Ұшқын Сәйдірахман: журналистер қайраткерліктен қашықтап, журналистика жалаң кәсіпке айналып барады
Ұшқын Сәйдірахман: журналистер қайраткерліктен қашықтап, журналистика жалаң кәсіпке айналып барады
27.06.2025 4066

Журналистика – қоғам тынысын таспалап, дәуір бейнесін бедерлейтін замана шежіресі. Сол шежіре қалай жазылып жатыр? Бүгінгі қазақ журналистикасы қай деңгейде? Миссиясы қандай, мәселесі не? Осы сауалдарға жауап іздеп, біз он бес жылдан бері журналистика мәселелерін зерттеп келе жатқан белгілі ғалым, қазақ баспасөзінің тарихына бойлаған зерттеуші Ұшқын Сәйдірахманмен сұхбаттастық. Әңгіме барысында Алаш кезеңіндегі ұлттық баспасөз, қазақ публицистикасының кәсіби негіздері, бүгінгі журналистиканың бағыт-бағдары, медиа тіліндегі дағдарыс пен ұлттық ақпараттық қауіпсіздік сынды өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды.


«Ұлттық баспасөз – ұлттың өзін-өзі тану жолындағы рухани күресінің көрінісі»

– Сіз қазақ журналистикасының тарихын зерттеген маман болғандықтан әңгімеміздің әлқиссасын ұлттық баспасөзден бастағанды жөн көріп отырмын. Жалпы ұлттық баспасөзді қалай түсіну керек? Ол ұлт санасы мен мемлекеттілік идеясының қалыптасуына қалай әсер етті?

– Ұлттық баспасөз – қазақ газет-журналдарының жай жинақ атауы емес, ол ұлттың өзін-өзі тану, елдік сананы ояту жолындағы рухани күресінің көрінісі. Қазақтың ұлттық баспасөзі отарлық қысым жағдайында дүниеге келді. Оның ар жағында ғасырлар бойы қордаланған арман, тілек, бұлқыныс жатыр. Сондықтан ол бір сәтте пайда бола салған құбылыс емес, ұлттық оянудың заңды нәтижесі.

Баспасөздің ұлттың дамуына қосқан шынайы үлесін біз Алаш кезеңінен анық көреміз. Бұл кезең – қазақ баспасөзінің ең шоқтығы биік тұсы. Себебі Алаш қайраткерлері газет-журналды тек ақпарат тарататын құрал деп емес, ұлтты ұйыстыратын мінбер, қоғамдық ойды қозғайтын алаң деп ұғынды. «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» сияқты басылымдар – осы идеяның тікелей туындысы. Алаш идеясының саяси, құқықтық және мәдени тұғырнамасы осы газет-журналдар арқылы кең тарады.

– Қазақ баспасөзінің бастауы ретінде аталатын «Түркістан уалаятының газеті» ұлттық баспасөз ұғымына толық сай келе ме?

– Бұл жерде басын ашып алатын бір ұғым бар: «Қазақ тіліндегі тұңғыш басылым» және «ұлттық баспасөздің бастауы». Екеуі екі бөлек түсінік. Иә, 1870 жылы Ташкентте жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті» – қазақ тіліндегі алғашқы ресми газет. Бірақ бұл басылым ұлттық баспасөздің өзегі бола алмайды. Себебі оның басты мақсаты – патша үкіметінің саясатын насихаттау, губернатордың бұйрық-жарлықтарын елге жеткізу болды. Нағыз ұлттық баспасөз – елдің жоғын жоқтап, болашағын бағдарлайтын мінбер болуы тиіс. Мұндай сипат 1907 жылы бір-ақ саны жарық көрген «Серке» газетінде байқалды. Одан кейін 1911 жылы шыққан «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газеті ұлттық мүддеге қозғау салды. Ал 1913 жылы жарық көрген «Қазақ» газеті – тұңғыш жалпыұлттық саяси басылым ретінде ел санасына ықпал етіп, ұлттық баспасөздің алтын арқауына айналды.

– Қазақ тіліндегі алғашқы газет пен ұлттық баспасөз арасындағы қырық жылға таяу үзілістің тарихи-саяси себептері қандай?

– Иә, бұл – ұзақ та күрделі жол. 1905 жылы Қарқаралы мен Оралда қабылданған құзырхаттарда қазақ оқығандары ең алдымен дербес баспасөз қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Олар баспасөзсіз – саяси, мәдени серпіліс болмайтынын анық білді. Осы талаптың нәтижесінде 1907 жылы «Серке» мен «Қазақ газеті» жарық көрді. Бірақ екеуі де шыққан бетте бірден жабылды. Әйтсе де Алаш зиялыларының бұл сәтсіздіктен сағы сынып, рухы жасыған жоқ. Керісінше, табандылықпен күресіп, ұлттық баспасөз легін қалыптастыру жолында қайраттана түсті. Оның шарықтау шегі – 1913 жылы 2 ақпанда жарық көрген «Қазақ» газеті. Бұл басылым Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген әйгілі сөзімен өзінің тарихи миссиясын анық көрсетіп берді. «Қазақтың» ізін жалғап, артынан «Сарыарқа» туды.  Бүгінде 2 ақпанның «Ұлттық басылым күні» деп белгіленуі де осы «Қазақ» газетіне көрсетілген құрметтің бір белгісі.

