Тана мырзадан қалған мөр
18.01.2016 2895
Оның ел ішінде имандылық пен ағартушылықтың кең қанат жаюын көксеген парасаттылығымен мешіт-медреселер салғызуы – рухани қайраткерлігінің айғағы

ХIХ ғасырдағы қазақ тарихының самғау көгіне Тарбағатай өңірінен көтерілген ірі тұлғалардың шоқжұлдыздарының ішінде жарқырап көрінген арыстардың бірі – Тана Тілемісұлы. 

Ол туралы ауызекі әңгімелер айтылып та, тағылым мол ұлағатты зерделі зиялылар тарапынан жазылып та жүр. Бұған қоса әйгілі тұлға жөнінде жазба әдебиеттері мен зерттеулерде елеулі мәліметтер бар екендігі белгілі. Өзінен тәлім-өнеге алған немере інісі Қоқаш қажы Есенгелдіұлының 1907 жылғы Қазан қаласында жарық көрген «Дүние үшін ғибратнәме» кітабындағы шежірелі тағылымдарының да ұқтырар сыры мол. 

Ең маңыздысы, осындай үлгі-өнегесімен соңына өшпестей із қалдырған Тана Тілемісұлының мұрағаттық айғақтарының да табылуы. Омбы қаласының мемлекеттік мұрағатында бір жарым ғасыр сақталған құнды құжаттар аудандық өлкетану мұражайының ғылыми қорына әкеліп қойылды. Олардың арасында ерекше құнды біршама құжаттар бар. Біріншісі, Тана Тілемісұлының 1837 жылы 5 қазанда Назар-Мұрын болыстығының билеушісі болып сайлануы жөнінде жазылған хаттама; екіншісі, оның ел басқару кезінде пайдаланған жеке мөрінің таңбасы басылған құжат, ал, үшіншісі Қарғыба өзені бойына су диірменің орнату үшін генерал-губернаторы берген рұқсат қағаз, т.б. мұрағат айғақтары бар. Алғашқы құжат тарихи мән-мағынасымен өте құнды, әрі Тана мырзаның ел басқаруға белсене кіріскен уақытын, оның халық арасындағы биік беделін айқындап береді. Хаттаманың мәтінін бекітуге қаракерей-мұрын руларының 11 рубасы, 16 биі, 5 беделді адамы таңбасын қойған. Орта жүздің шығысындағы іргелі елге ғасырдан астам билік жүргізген Әбілпейіз сұлтанның әулетінен тараған өлке төріндегі төрелер арасынан қарадан дара шыққан Тананың таңдалуы оның өресінің тым биік болғандығын көрсетеді. 

Әрине, оның осындай жоғары мәртебеге жетуіне атадан дарыған тектілігі, дала кемеңгерлері мен өлке даналарының жоралғы-қағидаларын жете меңгере білген алғырлығы екенін пайымдауға болады. Билікке ерте араласқан ол қартайған шағына дейін Жанай руының рубасы әрі биі болған. Көпті көрген ел ішіндегі саяси жағдайларға белсене араласып, сол кездегі өзекті мәселелердің бірі бодандыққа мойынсынуды қолдаған қаракерей-мұрын руларының сұлтан-билері қатарында 1830 жылы ант беруге қатынасқаны белгілі. 

