80 жылдан кейін туған жерінен топырақ бұйырған жауынгер
06.05.2023 1506

Әйгілі Шалкиіз жыраудың «Сары шыпшықтай шырлатып, Әзірейіл кімдерге құрық салмаған, Сақалына сары шіркей ұялап, Миығына қара шыбын балалап, Қазақтың басы қайда қалмаған» дейтін керемет жыр шумағы бар. Бабамыз айтқандай, екінші дүниежүзілік соғыста қан майданға аттанған қазақтың басы қайда қалмады. Ресми дереккөзіне жүгінсек, Қазақстаннан 1 миллион 366 мың адам майданға аттанса, 410 мыңы қайта оралмаған дейді. Бұл жауынгерлердің 350 мыңы қазақ ұлтының өкілдері болса, осылардың 271 мыңы хабар-ошарсыз кеткендер қатарына енген. 


Жоғарыдағы хабарсыз кеткен көп қазақтың бірі – Қайыржан Тікшекеев атты жауынгердің мүрдесі 2020 жылдың наурыз айында Украина республикасының Киев облысы, Макаровский ауданы, Боровка селосы маңынан табылып, осы жылдың қазан айында Астана қаласына ұшақпен жеткізіліп, елордағы төрінде орналасқан Әскери-тарихи музейде марқұмды ұлықтау шарасы өткізілген соң марқұмның кіндік қаны тамған Дәуқара ауылындағы ата-баба қорымына жерленген болатын. Осылай қатардағы солдат Қайыржан Тікшекеевке 80 жылдан туған жерінен топырақ бұйырды.

Қолымыздағы деректерге қарасақ, марқұм Қайыржан атамыз 1916 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Дәуқара ауылында дүниеге келіпті. Ата-анасы Шынниет пен Жәмила қарапайым шаруа адамдары екен. Бұлардың 13 баласы болғанымен, ел ішін індет жайлаған жиырмасыншы жылдары 11 баласын қара жердің қойнына тапсырған. Тірі қалған бір ұл Қайыржан мен жалғыз қызы Мағризаны пана тұтып, өрт шалған өксігін басып сабыр еткен екен.

Замана беті сәл бері қараған 1929 жылы ата-анасы 13 жасқа жаңа толған Қайыржанды көрші Сулыкөл ауылының 11 жасар бойжеткені Қайни Махметқызына үйлендіреді. Жас отау иелері кешікпей Мағрой атты қыз бен Дулат есімді ұлдың ата-анасы атанады. Хат-шотқа жүйрік Қайыржан Карл Маркс (бұрынғы Дәуқара ауылы) колхозында есепші қызметін атқарған. Ол Армия қатарына шақырылғанда жарының құрсағында қалып бара жатқан алты айлық баласын аманаттап: «Мына нәресте ұл туса оның атын менің солдатқа аттанған құрметіме «Әскер» қойыңдар» деген екен. 

Осылай 1940 жылы шілде айында дүниеге келген Әскер Қайыржанұлы 2004 жылы бақилық болғанға дейінгі бар ғұмыры маңдайынан иіскеп үлгермеген әкесін іздеумен өтіпті. Осы ісін дүниеден өтерінде үлкен ұлы 1969 жылы туған Маратқа аманаттаған екен. 

Әскери-тарихи музейде өткен жауынгерді ұлықтау рәсімі

Осы орайда біз, туған жеріне 80 жылдан кейін мүрдесі оралған Қайыржан атамыздың немересі һәм осы оқиғаның басы-қасында болған елорда тұрғыны кәсіпкер Марат Тікшекеевті сөзге тарттық:

 – Атамыз 1940 жылы 7 ақпанда әскер борышын өтуге аттанған екен, - деді Марат Әскерұлы. – Әуелі Сочи қаласы маңында орналасқан әскери бөлімде тұрақтаған көрінеді. Армия қатарына барған күннен бастап артында қалған туған-туыс, үш баласы мен жарына үнемі хат жазып тұрған. Біздің қолымызда атамыздың 12 хаты бар. Қазір біліп отырмыз соңғы хаты өлерінен бір апта бұрын жазылыпты. Бұл хаттарды апамыз Қайни көзінің қарашығындай сақтаған. Осы жазбаларда атамыз өзінің қайда жүргенін, қай жерге барғанын тәпештеп жазыпты. Кейін мен осы хаттарда атты айтылған елді-мекендер бойынша карта жасап көрдім. Мысалы: Дәуқара – Сочи – Ворошиловград (қазіргі Луганск) – Святогорск – Карл Маркс (Украинадағы шағын село) – Ржищево деп келіп осы жерден атамыздың ізі жоғалғанын аңғардым. 

