Қазақ байлары: Өксікбай, Қақу бай
30.03.2021 11052

Бұрынғы қарақ байларының жақсы әдеттерінің бірі - қайырымдылық болса керек. Қазіргі заманда әлемдегі не бір ірі байлар да өз кезегінде қайырымдылыққа мол қаражат бөліп, әрқашан жарлы мен жетімді жебеп жүретіні баршаға мәлім. XIX ғасырдың орта тұсында тұтас Ресей империясында жаңа экономикалық толқын пайда бола бастағаны анық. Сол жаңа капиталистік қатынастар қазақ даласына да келді. Және оған қоса, бұрыннан қазақ ішінде бар мінез - байдың қамқорлығы - бүгінгі күнгі либералдық қоғамға бір табан болсын жақындата түскен болатын. Сондай сөз қадірін де, ел қадірін де білген, ары мен ұяты байлығына сай біткен тектілердің бірі Оксікбай мен Қақу бай болатын. 


Арғынбай – заманында байлығымен де, болыстығымен де аты шыққан, жиырма сегізінші жылғы дәулеттілерді қудалау науқанында бірі кәмпескеленіп жер ауып, сонан қайтып оралмаған, бірі тұтқындалып, атылған ағайынды Өксікбай, Қақу деген байлардың әкесі. Екеуі де мыңды айдаған бай, қуатты, елге қадырлы, сыйлы жан болған. Алайда, мінез-құлықтары, жұртпен қарым-қатынасы екі басқа кісі екен. Үлкенін төңірегіндегілер жақсы көріп, шын құрметтеп «Өкең» деп атап кеткен Өксікбай болыс сабырлы, қайырымды, көпшіл, парасат иесі болған жан. Ал інісі Қақу бай тәкаппар, менмен, кісімен таңдап қана сөйлесетін астам мінез кісі екен. Өкең кемтарға, айналасындағыларға қолұшын беріп, көмек жасауға пейіл тұрса, Қақу бай: «Кедей деп біреуге жандарың ашымасын. Әркімге Құдай өзі ылайығын жасайды. Естеріңде ұстаңдар. Әсте, ақылы бар адам кедей болмайды» дейді екен.

Тауық жылы Қаратау өңіріндегі елде егін шықпай, біраз ауыл аштықтың дәмін тата бастайды. Бұл кезде Арқадағы Кіші жүз қыс қыстауы – Шуға құлаған болатын. Бір күні Өксікбайдың үйіне қасына ерткен бір жігіті бар Ошақты Мелдебек келеді. Мелдебек ел арасында беделді, пысық адам болған. Мейман үйге еніп жайғасқан соң, елден тіл сұрай бастайды.

– Иә, Мелдебек, ел-жамиғат аман ба? Тіршілік-қаракетін қалай болып жатыр? – деп сұрайды.

Оқи отырыңыз:Қазақ байлары: Қосшығұловтар әулеті

– Жағдай ауыр, Өке, – деп бастайды сөзін Мелдебек. – Естіп жатқан шығарсыз. Елге аштық бұғауын сала бастады. Қазір адамдар үш топқа бөлінді. Бір тобы – қарақан басының амандығын күйттеп кетсе, екінші бір тобы – өзіне қарасты бір үйлі жанды ажал аранына түсірмей алып шығудың қамында жүр. Үшінші тобы – өзіне қарасты ауылдың жағдайын ойлап, балапанына тамақ іздеген қарлығаштай, ел жағалап кетті. Соның бірі мына өзіміз.

– Алла нәубетінен сақтасын де, Мелдебек.

Бұлар жатқанша әңгіме-дүкен құрады. Ертеңіне азанғы шайды ішкен соң Мелдебек жүруге қам жасайды.

– Мелдебек, шаруаңды айта бер, – дейді Өксікбай.

Мелдебек Өксікбайға жалт қарайды.