«Алаш басылымдары – ұлттық жаңғыру жобасының рухани платформасы»

– Сіз атап өткен «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа» басылымдарының әрқайсының миссиясы не? Оларды біріктіретін ортақ өзек бар ма?

– Бұл үш басылым да ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының ұлттық жаңғыру жобасын жүзеге асырған ірі рухани платформалар. «Айқап» – білім мен мәдениетке, әйел теңдігі мен оқу-ағартуға басымдық берді. Ұлттың рухани әлеуетін көтеруге қызмет етті. «Қазақ» – Алаш идеясының теориялық тұғырнамасына айналды. Онда саяси құқық, жер мәселесі, автономия, ұлттық бірлік тақырыптары кең қамтылды. «Сарыарқа» – Алаш қозғалысының нақты саяси әрекетінің насихатшысы болды. Онда Алашорда үкіметінің мәлімдемелері, автономияға қатысты шешімдер, саяси стратегиялар жарияланды.

Үшеуін біріктіретін ортақ өзек – «Оян, қазақ!» идеясы. Яғни ұлтты рухани және саяси тұрғыдан жаңғырту. Олар түрлі мерзімде жарық көргенімен, барлығы бір миссияны – қазақты ұлт ретінде ояту, мемлекеттілік идеясына бағыттау ісін жүзеге асырды. Бұларды жай басылым деп емес, ұлттық мемлекеттілік идеясының публицистикалық тұғырнамасы деп бағалауға толық негіз бар.

 – Алаш қайраткерлері қазақ журналистикасының қандай кәсіби негіздерін қалыптастырды? Олардың публицистикасының басты ерекшелігі неде? 

– Алаш қайраткерлері баспасөзді жай ақпарат құралы деп емес, ұлтты оятатын, бағыттайтын рухани мінбер деп түсінгенін, газет-журнал арқылы ұлттық сананы жаңғыртып, азаттық идеяларын таратқанын алдыңғы сөзімде атап кеттім. Алаш публицистерінің жазбасында нендей ерекшелік бар дегенге айтарым: олар жазған әр мақала әрекеттің ұйытқысы, әрбір сөз бірлікке бастайтын үндеу болды. Алаш қаламгерлері қазақ публицистикасының стилі мен құрылымын қалыптастырды. Мақаланы нақты, мазмұнды және терең жазуды орнықтырды. Үндеу, оқшау сөз (фельетон), ашық хат секілді жанр үлгілерін әкелді. Сонымен бірге тіл тазалығы мен стилистикалық бірізділікке де айрықша мән берді. Байтұрсынұлы бастаған зиялылар орфографиялық нормалар мен емле ережелерін бекітіп, жазу мәдениетін қалыптастырды. Ал Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, Х. Досмұхамедұлы, Ж. Аймауытұлы сынды көсемсөзшілер ғылыми-көпшілік стильді жолға қойып, білім мен ғылымды бұқараға түсінікті тілмен жеткізе білді. Бұл айтылғанның бәрі Алаш баспасөзіне дейінгі «Түркістан уалаятының газеті» және «Дала уалаятының газетімен» салыстырғанда анық көрінеді.  Бір сөзбен айтқанда, Алаш қайраткерлері баспасөз арқылы ұлттың саяси, мәдени және тілдік негіздерін қалыптастырды. Бұл – олардың тарих алдындағы өлшеусіз еңбегі.

«Қоғамдық пікір кеңістігінде бостық бар»

– Алаш қайраткерлерінің көпшілігі кәсіби журналист емес еді. Бұл олардың журналистік қызметінің салмағына әсер етті ме?

– Егер «журналист емес» дегенде кәсіби мамандығын меңзеп отырған болсақ, онда Алаш арыстарының түгелі журналистика факультетін бітірмеген. Шындығында, бізде кәсіби журналистік білім алған алғашқы тұлға – Ілияс Жансүгірұлы. Ал Алаш қайраткерлерінің дені басқа сала мамандары: Әлихан Бөкейхан ормантанушы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы мұғалім, Халел Досмұхамедұлы дәрігер, Халел Ғаббасов физик, Мұстафа Шоқай заңгер, Мұхамеджан Тынышпаев инженер, Барлыбек Сырттанұлы шығыстанушы т.б. Бірақ бұл олардың баспасөздегі еңбегіне титтей де көлеңке түсірмейді. Олар үшін журналистика – кәсіби қызмет емес, сананы серпілтудің, азаттыққа үндеудің құралы. Сол дәуірде көзі ашық, көкірегі ояу, ел тағдырына алаңдаған қай-қай азамат та қалам ұстады, пікірін жариялады. 

–  Қазіргі зиялылар қоғамдық пікірге ықпал етіп жүр ме? 

– Бүгінгі жағдаймен салыстырып қарасақ, екі дәуірдің айырмашылығы жер мен көктей. Қазір, ішінара болмаса, тілден басқа салалардың мамандары баспасөзге белсенді қатыса бермейді. Өз саласының ішкі кемшілігін талдап, ашық көтеріп жатқан ғалым да, заңгер де, инженер де некен-саяқ. Ғарыш, қорғаныс, әскери сала жетекшілері мәселе көтеріп, пікір жазыпты дегенді естімеппін. Бұл – қоғамдық пікірді қалыптастыруда белгілі бір ой бостығының бар екенін көрсетеді. 

