Кененнің бас інісі
05.04.2023 1139

Өткен ғасырда ұлт руханиятының  көшбасшылары деп Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов,Темірбек Жүргенов қатарлы алаш ардақтыларын айтамыз. Бұлардың бәрі де туған халқын қайтсек ұшпаққа шығарамыз деп, жаудың қолында шаһит кеткен боздақтар болатын. «Біз халықтың басы, яки аяғы емес, жалғасымыз» - деп, ұлы Ахаңның (А.Байтұрсынов) айтқанындай қазақ қауымының рухани қазынасының сақшысы мен жоқшысы болып жүрген ағаларымыз бүгінде бар. Соның бірі – Мырзатай  Жолдасбеков. 

Мырзакең әдебиетші-ғалым ретінде ақын-жыршы Кенен Әзірбаевтың шығармашылығы жайлы ұзақ жыл зерттеп, ақын мұрасын ғылыми айналымға енгізген тұлға. Осы орайда, қазір сексенің сеңгірінен асып отырған ағамызды сөзге тарттық.


- Мырзатай аға,  көне жыраулардың жалғасы Кенен Әзірбаевтың жанында жүріп, тағылымын алдыңыз, сол күндердің сорабы санаңызда сартап сағынышқа айналған шығар?

 - Адам баласының ғұмыры өте қысқа, осы қысқа ғұмырда көп нәрсені білгің де келеді, істегің де келеді, айтқың да келеді. Шіркін, сонау қарға бойлы Қазтуған жыраудың: «Қайран да, менің – Еділім» - деп, көкірегі қарс айырылып  айтқан толғауын тыңдағанда сен қалай жыламайсың...

Осыдан үш-төрт жыл бұрын  қасыма Ақселеуді, Қойшығараны, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевты ертіп Батыс Қазақстан облысына бардым. Қырымбек Көшербаев облыс әкімі болатын. Бізді көрші Самараға алып барды. Өмірімде тұңғыш рет Еділдің жағасына барғаным осы еді. Ұлан - ғайыр дария екен. Дүниенің бәрін су қаптап кететіндей көрінді. Көкейіме, қарға бойлы Қазтуғанның  толғауы түсті:

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала Ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің Сүйініш,

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт...  - деп келіп, аяғында: «...Қайырлы болсын сіздерге, Менен қалған мынау Еділ жұрт!» - деуші еді. Неткен кеңдік. Өзі Еділден айырылып зар илеп тұр. Қазақтар  қашанда кең болған ғой. Осындай сөзі өрт, өзегі жалын ел, жер туралы өлеңдерді теріп, өз қаражатыма «Кіндігімді кескен жұрт» деген атпен кітап бастырдым. Көп емес еді, тегін тараттым.

Мөңкеұлы Мұрат ақынның «Әдіра қалғыр - Үш қиян» - дейтін өлеңі бар. Құйқаң шымырлайды. Айтайын, дегенім қазақ халқы Алла қасиет дарытып, өте дарынды туған жұрт. Шетінен жырау, шетінен шешен, шетінен көсем, шетінен дана. Қонақжайлығы өз алдына, қазақ тудырған ғажайып күйді айтпайсың ба, тілегей теңіз жырды айтпайсың ба. Өкініші солардың бәрі бізге түгел жеткен жоқ. Мол мұраның жұрнағы ғана бізге жетті. Көшпенділер тағдырындағы ең бір қабырғаңды қайыстырар өкініш те осы. Бұл ерте заманда жазуы болып, жол ортада одан айырылып қалған біз сияқты елдің зор қайғысы. Жазуы жоғалған жұрттың тарихи санасының салмағы тіліне оралады да, зар илеген жырлар туады.

