Аймен өлшенген ата-баба күнтізбесі

Бөлісу

Аймен өлшенген ата-баба күнтізбесі
21.07.2025 854

Хижра немесе мұсылманша жыл санау осыдан 1376 жыл бұрын (григориан есебі бойынша) басталған. Яғни, ғаламның рахым нұры Мұхамед пайғамбардың (с.ғ.с.) Мекке қаласынан Мединеге хижрат (көшуіне) етуіне байланысты, ислам дүниесінің жаңа дәуірі, жаңаша жыл санауы басталды. Милади есебінің 638 жылы (хижра есебі бойынша 17-ші жыл) халиф Омар ибн әл-Хаттаб мемлекеттік уақыт санауды заңдастырды. Осылай мұсылманша жыл санаудың басы ретінде  622 жылдың 16 шілде жұма күні белгіленді.


Содан бері ислам дінін ұстанған елдер осы жыл санауды қабылдаған. Өйткені, бұл жай ғана қарапайым күнтізбелік есеп емес, Құран аяттарымен бекітілген, сахих хадистерде айтылған дүние. Құран аяттарында күн санауды «Айдың» өлшемімен жүргізу үкім етілген. Мысалы, «Тәубе» сүресінің 36 аятында: «Расында, Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың кітабындағы айлардың саны он екі»- делінген. Сондай-ақ имам Бұхаридің хадис жинағында: сахаба Зайд ибн Амрден естіп, Абдулла ибн Омар руаяат еткен хадисте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айды 29 немесе 30 күнмен өлшеп есептеген дұрыс дегені айтылады. Сол сияқты, Рамазан айының үкімінде жаңа туған айды көрсең 29 күн, көрмей қалсаң 30 күн ораза ұстау туралы да тоқтамды үкім бар.

Осыдан біз мұсылман жыл санауы  Ай фазаларының  өзгерісіне икемделгенін байқаймыз. Ай есебіне негіздеп мұсылман ғалымдары жыл санаудың жаңа үлгісін дүниеге әкелді. Исламнан бұрын арабтарда бір ширегі 24 жылдан тұратын  күнтізбе болған. Оның 15 жылы  12 айдан, 9 жылы 13 айдан тұрған. Кейін Мұхамед пайғамбар (с.ғ.с.) осыны өзгертіп Құран аяттарында айтылғандай жаңа жыл санауды ұсынған. 

Мұсылман жыл санауы бойынша әрбір 30 жылдың 11-і 355 күннен, қалған 19-ы 354 күннен тұрады. Сонда хижра жылының ұзақтығы (354х19+355х11)/30/ 354,37 тәулік болады, яғни   григориан  санатынан 11 күнге  кем. Сондықтан да хижраның  34 жылы, григорианның 33 жылына тең. 

Осы 11 күндік айырмаға байланысты мұсылманша жыл санаудың «жаңа жылы» жыл сайын өзгеріп отырады. Мысалы, 2007 жылы мұсылманша жылдың басы тура қаңтардың 1-не сәйкес келген болса, биыл 10 қаңтарға және жылдың соңы желтоқсанның 29-на сәйкес келіп тұр.

Сөйте тұра, мұсылман календары өзінің уақыт өлшеудегі аса жоғары дәлдігімен  ерекшеленеді. 30 жылда  0,012 тәулікке ғана ауытқып отырады. Яғни  2500 жыл өткенде  жыл басы 1 күнге ғана  жылжиды деген сөз.

Осындай мұсылманша жыл санауды ислам дінін қабылдағаннан кейін біздің бабаларымызда қолданған. Әрі бұл жыл санау «Ай» жүйесі арқылы тәулікті есептейтін түркі халықтарына сіңісті болды. Мысалы, М.Қашғаридың сөздігінде, Тоқтамыс ханның жарлықтарында, Қадырғали Жалайыри бидің шежіресінде тек мұсылманша ай аттары  (жұмада әлаууел, рабби әл-аууел, ражаб, рамазан, сафар, зұлқыжа т.б.) айтылады. Қадырғали бидің айтуынша, түркілер екі түрлі күнқайыру жүйесін қолданған. Бірінші –арабша ай есебі, екінші –жұлдыз есебі. 

Хижра жылының ай есебі – Туар айы немесе синодтық ай есебінің негізінде жасалған. Бір айы – 29 тәулік 12 сағат 44 минут 3,0 секундқа тең. Әр айдың басы орақ мүсіндес жаңа туған айдың көрінген сәтінен басталады. Бұл құбылысты тұрақтандыру үшін хижра айлары – 29 немесе 30 тәулік болып, алмасып отырады. Сол себепті, хижра жылында – 354 тәулік жай жылдар және 355 тәулік кісебе жылдары болып бөлінеді. Биылғы өтіп бара жатқан хижраның 1429-шы жылы кісібе жылдың есебінде. 

Бұл біздің қолданып жүрген күнтізбеден (бір жылы 365 немесе 366 тәуліктен тұратын) 10-11, кейбір жылдары 12 тәулікке қысқарады. Сондықтан да, биылғы 2008 жылы жоғарыда атап өткеніміздей хижраның қос жылы (1429 және 1430 жж) қатар келіп тұр.