Алайда, осы көзқарасын кейіннен өзгертіп, Ресей ұлықтарына ымырасыз күрес жүргізген Сыбанқұл сұлтанның ықпалында болғандығы жөнінде мұрағат деректерінде кеңінен баяндалады. Тұйықтан жол табудың жолын іздеген таңдаулар бір Тілемістің ғана бойында болмаған жағдай. Бұл ел бастаған тұлғаларға ауыр сын болған жылдар еді. ХIХ ғасырдың екінші ширегінде қазақ жерінің соңғы бейтарап атырабы – Тарбағатай өңірін иемдену үшін орыс-қытай тайталасы жүріп жатқан болатын. Елдің іргесі сөгіліп, атамекеннен Қытайға үдере көшуі де осы тұста басталған. Тарбағатай баурайында қалыптасқан осындай саяси жағдайдың күрмеуін шешуге қаракерей-мұрын руларының сұлтан-билері мазасыз күндер өткізді. Елдің екі бүйірінен қысқан орыс-қытай қауіп-қатеріне қарсы халық мүддесіне сай айла-тәсілмен мәмлегерлік саясат жүргізе білген ел басқарушылардың ақыл-айласына таңданбасқа болмайды. Олар ХIХ ғасырда ел бағына туған тарихи тұлғаларымыз, сол кезде қаракерей-мұрын руларының билік басында болған Солтанбай, Жанбөбек (Уан), Сыбанқұл, Қисық, Айдарбек, Қожагелді, Шәкі, Сасан, Боқбасар, Тілеміс, Тәукебай сынды сұлтан, билер, рубасылары еді. Олар саяси көзқарастары мен шығу тегі әртүрлі болғанмен, елдің ертеңін ойлаған ел арыстары болды. Екі елдің де ұлықтық шендерін қабылдай оты¬рып, түпкілікті жұрт қамындағы айла шарғыларын жүзеге асырып отырған. Олар елді бейтараптық сақтау амалымен Қытайды Тарбағатайдан бері асырмауды, орыс бодандығына қолайлы шарттармен жақындауды көздеді. Осы кезеңде ұзақ жыл рубасы болған әкесі Тілемістің жанында еріп жүрген жас Тананың да тарихи оқиғалар арасында шыңдалғанын көреміз. 

Тана Тілемісұлы билік басына келген жылдар қаракерей-мұрын рулары Ресейдің Батыс Сібір басқармасының Көкпекті дуанының құрамына кірген, Қытай жағы айылын тартып, ел ішінде тыныштық енген кез болды. Заманның ілгерілеуіне сай дәстүрлерді дле енгізуге құлшыныс білдіріп, биік мақсаттар ұстана білді. Оның ел ішінде имандылық пен ағартушылықтың кең қанат жаюын көксеген парасаттылығымен мешіт-медреселер салғызуы – рухани қайраткерлігінің айғағы. Олардың қасиетті орындары өлкемізде осы уақытқа дейін сақталған. 

Мұрағат деректеріне сүйенсек, ежелден дәулеті шалқыған назар руларында 1849 жылғы санақ бойынша 22240 жылқы, 1385 ірі қара, 121341 қой болған. Енді жоғарыда аталған құжаттардағы Тана мырзаның кемеліне келген шағындағы биліктеріне қолданған жеке мөріне келсек, ол әйгілі тұлғаның көзіндей көрінетін киелі мұра деуге лайық. Ол қағаз бетіне 1858 жылы 5 қаңтар күні басылған. Семей облысының әскери губернаторына жолданған құжат мазмұнын бекіткен. Әйгілі тұлғаның мемлекеттік маңызды істерге де араласқанын, оның дәлелі ретінде Ресей-Қытай қатынасындағы мәмлегерліктерге шақырылғаны туралы деректер бар. 

Халқымыздың «бұлақ көрсең, көзін аш» деген аталы сөзіне сай, мұрағат қорларында ғасырлап зерттеу күтіп жатқан қасиетті құжаттардың бетін ашып, тағылымы Танадай тарландарымыздың мұрасын молайта беру – мақсатымыз. ҚР Орталық мұрағат қорынан Тана Тілемісұлының Батыс Сібір генерал-губернаторына Қарғыба өзені бойына су диірмені салғызуға рұқсат сұрау қағазы және рұқсат алған қағазының көшірмесі табылды. Демек, Қарғыба, Базар өзендері арасындағы кең алқаптағы егіннің мол түсімінен Назар болыстығынан Семей, Шәуешек қалаларына сауда-саттықпен керуендер жіберілуі бұл пікірімізді бекіте түседі. Тана Мырза Тілемісұлының мұрағаттық мұрасы әйгілі тұлғаның өз халқы үшін атқарған жан-жақты қайраткерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлағат, өлкетанудағы құнды мәдени құндылықтар қатарында зерделенетін болады. 

Қонысбек Ақжасарұлы, зерттеуші, ҚР мәдениет қайраткері