Қазақстандағы металлургия саласының дамуы: кешегісі мен бүгіні
Бөлісу
20.07.20251783
Бүгін Қазақстанда Металлургтер күні атап өтіледі. Жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде металл өндірумен және оны өңдеумен айналысатын адамдар өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Атаулы мереке қарсаңында e-history.kz порталы еліміздегі металлургия саласының дамуы мен пайдалы қазбалары туралы танымдық зерттеу мақала ұсынады.
Метталлургтер күні - болат балқытушылар, құюшылар, домна пештерінің мамандары, ұсталар, қалыптаушылар, прокатшылар сияқты металл өндірісіне қатысы бар маман иелері ұлықталады. Сондай-ақ металлургия саласындағы ғылыми-зерттеу орталықтарының қызметкерлері, кен өндіруші кеншілер мен металлургия кәсіпорындарында еңбек ететін барлық азаматтар да осы мерекені тойлайды.
Қазақстанда Металлург күні 2003 жылы Президент Жарлығымен бекітілген. Ел тарихи дәстүрді сақтай отырып, кәсіби мерекені шілденің үшінші жексенбісінде атап өтуді жалғастырды. Алғаш рет 1957 жылы 28 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен бекітілген бұл мереке металды кеннен алумен, оның химиялық құрамын, құрылымы мен қасиетін өзгертумен, түрлі қорытпалар алумен айналысатын барлық сала мамандарына арналған болатын. Осы күні КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі ел экономикасын қалпына келтіруге үлес қосқан металлургтердің еңбегін мойындады. Бұл дәстүр Тәуелсіз Қазақстанда да жалғасын тапты.
Қазақстандағы металлургия саласының тарихы да дәл осы кезеңнен бастау алады. 1960 жылы Теміртау металлургия комбинаты алғашқы шойынын өндірді. Бүгінде Қазақстан металлургиясы ел экономикасының негізгі әрі перспективалы салаларының бірі болып табылады. Республика қуатты шикізат базасына ие, дамыған кен байыту және металлургия кәсіпорындарының желісімен бірге Қазақстанды әлемдегі тау-кен өндірісі бойынша көшбасшы 15 елдің қатарына қосуға мүмкіндік берді.
Бұл күні металлургия саласының қызметкерлері өз кәсіпорындарының басшыларынан, билік өкілдерінен және еңбек жолын осы салада бастаған ел Президентінен құттықтаулар қабылдайды.
Қазақстанның металлургия орталықтарына айналған көптеген қалаларда мерекеге орай концерттер, мерекелік іс-шаралар өткізіліп, эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпорындарда еңбек озаттарына, ардагерлерге төсбелгілер, құрмет грамоталары мен дипломдар тапсырылады.
Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі – металлургия өнеркәсібі. Ел әлемдік металлургия нарығындағы жетекші елдердің қатарында. Қазақстандық металлургиялық зауыттар ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, түрлі металдарды экспортқа шығарып, халықаралық нарықта сұранысқа ие болып отыр.
Тарихи шолу
Қазақстандағы металлургия өнеркәсібінің тарихы XX ғасырдың басынан бастау алады. Негізінен кеңестік кезеңде қарқынды дамып, ірі металлургиялық комбинаттар мен өндірістік кешендер пайда болды. Кеңес өкіметі кезеңінде Қазақстанның жер қойнауынан Менделеев кестесіндегі элементтердің басым бөлігі табылып, игерілді. 1990-жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде саланың дамуы уақытша тежелгенімен, тез арада сыртқы нарыққа бағытталған жаңа технологиялар енгізіліп, металлургиялық кәсіпорындар қайта жанданды.
Қазіргі жағдайы
Бүгінде металлургия Қазақстан экономикасының көшбасшы саласы саналады. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы мәлімет бойынша, металлургия елдегі жалпы өнеркәсіп өндірісінің 45,9,%-ын, ал өңдеуші өнеркәсіптің 47%-ын құрады. Қазақстан металл ресурстары бойынша әлемде жетекші орындарға ие: Хром қоры бойынша әлемде 1-орынға ие (әлемдік қордың 41%-ы), Темір қоры бойынша әлемдік қордың шамамен 1,5%-ына иелік етеді, Мырыш қорының 5,6%-ын, Қорғасынның 2,4%-ын, Марганецтің 0,7%-ын иеленеді.
