Байталау науқаны қалай жүргізілді?
28.02.2023 1331

Өткен ХХ ғасыр басында коммунистік колонизаторлар (Смағұл Садуақасов) қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығы мен өмір сүруге бейімделген тіршілік көзін қиратса, олар еріксіз пұшайман күйге түсерін жақсы білді. Сөйтіп, олар патшалық Ресей іске асыра алмай кеткен қазақ даласын реформалау жұмысын жалғастырды. Соның бірі – байталау (кәнпеске) науқаны.


Осындағы кәмпеске және халықты күшпен ұжымдастыру жайлы еңбектерде: «Қазақтарды ұлт ретінде өмірге келгеннен бергі ең сойқан соққы болған 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басындағы қасіреттің түп төркіні сол ірі байлардың шаруашылығын құртуда жатқан-ды. Ірі байларды тәркілеу туралы 1928 жылы тамызда жарияланған атышулы декреттің нәтижесінде қазақтың атақты 700 байының мал-мүлкі тартып алынды. Жоғарыда айтылғандай қазақ руларының өзіндік бір сақтық қоры саналып келген осы қазына талай замандар бойы қалыптасып, өзін-өзі реттеп келген экологиялық-экономикалық жүйеден зорлықпен ажыратылды. Аса маңызды экономикалық өзектер қаңырап бос қалды да, әлеументтік және шаруашылық байланыстар пышақ кескендей үзілді. Соның салдарынан этностың өмір-тынысын қамтамасыз етудің өте нәзік тәсілі талқан болды. Болашақтағы ұлттық апаттың алғашқы улы ұрығы осылай тамырланды», деген қорытынды жасалыпты.

Сонымен қатар, қазақ даласында жүргізілген байталау һәм тәркілеу науқанын зерттеген Колумбия университетінің профессоры Л.Парк: «Кеңес үкіметі орнай сала, мұсылман халықтарын саяси дискриминацияға ұшыратты. Олардың жері мен малын тәркілеп, жаңадан қоныстануға келген орыстарға бөліп берді. «Қазақтарды түгелдей отырықшы ету» деген желеумен құлдық тәртіп орнатылды. Шын мәнінде қазақтарды орыс шаруаларына бағынышты етті», десе, қазақстандық кеңес тарихшысы Григорий Фёдорович Дахшлейгер: «Жаппай ұжымдастыру және байларды әлеуметтік топ ретінде құрту – қазақтарды жалпы ұлттық апатқа ұшыратты. Осыншама жойқын тетіктерді іске қосқан тоталитаризм көсемдерінің тапқырлығына ден қоймасқа амалың жоқ. Ауыл байларының экономикалық қуатын шайқалту жайын Ленин 1919 жылдың көктемінде-ақ ойластырған. Бұған дәлел оның: «Тәрізі сендерге малды қайта бөлу жөнінде ертелі-кеш мәселе қойып отыруға тура келер» деген сөзі дейді (Дахшлейгер Г.Ф. Социально – экономические преобразования в ауле и деревне. Алматы. 1965, 179-б).

Жоғарыдағы кеңес көсемінің ойын іске асыру үшін әуелі, табиғи жолмен дамып отырған қазақтың көшпелі шаруашылығын қиратып, олардың тіршілік көзі болған мал шаруашылығын күйрету қажеттігі айқындалды. Сөйтіп, бұл істі жүзеге асыру мақсатында 1925 жылғы қыркүйек айында Қазақ Өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф.И. Голощекин келді. Ол келе сала: «Қазақ Республикасында революцияға дейінгі ескі салттарды жою үшін ұйымдастырылған арнайы іс-шаралар ойдағы нәтижені бермей жатыр-мыс»,  деген қорытынды шығарып, сонымен қатар, байлар һәм хан-сұлтандар тұқымы Кеңес идеологиясын насихаттауға қарсы жұмыс жасап жүр. Ауылдар мен елді мекендерде үкіметке қарсы сөз сөйлеп, рушылдық пен ұлтшылдықты тудырып, республиканың мәдени және экономикалық дамуын тежеп тұр», деген тұжырым жасайды.

Сондықтан, таптық күресте кедей-кепшік, жоқ-жұтаңдарды тәуелділіктен босату үшін Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті және Халықтық Комиссарлар Кеңесі бұйрық шығарды. Бұйрықта:

Қазақ АКСР-де (Адай округі және бұрынғы Жетісу, Сырдария губерниялары мен Қарақалпақ автономиялық облысының мақталы аудандарынан басқа) ауылды «советтендіруге» қарсы, әлі де феодалдық көзқарас ұстайтын барлық жергілікті байларды қудалау керек, делінген («1931-1933 ж. Қазақстандағы аштық пен ұжымдастыру» жинағы. 28-бет).

