Кеңестік Қазақ Республикасы қай күні құрылды?
Биыл кеңестік Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Бұл республика – Қазақ хандығы құлағаннан кейінгі уақытта алғаш рет барлық қазақ жерлерін бір автономия құрамына біріктіруге тырысқан ұлттық қозғалыстың және большевиктердің ұлт мәселесіне қатысты саясатының заңды нәтижесі болды. Осы уақытқа дейінгі тарихнамада РКФСР БОАК пен ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декреті қабылданған 26 тамызды немесе ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі болған 4-12 қазан аралығын Республиканың құрылған уақыты ретінде қарастыру орын алып келді. Негізі, республиканы құру туралы декрет қабылданғанымен, тамыздың соңында республика құрылған жоқ. Кеңестік Қазақ Республикасының құрылған күні – 6 қазан. Себебі дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірінші Конституциялық құжат қабылданды. Съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы деп жариялады.
Ұлттық автономия мәселесінің күн тәртібіне көтерілуі
Ресейдегі монархиялық басқару жүйесін жойған 1917 жылғы Ақпан төңкерісін барлық езілген ұлттармен бірге қазақ халқы да зор қуанышпен қарсы алды. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері төңкерісшіл орыс демократиясы мен ашылуы тиіс деп күтілген Құрылтай жиналысынан зор үміт күтті. Мұндай құбылыс – сол кезеңде Ресей қол астындағы барлық бұратана халықтарға тән еді.
1917 жылы 15-17 наурыз аралығында Петроградтағы Мұсфракцияның ұйымдастыруымен өткен мұсылмандар кеңесі Бүкілресейлік мұсылмандар съезін шақыруды жөн деп табады. 1-12 мамыр аралығында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезінде «мемлекет түрі қандай болу мәселесі» үлкен талас-тартыс туғызды. Съезде А.Цалыккаты унитарлық ағымды жақтап, ал М.Э.Расул-Заде федерациялық ағымды жақтап баяндама жасады. А.Цалыккаты «Ресей мұсылмандарының мәдени-ұлттық автономиясы ашық-құқықтық институт ретінде конституция арқылы кепілденуі қажет, деген қарарды жақтай отырып: «Федерация аламыз деп тұрған халық – қазақ, сарт, Кавказ һәм басқалар тіпті надан. Оларда неше түрлі фабрика, завод жоқ. Оны шығарарлық оқымысты жұрт емес, ғылым, білім, өнерден құралақан. Осындай қараңғы халыққа федерация берсек байлар, хан тұқымы ақсүйектер, бектер халық билігін қолына алып, баяғы Николайдың заманында істелген істерді өз тұқымына істейді» деген пікірді алға тартты. А.Цалыккатыны С.Мақсуди, С.Алкин, А.Ысқақи сияқты татар зиялылары қолдады. Ал М.Э.Расул-Задені қолдап сөз сөйлеген Ж.Саид-Ахмед (Қырым), Ж.Досмұхамедов және А.З.Уәлиди көпшілік делегаттарды өз соңдарынан ерте білді. А.З.Уәлиди Қазақстан мен Түркістанға федерация құрамынан автономия беруді, оған Шығыс Башқұртстанды қосуды ұсынды. Съезд делегаттары Ресейдегі 30 млн мұсылман атынан Ресейдің ұлттық-федеративтік негіздегі демократиялық республика болуын жақтайтындықтарын білдірді. Бұл съезд – ұлттық автономия мәселесін алғаш рет талқыға салған жиын болды.
Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің федерация құрамындағы территориялық автономияны жақтаған шешімінен соң Түркістан және қазақ зиялылары да бұл шешімді қолдай бастады. Бірақ барлығы да «әліптің артын бағып», Құрылтай жиналысынан үміт күтті. Бірақ орталықта тамыз айының соңында болған Корнилов бүлігінен соң Қос өкімет жағдайы жойылып, Кеңестер түгелге дерлік большевиктердің қолына өтті. Көп ұзамай, 13 қыркүйекте Ташкенттегі билікті 14 адамнан тұратын Уақытша революциялық комитет тартып алды. Осындай жағдайда, Шуро-и-Уламо ұйымының шақыруымен 17-20 қыркүйекте Түркістан өлкесі мұсылмандарының өлкелік съезі өткізілді. Съезд Сырдария, Самарқан, Ферғана, Закаспий облыстары «Түркістан федерациялы республикасы» төңірегіне біріктіріліп, Ресей құрамына жеке территориялы-автономиялық бірлік ретінде кірсін деген шешім қабылдады.
