Кеңестік Қазақстандағы әлеуметтік және этникалық қақтығыстар тарихынан: Тыңдағы қақтығыстар
21.09.2020 2964
1954 жылы Кеңестер одағында басталған тың және тыңайған жерлерді игеру барысында Қазақстанға 2 миллионнан астам тың игерушілер келді. Тың игеру аймағына аз уақытта көп халықтың көшіп келуі жергілікті халықтардың наразылығын туғызды. 

1954-1960 жылдары КСРО-да болған 24 ашық этникалық қақтығыстың 20-сы Қазақстанда болған еді. 24 қақтығыстың 13-інде шешен-ингуштар орыстармен қақтығысса, 3-інде осетин және аварлармен соқтығысты. КСРО-да болған этникалық қақтығыстарға орыстардан (19 қақтығыс орыстардың қатысуымен) кейін ең көп қатысқан шешен-ингуш халықтары (16 қақтығыс) болды.

Өз жерінен депортацияланып, арнайы қоныстарда қорлық сезімін басынан кешірген шешен-ингуштарда империяға қарсы көңіл-күй ерекше жоғары болатын. 1954 жылға дейін И.В. Сталиннің ойы бойынша депортацияланған халықтар мәңгі-бақи сол жерлерде қалуы тиіс еді. Н.С. Хрущевтің билікке келуінен кейін жазаланған халықтарға қатысты бірқатар оң шаралар жүзеге асырыла бастады. 1954 жылы 5 шілдеде 16 жасқа дейінгі шешен-ингуш балаларына қатысты әкімшілік шектеулер алынып тасталды. Жастар еркін тыныстай бастады. 1955 жылы 10 наурызда шешен-ингуштар мен қарашайлар, сондай-ақ, арнайы қоныстарда тұратын барлық халықтар, паспорт алуға құқық алды. Ал 1955 жылы 9 мамырда КОКП ОК Президиумының қаулысы бойынша КОКП мүшесі болып табылатын шешен-ингуштарға қатысты шектеулер жойылды. Осындай жағдайда, Қазақстанға көшіп келіп жатқан «мәдениет әкелуші» славян тектес халықтардың қысымына шешен-ингуштар ашық қарсы шықты.

1954 жылы желтоқсанда Ақмола облысының Елизаветинка ауылында орыстар мен шешен-ингуш халықтары арасында жаппай төбелес орын алды. Қақтығысқа механизация мектебі оқушыларының шешен-ингуштарды «сатқындар мен отанын айырбастағандар» деп саяси тұрғыдан айыптауы себеп болады. Осы оқидан басқа мұндай мазмұндағы қақтығыстар Қазақстанда орын алған жоқ.

1955 жылы мамырда Павлодар облысының Екібастұз қаласынждағы көмір кенінде жұмыс істейтін, бұрын қылмысы үшін сотталған орыс жұмысшылары мен арнайы қоныстанушы шешендер арасында басталған төбелес соңы мастардың шешендерді жаппай соққыға жығуына алып келген. Ішіп алған орыс бұзақылары шабуылдан қорғану үшін милиция ғимаратына барып тығылған шешендерді ұру үшін ғимаратқа шабуыл жасады.

1956 жылы 16 шілдеде КСРО ЖК Президиумы шешен, ингуш, қарашай арнайы қоныстары бойынша шектеулерді алып тастап, олардың отбасы мүшелерінің еркін жүріп-тұруына рұқсат берді. Олар енді арнайы комендатураларға барып, белгіленіп отырудан босады. Әкімш. бақылаудың жойылуынан кейін бұрынғы арнайы қоныс тұрғындарында тарихи отанына оралуға деген ұмтылыс күшейе түсті. Шешен-ингуш автономиясының қалпына келтірілуі және вайнах репатриациясы барысында 1959 жылдың көктеміне қарай Қазақстанда шешен-ингуштардың аз ғана бөлігі қалды. Олардың көпшілігі Қазақстанда қалуды жөн көргендер еді.

Тың өлкесіндегі ең ірі әрі қайғылы қақтығыстардың бірі – 1960 жылы 31 шілдеде Қостанай облысының Жетіқара қаласында болған ингуш қырғыны еді. Оқиға қарапайым төбелестен басталған. Әскерден кейін тыңға жаңа келіп, жүргізуші курсында оқып жүрген матростар мен Жетіқарада тұратын өте бай ингуш Сагадаев (фамилиясы өзгертілген) отбасының мүшелері арасында басталған төбелес аса үлкен қақтығысқа ұласып, тұтас бір ингуш отбасының қырғын табуына алып келеді.

Көпбалалы (14 балалы) Сагадаев отбасында 3 буын өкілдері бірге тұрды. Отбасы қожайыны – 58 жастағы зейнеткер болса, екі ұлы тіс технигі болып жұмыс істейді. Бірі ауруханада жұмыс істесе, екіншісі өз үйінде істейді. Басқа екі ұлы тұрақты кіріс пен қосымша табыс көзі болып есептелетін жұмыс – көлік жүргізушісі болады. Сагадаевтар отбасы су жаңа екі «Победа» автокөлігін сатып алады. Үйлерінде қымбат тұратын көптеген мата, үлкен мөлшерде бидай, сондай-ақ, сол кезде табыла бермейтін және қажетті заттар сақталыпты. Мысалы, 138 дана темірден жасалған шатыр жабыны есігінің алдында жинаулы болған. Мұндай заттар ол кезде сатып алуға табыла бермейтін, оларға қол жеткізу үшін «өмір сүре білу» қажет еді. Ағайынды жүргізушілердің бірі осы оқиға алдында 2800 кг. бидай ұрлады деген күдікке ілінді. Бірақ, оқиға кезінде қаза тапқандықтан, қылмыстық іс қозғалмады. Мұндай байларды кеңес халқы жек көретін.


