Ата заңымызға 25 жыл
29.08.2020 2080
Тәуелсіз еліміздің қолданыстағы Конституциясына 2020 жылғы 30 тамызда 25 жыл болады. Елбасы Н.Ә.Назарбаетың басшылығымен әзірленген бұл Ата Заңымыз 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум өткізу (бүкіл халықтық дауыс беру) жолымен қабылданды. 

Осы тарихи құжатты қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі – өзінің егемендік құқығын баянды етті [1].

Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлтттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оның өзіндік себебі де бар. Өйткені еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында ұлтаралық қатынастарда бірқатар түсінбеушілік орын алған болатын. Бүгінгі таңда, кейбір деректерге қарағанда осы мәселелерге байланысты біршама алаңдаушылық білдірген қазақстандықтардың саны 5-6 %-ға дейін төмендеген. Оған, әрине, елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің мүдделерінің тиісті дәрежеде қорғалып отырғандығының нәтижесі. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда ерекше атап көрсетілген [2, 2-б.].

Қазақстан халықтарының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды болып отыр. Түрлі ұлыстардың өкілдері түрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған.

Осыған орай Мемлекеғт басшысы Қ.-Ж.Тоқаев жуырда «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында былай деген болатын: «Біздің пікірімізше, этносаралық келісім – ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы. Онсыз елдің орнықты дамуы мүмкін емес. Қазақстан – Ресей тәрізді көпұлтты мемлекет. Мен мұны үлкен стратегиялық артықшылық деп санаймын. Біз «Бірлік – саналуандықта» қағидатын ұстанамыз. Шын мәнінде, қазақстандықтар этникалық шығу тегіне қарамастан, өздерін бірыңғай халық, біртұтас ұлт санайды. Қазақстанда «аз ұлттар» деген түсінік жоқ. Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұрады. Жалпы халық саны бойынша олардың үлесі шамамен 19% құрайды. Елімізде тұратын орыстар біздің халқымыздың ажырамас бөлігі саналады және барлық құқықтарға ие. Орыстар – біздің халқымыздың бір бөлігі. Олар Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Оны ұмытуға болмайды. Көптеген орыс есімдері біздің тарихымызда алтын әріппен жазылған: Григорий Потанин, Павел Зенков, Евгений Брусиловский, Александр Затаевич, Александр Бараев, Сергей Луганский, Иван Шухов, Иван Панфилов, Иван Павлов, Николай Макиевский. Бұлардан бөлек, басқа да көптеген азаматтар бар. Олар – Қазақстанның мақтанышы. Геннадий Головкин, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова секілді қаншама атақты спортшыларымыз әлемнің спорт ареналарында Қазақстанның намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүр [3].

Ұлтаралық келісімге елімізде Қазақстан Конституциясының аясында жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістер өзінің оң әсерін тигізіп отыр. Енді осы өзгерістерге тоқтала кетсек деймін. Баршаға мәлім, еліміз тәуелсіздік алған уақыт ішінде екі Конституция қабылданды. Оның   біріншісі - 1993 жылдың қаңтарында қабылданған еді. Мұның Ата Заңның бұрынғы КСРО Конституциясының көшірмесіне айналған Қазақ КСР Конституциясымен салыстырғанда едәуір айырмашылығы мен өзгешелігі болды.

Дегенмен, бұл бірінші Ата Заңның елеулі жетіспеушілігі мен кемшілігі де бар еді. Оған басты себеп – бұрын еркіндік билігі қолына тимеген, оның дәмін татпаған, оған тиісті әзірлігі болмаған елде Ата Заңды асықпай, терең және жан-жақты байыппен қарап қабылдауға белгілі бір уақыт қажет. Осыған қарамастан Конституциялық заң жүйесін қалыптастыруда, ондаған, жүздеген жылдар бойы тәжірибе жинақтаған өркениетті елдердің өткен жолдарын біздің жас мемлекетімізге аса қысқа уақыт ішінде жүріп өтуге тура келді. Сондықтан егемен елдің бірінші Конституциясын жасауда асығыстыққа жол берілді. Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев өзінің «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде былай деп жазған еді: «Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 жылғы қаңтар айында күшіне енген бойда-ақ, өзінің кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси процестердің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті» [4, 177-б.].

