Құрылтай - қазақтың төл ұғымы
16.06.2022 5599

Құрылтай – түркі-монғол жұртына тән ресми кеңес, жиналыс атауы. «Құрылтай» сөзінің түпкі мағынасы құралу, жиналу, түгелдену дегенге саяды. Қазақта күні-бүгінге дейін: «Ағайын-туыстың басы түгел құралып қалған екен», - деп айтылып жатады. 


Құрылтайдың тарихы арғы дәуірлерге кеткенімен, нақты көрініс тапқаны – Ұлы Монғол ұлысы немесе Шыңғыс хан империясы құрылғаннан бергі кезең болып саналады. Құрылтай – дәрежесіне қарай кіші және ұлы құрылтай болып бөлінген. Кіші құрылтай мен Ұлы Құрылтайдың шақырылуы мен оған қаысу үшін шақырылатын тұлғалардың лауазым, дәрежелері өзгеше болғандығын көреміз. Атап айтқанда Ұлы Құрылтай – ханның алтын ұрпақтары, нояндар мен биік лауазым иелері қатысқан ұлы жиын. Құрылтайға хандықтың билік өкілдері қатысумен қатар, хан сайлау құрылтайына хан мен оның ханымдары, ұлдары, туыс-туғандары қатысатын болған. Әскери істер, қызметке тағайындау, келісім-шарттар жасау, ішкі-сыртқы шаруалар т.б. құрылтайда күн тәртібіне қойылып, шешіліп отырған. Сонымен қатар ханды таққа ұсыну, ханға кеңес беру, мемлекттік биік лауазымдық билікті бейсауат әлдекімнің заңсыз иеленіп кетуінен сақтандыру, жаңадан сайланатын хан билігінің заңдық негіздемесін бекіту қатарлы мәселелер – құрылтайдың маңызын арттырып отырған.

«Монғолдың құпия шежіресі» кітабының 269 тармағында мынадай мәлімет бар: «Тышқан жылы (1228) Шағатай, Бату бастаған батыс қанатты иеленген ұлдар, Отчигин ноян, Жэү, Эсүнхэй бастаған сол қанатты иеленген ұлдар, Толуй бастаған орталықты иеленген ұлдар, қыздар, түмен нояндары, мыңдық нояндары барлығы Керліннің Көде аралында жиналып, Шыңғыс ханның өсиеттеген жарлығы бойынша Өгедейді хан көтеріп сайлады». 


Аталған кітаптың соңғы, 282 тармағында да Ұлы Құрылтай туралы айтылады: «Ұлы Құрылтай болып, Тышқан жылы (1240) жылы құран (жетінші) айда Керліннің Көде аралында, Долон болдог, Шилкінсек екеуінің ортасына хан ордасы қонып жатқанда жазып аяқтадым». 

Ал Кіші Құрылтайға ел билеушілері мен қатар лауазымды тұлғалар, мемлекет ауқымындағы ықпалды адамдар, танымал тұлғалар қатысатын болған. 

Қазақ тарихында да Қарақұмдағы халық құрылтайы, Ордабасыдағы құрылтай т.б. ел тарихындағы елеулі мәселелерді қозғайтын келелі кеңеске негізделген жиындар өткені белілі. «Құрылтай» сөзі Орта Азия мемлекеттерінде күні кешеге дейін (1920 ж.) мемлекеттің жоғарғы билігі мағынасында қолданылып келді. Қазіргі күні бұл ұғым Монғолия мемлекетінде сақталған. Их Хурал немесе Ұлы Құрал – елдегі заң шығарушы орган – парламент – осылай аталады. Төрт жылда бір рет жүрілетін Ұлы Құрал сайлауында Баян-Өлгий қазақ аймағына берілген үш мандат бойынша қазақ азаматтары сайланып келе жатыр. 

Құрылтай – түркі халықтары, оның ішінде қазаққа да тиесілі төл сөзі болғандықтан, алдағы кезеңдерде ұлттық пленум, форум тіпті парламенттің тұрақты отырысын да осылай атауға негіз бар. Мұны – арғы дәуірлерден жалғасқан мемлекет басқару дәстүрін жаңғыртудағы бір қадам деп қарастыруға әбден болады. Өткені мен бүгінгісін және ертеңін бөле-жара қарамайтын өзге жұрттар осылай жасап отыр. 


Ұлытауда өтіп жатқан ұлттық құрылтай – жаңаша жаңғырудың, жаңарудың басы болса игі еді дейміз. 

Айта кетер болсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы басталды. Мемлекет басшысының жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өтіп жатыр.

«Баршаңызға Ұлттық құрылтайдың ашылуы құтты болсын дегім келеді. Біз бүгін жалпыұлттық референдумнан кейін алғаш рет бас қосып отырмыз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты», - деді Ұлттық құрылтайдың І отырысын ашқан Президент.