Бірақ айта кететін жайт: Алаш зиялыларының кейбірі журналистік білімі болмаса да, өзін журналист ретінде таныған. Мәселен, Әлихан Бөкейхан өз қолымен толтырған анкетаға мамандығын «журналист» деп көрсеткен. Міржақып Дулатұлы да дәл солай. Бұл олардың баспасөзге жай қосалқы бағыт ретінде емес, өмірлік миссия ретінде қарағанын білдіреді.

– Алаш қайраткерлерінің жазғаны неліктен өтімді болды? 

– Алаш қайраткерлері халықпен сөйлесудің, күрделі саяси идеяларды қарапайым жеткізудің теңдессіз үлгісін қалыптастырды. Мысалы, Әлихан Бөкейхан: «Саясат таздың кепешін алғанмен бірдей», – деп жазды бір мақаласында. Саясат анау, саясат мынау деп көлдей анықтама, көсір түсінік бергеннен гөрі осы бір сөйлем саясаттың нақты сипатын бейнелі теңеумен қыр қазағына дәл жеткізіп тұр. Тағы бір сөзінде: «Саясат ісінің табиғаты – арбасу. Қылиыңды көріп, сау көзін қысса, «ие» деп өте шығасың», – дейді. Мұндай қысқа да нұсқа бәдізді ойлар Әлихан көсемсөзінде молынан ұшырасады. 

Енді Алаш публицистикасының ықпалды болуының себептерін шамам жеткенінше санамалап көрейін. 

Ең әуелі, табиғи қазақы тілден іздеу керек деп ойлаймын. Газет тілі халықтың ауызша шешендік дәстүріне негізделді. Алаш зиялыларының жазған-сызғанына үңілсеңіз – тілі кестелі, орамды һәм салмақты. Мақал-мәтел, бейнелі тіркестерді жиі қолданылғанын көресіз. Айталық, Ахмет Байтұрсынұлы «Жер мәселесі– қазақтың өлі, я тірі болу мәселесі» деген бір-ақ сөйлеммен тұтас ұлт тағдырын айтқан. Бұл оқырманмен рухани жақындасуға жол ашты. 

Екінші, Алаш баспасөзі қатаң ғылыми да, құрғақ ақпараттық та болмады. Олар қоғамдық-саяси публицистиканы көркем публицистикамен ұштастырды. Ақпаратты дерекпен дәлелдеп, онысын эмоциялық-көркемдік бояумен байытты. Сонымен қатар, күрделі ұғымдарды ұлт тіліне лайықтап аударды. Мысалы, «автономияны» «өз алдымызға ел болу» деп түсіндірді, «демократияны» «жұрт ісін жұрт өзі көру» деген ұғыммен айқындады. 

Ықпалды болатын  тағы бір себеп – Алаш зиялылары ақпаратты тек таратқан жоқ, оған идеялық мән кіргізді. Азаматтық жауапкершілікті ұлттық идеямен тиектеді. Халық көкейіндегі сауалдарды мақаланың өзіне сұрақ етіп енгізіп, диалог түрінде әсерлі жеткізді. Мысалы, Міржақып Дулатұлының азаматтық соғыс жылдары «Қазақ» пен «Сарыарқада» бірдей жарияланған мақаласы бар. Былай деп жазады:

« – Кімнің білегі жуан болса, сол жұрт болады. 

    Кім күшті болса, сол дегеніне жетеді.

– Күш не?

– Күш – әскер. Бұл заманда әскері жоқ жұрт – жұрт емес, құл». Ол әрі қарай осы ойын дамытып, оқырманға таңдау жатсауға, сырттап емес, мәтінге іштей бойлауға итермелейді. Пайымын жіліктеп, мүшелеп ұсынады. Жалпы Міржақып Дулатұлының көсемсөзінде оқырманмен ой бөлісетін, жауаптасып сырласатын тәсілдер өте көп. 

Алаш зиялылары үшін ұлттық идеяны жеткізудегі баспасөздің рөлі қандай болды? Бұл олардың жалпы стратегиясының бір бөлігі ме, әлде қосалқы бағыты ма?

– Баспасөз – Алаш идеясының бір тармағы емес, тұтас рухани-идеологиялық өзегі. Алдында атап өткеніміздей, Алаш зиялылары үшін баспасөз – жай ақпарат құралы емес, ұлтты ояту, ұйыстыру және өркениетке бастайтын құрал болды. Олар газет бетінде халықпен сөйлесті, түсіндірді, ұсынды, шешімге шақырды. Ж. Сейладин «Айқап» бетінде Орынборда жалпы қазақ сиезін шақыру турасында пікір көтергенде Ә. Бөкейхан: «қазірге қолымызда бір журнал, бір газет бар – соның бетін пайдаланайық, сол жерде мәселені әбден пісірелік», – деген мәнде жауап берген. Бұл сөз баспасөздің Алаш оқығандары үшін идеологиялық талқы алаңы болғанын шүбәсіз аңғартады. Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп жазғаны да осы көзқарастың айғағы.

«Алаш кезеңіндегі қалам иелері – қайраткер еді, бүгінгі журналистер – контент өндіруші»

– Бүгінгі қазақ журналистикасында Алаш баспасөзімен қандай да бір сабақтастық бар ма? 