Конституция жобасын жасаушылар көп жағдайда «еркіндік» сөзінен туындаған асқақ сезімнен шыға алмады. Оның үстіне бұған біздің қоғамның тарихында осы уақытқа дейін орын алған коммунистік қиялдар мен қағидалар да өзінің едәуір ықпалын тигізді. Осындай себеп-салдарға байланысты жас тәуелсіз мемлекеттің жаңа Конституциясын қабылдау қажеттілігін уакыттың өзі алға тартты. Оны 1995 жылғы наурыз айындағы өте қауырт оқиғалар да жеделдете түсті. Олар 13-ші сайланған Республика Жоғарғы Кеңесінің құқықсыздығын танудан және бұрынғы конституциялық тұжырымдарының біршама күйкіліктерінің көрініс беруінен айрықша байқалды. Сондықтан бұл шым-шытырық жағдайлар елімізде конституциялық реформалар проблемасын тез арада шешуді күн тәртібіне қойды. Өйткені жаңа нарықтық кезең жалпы мемлекет көлемінде экономикалық реформалардың одан әрі тежелуін, саяси өзгерістер мәселелеріндегі бөгелуді жоюды талап етті. Мұның өзі батыл әрі принципті саяси және заңды бетбұрыс қажеттігін туғызды [4, 180-б.].

Нәтижесінде, жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан азаматтарының тікелей еркін білдіру, бүкіл халықтық дауыс беру арқылы 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Оған қатысқан адамдардың 90%-ы біздің мемлекетіміздің жаңа Ата заңын жақтап дауыс берді.

Сөйтіп, Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау қажеттілігі туралы мәселенің өзіндік тарихы бар. Баршаға мәлім, 1993 жылдың қаңтарына дейін елімізде 1987 жылы соңғы толықтырулар мен өзгертулер енгізілген Қазақ ССР Конституциясы әрекет етті. Ол бірақ Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп жариялау, нарықтық экономика, демократиялық және құқықтық мемлекет құруда мемлекет пен қоғам өмірінің конституциялық негіздерін сапалы жаңарту қажеттілігіне сай келмеді [5, 487-б.]. Сондықтан 1990 жылы жаңа Конституция жобасын жасау бойынша жұмыс жүргізіле бастады, нәтижесінде ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды.

Алайда, жоғарыда айтып кеткеніміздей, 1993 жылғы ҚР Конституциясы күшіне енгеннен кейін оның кемшіліктері  –  Қазақстандағы шынайы әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістен алшақтығы байқала бастады. Осыған орай, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында былай деп айтқан еді: «Демократиялық қоғамның ажырамас анықтағышы – шынайы заң үстемдігі, барлық азаматтардың қоғаммен жасалған және қабылданған ережелерді сақтауы болып табылады. Сіздерді және барлық азаматтарды ерекше жауапкершілікті сезінуге шақырамын, біздің үлесімізге ұлы өзгеріс заманында  өмір сүру және әрекет ету тиіп отыр. Біздің бүгінгі істегенімізге, ертең біздің ұрпағымыз баға береді. ХХІ ғасырға Қазақстанның қандай болып кіруі бізге байланысты! Біздің балаларымыздың да тағдыры солай болмақ» [5].

Осылайша, елімізде конституциялық реформа жүргізу қажеттілігі туды, парламенттік дағдарыс, 1995 жылдың көктемінде Үкіметтің орнынан түсуі жаңа Конституция қабылдауға әкелді [3]. Осының бәрін жақсы түсінген ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің қазіргі Ата Заңын қабылдауға бастамашы болды. Жаңа Конституция жобасының негізіне адам және азаматтардың бостандықтары мен құқықтарының үстемдігі, берік конституциялық мемлекет құру тұжырымдамалары салынды.

