Елбасы кітапханасында «Тұңғыш» онкүндігі басталды
25.11.2015 1154
Елбасы кітапханасында «Тұңғыш» деректі фильмдер онкүндігі басталды. Алғашқы фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының 70-сессиясында жасаған баяндамасына арқау болды.

Елорда төріндегі Елбасының кітапханасында 1 желтоқсан -– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай мәдени шаралар басталды. 

Мәдени шаралардың шымылдығын Тұңғыш Президент күніне орайластырылған «Тұңғыш» деректі фильмдер онкүндігі ашты. Аталмыш шара барысы он күн бойына жалғасып, көрермен назарына 2015 жылдың маңызды оқиғаларына, Президенттің қызметіне байланысты түсірілген деректі фильмдер көрсетіледі деп күтілуде. Бұл фильмдерді Президенттің телерадиокешені дайындаған.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ атқарушы директоры Бейсенбай Жұмабеков бұл шараның басты маңызы мен мақсатына тоқтала кетті: «Бұл декада он күнге дейін созылады. Осы 10 күн ішінде ҚР Президенті жанындағы Телерадио кешенімен түсірілген деректі фильмдердің барлығын насихаттап көрсетеміз. Біріншіден, Қазақстанның жеткен жетістіктерін, ертеңгі болашағын көрсете отырып, оның ішінде Елбасының қандай үлес қосқанын, жаһандық идеяларының қалай бүгін пайдаланып жатқанын Қазақстан халқы көрсін деп, әдейі жасалып отыр», – деді Б.Жұмабеков.

Деректі фильмдер көрсетілімі жұмыс күндері көрермен назарына ұсынылып, желтоқсан айының төртінші жұлдызына дейін жалғасады. Фильмдерді Астана қаласының әр тұрғыны мен қала қонақтары тамашалай алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, онкүндікке 3 мыңға жуық Астана қаласының ЖОО, колледж және мектеп оқушылары мен әр қалаған адам қатысады деп күтіледі. Шара барысында белгілі саясат және қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. 

Шара барысында жиналған қауым мен көрерменге онкүндіктің алғашқы туындысы «Нью-Йорк - Астана. Қазақстанның ғаламдық бастамалары» фильмі көрсетілді. Қысқаметражды фильм Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылдың қыркүйек айында Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 70-сессиясына қатысуы туралы баяндайды. Мемлекет басшысы өз баяндамасын жаһандық қауіпсіздік проблемаларына арнаған еді. Халықаралық қауымдастық қазақ басшысының жаһандық бастамаларын жоғары бағалады. Екі саммит пен жалпы пікір-таластарға қатысқаннан кейін айтқан сөздері дәйексөз ретінде кең тараған саясаткерлердің біріне айналды. БҰҰ мінберінен алғаш рет қазақ тілі естілді.

Фильм көрсетілімен кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саясат ғылымдарының докторы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Қуаныш Сұлтановпен кездесу ұйымдастырылды. Фильмнен ерекше әсерленген жас көрермендер өз ойларымен бөлісіп, сауалдарын қойды. 

Онкүндіктің басқа күндері көрермен назарына «Нұрлы жол – бірлік шұғыласы», «Қазақ Хандығы. Шексіз уақыт кеңістігінде», «Көшбасшы күші», «Менің Астанам» фильмдері ұсынылады. 

Алтынбек Құмырзақұлы