«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы
07.12.2015 2735
2015 жылғы 9 желтоқсанда сағат 16.00-де Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы аясында жиналған жәдігерлердің көрмесі ашылады

Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 70 жылдығы шеңберінде «Хабар» Агенттігі ұйымдастырған «Жеңіске құрмет!» акциясының және «Ұлттық музейге сый тарту» акцияның биылғы жылғы қорытындылары ретінде Жеңіс туының көшірмесін музейге тапсыру салтанаты болады. Жиынға Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ҚР Парламенті депутаттары, Астана қаласының қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысады. 

«Ұлттық музейге сый тарту» акциясы биылғы жылғы 18 наурызда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде салтанатты түрде бастау алған болатын. Шараға ҚР премьер-министрінің сол кездегі орынбасары Бердібек Сапарбаев, Кенен Әзірбаевтың ұлы Бақытжан Әзірбаев, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин, «Қадыр Мырзалиев» қорының төрағасы Донеділ Қажымов, Олимпиада ойындарының чемпиондары – Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко сынды елге белгілі азаматтар, коллекционерлер, танымал тұлғалардың ұрпақтары, спортшылар, жеке адамдар қатысқан еді. 

Шара Алматы, Қызылорда қалаларында жалғасты. Акция нәтижесінде Ұлттық музейге осы уақытқа дейін 1100-ден астам тарихи тұлғаларға қатысты құнды жәдігер жиналды. Олардың қатарында Кенен Әзірбаевтың домбырасы, Қасым Қайсеновтің кездігі, Жұмабек Тәшеневтің дипломатиялық төлқұжаты мен ордендері, Шәмші Қалдаяқовтың пианиносы, күлсалғышы мен қаракөл бөрігі, Жұмекен Нәжімеденовтің дипломаты мен портсигары, Гүлфайруз Ысмайылованың қылқаламдары мен сәнді сөмкелері, Қадыр Мырза Әлінің қаламсабы мен қолсағаты сынды өзіндік маңызы әрі құны бар дүниелер жиналды. 

Сонымен қатар Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров өзінің алтын медальдары мен жарыстарға киген киімдерін, Дулат Иманқажы Меккеге жаяу алып барған көк туымызды, Президент жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин тастан, қоладан, темірден жасалған жебелер жиынтығын, Әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым бидің төсбелгісін, спорт саңлақтары Серік Сәпиев, Бақыт Сәрсекбаев, Юрий Мельниченко жеке спорттық заттарын, медальдарын Ұлттық музейге аманаттады.

Акция келесі жылы да жалғаса береді. Ұлттық музей бұл іс-шараны еліміздің барлық өңірінде өткізуді жоспарлап отыр. 

Жеңіс туы туралы: 2010 жылғы 21 сәуірде Ресейдің Әскери даңқ залында Қазақстан Республикасына Жеңіс Туының көшірмесін ресми түрде салтанатты тапсыру шарасы өткен. Жеңіс Туын Совет Одағының Батыры В. Ульянов және Совет Одағы интернационалист-жауынгерлер ісі бойынша комитеттің Төрағасы Р.С. Аушев «Нұр Отан» партиясының астаналық «Бірлік» филиалының Төрағасы С.К. Мұқанов пен Ауғанстан соғысының ардагерлері одағының Қазақстан Республикасындағы Төрағасы Ш.А. Өтегеновке тапсырған. 

Бұл 1945 жылғы 30 сәуірде сағат 18.30-да Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаев пен кировтық Григорий Булатовтың ерлігін ресми түрде растау және мойындау болып табылады. 2015 жылғы 7 мамырда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналған парадта Қазақстан Республикасының Туы және Жеңіс Туының көшірмесін салтанатты түрде алып шығу рәсімі өтті.