Қазақ наурызда жауған қарды қалай атаған?
24.03.2023 1962

Көктем келіп, еліміздің түкпір-түкпірінде Ұлыстың ұлы күнін тойлау бір апта бұрын басталып кетсе де, осыған дейін көп өңірлерде салқын ауа райы сақталып тұр.Қар жауып жатқан жерлер де бар. Салқын аймақтарда жылы күнді аңсаған халық көктемнің алғашқы айында жауған қардың да куәгері болып та отыр. Шыны керек мұндай құбылыс сирек болады.Десе де дана халқымыздың әр дүниеге берген атауы, таңған есімі бар. Сол секілді «наурыздың ақша қары» деген ұғымның сыры осы құбылыспен тікелей байланысты.


Жалпы көктемнің аяқ алысымен қатар болатын жауын-шашын «құс қанаты» деп аталады. Мұны жылы аймақтан елге оралатын құстармен байланысты атаса керек. Жалпы қардың жаууына қатысты көне қазақ сөздері мен ұғымдары көп болса да, наурыздың ақша қары тым ерек. Сондықтан болса керек, ол ауыз әдебиетінде де жырланады. Мысалы, қазақ халқының баға жетпес мұрасы, рухани ескерткіші, «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанында «Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай, Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай» деп келетін теңеу бар қазаққа аян. Жібектің әдемілігін қыста жауған қарға емес, наурызда жауған ақша қарға теңеген. Мұның сыры аталған құбылыстың тым айрықша, тым сиректігінен болса керек. 

Ал жаңа жыл – Ұлыстың Ұлы күні тойланып сол шақта түсетін нәп-нәзік, жеп-жеңіл қарды «Наурызша» дейді. Ол – жылылықтың белгісі. Аспан ашық болса да, зергердің шебер қолынан шыққан асыл тастай жылтыраған кристал өрнектердің жер бетіне шашыла түсіп, жұқа ғана жылтырақтың еріп кеткенін көрудің өзі бір ғанибет. Осы қарды наурызша деп атайды. Оны халық жақсылыққа балаған.

Ақын Светқали Нұржанның "Амалдың ақша қары" деген өлеңінде де осы наурызда түсетін қар туралы айтылады:

"Қош келдің, көктем! Қош, қалқам!

Кәрі қыр, баққа жарығыр!

Далама жайған дастархан.

"Амалдың ақша қары" бұл", деп ақын құбылыстың береке, байлыққа, жақсылыққа бастайтынын айтқан.

Жалпы, осы шақта жадырап қуану, Тәңірдің әр құбылысын сый ретінде қабылдау, тойлатып, қазан асудың барлығы олардың жыл бойы қамсыз, бақытты ғұмыр кешеміз деген сенімінен болған.