Қара металлургия
Қазақстанның қара металлургиясы – кен өндіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді қамтитын дамыған сала. Оның құрамына кен өндіру, металлургиялық өндіріс, ферроқорытпа өндірісі, отқа төзімді материалдар өндірісі, металл сынықтарын өңдеу кіреді. Бұл салада Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе және Павлодар облыстары көш бастап тұр. Маңызды кәсіпорындар:
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – елдегі алғашқы қара металлургия кәсіпорны;
Қарағанды металлургиялық комбинаты – ең ірі сталелитейлік кәсіпорын;
«Қазотқатөзімді» – алюмосиликат негізіндегі отқа төзімді материалдар өндіретін жетекші зауыт;
Ақсу ферроқорытпа зауыты – әлемдегі ірі ферроқорытпа өндірушілердің бірі;
«Қазвторчермет» – Орталық Азиядағы ең ірі металл сынықтарын өңдеу кәсіпорны. Өнімдері Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ сияқты елдерге экспортталады.
Түсті металлургия
Елімізде қара металлургиямен қатар түсті металлургия да жақсы дамыған. Қазақстан ішкі нарықты қамтамасыз етумен шектелмей, мыс, алюминий, мырыш, қорғасын сияқты түсті металдарды экспортқа шығарады. Сонымен қатар, республика титан, магний, марганец, вольфрам секілді сирек кездесетін металдар, сондай-ақ алтын мен күміс өндіреді.
Қорғасын өндіру полиметалды, қорғасын-мырышты және таза қорғасын кен орындарында жүзеге асырылады. Бұл металл әскери өнеркәсіпте, медицинада және машина жасау саласында кеңінен қолданылады. Қазақстандағы қорғасын мен мырыштың негізгі кен орындары Рудный Алтайда, Оңтүстік және Орталық Қазақстанда орналасқан.
Мыс ауыр өнеркәсіпте, машина жасауда, электр желілерінің құрылысында, компьютер мен теледидар өндірісінде және өзге де салаларда қолданылады. Мыс кеніштері негізінен елдің орталық және солтүстік-шығыс өңірлерінде шоғырланған.
Мырыш басқа бағалы металдарды коррозиядан қорғауға және батарея, аккумулятор жасауға пайдаланылады. Оның кен орындары да еліміздің түрлі аймақтарында кездеседі.
Бағалы металдардан күміс пен алтын, сондай-ақ осмий, палладий, иридий, родий секілді платина тобының металдары Қазақстанда мол. Алтын мен күміс өндірісі республиканың солтүстік, оңтүстік, орталық және солтүстік-шығыс аймақтарында жолға қойылған.
Бағалы металдарды өндіру мен өңдеу – Қазақстанның алтын-валюта қорын толықтыратын негізгі көздердің бірі. Әлемде алтынның құндылығы аса жоғары болғандықтан, ел осы металлды өндіруге барынша күш салуда.
Қазақстан түсті металлургиясы минералдық шикізат қорына бай, толық өндірістік циклге ие маңызды сала. Көрнекті кәсіпорындар қатарына «Қазақмыс» корпорациясы – мыс өндірісінде жетекші орынға ие, «Қазцинк» – мырыш, қорғасын, мыс және бағалы металдарды өндіретін ірі компания, «Қазақстан алюминийі» – глинозем шығаратын жалғыз кәсіпорын, Қазақстан электролиз зауыты – бастапқы алюминийді өндіретін бірегей зауыт, Өскемен титан-магний комбинаты – авиация өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын титан және магний шығарады. Өнімдері Нидерланд, Түркия, Италия, Украина, Қытай, Германия сияқты елдерге экспортқа шығады.
