Адамзаттың ғарышқа алғашқы қадамы
12.04.2021 4411

12 сәуір – адамзаттың алғаш ғарышқа ұшқан күні. 1961 жылы «Байқоңыр» ғарыш айлағынан аттанған «Восток» кемесімен Юрий Гагарин космоста 1 сағат 48 минут уақыт өткізіп, жерге оралды. Адамзаттың ғарышқа алғашқы қадамы осылай жасалды. Бүгінгі таңда адамзат айға да қонып, қаншама ғарышкерлер ғарышқа ұшып үлгерді. Ғарыш әлемін зерттеу күн сайын кеңейіп адамзат болашағын өзге ғаламшардан іздеушілер де молайып жатыр.


Дүниежүзілік Екінші соғыстан кейін АҚШ пен СССР арасында басталған қырғи-қабақ соғыс екі жақтың да жанталаса қарулануына, жаңа сипатты ракеталар мен ұшақтар, ядролық қару жасау бәсекесіне алып келді. Соның қатарында осы ғарышты бағындыру мәселесі де жатты. Бұл жағынан әрине «алғашқы» атағын СССР жеңіп алды. Алайда осы қадам қалай болып еді?

Ғарышқа ұшу адам үшін әрине үлкен дайындықты қажет ететіні анық, ал ұшыру, сондай жоғары деңгейдегі құрылғыны жасау тіпті екінің бірінің қолынан келмейтін ұлы тапқырлық, ғылыми еңбек. Адамзатты ғарышқа алғаш шығарған конструктор Сергей Павлович Королёв болған. Жасынан ғарышқа ұшуға үлкен ынта танытқан ғалым Сталин тұсында теріс саясаттың кеселінен 1938 жылы «Халық жауы» ретінде тұтқындалып атылып кетуге аз қалған. Кейін 10 жылға Калымаға айдауға кетеді. Ал шын мәнінде СССР-дің аэро-ғарыш саласында Королёвтің орынын ешкім баса алмайтын еді. Оның өзін СССР-дің аэро-ғарыш саласын әлсіретуді мақсат етеді деген желеумен ұстай тұра, 1939-1942 жылдары айдауда жүріп НКВД-ның шешімімен А.Н.Туполевпен бірге ТУ-2 бомбалаушы ұшағын жобалап құрастырады. Сол айдауда жүрген кезінде де бірде аштық пен суықтан өлім халіне жетіп, әрең тірі қалғаны жайлы да айтылымдар бар. Ақыры оның алтын басы болмаса істің оңға баспасы түсінікті болған соң 1944 жылы ССРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен түрмеден мерзімінен бұрын босап шығады, бірақ бұл ақтау емес болатын. 1946 жылы ССРО баллистикалық ракета құрастыру тобының бас конструкторы болып тағайындалып, оның басшылығымен дүниедегі тұңғыш континентаралық баллистикалық ракета, «Восток», «Восход» қатарлы ұшқыш басқаратын ғарыштық кемелер жасалды, тұңғыш жер серігі орбитаға шығарылды.

Гагаринның ғарышқа ұшуы да Королёвтің тікелей басшылығымен жүзеге асты. Ғарышқа Гагаринды ұшырмас бұрын 1957 жылы 3 қарашада «Спутник-2» ғарыш кемесімен космосқа аттанған ең алғаш тіршілік иесі Лайка есімді ит болды. Бірақ, техникалық олқылықтардан бұл ұшырылым сәтсіз аяқталды. Мұнан кейін, 1960 жылы Белка және Стрелка атты иттер орбитаға көтеріліп, аман-есен жерге қонды. Осыдан кейін барып, Юрий Гагарин тұңғыш ғарышкер ретінде ғарышты бағындырды. Ол 302 шақырым биіктікте жер шарын бір айналып шығып, сан мыңдаған жылдар бойғы адамдардың арманын жүзеге асырды.

Адамзатты ғарышқа шығарған Сергей Королёвқа Швед академиясы Нобель сыйлығын да бірнеше мәрте ұсынған деседі, алайда ССРО басшыларының бұйрығымен бұл сыйлық қабыл алынбаған деген де сөз айтылып жүр. Адамды тек жүйенің құралы ретінде ғана көретін Совет билігі үшін жеке адам мен оның құқы, армандары жоққа тән екенін де осы оқиға дәлелдеп тұрғандай. Осылайша СССР-дің кез-келген мақтанышының артында осындай ұлы қасіреттер жасырынып жататын.

1961 жылғы 12 сәуірден бері міне тура 60 жыл өтіпті. Сол тұстағы адамзаттың қаншама арманы біртіндеп жүзеге асып келеді. Бүгінгі таңда ғарыш саласы мен ғылымды жаңа деңгейге көтерген осы күнді бүкіл әлем ғарыш күні ретінде қарайды. Алғаш рет 1962 жылдың 9 сәуірінде КСРО жоғарғы кеңес президиумының өкімімен белгілі бір республикаларда ғана аталып өтіп жүрді. Кейін 1968 жылы халықаралық авиация федерациясының конференциясында айтулы күнді әлемдік дәрежеде атап өту туралы шешім қабылданды.  

2011 жылдан бастап бұл күн халықаралық адамзаттың алғаш ғарышқа ұшқан күні (International Day of Human Space Flight) деп аталып жүр.