Берлин қабырғасы құлаған күн
09.11.2021 3461

9 қараша – Берлин қабырғасы құлаған күн. Тек неміс халқы үшін ғана емес, дүниежүзі үшін маңызды да зор қуаныш болған осы күн туралы қысқаша тоқталып өтпекпіз.


ІІ Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін әлемнің саяси картасына көптеген өзгерістер енді. Адамзат тарихындағы ең алапат қырғын соғысты бастаушы мемлекет Гитлерлік Германия өз тұтастығынан айырылды. Германия жерлері бөліске салынды. Кеңес Одағы, Польша соғыс құрбандығының өтемі ретінде өзіне тиесілі ауматарды иеленді. Жалпы тұтас Германияны бөлшектеу өз жалғасын табуы тиіс болды. 

Германияны бөлу

Германияны бөлу мәселесі Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталмай тұрып-ақ басталып кеткен болатын. АҚШ, Ұлыбритания, КСРО көсемдерінің 1943 жылы 28 қараша мен 1 желтоқсан арасында Иран астанасы Тегеранда өткен кездесуінде бұл мәселені талқылаған. АҚШ Президенті Франклин Рузвельт Германияны бес автономиялы мемлекетке бөлуді ұсынса, Ұлыбритания Премьер-Министрі Уинстон Черчилль Германияның оңтүстік өлкелерін бөлшектеуді ұсынған. Ал КСРО Бас Хатшысы Иосиф Сталин Германияны бөлшектеуді құптамады. Бұл жолы ортақ шешімге келмегенімен, әлемдік державалар келесі кездесуде ортақ шешімге келеді.

1944 жылы 12 қыркүйекте Ұлыбритания астанасы Лондонда жоғарыда аталған одақтас үш мемлекет Германияны шығыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс аймақтарға бөлу туралы хаттамаға қол қойды. Бұл Германияны ары қарай бөлшектеуге негіз болды. 

Канцлер Адольф Гитлер бастаған неміс Рейхы 1942 жылдан бастап жаулап алған бағыттарында біртіндеп жеңіліске ұшырай бастады. 1944 жылдың соңынан майдан шебі неміс жеріне ауысты. Германияны батысынан АҚШ пен Ұлыбритания, шығысынан Кеңес Одағы бастаған одақтастар тықсыра келе, Эльба өзенінде түйісті. 1945 жылы 8 мамырда Үшінші рейх аталған фашистік мемлекет құлады. Қарсылық көрсетуші топтар жанталаса қорғаған Рейхстаг төбесіне 9 мамырда Кеңес Армиясы ту тікті. СС-шілердің таңдаулы бөлімдері қорғаған Рейхстагтің ең қиын бағытымен әлденеше сағат жер бауырлай жылжи отырып, жеңіс туын алғаш тігушілер – қазақ қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев пен оның қарулас серігі Григорий Булатов болатын. Осы жылы 4 шілдеде Кеңес Одағы Германияның өзіне қарасты оккупациялық аймақтарын құрды. Оған Мекленбург, Бранденбург, Саксония мен Тюрингия, Саксония-Анхальт, Померания қамтылды. Осы ретте айта кетерлігі, аталған аймақтардың үлкенді-кішілі қалаларында жүздеген, мыңдаған қазақ жауынгерлері қызмет етті. Солардың бірі – Тюрингияның Ильменау қаласының коменданты қызметін тоғыз жыл бойы атқарған белгілі майдангер, қазақтың көрнекті қаламгері Қалмұқан Исабаев. 

Кеңес Одағының мақсаты – Германияны коммунистік бағыттағы мемлекет етіп құру болатын. АҚШ пен Ұлыбритания және Франция бұған жол бергісі келген жоқ. 1949 жылы 23 мамырда аталған мемлекеттердің қолдауымен Германияның батыс аймақтары негізінде Герман Федеративтік Республикасы жарияланды. Тұңғыш басшысы Теодор Хойс болған бұл мемлекеттің астанасы шағы ғана Бонн қаласы болды. Ал Кеңес Одағы өзі жаулап алған ықпал ету аймақтары негізінде 1949 жылы 7 қазанда Герман Демократиялық Республикасын құрды. Вильгельм Пик – коммунистік ГДР-дің тұңғыш президенті болды.  

  

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемнің жетекші елдері екі лагерьге бөлінді. Бір жағында Кеңес Одағы бастаған Варшава шарты елдері, екінші жағында АҚШ бастаған НАТО ұйымына мүше елдер болды. Кеңес Одағы әлемді пролетарлық билік пен жоспарлы экономикаға негізделген коммунистік сипатта көргісі келсе, АҚШ бастаған елдер еркін экономикалық капиталистік даму жолын жалғастыра отырып, коммунистік идеяның әлемге жайылып кетуіне тосқауыл жасауды көздеді. Екі Германияның, екі Кореяның, екі Қытайдың, екі Вьетнамның құрылуы – осындай текетірестердің салдары еді.