Петроградта болған Қазан төңкерісі барлық ұлттық аймақтардағы саяси жағдайды күрт өзгертті. Құрылтай жиналысынан үміт күткен ұлт қайраткерлері большевиктердің диктаторлық саясатынан соң барлық жерлерде ұлттық автономия құру үшін күрес жүргізе бастады. Осындай ұлттық автономиялардың басы – 28 қарашада жарияланған Түркістан мұхтарияты болды. Құрамына М.Тынышбаев пен М.Шоқай кірген Түркістан автономиясының басшылары тұтас түркі мемлекетін қалыптастыруды көздеді. Көп ұзамай, Орынборда шақырылып, 5-12 желтоқсанда өткен екінші жалпықазақ-қырғыз съезі 54 адамнан тұратын Алашорда атты үкімет құрып, Түркістан автономиясы құрамындағы Жетісу және Сырдария облыстарының қазақтары қосылған жағдайда Алаш автономиясын жариялаймыз деген шешімге келді.
Ресей құрамындағы ұлттық автономияға ұмтылыс оның барлық аймақтарында көрініс беріп жатты. Олардың қатарында Қырым-түрік республикасы, Башқұрт республикасы, Еділ-Орал (татар ұлттық мәдени автономиясы) республикасы, Солтүстік Кавказ және Әзербайжан республикалары болды. Бұл ұлттық-мемлекеттік бірліктердің барлығы да әлсіз әрі Ресейдегі революциялық қозғалыстардың әсерімен жарияланған автономиялар мен республикалар болды. Сондықтан да өзін өзі қорғай алмайтын бұл бірліктердің барлығы да большевиктер тарапынан талқандалды.
Қоқандағы Түркістан автономиясын талқандаған Кеңес өкіметі 1918 жылы 20 наурызда Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының (ТАКСР) құрылатынын жариялады. Көп ұзамай, Кеңестердің Бүкілтүркістандық бесінші съезі 1918 жылы 30 сәуірде РКФСР құрамындағы ТАКСР-дың құрылғанын жариялады. Бұл республика – Шығыста құрылған алғашқы кеңестік автономиялы мемлекеттік құрылым болды.
Қазақ автономиясының астанасы мен шекарасы туралы мәселе
Қазақ жерінің аумағын белгілеу мен тұтастығын қалпына келтіру жұмыстары Алаш автономиясын құруға талпынған қазақ зиялыларынан бастау алды. Олар Алаш автономиясын жариялауды және барлық қазақ жерлерін біріктіруді мақсат еткенімен, мүлдем басқаша саяси жағдай қалыптасты. Алашорда мүшелері большевиктер мен орыс демократиялық күштерінің қайсысы жеңетінін болжай алмады. Түркістан автономиясы мен Алашорда үкіметі басшыларының негізгі қателігі – автономия алу жолындағы күресте түркі халықтарының ата жауы – ақ казактармен ынтымақтасуы еді. Мұның екіжақты кері әсері болды. Біріншіден, ақ гвардияшылардан 15 есе әскері көп әрі бүкіл саяси билікті қолына шоғырландырған большевиктерді өздеріне қарсы қойса, екіншіден, 1916 жылдың ойранындағы казактардың жазалау шараларын ұмытпаған қарапайым халықтың наразылығына ұшырады.
Ресейде большевиктер жеңіске жеткен соң Ә.Жангелдин, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, М.Мырзағалиев сынды және т.б. қазақ қайраткерлері Алашорданың сәтсіздікке ұшыраған автономия құру жолындағы күресін одан әрі жылжытып, қазақ даласында Кеңестік ұлттық-территориялық автономияны құруға атсалысты. А.Байтұрсынов кешегі алашордашыларды большевиктер жағына өтуге шақырды. Кеңес билігі Алашорда мүшелеріне кешірім жариялағанымен, оларға сенімсіздік танытты. Орталық билік қазақ даласын басқаратын аппарат құру үшін 1919 жылдың көктемінде-ақ съезд өткізуге дайындық жұмыстарын бастап, кеңестердің Құрылтай съезін ұйымдастыратын ревком құруға кірісті.