 – Формалық сабақтастық бар, бірақ мазмұндық сабақтастық әлсіз. Иә, қазіргі қазақ журналистикасы қазақ тілінде сөйлейді, тарихи-рухани тақырыптарды жиі қозғайды, «ұлт», «жер», «тіл», «дәстүр» сынды ұғымдарды ұдайы көтереді. Алайда бұл тек беткі қабаттағы ұқсастық. Ал ішкі мазмұнда – Алаш публицистикасындағыдай ұлттық мұрат, интеллектуалды тереңдік пен азаматтық жауапкершілік пен өжеттік жетіспейді.

– Ойыңызды ашықтап, толықтыра түссеңіз.

– Алаш баспасөзі үшін журналистика – тек ақпарат тарату емес, ұлтқа қызмет етудің рухани алаңы дегенді сұқбат басынан шегелеп айтып келеміз. Ал бүгінгі медианың басым бөлігі коммерциялық бағытта. Міне, гәп осыдан туып отыр. Коммерция болған соң, жарнамаға мұқтаж. Жарнама келу үшін мазмұнға емес, трендке жүгінеді, рейтинг қуады. Алаш басылымдары халықтың көз-құлағы, жады мен жаны болса, қазіргі БАҚ ақпарат айдынының бір арнасы ғана. 

Сабақтастық тек тілде, тақырыпта ғана сақталған. Миссия арасы алшақ. Алаш дәуірінде газет – мінбер, журналист – қайраткер, ал мақала – үндеу болатын. Ал қазір ші? Бүгінде БАҚ – нарық құралы, мақала – медиа өнім,  журналист контент өндірушіге айналды. Айырмашылық – міне, осы. 

– Қазақ публицистикасы қай кезден бастап әлсіреді?

– Бостандықтың алғашқы ширек шенінде Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Марат Қабанбай қатарлы бір шоғыр журналист-публицистеріміз болды. Олар елдік мәселені тайсалмай  көтеріп, ұлттық мүддені батыл қорғады. Бір-бірімен ашық хат жазысып, қоғамдық ойға қозғау салды. Ұлттық санамызды сергек ұстауға ықпал етті. Өкінішке қарай, соңғы он жыл бедерінде бұл үрдіс үзіліп, рухани күйіміздің кетеуі кетті.   

«Қаңқасы қазақша, қан-сөлі орысша»

– Кетеуі кетті дегеннен шығады, қазіргі қазақ ақпарат құралдарының тіліне сын көп айтылады. Бұл мәселенің астары неде?

– БАҚ тілі беті қарақотырланып, жазылған секілденіп көрінетін, бірақ ар жағы іріңдеп тұрған шиқан іспетті. Формалды түрде журналистерде сауат тастай. Грамматика, емле сақталған. Бірақ тілде қан-сөл жоқ, қуат әлсіз. Газет-журнал, сайт-порталдан оқығаның жүректі шымырлатпайды, ой қозғамайды, түрлі сезімдерге жетелемейді? Неге? 

– Неге?

– Мен Алаш баспасөзін зерттеушімін. ХХ ғасыр басындағы газет-журналдарды ұдайы оқимын. Ондағы әр сөйлем – жүрекке әсер ететін, санаңа ой салатын тірі сөз. Әр мақала түрлі сезімге жетелейді. Күйіндіреді, ерітеді, елітеді. Онда жан бар, қуат бар. Ал қазір сөйлемдер шаблонды, сезім жұтаң, бейнелі ой айту жоққа тән. Көп мәтіннен тікелей яки жанама аударманың ізі байқалады. Құрғақ. Дәмсіз. Қазақша жазылғанмен, орыс тілінің сөз саптау, сөйлем құрау дағыдысы көрініп қалады. Олар тек қазақ сөздерінен құралған үйінді ғана. Бұл өте қауіпті үрдіс. 

– Қаупі неде?

– Қазақ тілі қандай тіл еді? Ол – ақпарат жеткізудің ғана емес, сезімді қозғайтын, рухты оятатын тіл. Міржақып осы тілмен «Оян, қазақты» жазды. Жалпақ жұртты оятты. Қазір бізде орыс қалыбымен құйылған мәтін көбейіп барады. Оқырман ондай мәтіннен ақпарат алуы, түсінуі мүмкін. Бірақ жан дүниесі тебіреніп, әсерге бөленбейді. Бұл үртіске айналып, жалғаса берсе қазақ тілі тек ақпарат жеткізетін функциялық тіл күйіне ұшырайды. Бүгінгі қазақ журналистикасы дәл осы бағытқа беттеп бара жатыр. Сөз сезіммен суарылмаса, оқырман селт етпейді. Ал селт етпеген санадан серпіліс тумайды. Менің алаңым осы. 

– Бұл көзқарас тек жеке пікір ме, әлде тіл ғылымында негізі бар тұжырым ба? 

– Жеке пікір емес. Ғалымдар айтқан тұжырым. Ұзақ жылдар Ш. Шаяхметов атындағы Тіл – қазына мекемесіне жетекшілік еткен, бүгінде  Тіл комитетін басқаратын Ербол Тілешов дейтін ғалым ағамыз бар. Сол кісінің жазған-сызғандарында бар бұл ой. Отандық ғалым аздық етсе, неміс ғалымы Гумбольдтың тұжырымына табан тіреуге болады. Алман ғалымы бұрыннан қалыптасып келе жатқан «тіл – коммуникация құралы» деген байламды байытып, тіл жай ғана қатынас құралы емес, әр ұлттың төл бейнесін жасайтын күш екенін дәлелдеді. «Тіл – рухтың көрінісі» деген теорияны ортаға шығарды. Бұл айтқанымызды азырқанатын оқырман Таласбек Әсемқұловтың «Әріп тағдыры» деген жазбасын оқып шықса екен деймін. Сонда тілге қатысты көмескі дүниенің беті ашылар еді. Мен қазақ тілінің құрылымы өзгерсе, ұлттың ойлау жүйесі де өзгеретінін осы қисынмен айттым. 

