Күндерек. 16 ақпан - әлем және Қазақстан тарихында
16 ақпан күні ұлттық меркелер мен маңызды күндерге толы. Біз солардың кейбіреуіне тоқталып, оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік.
16 ақпанда дүниеге келген тарихи тұлғалар
Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдин – көрнекті ғалым, отандық философияның диалектика және диалектикалық логика теориясы бойынша мектебінің негізін салушы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Қоғам және мемлекет қайраткері асқаралы 90 жасқа толып отыр. Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдин 1933 жылы 16 ақпанда қазіргі Павлодар облысы Май ауданының Майтүбек аулында дүниеге келген.
Сәбит Құрашұлы Хамзин – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, техника ғылымының докторы, Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері Сәбит Хамзин 85 жасқа толды. 1938 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Плоский ауылында дүниеге келген ғалым өзінің саналы ғұмырын ұстаздықпен қатар, темір-бетон бұйымдарын өндіру технологияларын жақсартуға қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізуге арнады. «Құрмет белгісі» орденінің иегері.
Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыханова - ұстаз, көпбалалы батыр ана, Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. 1940 жылы 16 ақпанда Семей (қазіргі Абай) облысы, Аягөз ауданы, Таскескен аулында дүниеге келген.
Махмұт Өтегенұлы Телеғұсов– генерал-майор, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы. 1955 жылы РСФСР, Орынбор облысы, Дмитриевка аулында дүниеге келген.
Тілеуберді Мелдешұлы Бинашев – мүсінші, суретші. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақтың белгілі өнер қайраткерлері Күләш Байсейітова, Құрманғазы Сағырбайұлы, Ахмет Жұбанов ескерткіштерін, Алматы қаласы Райымбек даңғылы бойындағы этнографиялық мүсіндерінің авторы. 1956 жылы 16 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2022 жылы 29 тамызда Алматы қаласында дүниеден өтті.
Жұмағали Пәрінбекұлы Маханов – Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. 1962 жылы бұрынғы Шымкент облысының Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген.
Сәкен Сыбанбай – жазушы, танымал журналист, бірнеше әдеби байқаулардың жүлдегір. 1972 жылы 16 ақпанда Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген.
16 ақпан - әлемде
16 ақпан – КХДР-де Жарқыраған жұлдыз мерекесі. Яғни дәл осы күні, 1941 жылы 15 ақпанда Корей Халық Демократиялық Республикасының Ұлы көсемі атанған Ким Чен Ир дүниеге келген. Ол коммунистік Кореяның тұңғыш көсемі Ким Ир Сеннің ұлы. КХДР-дің Бас көсемі, Ким Чен Ирдің ұлы Ким Чен Ын бастаған Корея Жұмысшылар партиясы 16 ақпанды зор ауқымда атап өтеді.
16 ақпан – Литва мемлекеттілігі қалпына келтірілген күн. 1918 жылы (16 ақпан күні демократиялық Литва мемлекетінің тәуелсіздігі туралы Актіге қол қойылды. Кеңес Одағы жаулап алғаннан кейін, 1940 жылы 26 қыркүйекте аталған мерекені тойлауға тыйым салынды. 1990 жылы Литва Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Литва мемлекетін қайта қалпына келтіру туралы» акт қабылдап, 16 ақпан мерекесін мемлекеттік мереке ретінде бекітті.
16 ақпан – Украинаның бірлігі күні. Бұл ұлттық мереке 2022 жылдың 16 ақпаны күні алғаш тағайындалды. 2022 жылдың қысында Ресей өз әскері мен әскери техникаларын украин шекарасына таята бастағанда әлемдік БАҚ-тар Ресей Федерациясының Украинаға басып кіру мүмкіндігі туралы айта бастаған болатын. Британдық The Sun басылымы соғыстың басталуы мүмкін күні 16 ақпан екенін болжаған. Украин қоғамында туындаған үрей мен дүрбелеңді тоқтату үшін мемлекет басшысы Владимир Зеленский 16 ақпанды Украинаның бірлігі күні ретінде атап өтуге шақырып жарлыққа қол қойған болатын. 16 ақпан күні 10.00-де барлық алаңдар мен мемлекеттік мекемелерде ел азаматтары мен білім алушылар әнұран айтады.