Қазревкомның тұңғыш төрағасы болған С.Пестковскийдің Қазақ АКСР-нің құрылғанына 10 жыл толуына орай «Советская степь» газетінде жарияланған арнайы мақаласында қазақ төрағаның тағайындалуына қазақтардың қарсы болғанын айтады. 1915 жылдан РК(б)П мүшесі болып табылатын Ә.Жангелдиннің Қазревкомға төраға болып сайлану мүмкіндігі кешегі алашордашыл А.Байтұрсыновқа қарағанда жоғары еді. Ә.Жангелдин өз естелігінде кандидатурасының төрағалыққа ұсынылғанын айтады. Бірақ, делегация өкілдері И.Сталинге С.Пестковскийді төраға етіп тағайындау туралы өтініш жасады. Неге қазақты тағайындамасқа деген И.Сталиннің сұрағына қазақтардың арасында әртүрлі топтардың күресінің ушығып тұрғанын айтып, «нейтралды» адамның төраға болғаны дұрыс деген жауап айтылады. Осындай фактілердің барлығы – қазақ зиялыларының бірауыздан мемлекеттік билікті алып кетуге дайын еместігін, олардың ұлттық мүдде жолында біріге алмағанын көрсетсе керек.
1919 жылы 24 маусымда РКФСР Халкомкеңесі төраға В.И.Лениннің қатысуымен өткен мәжілісінде Қазревкомның жеке құрамы туралы мәселені талқылап, Қазревкомның бірінші құрамына С.Пестковский (төраға), В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кіргізілді. 10 шілдеде РКФСР үкіметінің басшысы В.И.Ленин «Қазревком туралы уақытша ережені» бекітсе, 19 шілдеде РКФСР ХКК-і 19 пункттен тұратын «Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитетін құру туралы» декрет шығарды. Декрет бойынша, бүкілқазақстандық кеңестер съезі шақырылып, Қазақ автономиясы жарияланғанға дейін өлкені әскери-азаматтық басқару мен кеңестер сайлауын ұйымдастырып өткізу Қазревкомға жүктелді.
1919 жылы 10 қыркүйекте Орынбор Әскери ревкомы Қазревкомның жауапты қызметкерлерімен, Түркістан майданы Әскери ревкомының, 1-ші армияның Әскери ревкомы мен саяси бөлімі өкілдерінің қатысуымен Орынбордың Қазақстанға қосылуы туралы мәселені талқылады. Қазревком төрағасы С.Пестковский РК(б)П ОК-нің пікірін білдіре отырып, Орынбордың Қазақстанға қосылуын жақтады. Ал орынборлық А.Коростелев, И.Мартынов және тағы басқа кеңеске қатысушы 6 өкіл бұған қарсы бола отырып, Орынбор губерниясына орыс халқы көп қоныстанған Орал облысы мен Ақмола облысының Ақтөбе уезін қосуды жақтады және болашақ автономияның үкіметін «ішкі Қырғызияға» орналастыруды ұсынды. Ал Қазревкомның А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, М.Тұнғаншин сияқты мүшелері Орынбордың Қазақстанға қосылуына және оның жаңа республиканың астанасы болуына түбірлі қарсы болып, Қазревкомның қазақ мүшелері дауыс беруге қатыспайды деп мәлімдеді. Ал Орынбордың И.Каширин, А.Здобнов сияқты өкілдері Орынбор астана болса, Қазақстандағы орыс кулактарымен күресу оңай болады деп дәлелдегісі келді. Бірақ, қазақ ұлтшылдары бұған келіспеді.
Ал РК(б)П ОК-і болашақ қазақ автономиясының астанасы Орынборда болғанын қалады. Себебі, толық сенім артуға болмайтын қазақ ұлттық элитасының қазақ халқының ортасында болуын қаламады. Астананың Орынборда болуы олардың бақылауда болуын қамтамасыз ететін еді. Сонымен қатар, РК(б)П ОК-і Орынбор Қазақстанның астанасына айналар болса, Орталықтың қышуына тиіп отырған орыс казактарының еркіндігі шектеледі деп есептеді. Сондай-ақ астана қажетті инфрақұрылымы, кадрлық, ұйымдық, қаржылық, өндірістік, материалдық-техникалық және басқа да қажетті әлеуеті бар қалада орналасуы тиіс деп есептелді. Бір сөзбен айтқанда, Орынборды Қазақстанның астанасы ету – қазақты жарылқау емес, болашақ қазақ үкіметі мен ұлтшыл қазақ қайраткерлерін бақылауда ұстау үшін қажет болды. Орынбор губкомының 2 қабатты ғимаратының бірінші қабатынан 2 бөлмелі орын алған Қазобкомның кейінгі сиқы осыны айқын аңғартты.