– Бұл ғылыми ұстанымды қазіргі журналистика тілінен қалай байқауға болады?

– Қазақ сайттарынан, газет-журналдардан күнделікті не оқып жүрміз? Қазақша жазылғанымен, орыс тілінің логикасы мен сөйлем жүйесіне ноқталанған мәтін шығады алдыңыздан. Телеарна тілі бұдан да сорақы. Бұл – Гумбольд айтқан, тіл арқылы рухқа төнген қауіп емей немене!? Сондықтан БАҚ тілі жеке сайттың, яки әлдебір коммерциялық медианың «жеке» мәселесі емес, тұтас ұлттың тағдырына саятын өзекжарды тақырып. Журналистика – осы ұлт тағдыры шешілетін алаң. Біз осы қасиетті алаңды қорғауымыз қажет. Оның бөтен тілмен былғанбауы, жат сөзбен лайланбауы – әрбіріміздің борышымыз. 

«Қазақ журналистикасы аудиторияны «жемдеу» үшін емес, аудиторияны тәрбиелеу үшін қызмет етуі керек»

– Келелі ой қосып отырсыз. Сұқбатымыздың кіріспесін ұлттық баспасөздің рөлін сөз етуден бастап едік, енді қазіргі қазақ журналистикасының жай-күйіне тоқталсақ. Не жетіспейді? 

– Біз қазір кернеуінен асып, тоқтаусыз төгіліп жатқан ақпарат тасқынының ортасында тұрмыз. Күн сайын жүздеген жаңалық, мыңдаған есеп, баяндама жарыса жарияланып жатыр. Бірақ сол ағынның арасынан бағыт көрсетіп, пікір қалыптастыратын интеллектуалдық талдау табу қиын. Басым бөлігі – ресми мәлімдемелер мен «жағымды» жаңалықтар. Яғни, ақпарат ағыл-тегіл, алайда ой жұтаң. 

Отандық медиа құралдарының кейбірі толық, бәзбіреулері жартылай мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Сол себепті медиа туындылардың басым бағыты – үкіметтің оң имиджін қалыптастыру, аймақ жетістігін дәріптеу, ресми жиындар мен қаулылар төңірегінде. Ал ұлттық, рухани, құндылықтық тақырыптар қағаберіс қалып отыр.

Шындығына келгенде, қазіргі қазақ қоғамы екі түрлі ықпалдың текетіресінде өмір сүріп жатыр. Оның бірі – аса тегеурінді ақпараттық, мәдени, экономикалық жаһандану ықпалы болса, екіншісі – тарихи жад пен ұлттық санаға ұйыған жаңғыру талпынысы. Текетірес дегенімізбен алдыңғысының әсері жойқын және күннен күнге бел алып отыр. Жаһандану ықпалының артуынан ұлттық болмыс діңдері – тіл, дін, тарихи жад, отбасылық құндылық, төл өнер мен әдебиет ақпарат тасқынында тұншығып қалып отыр.

– Сіз айтқан ұлттық жаңғыруды журналистика қалай қозғауы тиіс? 

– Ұлттық құндылықтар тек мемлекеттік саясат арқылы емес, журналистиканың ықпалымен де қалыптасады. Алаш кезеңі осының жарқын дәлелі – сол тұстағы баспасөз ұлтты ұйыстыратын қоғамдық ой алаңына айналды. Бүгінгі қазақ журналистикасының маңдайалды міндетінің бірі – ұлттық сананы серпілтіп, жұртқа бағыт-бағдар ұсыну. Ал осы ұлттық сананы бекемдеу жолындағы ең алғашқы, ең маңызды тақырып – отарсыздану. Отарсыздану үрдісі жүрмей, тарихи шындық орнына келмейді. Ол үшін Алаш идеясы тек википедиялық сарынында емес, терең рухани-пәлсапалық, дүниетаным-қағидаттық мазмұнда қайта жаңғыруы тиіс. Бұл – «пәлен деген Алаш қайраткері болған екен» деген жалаң ақпаратпен шектелмейтін, архивті сөйлетіп, идея мен күрестің мәніне үңілетін терең, талдамалы журналистика болу керек. Қалың елді егемен ойға, мемлекетшіл санаға бастайтын ең төте жол – осы Алаш мұрасы.

Сонымен бірге ұлттық тұтастық пен мәдени иммунитетті сақтау үшін тіл саясатына ерекше мән берілуі тиіс. Қазақ тілінің тұнық та таза сөйлеу мәдениеті мектептегі де, медиадағы да басты ұстанымға айналса дейсің. Әйтпесе, қазақ мектебін бітірсе де ана тілінде тұнық сөйлей алмайтын, аралас мектепті тауысқан ала шұбар тілді қазақ баласы қаптап өсіп келеді. Бұның соңы ұлттық трагедия болуы мүмкін. Медианы да сол шұбар тілді бағдарлама мен жарымжан атаулар меңдеді.  