Әрине, біз осы ұлы жыраулардың бірінде көргеміз жоқ. Десе де, көненің көзі солардан қалған тәбәрік  Кененді көрдім. Көру былай тұрсын, 10 жыл бірге жүрдім. Туған інісіндей, кейде туған баласындай болдым. Кейде жарықтық менімен құрдасындай қалжыңдасып отыратын. Сырласушы едік. Кенекең «Жеті жарғы» атанған Кебекбайдың ұрпағы еді ғой. Заманында би болған, сөзі жерге түспеген, қырғыздың ханы Шәбденмен терезесі тең болған, атақты Ноғайбай бидің аталас туысы еді. Осы Ноғайбай: «ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» - дейді екен. Қасқарауда тоғыз құт бар, соның біреуі - «Бес жалаңаяқ» деген атақты Сүйінбайдан қалған сөз еді. Осы Бес жалаңаяқтан Кебекбай, Ноғайбай, Кенен туады. Ноғайбайды  іздеп Абай келген екен. Бұл туралы ертеректе « Қазақ әдебиеті» газетіне жаздым да. Аяғы әжептәуір айтыс болды. Сапарғали Бегалин менің айтқанымды жоққа шығарды. Бертінде, Сапекең: «Мырзатай сенің айтқаның шындық екен, Абай  Жетісуға келіпті»- деген, еді жарықтық. 

- Сізді Кенекеңе ынтықтырған не дүние?

Кененнің отырысы, жүрісі, тұрысы маған өзгелерден бөлек көрінетін. Сексен жасында қамшыдай жараған өзінің бәсіре сұлу торы төбел атына ырғып мініп жүре беретін. Қыран қабақ, алысты шолатын, қырағы адам еді. «Аңыздар сыры» деген кітап қалды өзінен. Оны Нысанбек Төреқұлов ауызынан жазып алып еді. Ішіндегі қалған қазынасын мен ақтардым. Мен Кененнің ақындық, әншілік, сазгерлік, шешендік құдіреті туралы жеткізіп жаздым деп ойлаймын. Шын ықыласымды жұмсап, жанымды жалдап жазып ем... Енді Кенендей адам туа ма, тумай ма, кім білсін?..

- Кенен атаның әндері өзінің орындауында жазылғаны бар ма? 

Кененді жасы 80-нен асқанда Алматыға әкеліп әнін жаздық. Ұмытпасам ол кезде ән жазатын жалғыз-ақ студия бар еді. Ол опера және балет театрында болатын. Қазіргі Абай атындағы. Сол тұстағы аппарат та күшті емес. Көшедегі ызың – шу қоса естілетін. Сол себепті, түнгі 1.00 – ден кейін жазатын. Студияда ара- арасында шай беріп отырмыз. Сонда Кенекеңнің: «Ойпырым-ай! ал, Кенеке, айтып жібер десе, айта беріппін, айта беріппін. Айтқан әнім ескен желдей далаға кете беріпті, кете беріпті. Бұл кейінгіге керек-ау деген бір адам болмапты. Енді, міне, 80-нен жасым асқанда кәрі түйедей бақыртып отырғандарың мынау »- деп, кейігені бар еді. Сөйтіп жүріп біраз дүниені жазып алдық. Байтақ әңгімешіл, жадысы өте мықты адам еді. Бірақ бұл кез, Кененнің жас кезіндегі тік шырқау әндерінің сабасына түскен, жуасыған шағы еді. Коңыр үні Қордайдың самалындай жаныңды  түгел тербетуші еді.

- Әдеби шығармаларда Кененнің Балуан Шолақтан бата алғаны жайлы жазылған. Осыны өз аузынан естіген шығарсыз?

- Балуан Шолақтың аталары Шудың бойындағы Сырымбеттер екен, еліне келгенде бір ай жанында ілесіп жүрдім - деп отыратын. Әнін үйрендім,  өнегесін алдым дейтін. Шашубайды көп айтатын. Шашубай сонау Тоқырауынның бойынан атақты Ноғайбай биді арнайы іздеп келіп: «Қасқараудан туыпсың Ноғайбай боп, Аруағың қалың орман тоғайдай боп...» - деп ән салған. Шашубайдың дауысы аспанды қақ тіліп шығады екен, ауылымыз қырылып қала жаздады. Өнеріне сұмдық таң қалдым, қазақы ердің көпшігіне басын тіреп алып, екі аяғы аспанда, екі қолын жайып жіберіп, құрбақа сияқты тырбиып ат үстінде кетіп бара жатқанын көзім көрді дейтін, еді жарықтық. Басындағы бөркі қабағын көтеріп қалса миығына, керіп қалса желкесіне ыршып түседі екен. Ғаламат ойымпаз адам болыпты. Осыншама, сиқыршыдай адамды Оразбақтан кейінгі көргенім осы – деуші, еді Кенекең.