Берлинді бөлісу

Батыс пен Кеңес Одағының ықпалымен екі Германия құрылғаннан кейін екі Берлин мәселесі алға шықты. Гитлер билігі құлағанға дейінгі Германияның астанасы Берлин қаласы батыс және шығыс бөліктерге бөлінген болатын. Жалпы төрт секторға бөлінген қаланы жеңімпаз елдер өкілдері кіретін Одақтық комендатура басқаратын. Бірақ жылдар өте келе Кеңес Одағы Берлинді басқару туралы жасасқан келімісшарттардың барлығын үзе отырып, Берлинді ГДР-дің астанасы деп жариялады. Кеңес Одағының Бас Хатшысы Н.С.Хрущевтің тұсында Батыс Берлинді басқарып тұрған одақтас үш елге Берлинді тастап шығу туралы ультиматум қойды. АҚШ бастаған державалар үзілді-кесілді қарсы шықты. Осының салдарынан халықаралық жағдай шиеленісіп, ол тарихта «Берлин дағдарысы» деген атпен қалды. 1961 жылы КСРО Бас Хатшысы Никита Хрущев пен АҚШ Президенті Джон Кеннеди арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталды. 

Берлин қабырғасы

Осыдан кейін «Берлин қабырғасы» аталған шекаралық бөгет тұрғызыла бастады. Кірпіштен, бетоннан тұрғызылған Берлин қабырғасының жалпы ұзындығы 170 шақырымды құрады. Мұның 45 шақырымы Берлин қаласының ішімен өтті. Бұл қабырға берік қорғалған әскери қорғаныс нысанына айналдырылды. Қабырға бойында 302 төбеден қарауылдайтын бекет, 20 бункер және қабырға аралық «өлім жолағы» болды. «Өлім линиясы» аталатыны – Берлинде шын мәнінде екі қабырға болған. Оның ені 15-150 метрді құраған. Осы аралыққа шығып кеткен кез келген адамды атып тастап отырған. «Өлім жолағында» 28 жыл ішінде 70 адам атып өлтіріліп, жүзден астам адам жарақат алып, үш мыңнан астам адам ұсталған. Қабырғаның үстімен асқандардың жағдайы осындай болған себепті, адамдар жердің астымен туннель қазып, батысқа шығатын болған. Сондай ұмтылыстардың бірі – 145 метрлік туннель. Аталған туннельді женкештілікпен қаза отырып, көптеген адамдар арғы бетке өткен. 

#Тарихағай: Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандықтар

Берлин қабырғасын салудағы басты мақсат – АҚШ бастаған батыс елдеріне тарапты Батыс Берлинге қашып кетушілердің жолы кесу болатын. Себебі, Германия екіге бөлінген соң, екі неміс мемлекетінің даму қарқыны өзара салыстырғанда мүлде өзгеше сипатқа ие болған еді. Соғыстан кейінгі Батыс Германия жылдам ес жинап, экономикасы қарыштап гүлденіп, дами бастады. Коммунистік блок жетегіндегі Шығыс Германия да өзіндік деңгейде дамып жатқанымен, батыстағы туыстарына қарағанда анағұрлым қалып қойды. Мұны ГДР-дің, соның ішінде Шығыс Берлиннің халқы көріп, біліп отырғандықтан, батысқа бет бұрушылардың қарасы молая түсті. Берлин қабырғасы салынғанға дейін бұл елден екі миллионнан астам адам батысқа қашып үлгерген екен. 

Биіктігі бес метрге дейін жететін, бас жағына тікенек сым тартылған берік бетон қабырға осы мәселені шешуге тиіс еді. Солай болды да. Жиырма сегіз жыл бойы өз міндетін «абыроймен» атқарған Берлин қабырғасы 1989 жылдың 9 қарашасында құлатылды. Бұл кезде ГДР-ді билеген коммунистік режим де қаусай құлаған еді. Берлин қабырғасы туралы қаншама кітаптар жазылды, кинотуындылар түсірілді. Берлин қабырғасының қалдығы – алып державалардың саяси ойынының құрбанына айналған бір елдің, бір ұлттың, оның астанасының екіге бөлінуі себепті қарапайым халық бұқараның шеккен қасірет-қайғысының куәсі ретінде музейге айналдырылыпты. Тарихтың ащы сабағының көрнекі мысалы деген – осы.

Әлемдік ғылым мен білімнің, техникалық, технологиялық дамудың көшбасшысы болып келген Германияның, неміс халқының басынан өткен осы бір қасіретті кезең тарихы барша әлемге, соның ішінде біздің жас мемлекетіміз үшін де сабақ болуы тиісті. Тұтастық – бәрінен қымбат.