Соның негізінде Қазақстанның президенттік республика жолына түскені айқын байқалды. Барлық басты билік Президенттің қолына шоғырланды. Президент конституциялық негізде Парламентті шақыру немесе тарату және заң шығару бастамашысы құқығына ие болды. Сонымен бірге Президент Конституция талабына сәйкес заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері арасында өзара өкілеттілікті, олардың ара-қатынасын үйлестіреді.

Қазіргі Конституция бойынша харизматикалық саяси тұлға ретінде Қазақстан Президенті халыққа ғана бағынатын қайраткерге айналды. Мұны біз соңғы екі Конституцияны өзара салыстырғанда айқын аңғара аламыз. Егер 1993 жылғы Конституцияның 78-бабында Президент жыл сайын Жоғарғы Кеңеске республикадағы жағдай туралы баяндама тапсырып және оны Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саяси қызметінің маңызды мәселелері жайында хабардар етіп отыруға тиіс болса, 1995 жылғы Конституцияның 44-бабы бойынша Президенттің енді Парламентке ақпарат беріп тұруы айтылмайды, алайда ол бұл мәселелер бойынша тікелей Қазақстан халқына Жолдау жариялап тұрады. Яғни Президент мемлекет басшысы ретінде Парламенттен толық тәуелсіз. Парламентке есепті енді Президент емес, Үкімет береді [6].

Сонымен қатар Конституцияда тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің халықаралық беделін жоғарылатудағы тарихи маңызы ерекше атап көрсетілген. Онда біздің егеменді мемлекетіміздің әлем қоғамдастығы алдындағы мән-мағынасы, рухы мен бүкіл болмысы, оның өркениетті даму кезеңінің ерекшеліктері, әлемдік демократиялық құндылықтары жан-жақты көрініс тапқан. Бұл Конституцияның сөзсіз жаңашылдығы.

Ата Заңның ерекшелігі – ол билік тармақтарының ешқайсысына, мемлекеттік лауазым иелеріне конституциялық құқықтарды бұзуға жол бермеуінде. Мейлі, ол елдің Президенті немесе қатардағы қызметкер болсын, негізгі конституциялық құқықтарды, соның ішінде адам құқықтары мен бостандығын аяққа басуға жол бермейді. Бұрынғы Ата Заңда көрсетілген, бірақ жете тиянақталмаған көптеген маңызды мәселелердің түйіні Конституцияда жаңаша шешілген.


Конституцияда республиканың азаматтығы туралы талас-тартысқа біржолата нүкте қойылған. Осыған байланысты Қазақстан Конституциясында қос азаматтық болмайтыны заң жүзінде бекітілді.

Ата Заңда бүгінгі таңда іс жүзінде орындалмайтын, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету құқығы қысқартылып, оның орнына «Еңбек ету бостандығына, кызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар» - деп көрсетілген. Мұның өзі елдің нарықтық экономика жолына түсуінің айқын дәлелі іспетті. Ата Занда азаматтардың құқықтарымен бірге оларға қойылатын талаптар да жан-жақты көрсетілген.

Қазақстан жаңа Конституцияны кабылдау арқылы дүниежүзілік қауымдастықтан өзінің лайықты орнын алды. Қазіргі Ата Заң – еліміздің өтпелі және одан әрі алға даму кезеңіндегі маңызды тарихи құжат. Сондықтан республиканың әрбір азаматы оның мазмұнын жете біліп, талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті.

Мемлекетіміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламент 2007 жылғы мамыр айында Конституцияға тарихи маңызы бар бес бағытта түзетулер енгізу туралы шешім қабылдағаны баршаға мәлім. Соның негізінде, біріншіден, Президент өкілеттіктерінің бір бөлігін Парламентке бөліп беру және Парламент депутаттарын сайлау жүйесіне қатысты өзерістер енгізу жүзеге асырылды. Екіншіден, саяси партиялардың Парламенттегі рөлі артып, Мәжілісте де, Сенатта да депутаттар саны өсіп, 154-ке жетті. Оның 47-сі – жоғарғы палата, 107-сі төменгі палата депутаттары [5, 492-б.].