Бұл жерде ескеретін дүние – 1941 жылы соғыс басталған күні атамыз Киев қаласы маңында ірге тепкен горнизонда болғаны анық. Соғыстың алғашқы күндері Вермахт армиясының екпені қатты болғанын білесіздер. Киев қаласы осы немістердің күшті соққысына тап болып, қорғап тұрған Қызыл Армия қосындары түгелдей талқандалғаны жайлы білеміз. Осы қырғын Қайыржан атамыздың ғұмырын қиып кеткенін жаңа білдік. Яғни, атамыз соғыс басталғанына бір-ақ ай толған 1941 жылдың 23 шілдесінде қаза тауыпты. 

– Атаңыздың мүрдесі табылғаны жайлы хабарды қалай білдіңіз?

 – Пандемия нағыз басталған 2020 жылдың 26 наурыз күні болатын. Үйден әсте шығуға болмайды. Содан әдеттегідей әлемжеліні ақтарып отырып, атамыздың сүйегі табылғаны жайлы ақпарды көріп қалдым. «Тыкшикеев Каиржан 1916 жылы туған. Қазақ ССР, Көкшетау облысы, Айыртау ауданы, Дауқара селосы» деп тұр. Дәл менің атам. Жарықтық папамның өмір бойы әкесін іздеуден өткен мұңлы күндері есіме түсіп, өксіп-өксіп алдым. Дереу анама, іні-қарындастарыма хабарлап, керемет жаңалықты бөлістім. Олардың бірі Алматы да, бірі Қызылжар да дегендей... Оларда таң тамаша. 

Сонау жылдары «аталарың Қайыржан тірі екен. Неміс әйелге үйленіп Германияда тұрады-мыс» деген өсек естідік. Анық-қанығына жету үшін өзімнің бизнестегі әріптесім Германияның Эссен қаласының тұрғыны Виктор Кайзер арқылы іздеу салып, нәтиже шықпаған еді. Жалпы адам баласының түйсігі алдамайды екен. Папам: «Менің әкем ешқашан сатылмайды, ол отаншыл адам» дейтін еді. Ақыры рас болды. 

 – Атаңыз қандай әскери құрылым сапында майданға қатысқаны жайлы дерек бар ма?

 – Қай полкта, қай ротада қызмет жасағанын дәлдеп айту қиынырақ. Бірақ, мүрдесі табылған жерді анықтағаннан кейін зерделеп көрсек, атамыз Киевті қорғаған 28-ші таулы атқыштар дивизиясында болғаны анық. 1941 жылы шілде айында вермахтың «Оңтүстік» тобы Киев – Житомир бағытымен құтырына ұмытылғаны жайлы дерек бар. Қызыл Армия немістерге қарсы үш атқыштар дивизиясын (28-ші, 171-ші және 165-ші) қойғаны жайлы майдангер-жазушы Равиль Байбуринның «Идет война народная» атты кітабының «Героическая оборона Киева» атты бөлімінде толық суреттелген. Осы кітапта: «Д.И.Шепеленко бастаған 28-ші таулы атқыштар дивизиясының 144 атқыштар полкі өшпес ерлік жасап, бәрі қаза тапса да немістерге қатты қарсылық көрсетті» деген жолдар бар. Менің атам дәл осы 144 атқыштар полкында болған деген пайым айта аламыз. Өйткені, полкта шепті қорғайтын мерген автоматшылар ротасы болған көрінеді. Өзіміздің Дәуқара ауылының тумасы соғыстан аман оралған Әлімжан Дүйсенов: «Дәл соғыс басталардан бір күн бұрын түнде Қайыржанды бейтаныс командир келіп «сен жақсы автоматпен ататын мергенсің» деп алып кетті. Содан кейін ол кісіні көрмедім» дегеніне қарағанда атамыз алғы шепте болып, ерлікпен қаза тапқаны хақ. Алдағы күндері марқұм атамның ерлік істері ескеріліп, еліміз тарапынан марапаттау шарасын жүзеге аса деген ұсынысым бар.