Жергілікті милицияның мәліметтеріне қарағанда, Сагадаевтың ұлдары өздерін «өмірдің қожайындары» ретінде сезінген. Осы оқиғадан біраз уақыт бұрын болған би кештерінің бірінде ингуштар әскерден келген матростардың бірін соққыға жығады. Оқиға болған 31 шілдеде Әскери-теңіз флоты күнінің құрметіне әскерден кейін тыңға келген матростар түгел ішімдік ішіп, қызық іздеп қала көшелерін аралап жүреді. Сағат 15.00 шамасында қала орталығына келген үш теңізші жүк көлігінің жанында тұрған жүргізуші Сагадаевтың бірі мен оның татар досын (олар да мас болады) көреді. Алдыңғы реніштері еске түскен теңізшілердің бірі татарға барып соқтығысады, жауап қайтарған ол теңізшіні ұрып мұрнын сындырады. Өтіп бара жатқан үш адам олардың төбелесіне кедергі келтіріп, ажыратып жібереді. Сагадаев жолдасымен бірге көлігіне мініп кетіп қалады. Ал қалған теңізшілер жаңа қарсыластармен төбелеске кіріседі. Оқиға орнына милиция келіп, мұрны сынған теңізшіні ауруханаға жібереді. Төбелес жайлы естіген оның достары (15-20 адам) мұрын сындырған үштікті іздеуге кіріседі. Тыңға жаңа келген олар Сагадаевтардың үйін білмейтін. Уақыт өте келе іздеушілердің қатары жылдам көбейе бастайды. Оқиғаның беталысынан сескенген милиция қайшылықты жою үшін Сагадаев пен оның досын «түсінік алу үшін» ұстамақшы болады.

Милиция Сагадаевтартың үйіне келіп, оларды ауладан шығармақшы болған кезде бұл жерге келіп жеткен теңізшілер жүгіріп келіп, ұсталғандарды ұра бастайды. Олар милицияның көмегімен сытылып шығып, үйге тығылады. Осы уақытта үлкен үй маңына жиналған жергілікті тұрғындар тобынан (500-ден 1000-ға дейін) Сагадаевтарды талқандауға шақырған үндеулер естіле бастайды. Ызаланған топ үйге шабуыл бастап, терезеге тас жаудырады. Сагадаевтарда екі кіші калибрлы винтовка мен үш аңшы мылтығы бар болып шығады. Сагадаевтар теңізшілерді көздеп оқ ата бастайды. Нәтижесінде 15 адам жарақат алады (1 адам ауруханада қайтыс болады).

Біраз уақыттан соң үйге жүк көлігі келеді де, көліктің темір қорабын қалқан қылған шабуылдаушылар үйге жақын келіп, үйді өртейді. Үйден шыққан үлкен Сагадаевты өлтіреді. Сагадаевтардың бір автомашинасы мен оларға қонаққа келген адамның мотоциклы жанып кетеді. Осыдан соң Сагадаевтар үйді тастап шығып, машинаға отырып қашады. Үйге басып кірген топ үйдегі барлық заттар мен мүлікті отқа лақтырып, өртей бастайды. Қала сыртына қарай қашқан Сагадаевтардың артынан 3 жүк көлігіне мінген жергілікті тұрғындар мен матростар қуады. Оларға ілесіп екі ГАЗ-69 көлігіне мінген милиция қызметкерлері арттарынан қуады.

Арттарынан шыққан қуғыншыларды көрген Сагадиевтар қалаға қайта оралып, милиция бөліміне қашып кіріп, бөлім бастығының кабинетіне тығылады. Милиция бөлімін қоршаған топ (400-500 адам) терезелерді сындырып, Сагадаевтарды беруді талап ете бастайды. Мұны көрген Сагадиевтар тағы да оқ жаудырады. Ақыры, ызалы топ милиция бөлімін басып алып, бастықтың кабинетіне тығылған Сагадаевтарды түгел қатыгездікпен өлтіреді. Бұл қақтығысқа этносаралық қайшылық қана емес, әлеуметтік әділетсіздік туғызған қатыгездік те тән еді.

Міне, тың игеру жылдары болған осындай әлеуметтік және этникалық қақтығыстар бүгінгі таңда біздерге там-тұмдаған мәліметтер арқылы белгілі болып отыр. Мұның барлығын алдағы уақытта кешенді түрде зерттеп, оқиғалардың ақ-қарасын ажыратып, олардың туындау себептері мен алғышарттарын анықтау және мұндай қақтығыстардың алдын-алу жөнінде нақты практикалық ұсыныстар беру – қазақ тарихшыларының міндеті болмақ.

(Жалғасы бар)

Сәбит Шілдебай,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының

бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты