06.2023 1912

Бұл оқиғаны қағаз бетіне түсіруге бірнеше рет оқталғаныммен, тәуекел етпей, қала берді. Алғаш рет кейіпкеріміз жайлы әңгімені белгілі журналист, сол кезде Ақжол партиясында қызмет атқаратын Арман Сқабылұлы ағамыздың жазбасынан білгенбіз. 


Осыдан тура бес жылдай уақыт бұрын журналист ағамыз межелі жерге жету үшін такси шақырады, интернеттің сұмдық дамыған кезі, индрайвер арқылы шақырылған таксидің машинасы, мемлекеттік нөмірі, тіпті есіміне дейін шығып тұрады. Біз негізгі кейіпкерімізге жету үшін қажетті тұсында Арман ағамыздың жазбасын да “сөйлете” түсуді жөн көрдік.

А. Сқабылұлы жазбасы: “Бүгін де “индрайверге” тапсырыс жібергенмін. “Бес минутта келеді” деген жауап келді. Тез киініп тысқа шықтым. Таксиге кіре “Ассалаумағалейкүм!” деу – менің әдетім. Рөлде қазақ екенін мана хабарламадан көргенмін. Екінші әдетім, жүргізушінің қайдан келгенін сұраймын. Бәріміз де Астанаға әйтеуір бір жақтан келдік қой. Таксишілер көбіне оңтүстіктен болып шығады. Оған да ет үйренген. Бұл жолы жауап басқаша болды.

– Ресейден келдім! – деді орта жастан асқан жігіт ағасы көлігін оталдырып жатып. – Тамбов деген жерді білетін шығарсыз?

– Қазақтар онда қайдан жүр? – дедім таңғалысымды жасыра алмай. – Орынбор, Омбы десеңіз ойға қонады...

Ресей қазағы үнсіз қалды. Сосын ауыр күрсініп қойып, әңгімесін бастаған”.

Жүргізуші ағасы өзінің атамекені осы Ақмола екенін айта келіп, Спан болыс туралы әңгімеге ойысады. Осылайша біз де мақаламыздың кейіпкеріне жеттік. Ол – Спан болыс.

А. Сқабылұлы жазбасы (жалғасы): “...Ақмола – оның ата-бабаларының кіндік қаны тамған жер. Осы өңірде үлкен аталары Спан болыс деген кісі өмір сүріпті. Руы – Арғын. Болыс көзі қарақты, оқыған кісі болса керек” депті. 

“Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының біразы оның үйінен дәм татып, әңгіме-дүркін құрып кетеді екен. Сәкен Сейфуллинмен жақын аралас-құралас болғанға ұқсайды” деген соң, бір болса, Сәкеннің “Тар жол, тайғақ кешуінде” бар ғой деп кітапты ақтаруға кірістік. 

Расында да Сәкеніміз сол кезеңдегі ұлт басылымдарының жайын қозғап, “Қазақ” газетінің мағына топтасқан газеттерді айтады, ал “Алаштың” “тіреулері” – жуандар, қазіреттер” деп, Оралдағы революциялық комитеттің жұмысына қатты қарсылық көрсеткен Салық Омарұлын (Сырым батырдың ұрпағы) сынайды және осы жағдайды Ақмоладағы оқиғалармен салыстырады. 

“Ақмолада. Оралдағы Салық тәрізділер біздің Ақмолада да тыныш қарап жатқан жоқ, олар да біз отырған комитетті қамады. Олар да біздің көзімізді жоғалтуға күштерін салып бақты. Бізді “дінсіз” деп, “елді бұзушылар” деп сөз жүргізіп бақты. Талай жерде бізбен айқасып, ереуілдеп жүрді. Бірақ оларды біз топтап, қуалап жүрдік. Бір күні мынадай іс болды” – деп жазады С. Сейфуллин. 

“Тар жол, тайғақ кешу” (жалғасы): “Біздің комитеттің кеңесі еді. Күндіз сағат он екі кезі. Комитет кеңесіне «Жас қазақ» ұйымының да мүшелері келіп отыр еді. Кеңес құпиялау болған соң, бөтен кісілерді кіргізбей, есік алдында поштабай тұр еді. Комитеттің айналасында, алдында, күндегідей қақтыққан, қайнаған жұрт. Бір мезгілде есіктің сыртынан тасыр-тұсыр шықты. Күжілдеген сөздер естілді. Есіктің сыртында тұрған поштабайдың даусы шықты. Есікке таласқандай болды. Күжілдеген дауыстар көбейіп, есікті солқылдатты... Қызарып, қысылып, есікті қысып ашып поштабай үйге кірді.

– Бірталай кісі “кіреміз” деп болмайды, – деді.

– Ол кімдер? – дедік.

– Басы Сыпан болыс, – деді.

Сыпан болыс – Ақмолада мықты, атақты, белгілі болыстың бірі. Патша заманында жиырма бес жыл болыс болған. Бірақ Салықтай емес, қу, “ақылды”, “сыпайылау” адам.

– Кіргізбе, кеңес құпия, – дедік.

Поштабай шықты. Тағы да күжілдеген дауыстар шықты. Шаң-шұң, опыр-топыр болды. Есікті жұлып алып, комитеттің кеңесі үстіне бір топ кісі, Сыпан болыстар кіріп келді.

– Сіздерге не керек? – дедік.

– Не керек болсын, біз де осы сөздеріңнің ішінде боламыз, – деді Сыпан.

– Жоқ, біздің кеңесіміз қазір құпия, сіздерге отыруға болмайды, – дедік.

– Қазір не құпия бар? Қазір құпия болмайды. Біз де отырамыз, – деді.

Азырақ қызараңдастық. Біздің комитеттің мүшесі қазнашымыз Нұржан Шегіұлы деген жолдасымызға Сыпан болыс:

– Ей, Нұржан! Сен былшылдама! Көтіңді қыс! Сенің ол отырған орның керек болса, маған оп-оңай! – деді.

Сүйтіп, біраз ереуілдесіп, комитеттің сөзін бөліп, Сыпан болыс нөкерлерімен шықты.

Оралдағы, Жымпитыдағы Салық болыс тәрізді емес, Сыпан – жанжалға бармайтын адам. Салық Жымпитыда, бір ретте, уездік комитетті көп кісілермен келіп шауып, бір комитет мүшесінің көзін ұрып шығарған” деп әңгімелейді.

Осындағы Сәкен сипаттаған “мықты, атақты белгілі болыс” Спан Мақыұлы Макин 1861 жылы туған. Ол жастайынан ел көзіне түсіп, ел билеуге ұмтылған, болыстық қызметті отыз жылға жуық атқарған. Қазіргі Тайтөбе өңірін басқарып, түрлі іс-әрекетімен, әсіресе ұлттық топтарға, яғни Алаш қайраткерлеріне жақын болғаны жайлы деректер бар. 

Архив маманы Ғ. Исаханның деректеріне сүйенсек, Астана іргесіндегі “Нұра” демалыс аймағы Спан болыстың  жаз жайлауы болған екен. 1927 жылы ұлттық партиялық топтарға қосылғаны үшін сайлау құқығынан айырылған. 

Спан Макин басқарған Нұра болысы – Ақмола облысы Ақмола уезіндегі қазақ болысы. Шекарасы Үсен өзенінің Нұра өзеніне құйған тұсынан жоғары Үсен өзенінің сол жағымен Қозыбақ бастауы мен Нұрбақтың ескі арнасының бөлінген жерімен, Қужал өзенінің Сарысу өзеніне құйған тұсымен Үңірек шоқысына дейін, Өртеңжал шоқыларымен Сары адыр, Сарыкөл мекені, Қойтас, Айнабұлақ, Қуөзек, Нұра өзені жанындағы Қонақпай бейітімен өтеді.

Негізінен Тайтөбе өңірі аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендиннің иелігінде болғаны анық. Сол сияқты аталған болыстықтың да алғашқы билеушілері де осы Құдайменді ұрпақтары болып отырған. 

...1927 жылғы қазақ ұлттық буржуазиясының басына төнген қара бұлттың кесірі Спан болыстың айналасын да шарпыған. Ол алғашқыда үш жыл еңбекпен түзеу  колониясына Ақмола, Семей, Қостанай губернияларынан тыс жерлерге 1928 жылдың қаңтарында Шымкент округіне жер аударылған екен. Ол жақтан 1932 жылы қыркүйекте тыйым салынған бұрынғы Ақмола губерниясына қашып, сауда-саттықпен айналысады. 

Ал такси жүргізушісі атасы жайлы сөз еткенде “Атаман Анненковтың азап вагонынан қашып шыққан Сәкен біраз уақыт осы Спан болыстың қыстауында жасырынған деген дерек бар. Қош, сонымен Қазан төңкерісінен соң Спан болыс ешқайда қашпай, Ақмолада тұра береді. Малын кедей-кепшікке таратып беріп, жаңа өкіметке жаққан сыңайлы. Ұжымдастырудан да, кәмпескеден де аман шыққан. Бәлкім, ескі дос Сәкеннің көмегі тиген болар... Ол жағы әлі белгісіз. Отыз жетінің зұлматы жеткенде Спан болыстың да басына қара бұлт үйіріле бастайды. Алдымен Сәкен тұтқындалды деген хабар жетеді. Көп кешікпей туысқандарымен кешкі шәй ішіп отырған Спан болыстың үйіне НКВД-ның құзғындары сау ете түседі” деп әулеттегі оқиғаны еске алады.