– Медиа тіліне қатысты бір бейресми шарада да айтып едіңіз. Сол ойыңызды нақтылап, таратып айтыңызшы. 

–  Иә, мені пұшайман ететін ең өзекті мәселенің бірі – қазақ медиасының тілі. Бұл – грамматикалық немесе стилистикалық қана мәселе емес, қазақ ұлтының ақпараттық және мәдени болмысының бұзылу қаупі. Қазіргі қазақ медиасының тілін бір ғасыр бұрынғы Алаш баспасөзімен салыстыруға келмейді. Алайда бүгінгі БАҚ тілі кешегі кеңестік кезеңдегі бірізділікке жетпейді. Тіпті тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығындағы деңгейден де төмен. 

– Бұл тілдік жұтаңдық медианың ішкі саясатына да қатысты ма?

– Әрине. «Шұбар қазақша» – тек тілдік құбылыс емес, ол тұтас мәдениетімізге түсіп жатқан тілдік жегі. Байыбына бара алмайтыным – медиа жетекшілер, редакторлар неге сонша немкетті күйге түсті? Кәсібилікті сөз етпегенде, бұл ең берісі – азаматтық жауапкершілік еді ғой. Бұрын эфирге кетпейтін, сүзгіден түсіп қалатын дүбара сөздер қазір еш кедергісіз өріп жүр. Бүгінде телеарна не радиобағдарламалардың атауларынан бастап, тележүргізушілердің сөйлеу мәнеріне дейін, көпшілігі тіл қолданысын бүлдіріп жүр. Мысалы, «Кеш», «Думан», «Сауық» деген төл сөздердің орнына «Fest», «Party», «Show» секілді шет тілдік баламаларды теліп қойған. Бір қазақ сөзін «Like», «Line», «Req», «Star»  секілді ағылшын сөзіне қосақтап, жаңа атау шығарған болады. Бұны не деп түсінеміз? Бұл – мәдени отарланған санадан басқа түк емес. 

– Бұны креатив деп түсіндіріп жүр ғой?

– Ауыр айтсам айып етпесін: ешқандай креатив емес – дүбаралық. Керісінше, тың ой мен жаңашылдық жоқ болғаннан туған арзан, қарабайыр қолданыс. Мұндай редакторларда мәдени сүзгі жоқ, эстетикалық жауапкершілік жоқ,ұлттық ұстаным жоқ деп санаймын. Бұл ойымды ілгеріде де айтып едім, бір журналист қарындас қарсы шықты: «Аға, сөз деген – тірі организм, сырттан алу арқылы, жұрттан жұқтыру арқылы дамиды, көркейеді», – деп. Бұндай көзқарастағы топтың көп екенін білемін. Оларға айтарым: Ахмет Байтұрсынұлының ғасыр бұрын айтқандарын, Алаш арыстарының атау-термин турасындағы ұстанымдарын қайыра танысса екен. Ахмет қолданыста дайын тұрған «нәшірият» сөзін бас тартып, неге баспасөз деп қазақ сөзін алғанын ұқса екен деймін.

– Сырттан алуда сақ болу керек дейсіз ғой.

– Біз сырттан келген мәдени «олжаларды» қарызға ала беруге болмайтынын түсінуіміз керек. Жүсіпбектің сөзімен айтсақ: «Күн көру тәсілін сырттан жұқтырып, үйрене беруге болады. Рух мәдениетін бөтеннен қарызға ала беруге болмайды» – бұл өте терең ескерту.

– Тіл мәселесіндегі отандық медиа ұстанымын нақтылап берсеңіз.

– Медиа – ұлттың күнделікті сөйлесу мәнерін қалыптастыратын негізгі алаң.  Бұл тәжірибеде дәлелденген. Егер біз сол алаңда тілді құрал емес, тауар деп қана қарастырсақ, оның аяғы – ұлтсыздануға, рухани жұтылуға соқтырады. Медиа мағынамен бірге тілге де жауап беретін мәдени жетек болуы тиіс. Қазақ журналистикасы аудиторияны «жемдеу» үшін емес, аудиторияны тәрбиелеу үшін қызмет етуі керек. Біздің шындық, алдымыздағы жол осы. Бүгінгі қазақ медиасындағы дүбара, шұбар ала тілдік ахуалды қолдан жасалған қастандық деп есептеймін. Бұл қастықтың түбі қазақ тілінің медиа тіл ретіндегі қызметін шектеу, сөйтіп оны сәндік көрініске айналдыруға апарып соғады. Оның соңы – ұлт трагедиясы. 

– Әуелгі ойыңызды үзілген жерінен жалғайық. Тарихи жад, тіл мәселелерінен кейін тағы қандай тақырыптар терең қозғалуы керек? 

– Әлеуметтік және рухани дағдарыстың алдын алу үшін дін мен дәстүр арасындағы тепе-теңдікті, отбасылық құндылықты, ер-азаматтың отан мен отбасы алдындағы жауапкершілігін көтеретін тақырыптар күн тәртібіне шықса деймін. Құдай бетін ары қылсын, әйтпесе, ана тілді қазақ пен орыс тілді қазақ деген сызат аздай енді дінге қатысты жарқышақ түсу қаупі бар. Бұл қауіптің әлсіз көріністері, қайшылықтары көрініп те қалып жатыр. 