- Кенекең  сол кезде заманның құбылып бара жатқанын, тіл мен сананың дүбараланатынын сезіне алды ма?

- Заманға қатты сенетін. Компартияны жақтайтын. Тоқсан жылдығын өткізгенде партияға мың алғыс, халқыма сансыз алғыс, Димашыма көп алғыс – деп отырды. Арқада бұрын Сағынайға ас беріпті деген аңыз сияқты әңгімені еститінбіз. Қазақта бұрын-соңды мұндай той болған жоқ. Соғыстың кесірінен Жамбылдың тойы да жұпыны өтті. Осындай той жасап берген халқыма да, жалпыңа да ризамын, – дейтін Кенекең.

- Кененнің жыршы болуына Жамбыл атамыздың да қосқан үлесі болған шығар?

- Кенен Жамбылға қырық жыл ерген адам. Жәкең өмірінің соңында Кененсіз ешқайда бармаған. 1936 жылы Мәскеуде  Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің он күндігі өтетін болып, баратын адамдарды саралап, ақындардан кімді апарамыз дегенде, бәрі Жамбылға келіп тоқтапты. Жәкең өмірінде көп теперіш көрген, тілі ащы адам екен. Биліктегілер сол тілінен қорыққанымен, бәрі бір ақыннан Жамбылды таңдапты.

Осы оқиға туралы Әбділда Тәжібаевтің аузынан естігенім бар еді. Он күндікке барады, Жамбылды алып кел, деп өкімет Әбекеңді жіберіпті. Барса Жамбыл үйінде жоқ екен. Тәуіп құрдасының  үйіне кетіп қалыпты. Артынан іздеп барса, Жәкең мен құрдасы екеуі пештің аузында шай ішіп отырыпты. Ассалаумағаликум – деп, сәлем берген екен, Әбділда, Жәкең: - уәликсалам, әй! қай баласың?,-депті. Мен, Әбділда Тәжібаев деген ақын боламын дейді, Жәкең: - қолында домбыраң жоқ неғылған ақынсың, депті сонда.

Жәке, осылай да, осылай Мәскеуге барасыз, сізді алып кел деп өкімет  мені әдейі жіберді – депті Әбекең. Жәкең тұрып: «Бастықтарыңа сәлем айта бар тоқсандағы мені қайтеді, ешқайда бармаймын» - депті. Содан Әбекең жақсылап түсіндіріпті. Тәуіп досы да: Жәке, өкімет құрмет етіп шақырған екен, барғаның жөн, - дейді. Жәкең келіседі. Машинаға барып отырыпты. Өмірінде алғаш рет машинаға мінгені сол екен, машина қозғалғанда қутыңдап жан - жағына қарап, артында отырған Әбділдаға бір қарап, жан-жағын барлап отырады. Аздан кейін машинаның жылдамдығы қосылып, жер дөңгеле бастағанда Жәкең артына бұрылып орындықта отырған Әбділданы көріп: «Ей, бала! сен әлі қалмай келесің бе?» - депті. Жәкеңнің түсінігінше алдындағы адам озып кетуі керек те, артындағысы  қалып қоюы тиіс екен.

Әбділданың шешесі Айманкүл деген өте зиялы жақсы адам болған. Жамбыл ақсақалдың қас-қабағына қарап, жаңадан киім тігіп беріп қатты сыйлапты. Әбділданың міндеті Жәкеңді әңгімеге тартып өкімет саясатын түсіндіру, осылай да, осылай, Жәке, ертең бастықтарға барамыз деп, үгіттепті. Жәкең  Әбділданы баласынып тіпті жөнді сөйлескісі де келмепті. Бір әредікте: «Әй бала! ол жаққа өзің бара берсеңші, сен одан да мына шешеңді берші, осыны әйелдікке алып, ауылға қайтайын,жақсы адам екен» - деп  қалжақтапты.