Хижра жылының ай аттары

Бірінші ай Мұхарам деп аталады. Қазақша «тиым салынған, қасиетті» деген мағынаны білдіреді. Ислам сүннеті бойынша бұл айда соғыс немесе әскери жорықтарға шығуға тиым салынады. Бұл ай қасиетті ай есебінде.

Екінші ай Сафар деп аталады. Қазақша мағынасы «сары» деген ұғымға сай келеді. Өте ертеде дәл осы ай туатын мезгілде көшпелі арабтар мекенінде климаттық ауа алмасу салдарынан адамдардың тұла бойына сары сулы жара қаптайтын болған. Сол себепті бұл айдың атауын «сары» қаптайтын ай немесе «сары» ай деп атап кеткен.

Көктемнің екі айын Рәбиьул әууал және Рәбиьул әс-сани деп атаған. Бұлар «көктем айлары» деген түсінік береді. Ислам діні орнықпай тұрған ерте кезде арабтар бұл екі айды «күз айлары» деп атаған. Кейінгі хижра есебі көктем айына ауыстырған.

Келесі кезекте көне арабтың «жамада» деген сөзінен шыққан Жамадил улә және Жамадил әхир атты айлар бар. Жамада сөзінің қазақша мағынасы «қатып қалған» деген ұғымға сәйкес. Мағынасы айтып тұрғандай бұлар қыс айлары болып есептеледі.

Бұлардан кейін «соғыстан тиылу немесе жорыққа шықпау» дейтін ұғымды білдіретін және осы ұғымға сай әрекет етуге бұйырылған Ражаб (Ережеп айы), жорық, шапқыншылық жасауға ұлықсат етілген Шаьбан (қазақша «көбею» деген ұғымға сай) айы, барлық мұсылмандар қасиет тұтатын, күллі күнәні күйдіретін  Рамазан айы, қазақша «көтеру, тасу» ұғымын беретін Шәууәл айы, «үйде отыру» дегенді білдіретін Зуль каьда айы, исламдағы бес парыздың бірі «қажылықты» өтейтін Зул хужжа айымен жыл аяқталады. 

Жыл басы  Мұхарам айы

Мұсылмандарда «Жаңа жылды» қарсы алу, тойлау туралы ұғым жоқ. Өйткені, ондай шариғат Құран мен хадисте үкім етілмеген. Бірақ «Құрбан айт» және «Ораза айт» мейрамдарын құрмет тұту жайында мұсылмандар арасында ортақ келісім бар. Сол сияқты ислам дінін ұстанған халықтар арасында кең тараған «Ашура күні», «Мәуліт ән-Нәби», «Рағайб түні», «Миғраж түні», «Бараат түні», «Қадір түні», «Арафа күні» сияқты құлшылық істейтін атаулы күндер мен түндер баршылық. Бірақ бұл барлық мұсылмандарға тән емес. Қабылдау немесе қабылдамау әркімнің өз еркі.

Мұсылманша жылдың басы – Мүхаррам айынан басталады деп жоғырда айттық. Осы айдың бірінші күні қасиетті «Ашура күні». Ашура – дегеніміз арабша «он күндік» деген ұғымды білдіреді. «Мүхаррам айының 10 күні» деген сөз. 

Осы «Ашура» күндерінің қасиетіне тоқталар болсақ, осы күні  жер жаратылған, Нұқ пайғамбардың кемесі жерге тірелген, Адам пайғамбардың тәубасы қабыл болған, Жүніс пайғамбар балықтың ішінен құтқарылған т.б. қасиеттері жетерлік. 

Бұл күндері мұсылманшылықтан үлесі бар пенде баласы құлшылық жасайды. Аллаһтан тілеген дұғасының қабыл болуына үміт етеді. Өткен және алдағы күнәларына кешірім тілейді.

Григориан һәм хижра бойынша жыл қайыру есебі

Өткен тарихымызды біліп, болған оқиғалардың уақытын нақтылап, көне қолжазбаларды зерттеумен айналысатын адамдар үшін «Хижра» жыл есебін,  қазіргі біз қолданып жүрген  «Григориан» жыл есебіне айналдыру тәсілін білу өте қажет. Мысалы, Әбу Райхан Беруни хижраның 363 жылы туған делік. Осыны бүгінгі жыл санауға айналдырайық. Ол үшін хижра жылын 33-ке (бұл екі жыл есебінің айырмасы) бөлу керек. Содан шыққан санды хижра жылынан алып таста да, жаңа санға 622 санын (хижра жылының басы) қос. 

Нәтижесі:

а)  362: 33 = 11,       

б)  362 – 11 = 351,     

в)  351 + 622 = 973 жыл.

Әбу Райхан біздің жыл санауымыз бойынша 973 жылы туған екен.

Ж = X – (X : 33) + 622

Енді «Григориан» жыл есебін «Хижраға» айналдырып көрейік:

Мысалы, сіз 1965 жылы туғансыз. Ол үшін:

а) 1965 – 622  = 1343

б) 1343 : 33  = 42

 в) 1343 + 42 =  1385 хижра жылы

Ескерту: санды 33-ке бөлгенде нәтиже қалдықпен шықса, қалдық 17 санынан көп болса, нәтиже бүтін санға айналдырылады. Қалдық 16 санынан аз болса тек бүтін бөлігі алынады.

Бөлісу