****

Біздің айтпағымыз қазақ жауынгерінің мүрдесін алғаш тапқан украиналық ізкесуші  «Вертикаль» атты ұйым. Соның ішінде Володимир Жарко деген жігіт бастатқан топ мүшелері. Бұларға әуелі даладан металь теріп күнелтіп жүрген темір іздеушілер хабарласқан. Олардың жер астында жатқан металь жайлы хабар беретін құрылғысы дәл марқұмның зиратына келгенде ызыңдап белгі берген. Өйткені, марқұмының темір каскасы мен металь күрегі өзімен бірге жерлегені пайдаға асқан. Металь іздеушілер аумақты қазып көріп, белгісіз солдаттың мүрдесіне кез болғаны жайлы жоғарыдағы ұйымға хабарлаған. Олар келіп мүрденің аты-жөні, мекен-жайы жазылған жез капсула барын аңғарған. Сөйтіп бұл жауынгер «Қайыржан Тікшекеев» екені анықталған. Осылай аты-жөні анықталған адамдың қазақ екенін білген украиналық «Вертикаль» ұйымы Қазақстандағы әріптесі «ATAMNYN AMANATY» қоғамдық бірлестігі арқылы жария шашқан. Осы ақпарат тәңірдің қалауымен марқұмының немересі Марат Әскерұлының көзіне шалынған. Тағдырдың қалауын қарамайсыз ба?!

Жауынгер мүрдесі туған аулы Дәуқараға жерленуде

Көрді қазған ізкесушілердің айтуына қарағанда, марқұмды майдандастары қанды шайқас үстінде өзі қазған окаптың ішіне асығыс бетін жасырып кете берген. Каскасы мен күрегін де алып үлгермеген. Шындығын айтқанда, соғыстың алғашқы айында мұздай қаруланған немістер жолындағы кеңестік әскери қосындарды шыбын шаққан құрлы көрмей апарып-жапырып, қырып-жойып өте шыққаны анық. Мұндай апалас-төпелесте қайта марқұмның бетін жасырып үлгергені үлкен ерлік.

****

Аталмыш оқиға жайлы 2020 жылдың мамыр айында украиналық  Интер телеарнасы сюжет түсіріп, оны 9 шілде күні эфирге шығарған. Осы түсірілімді көрген Еуразия арнасының журналисі Наталья Максимова оқиғаны жетілдіре зерттеп жан-жақты қарастырылған хабар жасап шығады. Ол хабар телеарнаның «Жди меня» бағдарламасы арқылы 2020 жылы 12 қараша күні көпшілік назарына ұсынылады. Кешікпей бұл оқиға жайлы Астана арнасы 2020 жылы 26 қарашада «Герой великой победы» атты 17 минуттық деректі фильмді эфирге шығарса, Астана радиосы қазақ тілінде арнайы хабар ұйымдастырыпты. 

Жоғарыдағы телесюжеттер мен радио хабардан аңғарғанымыз қазақ жауынгерінің мүрдесі туған жерге оралуына зор еңбек сіңірген адам Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесі полковник Сәбит Бекмұратов көрінеді. Осы кісінің араласуымен әуелі Макаров селосының Мәдениет үйінде қазақ жауынгерінің мүрдесін туған жеріне аттандырып салу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, 2020 жылдың қазан айында мүрде өзімен бірге табылған каска және сапер күрегімен бірге ұшақ арқылы Астанаға жеткізіледі. Алыстан келген марқұмды ұлықтау рәсімі Әскери-тарихи музейде өтіп, сексен жылдан кейін туған топырағымен қауышқан жауынгер мәйіті өзінің кіндік қаны тамған ата-баба қорымына барып байыз тапты.