Ал қазақ даласында тек Семей қаласы ғана астана болу талаптарына жақын келетін. Бірақ күні кеше ғана Алашорданың астанасы болған бұл қаланы Орталық жақтырмады. Болашақ қазақ астанасына қатысты айтыс-тартысқа Орталықтың өзі тікелей араласып, мәселені шешу үшін БОАК төрағасы М.И.Калининді Орынборға аттандырды. 1919 жылы 20 қыркүйекте РК(б)П Орынбор губкомы мен губаткомының, Түркістан майданы мен 1-ші армияның басшылығы, сондай-ақ жауапты қызметкерлерінің қатысуымен өткен кеңесте Орынбор өкілдері Москваның ұсынысына қарсы келгендері үшін «ұялып», өз қателіктерін «мойындауға» мәжбүр болды. Бірақ А.Байтұрсынов бұл жолы да өз тобының мүддесін қорғап, ұлттық айқындалуды жақтады және партиялық кеңестің болашақ автономияның шекарасын айқындайтын құқығы жоқ деп, тағы да дауыс беруден бас тартты. Бірақ бұл жолғы кеңес шешімі бойынша Орынбор қаласы болашақ республиканың әкімшілік орталығы болып белгіленді.
Болашақ қазақ автономиясы үшін астана мәселесінің талқыланып жатқанын естіген Түрікатком Президиумы төрағасының орынбасары әрі ТК(б)П Мұсбюросының жетекшісі Т.Рысқұлов 1919 жылы күз айларында ТАКСР құрамындағы қазақтар мекендейтін Сырдария облысын (Әмудария бөлімшесімен қоса), Жизақ уезінің бір бөлігін және Жетісу облысын түгелімен Қазақстан құрамына қосуды, біріккен қазақ жерінің астанасы ретінде Ташкент қаласын белгілеуді үзілді-кесілді талап етеді. Бірақ бұл ұсыныс та Орталықтың саясатына сай келмегендіктен, қараусыз қалды.
1919 жылы 12 қыркүйекте өткен Қазревком мәжілісінде А.Байтұрсынов Қазревком төрағасының орынбасары әрі ішкі істер бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Бұл А.Байтұрсыновтың Қазревкомда мықты саяси беделге ие болғанын емес, РК(б)П ОК-нің оған қатысты ұстанымын көрсететін еді. Ол туралы И.В.Сталин Қазревком құрылғаннан кейін Е.Д.Стасоваға жолдаған хатында: «Мен оны революционер-коммунист деп санаған емеспін және санамаймын да, осыған қарамай, оның ревкомда болуы қажет», деген еді.
1919 жылы 15 қыркүйекте өткен Қазревкомның мәжілісінде С.Пестковскийдің ұсынысы бойынша Кеңестердің Бүкілқазақтық съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия ұйымдастырылды. Оның құрамына С.Меңдешев, В.Лукашев, Петров және т.б. кірді. Комиссияға съезді шақыру жөніндегі нұсқаулықты даярлау тапсырылды.
1920 жылы 3-11 қаңтарда Ақтөбеде Қазревком мен Түркістан майданы Ревәскеңесінің бірлесе отырып шақыруымен 250 делегат қатысқан Бірінші қазақ кеңес өлкелік конференциясы болып өтті. Конференция барлық қазақ жерінің бір республика құрамына біріктірілуін жақтады. Конференцияда 1919 жылы 20 желтоқсанда РК(б)П ОК Саяси бюросы бекіткен ревком тізімі құпия түрде дауысқа салынды. Дауыс беру қорытындысы бойынша С.Пестковский бірауыздан өтсе, А.Байтұрсынов пен С.Меңдешев басым дауыстарға ие болды.
Бір республика құрамына бірігуге ұмтылыс 1918 жылдың өзінде-ақ басталған болатын. Астрахань облысындағы Маңғышлақ қазақтары 1918 жылы қазанда Қаратөбе деген жерде жиналып, болашақ ҚАКСР құрамына кіруді жақтап төтенше комиссар Ә.Жангелдинге өтініш жазды.
Қазревком құрылған уақыттан бастап қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіру жұмыстары басталды. 1919 жылы 11 қарашада Бөкей облысы Астрахань губаткомының құрамынан шығып, Қазревкомға бағындырылды. 1920 жылы Қазревком мен Орынбор губаткомы Орынбор және Торғай губернияларын біріктіріп, оның ҚАКСР-іне кіретінін мақұлдады. 1920 жылы 27 наурызда Қазревком Маңғышлақ және Красноводск уездері ТАКСР құрамында болғанымен ондағы адайлар көбінесе Орал және Торғай облыстарында көшіп жүреді және олардың шаруашылығы Орал облысымен байланысты, сондықтан адайлар ҚАКСР құрамына қабылдансын деген қаулы қабылдады. ҚАКСР-ын құру жұмыстарына дайындық барысында бұрынғы Алашорда мүшелері мен РК(б)П қатарындағы қазақ қайраткерлері тізе қоса отырып, болашақ ұлттық-территориялық автономия аумағын анықтап, өз ойларын Москвада өткізуге тыңғылықты даярланды.