Осы айтылған тақырыптардың барлығы – бүгінгі қазақ қоғамының өзін-өзі іздеуі мен қайта түлеуін қамтамасыз ете алатын бағыттар. Қазіргідей рухани өтпелі дәуірде журналистика ақпарат таратушы функциясымен қатар ұлттық сананы қалыптастыру миссиясынан шет қала алмайды.

– Сізің бұл айтқандарыңыз тек медиа саласына емес, үкіметке де бағытталған ұлттық идеология тармақтары екен.  

– Ұлттық идеология деген сөзіңізді «ұлттық қорғаныс» деп түстеп өтсем деймін. Әйтпесе, қазір идеология, ұлтшылдық дегендерден қарадай қорқатындар бар. Міржақып айтады: «Бізді ұлтшыл қылған – кемдікте, қорлықта жүргеніміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді», – деп. Сол айтқандайын біздің жағдайдағы ұлттық идеология ол – түптеп келгенде, қазақты қорғау, ұлт ретінде өмір сүруін қамтамасыз ету идеясы ғана. Сондықтан одан үркіп, қашқақтайтын түк те жоқ. Ұлттық идеология өзін құрметтейтін әр мемлекетте, келешегіне сенім артатын әр ұлтта бар. Ұлттық қорғаныс медиа менеджерлердің түп санасына орнықса, алпыс екі тамырын қуалап қанында туласа – рейтинг қуған, тұтынушылық өнім ғана өндіретін бейшара күйден арылуға болады. Мықты медиа менеджер рухани бағыт ұсынып, қоғамның терең сұрақтарына жауап береді.

«Қазақты жарға жығатын – сыпыра мақтау мен жауырды жаба тоқымдау»

– Журналистиканың басты міндеті ақпарат тарату ғой. Сіз айтып отырған «ұлтты ұйыстыру» деген ұстанымдар кеңестік кезеңдегі насихаттық, ұйымдастырушылық қызметті еске салады. Сіз журналистикаға сол сипаттарды қайтару керек деп санайсыз ба сонда?

– Шынында да, журналистиканың басты міндеті ақпарат тарату екені даусыз. Бұл – оның негізгі қызметі. Бірақ бұл жалғыз қызметі емес. Журналистика қоғамдық институт ретінде әрқашан бірнеше функцияны қатар атқарып келді. Оның ақпараттық, сараптамалық, сыни, мәдени-ағартушылық, қоғаммен кері байланыс рөлдері бар. Тіпті біз оның құндылық қалыптастырушы сипатын да жоққа шығара алмаймыз. 

Кеңестік кезеңдегі насихатшылдықтың басты кемшілігі – жалған ақпарат тарату мен идеологиялық монополияға негізделді. Ал мен қозғап отырған бағыт – ақиқатқа негізделген, дерекке сүйенген, сонымен бірге ұлттың рухани қауіпсіздігі мен болмысын қорғауға мүдделі журналистика. Бұл – екі түрлі ұстаным.

– Қазіргі геосаяси жағдайда қазақ журналистикасы қай бағытта дамуы керек деп есептейсіз?

– Бүгінде біз ақпараттық соғыстың бел ортасында тұрмыз. Медиа сарапшылар бұны «постақпараттық дәуір» деп атайды. Яғни ақпарат өте көп. Сол қара нөпір ақпараттың арасынан шыны мен жалғанын ажыратудың өзі қиын. Және ондай әртүрлі геосаяси мүддені көздеген ақпараттар жан-жақтан, әсіресе, теріскейден толасссыз ағылып кіріп жатыр. Қазақстан халқы оны жұтып жатыр. Осындайда ұлттық журналистиканың миссиясы сізше қандай болу керек? Бейтарап таратушы ұстанымын ғана малданып отыру қажет пе? – Жоқ, олай емес. Ұлттық журналистиканың алдындағы жалғыз жол: ақпаратты сұрыптап, бағалап, саралап беретін сүзгіге, қажет жағдайда ұлттық мүддені қорғайтын қалқанға айналуға тиіс. Мұндай рөлге теориялық негіз де бар. Америкалық зерттеуші Хәрольд Лассуэлл журналистиканың қызметін ақпарат тарату, қоғамдық пікірді қалыптастыру және әлеуметтік мұраны сақтаумен түсіндіреді. Біз айтқан ұлттық бірегейлікті сақтау, тіл мен мәдениетті қорғау, отарсыздану санасын орнықтыру секілді нақты мазмұндар осы «әлеуметтік мұра» мен «қоғамдық пікір» ұғымдарының ішіне енеді. Сондықтан мен айтқан ұстын – кеңестік насихаттың сыңары емес, ұлтқа адал, тарихи жауапкершілікті сезінетін, дерекке сүйенген ұлттық журналистика. Сондай-ақ бұл – саясиланған немесе ұлтшылдық түс алған емес, мемлекеттілік пен мәдени тұтастықты сақтау жолындағы кәсіби қызмет. Біздің қазақ журналистикасының миссиясы: тек оқиға айтып беретін жалаң баяндаушы емес, ұлттық рух пен елдік сананы сақтайтын қоғамдық сүзгі. Ақпараттық қауіпсіздік те, рухани тәуелсіздік те осы ұстаныммен біте қабысады. 

– Мемлекеттік тапсырысқа қатысты көзқарасыңыз қалай?

