Ресей-Украина қарым-қатынасының тарихы
10.03.2022 2845

Тарихи жағынан тағдырлас, бірі ең тату көрші ретіндегі екі елдің арасына түскен от Қазақстанға да ықпал ететіні анық. Совет одағынан отау көтерген 15 елдің бірі ретінде Украина ежелден Ресеймен қандас бауыр, саяси әріптес ел болатын. Украин халқының XX ғасырдағы тарихы қазақ халқының да тарихына етене жақын. Осындай күрделі кезең тұсында оқырмандарымызды Ресей-Украин қарым-қатынасының тарихымен қысқаша таныстырып шыққанды жөн көріп отырмыз.


Бүгінгі таңда барша әлем көз тігіп отырғандай, Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс осынша ушыққан деңгейге жеткен емес. Ағайынды елдің ара-қатынасының ақыры соғысқа айналғанын көріп отырмыз. Украинаның ел ішіндегі Ресейге қатысты жеккөрініші де тарихта бүгінгі деңгейге дейін барған емес. Осыдан он жыл бұрын бүгінгі оқиға туралы елестету де мүмкін емес болатын, екі ел бірімен бірі бауыр, дос қатынасын сақтап келген еді. Ендеше екі ел арасы осынша неге шиеленісті?

IX ғасырда Новогород маңында алғаш славян халықтары қалыптаса бастаған болатын. Шағын халық әуелде католик шіркеуінің ықпалына түсіп, кейін православ шіркеуі болып бөлініп шығып, бөлек мәдени, идеялогиялық кеңістікке қол жеткізді. Алғаш қалыптасқан ұлы княздік Киев русі деп аталды. Бұл кезеңде орыс, белорусь, украин халықтары әлі бөлінбеген. Осыдан Ресей империясы қалыптасқанға дейін бұл халықтар XIII ғасырдан бастап Алтын Ордаға бағынышты болып, салық төлеп тұрды. Алтын Орда билеушілері бағынышты елдердің діні мен ішкі ісіне араласқан жоқ, олардың тініш өмір сүруіне мейілінше еркіндік берілді. Тек салық төлеуден бас тартып, немесе көтеріліс жасаған жағдайда аяусыз жаныштаулар болып отырды. Кейін Алтын Орда ыдырай бастағанда Мәскеулік русь күшейе түсті. Бұл Ресей империясының пайда болуына алып келді. Украин жерінде мүдделік қақтығыстар осы ұзақ тарихта ешқашан толастамаған болатын. Оңтүстікте Османлы, шығысы орыс, батыста Шведция, Полша және Латвия халықтары ықпалға таласып көптеген соғыстар болды. Қырым мен Қара теңіздің Ресей және Украин жақ жағалауларында қырым татарлары хандық құрды. Бұлар басында Османлыға қарап, кейін Ресей құрамына өтті. Украин жерінің шығысында казактар қалыптасты. Бұлар да Ресей империясы үшін қызмет ете бастады.

Украина териториясы жүздеген жылдар бойы Ресей империясының, одан соң Совет одағының құрамында болды. Дүниежүзілік бірінші соғыс тұсында Украина аз уақыт өзінің тәуелсіздігін де жариялады, кейін қызылдар басып алып, тұтас Ресейде советтер жеңіске жеткен соң Украина да Қазақстан секілді Совет құрамындағы автономиялы республикаға айналды. 1930 жылдарда Украинада аштық орын алды, миллиондаған халық қырылды. Осы жағынан украин халқы қазақ халқымен тағдырлас болды деп айта аламыз. Украин жеріндегі ашаршылықты тәуелсіздіктен кейін олар «геноцид» деп жариялаған болатын, бұған Ресей тарапы реніш танытқан. Ал Дүниежүзілік үшінші соғыстан ең қатты зардап шеккен тағы да украиндар болды. Украина жері жау қолында қалып қойды да, партизандық соғыс көбіне Украин жерінде өтті. Бұдан қара халық та үлкен азап көрді, тіпті соғыстан кейін де оларды сатқын деп кемсітушілер болды. 1960-70 жылдардан бастап Украина өндірістік және экономикалық жақтан жақсы көрсеткіштерге жетті. Совет елдерінің ішіндегі ірі экономиканың біріне айналды.

Совет одағы ыдырағаннан кейін Ресей мен Украина қатынасының жаңа тарихы басталды. 1991 жылы Украина тәуелсіздігінен соң, Ресеймен саяси да, экономикалық жақтан да әріптестік қарым-қатынасын сақтап қалды. Бұған дейін Совет одағы кезінде болған сауда-экономикалық қарым-қатынастар жаңа келісімшарттармен әрі қарай жүзе аса берді.