– Ойпырай, Өке, сіз де осындай ма едіңіз? Шаруаны кеше келісімен айтып, ескертіп қойған едім ғой.

Өксікбай кеңкілдеп күледі де, Тиімбайды шақырады.

– Мына Мелдебекке мықты атаның бірін жадылап, екі үйткен қойды теңдеп бер. Оған қоса бір арқан, үш қапты түйенің беліне сал, – деп баласына тапсырма береді де, Мелдебекке бұрылады. – Мына төбенің астында бақалшы саудагер Ыдырыс дегеннің ауылы бар. Өкеңнің үйінен шықтым деп соған соқ. Одан шыққан соң Есен баласы Түсіпке сәлем бер. Оған да осы үйден шыққаныңды айт, – дейді.

Жарайды, Өке, ниетіңізге көп рақмет.

Мелдебек Өксікбайдың сілтемесімен, айтқан үйлердің бәріне соғып, ауылына артынып-тартынып олжалы қайтады. Ол Өкене өлгенше риза болып кетіпті.

– Шіркін, жақсы адамның жөні бөлек қой. Тұспалдап айтқан сөзіңді ұғып, жерде қалдырмау – тек қана Өкең сияқты ердің ерінің ғана қолынан келеді, – деп үнемі сыртынан дәріптеп отырады екен.

Бірде Қақу бір топ жігіттермен келе жатады. Сөзден сөз туып, әңгімеден әңгіме қозғап келе жатқан сәтте Қақу:

– Ақымақ адам ақымақтығынан кедей болады, ақылды адам ақылдығымен бай болады, – дейді. Содан олар тобылғысы қалың сайға аял жасайды. Сонда Қақу қасындағы сәнқойлау, серілеу жігітке:

– Мына жердің тобылғысы тұнып тұр екен. Өздері қандай биік, келісті-ақ екен. Қамшы сап қыласың ба, әлде сабау қыласың ба, әйтеуір қажет еткен әжетіңе жарайды. Сен тура осыдан ерінбей бес жүз тобылғы кес. Келесі жылы осың тура бес жүз қой болады, – дейді. Сонда ол:

– Ой, Қақа-ай, қойыңызшы! Мұныңыз құр қиял ғой, – деп күледі. Қоршай отырған серіктері де Қақу сөзінің астарын онша ұғыңқырамайды. Содан Қақу жігіттерді жауып жіберіп, тобылғыларды аралап, таңдап жүріп бес жүзін дайындайды. Қақу ауылға келген соң әлгі тобылғыларды кірекеш жігіттерге беріп, Ташкенттен айна, тарақ, жіп, түйме, сабын,т.б. елге зәру заттарға айырбастатады. Содан оларды тамыз айындағы қозыларға айырбастатқан екен.

Қақудың осы ісі бүгінге дейін ел арасында аңыз болып айтылады. Пайданың көзін, сауданың ебін білген осындай асыл жандар қазақ сахарасында аз болмаған.

Жағалбайлының Шәйгөз әулетінен шыққан Соқыр Тәжібай деген кісі Қақудың баласы Мұхаммедия Тәжібаймен құрдас екен. Бірде ол Тәжібайға үйірден ат ұстап қалуды тапсырады. Қат-қабат тірліктің ортасында жүрген Тәжібай оны ұмытып кетіпті. Бұған ашуланған Мұхмаммедия:

– Тап көзінің әкесінің аузын ұрайын, соқыр ит! – деп боқтайды. Сонда Тәжібай:

– Әй, әй, Мұхаммедия, сен байқа? Менің жаман әкемнің аузын боқтаймын деп, жақсы әкеңнің аузын боқтатып алма, - депті. Бұлардың арасындағы жаяукерісті сырттан естіп тұрған Қақу:

– Әй, Тәжібай, бері кел. Аузыңнан аталы сөз шықты. Албырт сөз айтқан ұлымның айыбы бар. Кешіргейсің, – деп Тәжібайға сол Мұхаммедияның жылқысынан маңдай алды атын алып берген екен.

