Біз тиімді парламент – инвестициялық жағдайды жақсарту үшін тиімді заңнаманы дайындаудың басты факторы деп санаймыз
«Жаңа Парламент Қазақстан экономикасын жаңғыртуға мүмкіндік береді» дейді «Kazenergy» Қазақстан мұнай-газ және энергетикалық кешені ұйымдары қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауов. Бұл туралы ол ОКҚ брифингі барысында өз ойларын мәлімдеді.
«Kazenergy» қауымдастығы Парламент Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрынғы сайлауын өткізу туралы Президент жарлығын қолдайды. Бұл шешім қазіргі күрделі жағдайда уақытында қабылданып отыр. Парламенттің алдыңғы шақырылымы үлкен жұмыс атқарды. Нақтырақ айтсақ, «100 нақты қадам» реформалары аясында 80-нен астам заң қабылданды. Сондай-ақ, біз инвестициялық жағдайды жақсарту саласында үлкен резервтер көріп отырмыз. Қазір экологиялық кодекске өзгерістер әзірленді. Және де Жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда Жер қойнауы туралы кодекс жобасы дайындалды. Біз ол биыл қабылданады деген ниеттеміз. Біріктірілген салық және кедендік төлемдер туралы кодекс талқыланып жатыр», – дейді Ә.Мағауов.
Оның айтуынша, парламенттің жаңаруы, оған жаңа идеялардың, креативті депутаттардың келуі — заңнамалармен мұқият жұмыс жасап, жер қойнауы саласында инвестициялық жағдайды жақсарту үшін қажетті базаны жасауға мүмкіндік береді.
«Біз тиімді парламент – инвестициялық жағдайды жақсарту үшін тиімді заңнаманы дайындаудың басты факторы деп санаймыз. Қазір әлемдік энергетикалық нарықта бағалардың төмендеуіне ықпал етіп отырған себептер көп. Бұл Қазақстанның мұнай-газ саласына да әсер етіп отыр. Сондықтан, біз жер қойнауын реттеу саласында жедел шаралар қабылдау керек деп ойлаймыз. Мен баршамызға, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік қызметтерге жаңа парламентпен бірігіп, күрделі жұмысқа дайындалу керек деп ойлаймын», – деп ойын қорытындылады қауымдастық басшысы.
Естеріңізге салып өтсек, 13 қаңтар күні депутаттар Елбасына үндеу жолдап, Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді сұраған болатын. Мәжілісмендердің бұл бастамасы Қазақстан азаматтары арасында кеңінен қолдау тапты.
20 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрынғы сайлауын және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы қаулыға қол қойды.