Шешем айтты – дейді, Әбділда, -  бұл кісі сені баласынып отыр ғой. Мен ас әзірлейін, сен Мұхтарды, Сәбитті шақыр - депті. Шақырады. Ол кісілер келеді. Жәкең сонда шешіліпті. «Туған елім» – деген жырын сонда отырып толғапты. Кейін Павел Кузнецов орысшаға аударады.

Қазақстан делегаттары мамыр айында Қазан вокзалына барып түсіпті. Мәскеу Гагаринді қарсы алғандай улап - шулап қарсы алыпты. Жамбылды ашық машинаға отырғызады.  Жұрттың қолында сол күнгі «Правда» газеті. Бірінші бетінде Жәкеңнің суреті.  Халық Жәкеңді танып «Жамбыл, Жамбыл!» - деп шулапты. Жәкең болса мыналар неге шулап жатыр, деп  таңғалыпты.   Жанындағылар: бұлар «Жамбыл, Жамбыл!» - деп шулап жатыр депті. Ал,  мынау не, деп  газеттегі өз суретін көрсетіпті. Бұл  Сталин күнде қадағалап отыратын газет. Мұнда орысша аударылып сіздің толғауыңыз шығыпты, суретіңіз бар, ел соған шулап жатыр - дейді. Сонда Жәкең өзінің суретін нұқып: өлме Жамбыл, өлме, өлсең қайтып келме, - деп, тебіреніпті.

Алдында, он күндікке барарда Кенен менімен бірге барсын – деген екен. Содан Жәкең сияқты Кенекеңе де жаңадан киім тіктірген көрінеді. Жәкеңнің ескі көйлек, дамбалын  тәбәрек етіп алып кеткем деп Кененнің әйелі Насиқа айтатын. Жәкеңнің сол көйлек, дамбалының қайда екені белгісіз.

 Кенен - Жамбылдың шәкірті. Жәкемнен көп дүние үйрендім дейтін. 1928 жылы Базар, Назардан айырылып, басым ауған жаққа қаңғып жүрген кезім. Бір күні Ұзынағаштың базарына келдім. Базарға дейін біздің ауылдан атпен екі күндік жол. Базарға келсем Өмірзақ Қарғабаев деген ақын өлеңмен жоқ іздеп тұр екен. Осы күнгі жарнама сияқты. Мысалы, біреу атын жоғалтса оны ақынға келіп айтады, түр-түсін, ана-мынасын сипаттайды.. Ақын оны өлеңдетіп жар салады. 

Маңдайының ағы бар,

Тағы айтарым, тағы бар,

Қысқартылған жалы бар,

Мұны айтқан адамның,

Маңдайының бағы бар – деген секілді атты түстеп, өлеңге қосып сұрау салады екен. Кенен келіп сәлем беріп, базарды аралап, атының ауыздығын салып, артқы айылын тартып тұрғанында біреу келіп қамшымен бүйірінен түртіпті. Қараса Жамбыл екен, «Әй! Кененбісің ей!» депті. «Кененмін». Сені мықты азамат екен деп жүрсем, жасық екенсің ғой, немене өзіңнің мойының қылқиып, атыңның бұты тыртиып не болып кеткенсің түге. Алла өзі берді, өзі алды. Қайғырма, көтер еңсеңді. Алла қаласа келін тағы құрсақты болады. Өзім барып құтты болсын айтам деп жүріп кетіпті.

Содан қазір көзі тірі Төрткен туады ғой. Одан кейін Көркемжан туғанда Жамбыл арнайы келіп құттықтаған екен. Жамбылдың «Көркемжанға» деген өлеңінде «Құдайдан құныңды алдың» дейтін сөз бар.

- Кенекең көзі  тірісінде өзінің бағасын естіп кеткен екен ғой? 