Даму келешегі
Металлургия саласының болашағы жарқын. Саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өндірістік базаны заманауи технологиялармен жабдықтау, жаңа кен орындарын игеру қажет. Қазақстанның тиімді географиялық орналасуы, бай минералды-шикізат қоры металлургия саласына отандық және шетелдік инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Әлемдік нарықта Қазақстан металлургиясының алар орны ерекше және оның болашақта дамуы ел экономикасына үлкен үлес қосары сөзсіз.
Пайдалы қазбаларды байыту – Қазақстан металлургиясының маңызды қадамы
Қазақстанның металлургия саласы ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі екені белгілі. Осы орайда, пайдалы қазбаларды байыту үдерісі саланың іргетасы ретінде қарастырылады. Қатты минералды шикізатты бастапқы өңдеп, олардан металлургиялық және химиялық өнеркәсіп үшін қажетті концентраттарды алудың кешенді технологиялық тізбегі – елдегі тау-кен және металлургия кешенінің дамуында ерекше орын алады.
Байыту үдерісінің ерекшелігі – минералдардың химиялық құрамы мен физикалық күйін өзгертпей, тек оларды бір-бірінен ажыратуға негізделгендігінде. Қазіргі заманғы байыту технологиялары гидрометаллургиямен, химиялық өңдеумен интеграцияланып, күрделі кешенді өндірістік циклдерді құрайды.
Табиғи кен құрамында пайдалы элементтердің мөлшері аз болатындықтан, оларды тікелей қолдану техникалық тұрғыда мүмкін емес немесе экономикалық тұрғыда тиімсіз келеді. Мысалы, қорғасын кеніндегі пайдалы заттың мөлшері 1,5%-дан аспайды, бірақ металлургиялық балқыту процестері үшін кемінде 30-70%-ға дейін арттыру қажет. Сондықтан байыту процесі арқылы концентраттарды алу – металлургия өнеркәсібінің тиімді жұмыс істеуінің негізгі алғышарты.
Пайдалы қазбаларды байыту кезінде келесі негізгі процестер жүреді:
Ұсақтау және ұнтақтау: минералдардың өлшемдерін реттеу және жекелеген минерал түйірлерін ажырату.
Классификациялау: минералдық бөлшектерді көлемдері бойынша іріктеу.
Гравитациялық, флотациялық, магниттік және электрлік сепарация әдістері арқылы минералдарды физикалық-химиялық ерекшеліктеріне байланысты бөлу.
Соңғы жылдары байыту технологиялары біршама жаңғырып, жаңа үрдістермен толықтырылуда. Заманауи әдістер өндірістік өнімділікті арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға зиянды әсерді де төмендетуге мүмкіндік береді. Мысалы, өндірісте судың тұйық айналым жүйелерін пайдалану, құрғақ әдістерді дамыту – саладағы экологиялық қауіпсіздікті арттырудың негізгі бағыттары.
Қазақстанда металлургия саласының дамуы пайдалы қазбаларды байытумен тығыз байланысты. Елде полиметалл, мыс, қорғасын, мырыш, сирек металдар сияқты көптеген минералдарды өңдейтін қуатты кәсіпорындар жұмыс істейді. Олар металлургиялық өнеркәсіптің негізгі шикізат базасын қамтамасыз етіп отыр.
Пайдалы қазбаларды байыту тарихы ежелгі замандардан бастау алғанымен, Қазақстанда кең көлемді дамуы XX ғасырдың ортасында қарқын алды. Бүгінде бұл сала заманауи технологияларды енгізу арқылы әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті, экономикалық тұрғыдан тиімді саланың бірі болып табылады.
Металлургтер күнінде пайдалы қазбаларды байыту саласындағы еңбеккерлердің зор еңбегі мен қажырлы қызметін ерекше атап өту маңызды. Олар елдің экономикалық әлеуетін нығайтып, металлургия өнеркәсібінің жоғары деңгейде дамуына қомақты үлес қосып келеді. Сондықтан да, бұл саладағы әрбір жетістік – металлургия мамандарының қажырлы еңбегі мен шеберлігінің жемісі.