Ресей мен Украина арасындағы алғашқы түсінбестік Қаратеңіз флоты мен Қырым мәселесі айналасында өрбіді. 1992 жылы 5 мамырда Украина Қырымды өз құрамындағы автономиялық ел ретінде қарайтын заң қабылдады. Қырымдағы алғашқы сепаратистік оқиға 1994 жылы болды. Ресейді жақтайтын Юрий Мешков бастаған топ пен Қырымдағы «Россия» сайлаушылар блогы билікті алды және Ресейге қосылу ниетін танытты. Бірақ ол кезде Ресей қырымдық сепаратистерді қолдай қойған жоқ. Мұндай қауіпті сезінген Украин билігі 1995 жылы Қырымның автономиялық статусын шектеп, 1 қарашада Қырым билеушісін президент деп атаудан және басқа да тәуелсіз шешімдерден айырды. Бұл заң белгілі деңгейде Қырымдағы сепаратистерді тізгіндей алды.

Бұл кезеңде Ресей тарапы Қаратеңіз флотын бөлісу мәселесіндегі дауға назарын аударып отырған. Совет одағы ырдыраған соң Қаратеңіз флоты екі елге бөліну керек болды. Теңсіз бөлініске наразылық танытқан украиндар мен орыстар арасында төбелес те болған болатын. Ресей үшін басты мүдде өз әскери флоты мен армиясын Қырым жеріне орналастыру болды. Украина тарапы әуелде бұған жол бермеді. Бірақ Ресейдің қысым жасауымен 1997 жылы 31 мамырда Ресей федерациясы мен Украина арасындағы Достық, ынтымақтастық және әріптестік шартына қол қойылды. Ол шарт бойынша Ресей армиясы Қырымда база құра алады және Ресей әскери флоты Қырымда тұра алатын болды.

Украинаның 1994-2005 жылдар арасындағы президенті Леонид Кучма Ресеймен де жылы қарым-қатынас ұстап, батысты да ренжіткен жоқ. Кучманың тұсында екі ел арасындағы шағын арал Тузла қайшылығы орын алғанымен, ол дипломатиялық жолмен тез шешілді.

Ресейдің баяғыдан алаңдайтыны өз ықпалындағы елдердің демократиялық жолға түсіп батысқа жақындай түсуі болатын. Бұл көбінесе «түрлі түсті революция» деп аталып кеткен революциялар арқылы жүзеге асып жататын. Сол тұста бұндай революция бірнеше елде болып өтті. 2000 жылы Сербияда Бульдозер революциясы болды, 2003 жылы Грузияда «Роза» революциясы болды да, 2004 жылдың соңына қарай Украинада Қызыл-сары түсті революция жүзеге асты.

Украинадағы револициядан кейін билікке 2005 жылы Виктор Ющенко келді. Бұл оқиғадан соң Ресей-Украина қарым-қатынасы жаңа дәуірге аяқ басты. Көтерілістен кейін Ресей Украинаның батысқа интеграциясы болмай қоймайтын процесс екенін түсінгендей болды. 2008 жылы НАТО-ның Бухарест саммитінде альянс құрамына Украина мен Грузияның кіруіне мүмкіндік жасау ұсынысы айтылды. Бұл сол кезде батыстың өзінің бірқанша елдеріне ұнаған жоқ. НАТО-ның негзігі мүшелерінің бірі болып есептелетін Германия мен Франция бұл ұсынысқа қарсы болды. Алайда содан бастап Украина мен Грузияның НАТО-ға кіру үміті пайда болды. Бұл Ресейдің ашуын туғызды. Бұған дейін де НАТО-ның шығысқа қарай жылжуына қарсы болып келген Ресей осыдан кейін тіпті де тың шешімдерге бара бастады. Қазірге дейін Украина мен Ресей арасында болып отырған негізгі шеиеленіс тікелей осы оқиғаға байланысты болып отыр.

Ющенко кезінде шиеленісе түскен екі ел қарым-қатынасы 2010-2014 жылдар президент болған Виктор Янукевич тұсында қайтадан жылына бастады. Янукевич Ресей билігін барынша жақтап, батыспен де жағымды қарым-қатынас орнатуға тырысты. Бірақ 2013 жылы Украин үкіметі екі жылға жуық дайындаған Украина мен Еуропалық Одақ арасындағы ассоциация туралы келісімге Янукевич қол қоймай қояды. Оның басты себебі Украинаны Кедендік Одаққа кіргізуді мақсат еткен Ресей қысымы болатын. Бұл онсыз да батыстық құндылықтарды сезініп, Еуропаға интеграциялана бастаған украин халқының ашуын туғызды. Халық алаңға шығып, Янукевичтің шешіміне қарсылық білдірді. Соңы үлкен көтеріліске ұласып, Янукевич биліктен кетті. Кетіп қана қойған жоқ жақтастарымен бірге елден қашты. Бұл Евромайдан революциясы аталды. Ел ішінде осындай дүрбелең боп жатқанда Ресей Қырымды әскери және саяси тәсілдермен өз құрамына қосып алды да, Донбаста сепаратистерді қаруландырып және жасырын әскер кіргізіп гибридтық соғыс жағдайын жасады. Путин осы әрекетін Украинадағы орыс тілді халықты қорғау деп атады. Осы жағдай Украин халқының ниетін Ресейден алыстатып, біржола батысқа бұрды.