Оқи отырыңыз: Қазақ байлары: Тана мырза

1923 жылы Әділұлы Бәйсейіт Тарақтыға зорлық көрсеткен Қараноғай (Ғалым Әубәкіров) мен Темеш Шаланы Ұланбелдің арнасына салып өлтіргеннен кейін Алагөз атаның ұрпақтары түгелдей және жағалбайлының біраз үйлері Сарыарқаға шығуға Нұра бойындағы темештерден жасқанып, Қаратау өңірін жайлауға келеді. Өксікбай мен Бәйсейіт ауылы Әулиеатаның маңындағы Ақыртөбені жайлайды да, Өксікбайдың інісі Қақу байдың ауылы Саудакентке таяу Сорбұлақ маңына келіп, сол жерден құдық қазады. Оны күні бүгінге дейін «Қақу қазған» дейді. Құдықтың суы мол әрі тұщы.

Осында отырғанда Қақу маңайындағы біраз адамдарды меймандыққа шақырады. Меймандарының біразы есекпен келіпті. Есек тиыш тұра ма, айғыр, әңгілері ақилап, мазаны алады. Қақу оларды босаттырып, қырдан әрі айдатып жібергенмін. Қайда кетер дейсің, ауылдарыңа барған шығар, – дейді де Қақу жаяу қалған он екі адамға басбілгі он екі тай тай ұстатып береді.

– Мұны қашан әкеліп береміз? – дейді біреуі.

– Әкеліп бермеңдер. Бұл төлеген айыбым, – дейді Қақу. Содан ол «Мырза Қақу» атаныпты.

Өксікбай, Қақу және олармен бірге келген ағайындары малының көлемі бір деректерде жалпы саны 40 мың жылқымен келіпті дейді. Кейбір мәліметтерде 18 мың жылқы шамасында болатын деп айтады. Әулиеата мен Қаратаудың ортасын қалың жылқы созыла жайлапты деп аңыз қылып айтып жатады көне көздер. Нақты құжатқа түспегендіктен саның тап басып айта алмаймыз.

Қаратау маңы ертеден отырықшы тұрмысқа негізделген өңір. Ал Сарыарқа көшпелі өмірге қолайлы болып келген. Қақу бай Қаратауға келген тұста екі өңірдің шаруашылық кәсібінің өзіндік айырмашылығын сезінеді. Соған қатысты мынадай бір оқиға бар. Қақу Қаратауға келгеннен кейін қалың жылқысы ең даланы кеңінен жайылым қылады. Ал Қаратаудың маңайындағы ағайын ел ертеден егін егіп кәсіп еткен. Егін мен жартылай көшпелі шаруашылықты өмір сүру салтына айналдырған. Бірде Қақудың жылқысы егістікке барып түсіп, жайпапты. Содан мұны білген ел Қақудың жылқысың алдарына айдай барып, шағым айтыпты:

– Қақа, жылқыңыз біздің бидайға түсіп жайпады, – депті.

Тек көшпелі өмірді ғана көріп өскен Қақу бұлардың шағымдарына таңдана отырып:

– Маған бидайды көрсетіңдерші,– деген екен.

Содан Қақу байды егістік алқабына алып барып бидайды көрсеткенде:

– Ее, Арқаның бидайығы Қаратауға келіп бидай болыпты ғой, - депті.

Қақу және бірге келген ағайын, туыстас, аталас жұрт егін шаруашылығынан сол кезде мүлдем бейхабар болып, тек жылқыны көптеп бағып, дәулетіне, сәулеті сай болып отырған ел еді. Алайда заман өзгеріп, Қақу кәмпескеге ілінеді. Ал ағайындары, аталас туыстары қолдан жасалған аштыққа ұшырап, Арқадан Қаратауға шұбыра көшіп, бастарынан бақтары қас қағым сәтте тайғандай болды. Қаратауға бұл жұрт екінші келген кезде бұрыңғыдай сән-салтанатпен емес, ашығып келді. Келе сала Қаратау маңын мекендеген ағайын-елмен бірге қолға кетпен алып, егін егіп, су суарып, өмір сүру формациялары аз уақытта үлкен өзгеріске ұшырады.