Осы құжат негізінде, Қазақстан Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) және Халық Комиссарлар Кеңесі жанынан 1927 жылы желтоқсанда ірі байлардың шаруашылығын тәркілеу жөнінде заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына – О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоғжанов, О. Жандосов және т.б. кірді.

Содан кешікпей 1928 жылдың  27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде байлардың мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі  заң жобасы қабылданып, барлық аудандарына  тәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді.

Тәркіленуге тиіс байлардың нақты иеленген мүліктік байлығы мөлшерленді. Атап айтқанда, көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда  400-ден астам малы бар,  жартылай көшпелі аудандарда 300-ден астам малы  бар, отырықшы аудандарда 150-ден астам малы барлар тізімге іліксе, бұлардан басқа, бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтары да тәркілеуге  жатқызылды. Жоғарыдағы заң бойынша жазаға ұшыраған адамдардың дүние-мүлкі тәркіленіп, өздері кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс делінді (Омарбеков Т. Қазақ шаруаларын жеке меншік қожалықтарынан айыру және ұжымдастыру: тарихы мен тағылымы». // Тарих ғыл. докторы. дисс. авторефераты. Алматы, 1994 ж. 35-б). Тәркіленуге тиіс адамдарды үш топқа жатқызды:

Бірінші топ: төңкеріске қарсы адамдар, бұларды бірден тұтқындап, ісі сотқа берілді. 

Екінші топ: ірі байлар. Бұларды дереу тәркілеп,  өздерін алыс аудандарға жер аударды. 

Үшінші топ: байлардың  отбасылары. Оларды ұжымдастыру аудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды. 

Жоғарыдағы бірінші топқа жаңа үкіметтің ісін жақтамайтын сауатты орта шаруа адамдарда ілікті. 

КСРО Заң Халық Комиссары 1932 жылы жазылған өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті ғана байлар, қалғаны қатардағы еңбекшілер екенін мойындаған (Қозыбаев М.Қ., Алдажұманов Қ.С., Әбілғожин Ж.Б. Қазақстандағы күштеп коллективтендіру: қорлық пен зорлық. Алматы, 1992. 36 б). 

Тәркілеу науқаны басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда өте қарқынды жүргізілді.  1928-1929 жылдары осындағы тәркілеу науқанына  еліміз бойынша 696 бай-бағлан ілікті.  Алдын-ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан  225972 бас мал тәркілейміз деп үміттенген еді. Үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді. Бұл жоғарыда белгіленген меженің 64 пайызы. 

Ал, байлардан тәркілену арқылы тартып алынған малдардың 118919 басы жеке  шаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылып, (Омарбеков Т. Атабаев Қ. «Кооперативтендіру сабақтары.// Лениншіл жас, 1988 ж. № 31, 3-4 тамыз, 7-б) 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мыңдай кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды. 

1928 жылы еліміздегі шаруа қожалықтарының тек 2 % ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 %, 1931 жылдың қазанында 65 % ұжымдастырылды, яғни, ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 % дейін шаруа қожалықтары қамтылды.

Осындағы күшпен ұжымдастыру жайлы Қазақ Өлкелік Партия Комитетінің жауапты хатшы қызметіне Ф.И. Голощекин Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы және Жер халық комиссариатының комиссары Яковлевке және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жіберген жедел хатында, Қазақстанда 1929-1930 жылдары ұжымдастырудың жоспарын қайта пысықтап жатқанын, тіпті бұл істі әлі де күшейте түсу қажеттігі жайлы ескертіп, 1930 жылдың күзіне қарай жаңадан 350 мың шаруашылық пайда болғаны жайлы баяндапты. (Социалистік Қазақстан, 1989 ж. № 4, 14 қаңтар, 9-б). 

Сөйтіп күшпен ұжымдастыру арқылы отарлаушылар қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйретті.  Осындағы жаппай ұжымдастыру науқанымен қатар, халықты отырықшыландыру бірге жүргізілді. Отырықшыландыру барысында, қазақтың ауылдық-рулық тұрмыстық жүйесінің ерекшеліктері ескерілмей, көшпелі немесе жартылай көшпелі  қоғамды отырықшылыққа күштеу саясаты қазақ этносының өмір сүру қабілетін оңдырмай бұзды. Соның зардабын әлі тартып отырмыз.