Алаштың аналары: Зарина (Біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырдың аяғы – V ғасырдың басында өмір сүрген)
04.03.2016 2238
Көшпелі, жауынгер халықтың тіршілік дәстүріне байланысты он үшке толған қыздар «Арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын

«Бұл оқиға Мидия патшасы Астибардың тұсында өткен еді. Сақтар мен мидиялықтардың арасында ұзаққа созылған қанкешті соғыс жүріп жатқан. Ол кездегі сақтардың патшасы Зарина атты өжет те сұлу келіншек еді». 

К. Мойсеев. «Заринаның семсері». 36-бет 

І 

Әлқисса, осынау ұрпақтан ұрпаққа жиырма бес ғасыр бойы, яғни екі мың бес жылдан бері аңыз дастан боп келе жатқан сақ тайпасының аруы Зарина (Сара) туралы оқиға да тосыннан басталды. Еркіндігіне ерлігі, серілігіне сұлулығы сай керім келіншек ашық аспан, дарқан даланың аясында серуен құрып, сергіп қайту үшін саятқа шықты. Өзінің «Арулар жасағына» тез арада жиналып, қару-жарағын сайлап, садақтарының ұшын ұштап, найзаларын жонуға әмір берді. Оның бұл әрекетіне күйеуі, сақ тайпасының әскери қолбасшысы Мөрмөр де (Мермер) онша таңдана қоймады. Қайта өзінің қасына орналасқан Роксанаки қаласындағы (қазіргі орнын дәл анықтаудың мүмкіндігі болмады. Шамамен Сыр бойындағы Сығанақты маңы) әскерін соғыс өнеріне жаттықтырып, қаннен-қаперсіз, Заринаға мол олжа тілеп қала берді. Сөйтіп, «Арулар жасағы» саятқа аттанды. 

Көшпелі, жауынгер халықтың тіршілік дәстүріне байланысты он үшке толған қыздар «Арулар жасағының» қатарына алынып, садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтанатын. Олар жеке шеп құрып, жайға қарсы соғысуға қатысатын. Қашан ұрыс майданында ерлік көрсеткенше тұрмысқа шықпайтын. Бұл ер адамның бұйрығымен жүзеге аспаған. Ержүрек қыздардың жасағына қосылар кезде арулардың өздері осылай ант беретін болған. Мұның себебі, көшпелі ел жаугершілікке жиі ұшыраған. Ал жеңген жақ әйелдерді күңге, қызметшіге айналдырып, өз елдеріне алып кететін. Міне, содан сақтану үшін әйелдердің жасағы құрылды. «Амазонкалар» – «Ер апа» деген атпен әлемге әйгілі болған сақ қыздары жай бейбіт күннің өзінде сауыты мен дулығасын киіп, иен далада кәдімгідей әскери жаттығулар өткізетін. Аң аулап, соғысып жатқан әскерлерге азық-түлік дайындауға септесетін.

Сондықтан Роксанаки қаласының әміршісі Зарина ханымның мына саят серуеніне қуанбаса ренжіген жоқ. 

Әрине, арнайы жасақпен жабдықталып шыққан соң, алыс сапар шегеді. Екі-үші күншілік жердегі аң-құсты сақтардың садағы сиретіп тастаған. «Арулар жасағы» жол-жөнекей сайысып, күш сынасып, ат жарыстырып жүріп,Үстірттегі аранға келеді. Олар ұлан-ғайыр жерді қоршап, құлан мен киіктерді жаңағы аранға қарай иіре қуады. Сол кезде құлан үйірінің көсемі Заринаның тұсынан жырыла қашып, айдаланы бетке алып, оқтай зулайды. Бұған шамданып қалған Зарина оның соңыцнан қуа жөнеледі. Аңның қызығына түскен қыздар оған мән бермейді. Қырдан асқан құланның соңынан ілескен Зарина да кері қайтпайды, керісінше ерегесе түседі. 

Кенет қайқаңға шыға келген құлан жалт бұрылады да, белесті өрлей қашады. Зарина да зулатып келіп дөңге шыққанда қарсы алдында сапқа тізіліп, қарағайдай қайысып тұрған әскерді көреді. Жасанған жайға не істей алсын! Олар мұны көріп, сақтың дулығалы батырын тұтқынға түсіру үшін әдейі тасада тосып тұрған еді. Зарина қоршауға алмақ жаудың шолғыншыларынмен айқаса жүріп, арасынан сытылып шығады. Зуылдаған жебе санына қадалады. Оны да елемей, аттың басын еркін қоя береді. 

Жалғызға жабылу дәстүрде жоқ. Әскерін сейілдетіп жүрген олардың көсемі Заринаның соңынан тұра қуады. Қанша жүйрік болса да Заринаның сәйгүлігі тыңнан қосылған аттан ұзап кете алмайды. Қолбасы да осал тұлпарды мінбейтіні белгілі. Ол сауыттан оқтың өтпейтінін біліп, Заринаның атын қарауылға алады. Құлаған батырды орнынан тұрғызбай, басын шаппақ болып, қынабынан қылышын суырғып алған ...Қуғыншының тұла бойы шымырлап сала берді. Өйткені жаралы аяғымен жамбастай көтерілгенде Заринаның дулығасы ұшып кетеді де, төбесіне түйген қолаң шашы сусып барып арқасына төгіледі. Әйел екенін көрісімен жасақбасы қылышын жерге шаншиды. Атынан түсіп, әдеп бойынша кешірім сұрап, жарасын таңып береді. 

Бұл жігіт Мидия елінің ханзадасы, аң аулау үшін әрі әскерін серуендету үшін Үстірттегі аранға келе жатқан Стриангей батыр еді. Заринаның мойылдай қара көзінен, хас сұлулығынан есі шыққан Стриангей сақ аруына ғашық болып қалады. Оның өзі де сондай ер тұлғалы, өжет мінезді әрі қайырымды ханзада еді. Зарина да оны ұнатып қалады. Екеуі ұзақ сұқбаттасып, серуен кезінде кездесіп тұруға уағдаласады. 

ІІ 

Зарина сақ патшасының қызы болатын. Сондықтан да мемлекетаралық өарым-қатынсты реттеп, билік айтуға толық қақысы бар еді. Ал күйеуі Мөрмөр тек әскербасы ғана-тын. Оның әмірі қол астындағы әскерге ғана жүретін және жорықтан түсетін олжа мен тұтқынның тағдырын шешетін кеңесте төрелік айта алатын. Елдің тыныштығы оған ұнамады. Жеңістен жеңіске жеткісі келмейтін әскербасы бола ма? Сөйтіп іштен тынып жүргенде Заринамен тілдесу үшін сақ даласының шетіне келген Стриангейді қапылыста қолға түсіріп алады. Соғысуға жасағы дайын тұрса да, Стриангей Заринаға берген уәдесінде тұрып, екі елді қырғынға ұшыратпау үшін өз әскеріне кері қайтуға бұйрық берген. Мөрмөр жеңіс дабылын қағып, Роксанаки қаласына ат басын бұрады. 

Тұтқынға түскен Стриангейді көріп, Зарина қатты уайымға бөленеді. Әскербасынан да оның соғыспай, жасағына кері қайтуға әмір бергенен істегінде, Зарина сертіне берік жігіттің ерлігіне разы болып, бір тәуекелге бел байлайды. Қолбасшыға барып, сауға сұрайды: 

– Мөрмөр! Бұл Мидиананың адал, ержүрек ханзадасының өмірін мен үшін өзіне қалдыр. Қыршынынан қима. Өлтірме. Оны сенімен соғысуға мүмкіндігі бола тұра, екі елдің тыныштығын бұзбас үшін, қан төгіспес үшін өзінің басын бәйгеге тікті. Екі елдің татулығының белгісі болсын, жібер. Сен онымен соғысып, майданда жеңген жоқсың. Қайт райдан! Еліміздің басына қасірет шақырма! – дейді Зарина. Мөрмөр одан бетер қасарысып: 

– Жоқ! Тыныштықтан не пайда? Одан да олжалы соғыс артық. Өлтірілсін. Өлсін. Бұл – менің олжам. Оған қайндай кесім айтсам да, қақым бар. Өлтіремін! – дейді. 

Дәстүр бойынша оның сөзі дұрыс еді. 

– Ендеше, сөзіңді тыңда, Мөрмөр! Ханның бұйрығы екі айтылмайды. Сен қан сасыған олжаны ойлайсың. Мен мына елдің іргесі бүтіндігін, береке-татулығын ойлап,қанқұса боламын. Қаншама ел қырылды. Ана мен сәбидің көз жасы көлге айналды. Оның үстіне ханзада сертінде тұрды. Сен елді арандатпа, тоқта! Әйелдердің емес, ханың ретінде бұйырамын, сен жазаға тартыласың! – деді. 

Мөрмөр де бекзада тұқымынан еді. Бұл сөзге шыдамай, қанжарын суырып алып, Стриангейге ұмтылғанда Зарина өзін қорғайтын жасақтарына: 

 – Тоқтатыңдар Мөрмөрді! Ұстаңдар! – дейді әмірлі үнмен. Жасақтар Мөрмөр мен Стриангейдің арасына тұра қалысқан. Ызаға булыққан Мөрмөр олардың бірнешеуін жаралап та үлгерді. Қолдарына қаруын алған күзетшілермен арпалысып жүріп Мөрмөр қансырап барып қана жығылды. Сөйтіп ол жерде ожар қылық, долы мінездің кесірінен қаза да тапты. 

Зарина жиылған әскербасыларына қарап: 

– Бүкіл елді қансыратып, мағынасыз соғыста құрбан болғаннан гөрі өзін ұстай алмайтын долы әскербасының қазасы әлдеқайда жеңіл. Ол менің күйеуім, бірақ елімнің амандығы мен үшін одан қымбат. Мидиананың ханзадасын босатыңдар! – дейді. 

Стриангейді тұтқыннан босатып, қашан әл-қуатын жиғанша күтті ханша. Ханзада еліне аттанарда Заринаға: Зарина, мен сен үшін өз басымды оққа байладым. Сен мен үшін күйеуіңді жазаға тарттың. Екеуіміз де елімізді шын сүйіп, сол үшін құрбандыққа бардық. Адал махаббатымыздың белгісі болсын, екі патшалықты біріктіріп, бір ел болайық. Қосылайық! – деп тілек білдіреді. 

 Бұл тілекті қабыл алуға Заринаның өз басы әзір еді. Тек елінің тағдырын ойлап: 

 – Келер жылы саятта кездескенде жауабын берермін, – деп шығарып салады. 

ІІІ 

Бір жыл бойы ойланып, мың толғанған Зарина келесі жылы күзде бар әскерін өре түрегелтіп, атқа қонды. Мидианның шекарасына жақындағанда жер қайысқан салтанатты жасағын бастаған Стриангей көрінді. Екі әскер де тым жақын, бетпе-бет кеп тоқтады. Тыныштық орнады. Зарина өзінің патшалық тәжін кигенінен-ақ Стриангейдің жүрегі мұздап сала берді. Зарина: 

– Армысың, сүйіктім Стриангей! Мен дүниеде сене басқа адамға жүрегімнен орын бергемін жоқ. Мен сені шынымен жақсы көрем. Бірақ сен екеуміз қосыла алмаймыз. Себебі, мен саған тұрмысқа шықсам, сен – хан, мен – ханым болам. Менімен қоса елім де саған бағынышты болады. Сондықтан жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Таққа ие болар аға-ініні бермеген тағдырға налиық. Махаббаттан да күшті нәрсе, ол – елімнің тәуелсіздігі. Қош, сүйіктім! – дегенде екеуінің де көзінен ыстық жас ыршып кетеді. 

Бұл сөзді естіп тұрған екі жақтың да әскері ауыр күрсініскен. 

– Біздің махаббатымыз – еліміздің татулығының белгісі болсын! Қош, Зарина! – деді Стриангей. Екі жақтың әскері өз елдеріне қарай кері бұрылды. Зарина мен Стриангей бір-бірін қимай, ұзақ тұрып қалды. Сол тұста Сақ пен Медиананың арасында қақтығыс болыпты. Бұл Заринаның жеке басын бақытсыз ету арқылы еліне әперген бақыты еді!

Сүйгені үшін қосағын құрбандыққа қиған, бірақ халқы үшін сүйіктісінен де бас тартқан сақ қызы Зарина біз үшін арулардың тәңірісі де, тәкаппары да, үлгісі де болды, бола да бермек! 

Т. Жұртбай, жазушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор

Дулыға. І том. – Астана: Фолиант, 2011. – 229-233-бб.