Бұған қоса, Парламенттің, әсіресе, Мәжілістің өкілеттіктері едәуір кеңейтілді. Оған Үкіметті жасақтау мен оның жұмысын бақылаудың негізгі тетіктері берілді. Үшіншіден, жергілікті органдардың өзін-өзі басқарудың рөлін арттыруға қатысты, яғни мәслихаттардың өкілеттілігін кеңейтуге қол жеткізілді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар (Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Алматы) әкімдері кызметіне кандидатураларды тағайындау жөнінде мәслихаттармен келісу рәсімі енгізілді, олардың өкілеттік мерзімдерін ұзарту және тағы басқа да рәсімдер бекітілді. Төртіншіден, Конституцияға құқық қорғау жүйесін одан әрі дамытуға байланысты толықтырулар жасалды. Сот жүйесінің тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Прокуратура, алдын ала тергеу, жауап алу органдарының қызметі туралы қағидаларға өзгерістер енгізілді. Бесіншіден, адамның құқықтары мен бостандыктарының кепілдіктерін дамытуға қатысты толықтырулар қабылданды. Тұтастай алғанда, енгізілген өзгерістер біздің мемлекетіміз бен қоғамымызды бұрынғыдан да көп ретте демократияландыруға мүмкіндік берді.

Қорытып айтқанда, 2007 және 2017 жылғы конституциялық реформалар бойынша енгізілген жаңа өзггерістер мен толықтырулар билік тармақтары арасында тиімді теңгерім жүйесінің қалыптасуына бағытталған. Бұл мақсатта Парламентке президент өкілеттіктерінің елеулі бөлігі берілген.

Әсіресе Қазақстан Халқы ассамблеясының Мәжілістегі өкілдігі туралы мәселені шешу маңызды болды: енді тоғыз депутатты осы жалпықазақстандық көпұлтты форум сайлайды. Парламенттің қос палатасының әскери құрылымдар, сондай-ақ сот органдарының басшыларын бекіту мәселелері жөніндегі өкілеттіктері кеңейді. Оған қоса, Парламент депутаттарының саны 154-ке дейін, оның ішінде: 47 сенатор және 107 мәжілісші болып көбейді. Сонымен қатар Мәжілістің 98 депутаты қазіргі таңда партиялық тізімдер бойынша саяси партиялар атынан сайланады.

Сенатты әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екі адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенаттың сайланатын депутаттарының жартысы әрбір үш жылда қайта сайла­нады. Сенаттың 15 депутатын қоғамның ұлттық-мәдени және басқадай маңызды мүдделерінің Сенаттағы өкілдігін Үкіметтің қамтамасыз етуі қажеттігін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.

Жоғарыда баяндалған маңызды шаралар мемлекеттіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Ата Заңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, Елбасы белгілеп берген басымдықтарды Президентіміз Қ.Ж.Тоқаевтың жүйелі басшылығымен жүзеге асыру, атап айтқанда: ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту, денсаулық сақтау саласының қазіргі заманғы стандарттарына өтуін, ұлттың мәдени және рухани әлеуетін өркендеуін қамтамасыз ету арқылы жетіп отыр.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы, 2006.

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 2007.

3. Сунгоркин В., Кияница В. Ксым-Жомарт Токаев: «В Казахстане нет понятия «национальное меньшинство», Комсомольская правда, 3-10 июня 2020 г.

4. Назарбаев Н.Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996.

5. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы 2008.

6. Омарбеков Т. Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері. Алматы, «Өнер» баспасы, 2003.


Т.М.Әминов – Мемлекет тарихы

институтының аға ғылыми қызметкері,