Тарихи сананы қалыптастыратын жоба
08.02.2023 2418

Қоғамда қордаланған мәселелер көп-ақ. Бірақ кез келген мәселемен күресте міндетті түрде ақыл-ой, тарихи, ғылыми таным және бойдағы бар білімді дұрыс жолға жаратпақ көркем мінез, ерік-жігер қажет секілді. Әрине, әлеуметтік желінің қарқыны күшейген тұста мұндай пікірдің өзекті болуы мүмкін еместей көрінер. Дегенмен сол «әлем желі» деп аталатын қуатты күштің пайдасын көріп, кәдеге жаратып, қоғамды білімге, саналы болуға жетелеп жүрген адамдар да жетерлік. Соның бірі – Диас және Айгерім Камеридановтар әулетінің(ерлі-зайыпты) «Unknownkazak» жобасы. Инстаграммдағы оқырман саны 150-160 мыңды құрап отырған бұл жоба қазақ тарихына, мәдениетіне, танымына қатысты тың деректерді айтып, қазақ және орыс тілінде ұлттық салт-дәстүрімізді, мәдени ерекшеліктерімізді дәріптеп келеді. Сол себепті жақында жоба жетекшілерінің бірі Диаспен сөйлесіп, қысқа ғана сауал жолдағанбыз. Ол бізге жалпы қоғамдағы тарихқа қатысты көзқарастар мен интеллектуал жобалар арқылы да табыс табуға болатынын айтты. Ендеше сол шағын сұхбатымызды қадірлі оқырман назарына ерекше ықыласпен ұсынамыз!


- Ең әуелі осы «Unknownkazak» жобасы жайлы айтсаңыз. Қалай пайда болды, идея қайдан келді?

- Жалпы әлеуметтік желідегі өз блогымызды бастаған кезде «қандай да бір медиа болу», «атақты болу» деген мақсат болмады. Ол – біз үшін қарапайым хобби еді. Тарихқа, мәдениетке, мифологияға бұрыннан қызығатындықтан, оқыған, түйген, жинаған ақпаратымызды басқа адамдармен бөліскіміз келді. Бастапқыда оқырмандарымыз өте аз болды, ол тек айналамыздағы достарымыз бен таныстарымыз ғана еді. Ал қазір ұсынып отырған контентіміз кең ауқымда таралып, оқырман саны күнде көбейіп келеді. 

 

 

- Негізгі аудиторияңыз, яғни оқырмандарыңыз кімдер?

Егер оқырмандарымызды әр аймаққа бөліп қарасақ, аудиториямыздың 50 пайызы Алматыдан, 35-40 пайызы Астанадан және 10-15 пайызы өзге өңірлер деп ойлаймын. Ал жас ерекшеліктеріне байланысты айтар болсам, бізді көбіне 23 пен 36 жас аралығындағы жастар оқиды.

 

 

- Әлеуметтік желідегі контенттеріңізге қарасам, тың деректер мен тың тарихи фактілерді айтасыздар. Контентті әзірлеу барысында қандай дереккөздерге сүйеніп, мәліметтерді қай жерден аласыздар?

- Шын мәнінде, ашық дереккөздерде ақпараттар көп-ақ. Мысалы, сіздердің сайтты да қарап, ондағы тарихи мәліметтерді контентіме пайдаланамын, себебі маған порталдарыңыз қатты ұнайды. Бірақ мәселе басқада. Біздің аудиториямыздың көп болып, қаралым санының артуы – тек ақпаратты бөлісіп қоюда емес. Мәселе – ақпаратты жеткізе алу қабілетінде. Мен көбіне академиялық тілде жазылған тарихи, рухани, мәдени тексттерді қарапайым халыққа түсінікті тілде, әсіресе күрделі қылмай, жеңіл қылып жеткіземін. Меніңше, барлық құпия осында.

 

 

- Біздің қоғамда «адамдар танымдық, тарихи дүниелерге қызықпайды» деген таптаурын түсінік бар. Ал сіздің жобаңыздың оқырманы 150 мыңнан асып жығылады. Сонда егер қызықты етіп берсе, кез келген күрделі һәм ғылыми деректерді де халыққа насихаттауға бола ма?

- Мұны осы жаңа да айтып кеттім. Иә, бұл тек тарихқа емес, барлық тақырыпқа қатысты проблема ғой. Тағы да қайталағым келіп тұр, видео-контентті пайдаланған кезде тілді академиялық стильден қарапайым тілге ауыстырған жөн.

- Бұдан өзге тағы да қандай жобаларды қолға алдыңыздар?

-  Біз тарихқа, мәденитке қатысты мәліметтерді бөлісуден бөлек, Travel контентті де дамытып жатырмыз. Былтыр жалпы Қазақстан бойынша Торғайдан бастап, Қарқаралы, Қазақстанның Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс өңірлеріне дейін саяхат жасадық. Ендігі аралайтын жеріміз батыс өңірі болмақ. Одан бөлек Өзбекстан, Түркия, Грузия, Үндістан, Еуропа елдерін аралап, жасаған саяхатымызды түсіріп, адамдардың таным көкжиегін кеңейтуге сәл де болсын үлес қосып жатырмыз. Жуырда «Unknownkazak» жобасы аясында интеллектуалды клуб аштық. Бұл қазір әр ай сайын өтіп тұратын игі дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің өзінде 300-400 адамдай жиналып, орын саны жетпей қалды. Еркін ойлы, әр саладағы білімді, мықты спикерлерді таңдап, клубымызға шақырғанбыз. Кездесудің 4-5 сағатқа созылып, келген адамдардың қайта кеткісі келмейтіндей де кездер болды. Мұның бәрі, әрине, қазақ тілінде өтті. Себебі Астанада интеллектуалды қазақтілді ортаның кездесуі аз болатындықтан, мүдделес адамдардың жиі жолығып, танысып, пікір алмасқанын қатты қаладым. Оған қоса кітап клубын ұйымдастырып, осыған дейін 4-5 рет жиын өткіздік. Егер мұндай бастаманы өзге де өңірлерде қолға алып, ұйымдастыратын жандар болса, біз әрқашан қолдауға дайынбыз.

 

 

- «Unknownkazak» арқылы қанша табыс таптыңыздар? Жарнама не басқа да ұсыныстар болды ма?

- Әрине, жарнама туралы ұсыныстар жобамызды бастаған бірінші жылдары болмады. Бірақ қазір ұсыныс саны артып келеді. Шынымды айтсам, жарнама мәселесімен түсетін 10 ұсыныс болса, соның 8-9-ын міндетті түрде қабылдамауға тырысамын. Оның негізгі себебі де сол, мен тек ірі, көлемді ұсыныстармен жұмыс жасағым келеді. Қоғамда репутациясы қалыптасқан, біз де олардың тауарларын тұтынатын, адал компаниялар болса ғана, ұсынысын қабылдағанды жөн көремін. Себебі бүгін олардың ұсынысын қабылдап, ертең сол қылығым үшін ұялып жүргім келмейді. Әрі-беріден соң жарнама жасау, жарнама арқылы ғана пайда табу – біздің ең негізгі міндетіміз емес. Ал күнделікті түсіп тұратын суши, пицца секілді тамақтану орындарының ұсыныстарын бірден қабылдамаймын. Мейлі аз түссін, бірақ сапалы, құнды ұсыныстар ғана бізге қолайлы. Сондықтан кез келген ақыл-ойды дамытатын жобаны бастайтын адамдар болса, қорықпай іске кірісуге кеңес берер едім. 

 

- Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп Рақмет!

Сіздің ұжымға да көп рақмет айтамын!