Оқи отырыңыз: Қазақ байлары: Ескелді Саназар бай

Отырықшы өмір сүру салты мен көшпелі қоғамның өзіне тән айырмашылықтары баршылық. Қақудың Қаратау бойына келген тұсында немесе отызыншы жылдардан кейін болуы керек. Бірде Арқа асып келген елді жергілікті ағайын жұрт қонақ қылады. Оларға қауын сойып беріп, бұрын қауын жемеген ел бұған таң-тамаша болып, рахаттанып тұрып жепті. Шамасы қызық көрген болуы керек немесе қатты құмартқаннан кейін бе, түнделетіп қауын ұрлап жеуді бір топ жігіт жоспарлайды. Содан қауынды ұрлап шығып, оны сойып жеуге кіріседі. Күндіз жеген қауындарынан өзгеше, тіпті қатты, дәмсіз болып шығады. Сөйтсе бұлар қауын орнына асқабақ алып шыққан екен. Екеуінің айырмашылығын білмепті. Сол оқиғадан «үйсін жесе тәп-тәтті, тама жесе қап-қапты» деген сөз қалыпты.

Айдарбалта Тіней бақсы, Алагөз жағалбайлы Қақу, жөгінің Шақа руының Түсіпбек (Ықылас Дүкенұлының ұлы, Ықылас күйлерін негізгі жеткізушісі осы Түсіпбек. Заманында мыңды айдаған бай болған. Түсіпбек те кәмпескеге ілініп, жер аударылады. Р.А) қобызшы үшеуі құрдас екен. Олар – бір-бірімен қатты сыйласып өскен жандар. Бірде Тіней қобызды сарнатып, бірге тартып отырады.

Сонда Қақу:

– Әй, Тіней, елдің бәрі сені әулие көреді, бақсы дейді. Кәне, білгір болсаң айтшы, қобызың не дейді? Біз Түсіпбек екеуміз қалай өлеміз?– депті.

Сонда Тіней:

– Қойсандаршы, жақсы сөз айтсандаршы, – деп әңгімені басқа арнаға бұрғысы келіпті.

Қақу сонда да тақымдап қоймаса керек, Тіней қобызын алып, үсті-басын қағынып, есіктен шығып бара жатады да:

– Біреуің аштан өлесің, біреуің көмусіз қаласың, – деп күле сөйлеп, шығып кетеді.

– Өй, мынау ит не дейді? Осынша байлық, жылқым тұрғанда, мен қалай аштан өлмекпін, – депті Қақу. Сонда мұны тыңдап тұрған Мұхаммедия әкесінің әлгі сөзді көңіліне дік алып қалғанын сезіп:

– Әке, не болса, соған сенесіз, – депті.

Бірақ Тіней айтқан үкім өмірде шынға айналады. Қақу түрмеден шыққан соң, жадап-жүдеп жүріп, Шымкент пен Ташкент арасында аштан көз жұмады (Кейбір деректерде Қақу байды түрмеде атып тастаған деп айтылады. Р.А). Әйелі мен келіні бағана ағаштарға желі сым тартып жүрген монтерлерге көмдірген. Ал Түсіпбек болса, айдауда жүргенде қаза тапқан.

Жазда мал-мүлкін тәркілеумен қоймай, ауданнан тоғыз бай Оралға жер аударылған. Олардың ішінде атақты қобызшы Ықыластың баласы Түсіпбек те бар. Оның байлығының негізі – қой болатын. Одан он мың қой тәркіленді. Сол Түсіпбектің бірнеше үй кедейді асырағаннан басқа жазығы жоқ еді. Сол кедейлер еңбегін жалдап күн көріп отырған малды үкімет сыпырып алды. Енді олар бала-шағасын қалай асырайды? Осыны ойлап, басын қатырған ешкім болмады билікте отырғандар арасынан.