– Егер тапсырыс тек үкіметтің жағымды бейнесін қалыптастыруға бағытталса, онда журналистиканың қоғамдық миссиясы аяқасты болады. Журналистика тек мақтау мен қолпаштауға емес, сын айтуға, кемшілікті көрсетуге де міндетті. Бұл – теріс ұстаным емес, сын арқылы олқыны оңдауға жол ашу. Түптеп келгенде, жанашырлық. 

Мемлекеттік тапсырысқа қатысты тағы бір түйткіл бар. Өкінішке қарай, қазіргі мемтапсырыс көбіне оқылым мен көрілімге қарайды. Бұны толық теріс, мүлдем қате дей алмаймыз. Бірақ осы арадан кілтипан туып тұр. Кірістен айырылып қалмау үшін сайт-порталдардың көбі дыз етпе жаңалық іздейді, «өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай» қылады. Айқай тақырып, аттан лидтер көбейеді. Ең сорақысы, қоғамда болып жатқан оң-теріс жағдайлардың ішінен моральға жат, азғын дүниелерді іздеп жүріп көрсетуге бейілденеді. Ал терең сараптама, тарихи шолу, рухани тақырыптар көп жағдайда рейтингі төмен деп шетке ысырылып жатады. Міне, мемлекеттік тапсырыстың мен көрген көлеңкелі тұстары осы. 

– Бұл бір жағы медиа басшысының, жауапты, шығарушы редакторлардың да кәсібилігіне барып тірелетін кемшілік екен.

– Дұрыс айтасыз. Редакторлардың жауапкершілігі зор мұнда. Редакция саясатына қатысты көз үйренген  кемшілік: тіл жұтаңдығы мен шұбарлануды, журналистік стильдің әлсірегенін айтпағанда, адамдық ар-ұжданға барып тірелетін бір мін бар. Ол –  ұлт алдындағы жауапкершіліктің кемдігі. Редакторлар ақпарат береді, бірақ оның ұлтқа пайда-зиянын өлшеп, сараламайды. Зияны тиетіндей болса, екшеп алып тастамайды. Бастысы көрілім жинап, сайт-порталы рейтингте үздікке шығарып тұрса болды. Осындайда редакциялық саясаттың өзі ұлт мүддесіне қайшы ма деп қаласың. 

– Біраз жайтты айттыңыз. Расында ойланарлық екен...

– Пушкин айтты дейтін бір сөз бар: «Мен отанымды жерден алып, жерге салуым мүмкін, бірақ оны әсте жат біреудің жамандауына жол бермеймін», – деген. Менің де ниетім – осы.  Тек сыпыра мақтау, жауырды жаба тоқымдау қазақты жарға жығады. Ол жанашырлық емес, арамзалығын жасырған жымысқының пасық пиғылы. Сондықтан көңілімді күпті еткен жайларды айттым. Менің уайымым – журналистер қайраткерліктен қашықтап, журналистика жалаң кәсіпке айналып барады.

«Бүгінгі журналист ақпаратпен шектелмей, тарихи миссияны сезінсе...»

– Сөздің басын Алашпен бастап едік, енді сол нүктеде түйіндейік. Бүгінгі қазақ журналистикасы ХХ ғасыр басындағы «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» сынды басылымдардан нені үйренуі керек?

– Алаш баспасөзі арадағы ғасырлық алшақтыққа қарамастан, рухани биіктігімен, тарихи жауапкершілігімен бізге үлгі. Алаш баспасөзі – бұл тек тарихи мұра ғана емес, тұтас кәсіби мектеп. Сондықтан біз одан тек үлгі емес, ұстаным алуымыз керек деп есептеймін. Меніңше, қазіргі қазақ журналистикасы Алаш басылымдардан ең кемінде үш маңызды қағидатты үйренуге тиіс.

Бірінші – тарихи миссияны сезіну. «Қазақ» пен «Сарыарқа» өзін баспасөз деп емес, ел тағдырын шешетін пікір алаңы деп ұғынды. Әр мақаланың өзегінде нақты идея, әр автордың көкейінде ұлттың үні тұрды. Бүгінгі журналист те ақпаратпен шектелмей, ұлттың мәселесіне үн қосатын тарихи миссияны сезінсе құпба-құп.

Екінші – терең пайым. «Қазақ» газеті жаңалық таратудан бұрын сол жаңалықтың мәнін түсіндірумен айналысты. Ал қазіргі медиа жиі жаңалыққа бой ұрып, мағына ұсыну қабілетінен жұтап барады. Сараптамалық журналистикаға дәл осы түсіндіру мәдениеті мен ой тереңдігі қажет деп ойлаймын.

Үшінші – ұлттық мүддені жеке бастан жоғары қою. Алаш публицистері үшін ұлттың тағдыры – бәрінен биік болды. Олар түрмеге қамалды, қудаланды, бірақ арын сатпады, сөзінен тайқымады. Ал бүгін кейбір медиада жеке пайда, коммерциялық тапсырыс басым. Жекелеген блогерлер ар-ұятты қайырып қойып, манипуляция жасайтын болды. Бұл – рухани күйреудің белгісі.

– Блогерлік туралы сөз қозғасақ, ұзаққа кететін тәріздіміз. Айтылмаған әңгімені тағы бір сұқбатқа қалдырайық. Көп рақмет. 

Қыран Алтай