Жас саясаттанушылар биліктің бұл қадамы туралы өз ойларын айтты
19.01.2016 2531
Еліміздің жас саясаттанушылары алдағы мерзімінен бұрын өтетін Парламент сайлауы жөнінде өз пікірлерін ортаға салды

Жарқын Жұмаділов, саясаттанушы: 

Сарапшылар қауымы да бірауыздан осы кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді қолдап, негізгі аргументтерін келтіріп жатыр. Енді біздің Елбасы Н. Назарбаевтың жақында жарық көрген Ұлт жоспары қазақстандық арманға бастайтын жол мақаласында ол кісі қазіргі Парламент Мәжілісінің өз миссиясын, өз жұмысын жоғары деңгейде атқарғанын ерекше атап өткен болатын. 

Менің ойымша, жаңа Парламент жасақталып жатса, бұл жаңа саяси күштердің саяси аренаға шығуына мүмкіндік. Мұндай мүмкіндікті бос жібермей, дер кезінде пайдалану үшін елімізде бұрыннан қалыптасып, жұмыстары жолға қойылған бірнеше партияның қайта бас көтеріп, шабылатыны айқын нәрсе. Қалай болғанда да кейін өтетін бұл сайлаудың жыл басында атқарылып, жаңа Мәжіліс өз жұмысын бастағаны жөн.

Дәурен Бабамұратов, саясаттанушы:

Бүгінгі қалыптасқан ел ішіндегі экономикалық және сыртқы саясатта геополитикалық тұйықтар ел билігінен, xалық қалаулыларынан жаңа шешімдерді талап етеді. Әруақыт бірінші экономика деп келдік, енді бірінші кезекке саясатты қою керек сияқты. Заман талабының жаңа сұрақтарын шешу үшін мүлдем басқа құрамдағы Парламент керек. Өкілеттілігі 8-9 айдан кейін бітетін ескі құрам жаңаша шешім қабылдауға асықпайтыны анық. 

Соңғы уақыт біздің Парламент тек бір ғана партияның ырқымен жүрді, жаңа идеямен жаңа партиялардың мәжіліске келер уақыты жетті деп ойлаймын. 

Талғат Жанысбай, саясаттанушы:

Бұл сайлауда әдеттегідей сценариймен өтетіні айтпаса да түсінікті. Себебі тәуелсіздік алған жылдан бастап, қай сайлауды алып қарамайық, барлығында дерлік ұлтшылдар құрған партия тіркеусіз қалады немесе 23 теңге салық төлемегені үшін сайлаудан шеттетіледі. 

Елбасы мерзімінен бұрын өткелі тұрған мәжіліс пен маслихат сайлауын қолдайды деп ойлаймын. Өйткені парламентті мерзімінен бұрын тарқату қажет деген ұсыныс жоғарыда айтқанымдай сценарий бойынша жасалған. Бір жағы қазіргі жағдайда дағдарыс белең алып, күн сайын теңгеміз долларға шаққанда рекордтық көрсеткішке жетті. Кейбір экономистердің болжамы бойынша теңгенің құны әлі де құлдырайды. Сондықтан осындай жағдайда мерзімінен бұрын депутаттарды сайлап алу билік үшін тиімді жол болуда. 

Кеше өздеріңіз білетіндей Елбасы осы тақырып бойынша: премьер-министр К. Мәсімов, «Нұр Отан» партиясы төрағысының бірінші орынбасары Н. Нығматуллин және сенат спикері Қ. Тоқаевпен кездесіп ақылдасты. Демек сайлауға байланысты шешімді ертең яғни, сәрсенбі күні жариялайды деген ойдамын.