Өксікбай Оралда жүріп, Жұматтың Ысқағына хат жіберіпті. Хаттың сөзін тындаған талай адам басын шайқайды. Оның ішінде Өкеңнің бір-екі ауыз өлеңі адамның сай-сүйегін сырқыратады.

– Алаштан асқан кемеңгер,

Жау қолында жөнелер,

Таба болар жаманға,

Бағы тайса өнерлі ер.

Бір қайықтық құны жоқ,

Қайырласа кемелер.

Тіршілікте адамзат,

Не боламын демендер

Қарып-қасер халқым деп,

Болыппын ғой қаратер.

Тым құрмаса алмады,

Туған елде қара жер.

Тілекті берсен бір Алла,

Қор қылсай енді гөр.

Жұтаған өмір осы да,

Көл-көсір болып басталып,

Опынумен ой, жалған,

Бәрін де кейін тастадық.

Жатайын енді жайыммен,

Оралдың тауын жастанып, – деп толғаныпты-ау қайран сөз зергері. Бір кезде ауызынан сөз маржаны құйылып, ақыл-парасатымен елді қаратқан дүлдүлдің жат жұртқа барып, қор болып жүргені мынау.

Тірнектеп жиған малы ақырында айдаһар болып өзін жұтты. Ой, заман-ай, десенші. Жат елде оның әйгілі Өксікбай екенін кім біліп жатыр. Оған қапа болмағанда қайтеді.

Жиырмасыншы жылдың аяғындағы алғашқы кәмпескеде қызылдың белсенділері Қақуды абақтыға жауып, атып жіберген де, Өксікбайды батыс шекараға жер аударған. Елге қайтуға рұқсат жоқ, сол шет жақта жүріп қайтыс болған. Елдің пейілінде алалық жоқ, әрине. Қайда жүрсе де жақсыны таниды. Ол жақтағы қазақ ағайындар Өкеңді жер ауып келген біреу демей, затын танып, сыйлы қария санаған сияқты. Кірген үйі төріне шығарып, отырған ортасы тартылған табақтағы басты сол кісінің алдына қойыпты, бата сұрапты. Бірде ауыл аралап жүріп бас сұққан үйінің иесі Өкеңді төріне отырғызып, ас дайын болған соң бес-алты жасар ұлына:

– Әй, атаңның қолына су құй. Батасын ал,– дейді.

Бала елгезек күйде, ұшып түрегеліп, қарияның қолына су құяды. Сонан соң батасын күткендей жәудіреп қарап тұрады. Баланың сол пейілін аңғарған Өкең оның жүзіне ойлана қарап отырып:

– Балам-ай! Біз жас кезімізде осылай ақсақалдардың қолына су құйғанымызда «көп жаса, бай бол» деуші еді. Көп жасағанның арты мынау болса – алды разы болсын, бай болғанның арты мынау болса – атасына нәлет. Қалқам, менің саған беретін батам – қызылдың қылышынан қан тамған қып-қызыл мелисасы (милиция Р.А) бол! Әмин,– депті.

Сол дәуірде опасыз жастан да, қайырсыз байлықтан да гөрі пайдалы, құрметті тірлік сол екені даусыз еді ғой.

Осы Өкеңді жер аударғанда Арқада, «Кенжебай – Самайда», отырған қалың елдің, төңіректегі ауыл-аймақтың алыс-жақынынан келген қора-қора жұрттың Өкеңмен бірге ілесіп кетуге пейіл, қимастықпен қоштасқанын, қабырғалары қайыса шын қайғырғанын, бала-шағаның ботадай боздағанын толқи отырып әңгімелер еді кейінгілер.

Пайдаланған әдебиет:

Руслан Ақмағанбет «Құт». Алматы. «Қазына» баспасы.