Бүгін Бауыржан Момышұлының туған күні
24.12.2020 3363

24 желтоқсан Совет одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні. Ол 1910 жылы қазіргі Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Қазақ тарихында стратег, батыр ретінде ғана емес, жазушылығымен де, жан адамға ұқсамайтын турашыл, өзгеше мінезімен, адами болмысымен де белгі қалдырған ұлы тұлғаға қатысты маңызды деген бірнеше деректер ұсынамыз.


Бауыржан Момышұлы Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. 1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған. 

Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар. 

Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат»атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген. 

Қазақстанда Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған мерей тойы республика көлемінде кеңінен аталып өтілуде. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы, оның туған жерінде үстіміздегі жылдың 24-25 қыркүйек күндері аталып өтті. 24 қыркүйекте Тараз қаласында Бауыржан Момышұлының сан қырын сипаттайтын конференция ашылып, Тараз қаласындағы саябақта батыр атына мемориалдық тақта орнатылды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлының үлкен мұражайы ашылды. Даңқты батырдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Бауыржан Момышұлының 30 томдық академиялық шығармалары 2010 жылдың 22 қыркүйегінде «Өнер» баспасынан толығымен жарық көрді. 

2010 жылдың 29 қазанында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапхананың «Көгілдір» залында тұңғыш рет Астанада қазақ халқының ұлы перзенті Бауыржан Момышұлына арналған «Қазақтың Бауыржаны» деректі фильмінің көрсетілімі болып өтті. Фильмді «Қазақфильм» студиясы түсірген, режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы киномотографистер Одағының мүшесі, кинодокументалист Қалила Омаров, сценариін жазған - Елшат Ескендір.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Дүниежүзілік екінші соғыста екі қазақ қана дивизия басқарған. Оның біріншісі Бауыржан Момышұлы болса, екіншісі Әбілқайыр Баймолдин болған екен.