Мәдени тегімізді танытатын төл мұралар, жауһарлы жәдігерлер сақталған музейдің жаңарған экспозициясы Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа таныта береді
Бүгін қайта жаңғыртудан өткізілген облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа экспозициясының ашылу рәсімі өтті. Шараға аймақ басшысы, жергілікті қылқалам және қолөнер шеберлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сыр өңіріндегі қуанышқа суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Ағымсалы Дүзелханов арнайы келіп, жиналған қауымды құттықтап, өзінің картинасын сыйға тартты.
– Интернеттің заманында музейді тек қана көненің қоймасы деп қарауға болмайды. Мұражай – өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырады. Халқымыздың үкілі үміті мен асыл арманын іске асыратын ұрпақ тарихын білуі тиіс. Жаңарған мұражай құтты болсын. Ұжымның жұмысына табыс тілеймін, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Ғасырлар сынынан өтіп, уақыт пен болмыс қалыптастырған ұлттық дәстүріміз, бабалар маңдай тері, аталар қол еңбегі, аналарымыздың көз майы сіңген дүниелер, көненің көзі, көңіл толқытатын жәдігерлер киелі өлкеміздің мәдениет пен руханият ордасы 80 жылға жуық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейі арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр.
«Дара» фирмасының жүргізген реэкспозициялық жұмыстарының нәтижесінде музей залдары заманауи үлгіде жасақталып, жаңартылды.
Музейдің I және II қабаттарына жаңа технологиялық электронды мониторлар мен теледидарлар орнатылды. Кіре беріс фойеде музей залдарының виртуальды экспозициясымен танысуға болады.
Міне, осындай төл тарихымыз бен ұлттық идеологиямызды насихаттайтын рухани-мәдени орталықтың қорында қазіргі таңда 55416 экспонат сақтаулы.
Өлкенің тарихын, табиғатын, мәдениеті мен салт-дәстүрін, ауылшаруашылығын және Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жылдарындағы маңызды оқиғаларын баяндайтын 11 залда 4502 экспонат орын алған.
Мәдени тегімізді танытатын төл мұралар, шашауы шықпай жеткен жауҺарлы жәдігерлер сақталған музейдің жаңарған экспозициясы Алаштың асқақ рухын баяндап, Сыр елінің тарих тағылымын кейінгі жас ұрпаққа таныта беретіні сөзсіз.