Осындай жағдай астында өткен сайлауда ұлтшыл саясаткер Петр Порошенко билікке келді. Оның билікке келуі онсыз да жібі үзілген Украин-Ресей арасын суыта түсті. Порношенко тұсында бүгінгі күні көп айтылып жүрген екі маңызды келісімге қол қойылды. Алғашқысы 2014 жылы 5 қыркүйекте Минск келісіміне қол қойылды. Алғашқы келісім Украин жеріндегі тыныштықты қамтамасыз етуге аз да болсын мүмкіндік берді. Екінші Минск келісімі 2015 жылы 12 ақпанда жасалды. Бұл келісім бойынша өзін тәуелсіз деп жариялаған Донецк және Луганск республикаларын айрықша шарттармен Украина құрамына қайта қосу туралы болды. Келісім Украинаның батысқа интеграциясын жалғастыра беруіне тосқауыл қойды және Луганск мен Донецкінің Ресейге жанбасуын арттыра түсті. Бұл кезеңде Украина армиясы соғысқа дайын болмады, жеңілістен көз ашпады, ақыры осындай теңсіз келісімге келуге мәжбүр болды.

Ал 2019 жылы билікке келген Зеленский Ресей үшін ыңғайлы тұлға болмай шықты. Ол тіпті Порошенкодан арман келісімге келмейтін, батысшыл болып шықты. Путинға өзінің жанындағы көрші елдің өз таңдауын жасап, демократиялық бағыт алуы мен батысқа қарай интеграциялануы ұнамады. Сөйтіп бұл шиеленіс үдей берді. Путинның агрессиясы күшейген сайын Зеленский НАТО мен Еуропалық Одаққа кіруге барынша құлшынды, бұл талпыныс Ресейдің аса үлкен наразылығына ұшырады.

Украинадағы соғыстың алдында Путин батыстан НАТО-ның шекарасын 1998 жылғы шекке қайтаруын және НАТО-ға мүше емес елдерге НАТО әскерін жолатпауын, ал Украинадан НАТО-ға кіру жоспарынан бас тартуын талап еткен болатын. Ал қарсы тарап бұл шарттарды қабылдаудан бас тартқан болатын.

Ресейдің Украинаға басып кіру жоспары болғанын АҚШ және батыс тыңшылары өткен 2021 жылдан бері айтып келе жатқан болатын. Ал 2022 жылдың басынан бастап батыс елдері мен АҚШ өз азаматтарын Украинадан жылдам шығып кетуге шақыра бастады. Ресей бұған дейін де әскери жаттығу жасап жатырмыз деген сылтаумен Украина шекарасына әкелген әскері мен қару-жарақтың көлемін арттыра түсті. Соғыс басталар алдында шекара маңындағы әскер саны 200 мыңға жуықтаған болатын. 22 ақпан күні Ресей билігі Луганск мен Донецк республикаларын тәуелсіз деп мойындады, бұл Минск келісімінің бұзылғандығын көрсетті. 24 ақпан таң атпастан Ресей Украинаға әскери операцияларын бастап кетті. Әскер шығыстағы Донбас, оңтүстіктегі Қырым және Қаратеңіз жағалауы арқылы, солтүстікте Беларусь жері арқылы қоршай шабуыл қимылдарын бастады.

Қазіргі жағдайда Украин жерінде соғыс жүріп жатыр. Екі жақтан да шығын бар. Осындай кілтең тұста АҚШ НАТО әскерін Украинаға кіргізбейміз деп отыр. Байденнің пікірінше НАТО әскері Украинаға кірсе Дүниежүзілік үшінші соғыс тұтанып кетуі мүмкін.

Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс тарихы қысқаша айтқанда осындай. Көрші ел ретінде бүгінгі жағдайға жіті назар салып, шиеленістің шығу тарихын зерделеп, жағдайға нақты сараптама жасау Қазақстанның саяси ұстанымда дұрыс шешім қабылдауына жәрдем береді. Демократиялық елде шешім қабылдауға қара халықтың да салмағы басым рөл ойнайтынын ескерсек, мұндай маңызды ақпараттарды баспасөз беттерінде жиі жариялап отырған жөн деп білеміз. Бұл шағын жазбамызда Ресей тарабы атап отырғандай оқиғаны «әскери операция» деп емес, соғыс деп атадық, өйткені әр нәрсені өз атымен атаған жөн деп санаймыз.