1920 жылы 9-10 тамызда В.Лениннің ұсынысы бойынша РК(б)П ОК мен РКФСР ХКК-і жауапты қызметкерлерінің, Түріккомиссия, Қазақстан және басқа да мүдделі губерниялар өкілдерінің қатысуымен «Қырғызия туралы мәселелер жөнінде» кеңес өткізілді (Қараңыз: Шілдебай С. Қазақ атауы қалай қалпына келтірілді? // Egemen Qazaqstan, 2020. – 21 сәуір). Жер үшін айтысқа толы болған кеңестің екінші мәжілісінде Қырғыз (қазақ) республикасын құру туралы шешім қабылданғанымен, қай облыстар мен уездердің ҚАКСР құрамына қашан кіретіндігі шешілмеді.
В.Лениннің төрағалығымен 12 тамызда өткен кеңестің үшінші мәжілісінде Қазақ өлкесінің шекарасы туралы мәселе қаралды. Бұл мәжілістің стенографиялық есебі немесе хаттамасы, тіпті құжаттары осы уақытқа дейін зерттеушілердің қолына түспей келеді. Бұл туралы тек Сібревком өкілі В.Соколовтың естелігінен ғана біле аламыз. Осы мәжілісте В.Ленин Сібревком мүшесі В.Соколовты Ертіс бойындағы жерлер мен Омбы болыстарын қазақтарға бермеу жөніндегі шовинистік пиғылдары үшін тұқырта отырып, Сібревкомның ресми ұстанымы болып табылатын мұндай позицияға Орталықтың толық қарсы екенін жеткізеді. Ақыры, мәжіліс барысында қазақ делегациясының ұсыныстары толық қабылданды. Нәтижесінде, 1920 жылы 26 тамызда БОАК пен РКФСР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декреті қабылданып, ҚАКСР құрамына бұрынғы әкімшілік шекарасымен төмендегі облыстар қосылуы тиіс болды: Павлодар, Семей, Өскемен, Зайсан, Қарқаралы уездерінен тұратын Семей облысы; Атбасар, Ақмола, Көкшетау, Петропавл және Омбы уездерінің біраз бөліктері (Омбы уезінің қазақ және Сібір бөліктерінің шекарасын белгілеу Қазревком мен Сібревкомның келісімі бойынша жүзеге асырылады деп көрсетілді) кіретін Ақмола облысы; Қостанай, Ақтөбе, Ырғыз, Торғай уездерінен тұратын Торғай облысы; Орал, Абищенск, Темір, Гурьев уездерінен тұратын Орал облысы; Закаспий облысының Маңғышлақ уезі мен Красноводск уезінің 4-ші және 5-ші Адай болыстары; Астрахань губерниясының Синемор болысы, Бөкей ордасы, 1-ші және 2-ші Приморье округтерімен шектес бұрынғы қазыналық округтік жерлер. Ал ТАКСР құрамындағы қазақ жерлерін ҚАКСР-ге енгізу осы облыстар халқының еркі бойынша жүргізілсін деп көрсетілді.
Құрамында С.Меңдешев жұмыс істеген Кеңестердің Бүкілқазақтық съезін шақыруға дайындық жөніндегі ерекше комиссия қызметінің нәтижесінде 1920 жылы 23 тамызда Қазревком кеңестерге сайлау жөніндегі нұсқаулықты бекітті. Қазревком съезді ұйымдастыру және шақыру бойынша жұмыстарға басшылық жасау үшін «Қазақ өлкесінің жалпыға ортақ съезін шақыру жөніндегі өлкелік комиссиясын» ұйымдастырды. Қазревком мен осы комиссияның тікелей ұйымдастыруымен 1920 жылы тамыз-қыркүйек айларында қазақ даласына қарасты барлық облыстарда, губерниялар мен уездерде Қазревком нұсқаулығына сәйкес сайлаулар өткізілді. ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезіне делегаттар сайланып, съезге дайындық жұмыстары аяқталды. Қазақ халқы патша үкіметі бөлшектеп тастаған байырғы қазақ жерін біріктіру арқылы Кеңестік Қазақ автономиясын құру үшін ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезін шақыруға мүмкіндік алды.
Сәбит ШІЛДЕБАЙ
тарих ғылымдарының кандидаты,
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі
www.egemen.kz