- Кенен туралы үлкен бағаны Мұхтар Әуезов беріп кеткен. Оны Кененнің өз аузынан естіген едім. Бір күні жазғы шілде болатын еді,-дейді Кенекең:  талтүсте есік алдына келіп бір машина тоқтады. Үйдегі бала-шағалар, ойбай, кісі келді деп дүрлігіп қалды. Атып шықсам аударылып – төңкеріліп Мұхтар түсіп келе жатыр екен. Қасында орыс әйелі бар. Кенеке, қырғызға кетіп бара жатыр едім, сіздің ауылды аттап өте алмадым, Ыстық көлде демалатын саяжайым бар еді, сонда жол тартып барамын, өте асығыспын, қолыңызды алып, бір кесе шай ішіп аттанайын, деді. Тез шай дайындаңдар, дедім. Қатын – қалаш самауырдың құлағынан ұстап далаға ала қашты. Балаларға бір марқаны сойып жіберіңдер, дедім. Содан шай, әңгіме, ет, домбыра, ән, қымыз тағы да ет, асығып бара жатқан Мұқаң қонып қалды. Ертеңінде кетерінде: Кенеке сізді бұрында білетін едім. Сөздің турасын айтайын, сізді жаттағанын айтатын жыршы шығар деуші едім, сіз даңғыл жырау екенсіз ғой, әбжіл шешен екенсіз ғой, көкірегіңіз даңғыл шежіре екенсіз,- депті ,аттанарында Мұхаң.

- Ол кісі Алматыдағы ақын – жазушы, өнер адамдарынан кімдермен дәмдес, сыйлас болды?

- Алматыда шақыртпай баратын үш үйім бар. Олар: Сәбиттің, Қаратаевтың, Ерзаковичтің үйі дейтұғын. Кенекеңнің аздаған  орысшасы болатын. Мен үйінде отырған да Ерзакович келетін. Кенекең: ой Барис, Барис – деп құшақтап жататын. Ерзакович келе сала « Базар - Назарды» айтқызатын. Айпас бұрын Насиқаны, бала – шағаларды үйден тегіс шығарып жіберуші еді Кенекең.

- Жыршы атамыздың өзінен жазып алған дүниелердің бәрін халық игілігіне жараттыңыз ба, әлде сақтап жүрген бірдемелеріңіз бар ма?

 - Кененнің тоғыз келінмен айтысқан бейпіл жыры бар еді. Үйден келін-кепшектің бәрін қуып шығып соны маған айтып беретін. Осыны Кенекемнің жүйкесін тоздырып отырып жазып алған едім. Сол дәптер жоғалып кетті. Көлемді дүние болатын.

- Айтпақшы, Кенекеңнің сізге арнап жазған әні бар емес пе, соның тарихы қалай еді?

- Кенекемнің маған жазған сөзі де, әні де бар. 1974 жылы 90 жылдығын өткіздік. Той өтті. Содан жұмыстан қолым тимей, үш ай ат ізін салмай кеттім. ҚазГУ-де декан едім, жұмыс көп. Мені іздеп, елеңдеген екен, Алматының жолына қарап. Әлгі Мырзатайдан хабар болмады-ау, өзімде де бар, Кенен 90-ға толады деп  жар салғанына үш жыл болып еді. Япырмай,  осы жігіттің еңбегін ескермедім-ау. Тойдан кейін басына тақия кигізіп едім. Өкпелеп кетті-ау-депті.

 Мырзатайға арнап ән шығардым, деп бір күні Төрткенге жаздырыпты. Сол  әнді қазір әнші Ардақ Балажанова, Жазыгүл Даңылбаева айтып жүр, сай-сүйегіңді сырқыратады. Төрткеннің өзі де осы өлеңді жақсы орындайды. Әннің сөзі мынадай еді:

Сағынып сәлем жаздым Мырзатайға,

Жігітсің сөзге шешең, тілің майда.

Қормалы, қорғаушы боп ақындарға,     

Маған да көп еңбек қып тиді пайдаң.

Өз жүзің көрсеткендей өз келбетін, 

Баласың алтын сөзді, асыл айна.

 

«Түтпейді түбі бірді» - деген халық,

Таныттың өнерімді көп жамайға.

Тілектес боп өзіңе бата беріп,

Отырмын өзің көрген жайлы жайда.

Келін мен балаларға менен сәлем,

Еңбегің маған сіңген кетпейді ойда.

 

Сәлемді той өткелі бермей кеттің,

Қарағым, өкпең бар ма, кеттің қайда?

Отырмын нардай шөгіп бір орында,

Тағдыр мен кәрілікке бар ма айла.

Тілектес аман – есен жүргеніңе,

Отырған Кенен атаң терең ойда.