А. Сқабылұлының жазбасы (жалғасы): – Менің әкем, яғни Спанның баласы Хәкім – ол кезде он алтыдағы бозбала екен! – деді жүргізуші сыртқа, күзгі Астанаға қарап қойып, – “Құзғындар” әкетіп бара жатқан атамның артынан жүгірген екен, атам оны танымаған кейіп танытып, “өз әке-шешеңе бар” деп итеріп тастаған көрінеді. Әкемді сол жерде тұрған туыстар өздерімен алып кеткен. Атамыз сол кеткеннен оралмады... Атылды”.

Спан болыстың өмірінің соңғы кезеңі жайлы архив деректеріне жүгінсек болады. “1933 жылы 14  мамырда 71 жастағы Спан болыс (бойы 1 метр 62 см., шашы қара, көзі сұр түсті) Ақмола халық сотының шешімімен Қылмыстық кодекстің 82, 107-баптарымен жауапқа тартылады. Сөйтіп 6 жылға бас бостандығынан айыруға шешім қабылдайды. Республикалық комиссияның қарауынан кейін денсаулығына байланысты босатылып, 1933 жылдың 8 маусымынан мәжбүрлі еңбекке 1 жылға жегіледі, 1934 жылы қайтыс болады” (Саяси қуғын-сүргін құрбандары жайында ел білмейтін деректер. // “Айқын”, 16 қараша 2022 жыл).

А. Сқабылұлының жазбасы (жалғасы): ...Таксиші тағы үнсіз қалды. Сыртқа көз тастағанмын. Жаңбырдың соңы қарға айнала бастапты. Жолда кептеліс. Бола берсін! Мына кісінің әңгімесі қызықтырып барады.

– Әкем бір жылдай туысқанның үйінде жасырынып жүреді. Көрші-қолаң, ағайын-туыс дегендер тыныш жатпайды. “Спан болыстың ұлы пәленнің үйінде жасырынып жүр” дегендей арызды тиісті жерге жазып жібереді. Сөйтіп Спанның ұлы Магаданнан бір-ақ шығады. Қаршадай баланы он жылға соттап, ауыр жұмысқа жегеді. Азаптайды. Не үшін? Оның кінәсі не? Бар болғаны болыстың баласы болғаны үшін ғана ма?

...Таксиші болыс баласы әкесінің Магаданда көрген қорлықтарын айтқан соң, біраз уақыт үнсіз қалды. Осы сәтті пайдаланып мен де ұялы телефоныма шұқшидым. Егер айтып отырған әңгімесі рас болса, Спан болыс жайлы бір дерек мынау ғаламторда болуы тиіс! Бұл таксишіге сенбегендігімнен емес, журналистік қызығушылығым еді. Таптым!”

Арман ағамыздың тапқанынан бұрын салыстыру үшін біз өз дерегімізді келтіре келсек дейміз: “Патша үкіметінің қоныстандыру саясатына малданған Зайсан қаласының байы Сорокин, Легиндер заңды белден басып, Бұтабайұлының иелігіндегі шұрайлы жерлерді иемденіп алғанда Зейнолла болыс қарсы шығып, жаңадан салған үй, қораларын талқандап, бұзып өздерін қуып жіберген. Қол астындағы халықтың жайлауын, қыстауын патша жандармдарына бермей алып қалғаны үшін ұзақ уақыт қамауға алынып, тергелгендігі, ел теңдігі, жер теңдігі үшін күрескендігі белгілі” (“Келімсекке жер бермей...” // ”Қазақстан тарихы” порталы. 26 сәуір 2019 жыл).

Дәл осыған ұқсас оқиға қазақ даласының жүрегі Ақмоланың Тайтөбесінде қайталанып отыр. “Сол кезде Ақмола түбіндегі Тайтөбеге қарашекпенділер келіп қоныстанады. Тайтөбенің маңына келген ағайынды үш орыс Егор, Ефим және Алексей де сол жерден үй салып, диірмен орнатып шаруашылық жұмыстарын бастап кетеді. 

