Астаналықтар «Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесін жыл бойы тамашалайды
27.11.2015 1310
2004 жылы Елбасына Сауд Арабиясы Корольдігінің «Ұлы Бадр» ордені тапсырылды. Бір ерекшелігі бұл марапат ТМД елдері басшылары арасында тек біздің елдің басшысында ғана бар.

Астана төріндегі Елбасы кітапханасында «Әлем қадірлеген Елбасы» атты шетел мемлекеттерінің жоғары наградалар көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналып ашылып отыр. 

Салтанатты шараға ҚР Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Абдрасилов, жазушы Әкім Тарази, «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шамшадинова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары мен оқытушылары, Қазақ технология және бизнес университетінің, Қазақстандағы елшіліктердің өкілдері, саясат және қоғамдық қайраткерлер, елорда төріндегі білім ошақтарының жас жеткіншектері қатысты. 

Шара барысында шетел басшыларының Нұрсұлтан Назарбаевқа берген жоғары наградалары көрермен назарына алғаш рет ұсынылды. Коллекцияда Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Ауғанстан, Қытай секілді бірнеше ел ұсынған 39 марапаттың тұпнұсқасы қойылған. Таза алтыннан құйылған Сауд Арабиясы Корольдігінің «Ұлы Бадр» ордені де көпшілік көрерменнің назарына көрсетілді.

Көрмені Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков ашып, шараның Елбасы күнінде өткізілуінің маңызына тоқталды. «Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналып ашылды. Бұл наградалар біздің Мемлекет басшымыздың әлем қауымдастығының мойындағанының белгісі болып табылады. Бүгінгі күнге дейін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа 39 шетел наградасы берілген. Бұл дегеніміз көптеген елдер Елбасымызды әлемдік сахнада көшбасшы екенін мойындауы. Қазақстанды күшті ел ретінде мойындады деуге болады. Елбасын құрметтегеннен кейін, біз қазақ халқын құрметтеді деп есептейміз. Сондықтан әрбір қазақстандық осы марапаттарды мақтан тұтуы керек», – деді Бейсембай Жұмабеков. 

Шара барысында «Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» атты интерактивтік көрме өз жұмысын бастады. Көрменің мақсаты – мұрағаттық құжаттар арқылы президенттік институттың қалыптасуымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің нығаюның негізгі кезеңдерін көрсету. Көрме бірінші қабатта атриумдағы үлкен экранда көрсетілді. Тағылымы мол тарихи дүниелерді бас қаланың қонақтары мен тұрғындары бір жыл бойы тамашалай алады. 

Алтынбек Құмырзақұлы