Азаттық туы желбіреп...
09.12.2015 1733
"Азаттық туы желбіреп...". Осындай тақырыпта Елордадағы "Тілеп-Қобыз" сарайында Тәуелсіздік күніне орай әдеби-сазды кеш өтті.

Астана да «Тілеп-Қобыз Сарайы» концерт залында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Азаттық туы желбіреп…» деген тақырыпта әдеби-сазды кеш болып өтті.

Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары - Ермек Аманшаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, желтоқсан оқиғасының куәгерлері мен тәуелсіздік құрдастары, тіл жанашырлары, қала тұрғындары, студенттер қатысты. 

Әдеби-сазды кешті Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Тәуелсіздік күніне орай өткізіліп отырған мәдени шараның мақсаты қала жұртшылығына тамаша көңіл-күй сылап, ән мен күйден шашу шашып, рухани мәнге ие болатын кеш болуында. Кеш шымылдығын түрген, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев кештің жастарға берер ғибраты мол деді. «Азаттықты, аңсаған азат елдің өткені, бүгіні мен келешегі бір-бірімен сабақтаса, біте қайнаса, ән мен күй, ой мен пікір толқынында үйлесе байланысатын, рухани мәнге толы мерекелік кештің жастарға берер ғибраты мол», - Т.Қышқашбаев. 

Кешті қазақ өнерінің жарық жұлдыздары Қыдырәлі мен Қарақат жарасымды жұп болып жүргізсе, эстрада жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Маржан Арапбаева, Ибрагим Ескендір күйкілжіте ән салып, Секен Тұрысбек, ағамыз күйден шашу шашты. Кеш барысында Астана қаласы бойынша мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және насихаттауға үлес қосып жүрген ұжымдар мен жеке тұлғалар да марапатталды. Олардың қатарында Ұлттық музей директоры Дархан Қамзабекұлы, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Болат Ұзақов, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли болды. 

Сондай-ақ шара барысында рухани қазыналарымызды насихаттап, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге және қазақ жастарының бірігуіне ұйытқы болған еңбегі мен баянды жұмысы үшін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевтың арнайы алғыс хаты «Қазконтент» АҚ «El.kz» интернет жобасына тапсырырылды.

Заңғар КӘРІМХАН