Темеш руының Спан болысы да орыстардың баспаналарын бұзып, өздерін қамшының астына алып, ұрып-соғып шыдатпайды. Көлігі бар орыстардың бәрі қашып кетеді де, бір топ отбасы ғана қалады. Ағайынды Егор, Ефим, Алексей үшеуі он, он бестен астам балаларын алып, талдан, қамыстан екі сал жасап, Тайтөбеден Нұрамен төмен ағып келе жатып, Ұялы деген ауылдың жанынан шығады. Олардың талдан күрке жасап, балық аулап жүргенін Мұстапа деген байдың малшысы Әубәкір көріп, байға айтып келеді. Ол кезде орыс көрмеген қазақ малшылары шуылдаған балаларды көріп “Ұялының талының іші толған орыс” депті. Мұстапа бай келіп қараса, орыс дейтін көп орыс емес, ағайынды үшеу, қалғандары өңшең шиттей балалар. Бай орысша білмейді, бұлар қазақша білмейді, өзара ымдасып түсініседі” деп баяндалатын әңгіме ары қарай Мұстапа байдың қамқорлығына ұласып кетеді.  

А. Сқабылұлының жазбасы (жалғасы): Спан болыстың қандай ісімен аты қалған? Оқыңыз! “Жиырмасыншы ғасырдың басында Столыпиннің реформасынан соң қарашекпенділер (орыстар) қазақ даласына шұбырып келе бастайды. Олар ең бір құнарлы жерлерге рұқсатсыз үй сала бастаған. Сол кезде Ақмола түбіндегі Тайтөбеге келген орыстарды Темеш руының Спан деген болысы баспаналарын бұзып, өздерін қамшының астына алып, қуып жібереді”. “Сарыарқа» газетінен”.

Ал, керек болса! Спан атамыз жай ғана болыс емес, елім деп еңіреген ер екен ғой! Ал, оның жалғыз тұяғы?”

Болыс Спан баласына білім беруде аянбаған жан болыпты. Хәкім өзі құралпы балалардың ішінде озық, білімі жетік, орыс тілін терең меңгеріп алыпты. Атадан жалғыз тұяқ ол соғыс басталғанға дейін Магаданда болып, кейін қан майданға сұранып, соғысқа қатысады. Әкесін айдаудан құтқармай, азаптап өткен “сүйікті Отанды” қорғап, Берлинге дейін жетеді. 

Ел деген жеңісті тойлап, әрі-сәрі болған шақта Хәкімнің ойынан елі, атамекені шықпайды. Ауыр ойлардан арылмаған ол достарының үгіттеуімен Ресейдің Тамбов қаласынан бірақ шығады. Ол қалада жұмысқа орналасты, жағдайы жақсарды, төрт құбыласы түгел. Бірақ сонда да бір ойдың ұшығына жетпейді. Туған дала, сайын өлке Сарыарқаның қыр-жотасына деген сағыныш бойын билеп, еркін алып, мазасын қашырып-ақ тұрады. Қара ормандай қалың орыстың арасында қалып та қоюы әбден мүмкін жағдайда оның өміріне қуаныш болып бір оқиға енеді. 

А. Сқабылұлының жазбасы (жалғасы): “Қырқыншы жылдардың соңында Тамбовқа, қаланы қалпына келтіруге Қазақстаннан, Қызылордадан үш қыз келеді. Үшеуін көрген Хәкім сағынып жүрген Сарыарқасы көшіп келгендей қуанады. Үшеудің бірі-өзі сияқты жетім, ақсары қыз Айжанмен көңілі жарасып, шаңырақ көтереді”.

Сөйтіп Спан болыстың жалғыз да жалқы тұяғы алыстағы елді ойлай-ойлай сексенінші жылдардың аяғында өмірден өтеді. Туған жерге жетуді ойластырған ұлдарының ойына келіспей, “Ол ел үшін мен баяғыда өлгенмін! Басыма келіп дұға оқитын ешкім қалған жоқ онда!” деп, қалауы бойынша Волгоградтың Мамаев қорғанына жерленеді. 

Осылайша туған ағайынға деген өкпе-реніші тарқамаған Хәкім жат жерде, бөгде елде қалды. Ал оның балалары ше? 

Спан байдың – қуғындалған болыстың немересі такси жүргізушісі он бес жылдан бері Астанада тұрады. Біз онымен тікелей тілдесе алмасақ та, журналистке айтқан сөздерінде атасынан қалған қарағай үйі бар екенін, жекеше өтіп кеткен ол үйдің жай-күйі алаңдататыны, ең болмаса сыртына “Қазақтың Спан болысы тұрған үй” деп жазылса деген арманы болғанын білдік. Архив қопарып жүріп, сан алуан деректер жинап, тауып алған ол үйдің құны қымбат екені даусыз. 

Ол қандай үй, қай жерде орналасқан, иесі кімдер екен – басқа да деректерді біз келесі мақаламызға қалдырамыз.