Тұңғыш рет өзінің халықтық атауымен XV ғасырдың ортасынан өте бере елдік туын көтерген Қазақ Ордасы төрт ғасыр дербес өмірден соң самодержавиелік қуатты империяның отарына айналды. Содан XX ғасырдың басындағы тегеуірінді революциялық қозғалыстар нәтижесінде қайта түледі. Тарих қойнауына тасталған Қазақ Ордасы атауы монархия құлатылғаннан соң туған бостандық таңы арайымен, өркениетке лайық саяси күрес туындысы ретінде Алаш Ордасы аталып, қазақтың мемлекеттілігін жаңғыртты.
Бірақ ғұмыры қысқа болды. Кеңес өкіметінің Қазақ жерін басқару жөніндегі революциялық комитеті Алашорданың қызметін ресми тоқтатып, жойылғанын рәсімдегеніне биыл бір ғасыр толады. Осы датаға байланысты Алаштың Ордасы өткен жолға қысқаша шолу жасайық.
1917 жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда Орынборда болған Екінші Жалпықазақ съезі тарихи қаулы қабылдады. Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Каспий сырты (Закаспий) облысындағы Маңғыстау үйезі, Ферғана, Самарқан облыстарының, Амудария бөлімінің қазақ үйездері һәм Алтай губерниясындағы іргелес қазақ болыстары (кейін, 1918 жылғы 3 сәуірде Ресей Халкомкеңесіне Алашорда тарапынан нақтыланып хабарланған Алтай губерниясындағы Бийск, Барнауыл, Змеиногор үйездерінің, сондай-ақ Самарқан облысындағы Жизақ үйезінің қазақтары) тегі бір, мәдениеті мен тарихы бір және бір тілді («қаны, тұрмысы, тілі бір») іргелі қазақ халқы тұратын біртұтас аумақ («жері бірыңғай») болғандықтан, ұлттық-территориялық («өз алдына ұлттық, жерлі») автономия құрды. Қазақ облыстарының автономиясына «Алаш» деген ат берді. Алаш автономиясының конституциясын («низамын») бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс бекітеді деп белгіледі. Автономияның үкіметін – «Алашорда» уақытша Халық кеңесін («Ұлт кеңесін») құрып, оны халық милициясын құруға, жақын уақытта Алаш автономиясының Құрылтайшы жиналысын шақыруға, басқа да тиісті шараларды жүзеге асыруға міндеттеді. Төрт ғасыр дербес өмір сүріп, көрші күшті мемлекеттің отарына айналған Қазақ Ордасы заман ыңғайымен өрістеген ұлт-азаттық қозғалыс нәтижесінде шақырылған тарихи құрылтайда Алаш Ордасы боп түледі. Оның үкіметінің – «Алашорда» Халық Кеңесінің тұратын орыны ретінде Семей қаласы таңдап алынды. Хаттамаға құрылтай төрағасы Құлманов, оның орынбасарлары Бөкейханов, Қарашев, Досмұхамедов, Кенесарин, Дулатов, хатшылары Қадырбаев, Күсепқалиев қол қойған.
ІІ Жалпықазақ съезінің жұмысы Петроградтағы большевиктердің қарулы төңкерісінен қырық күн өткеннен кейін басталған-ды. Әйгілі Қазан төңкерісін Бүкілресейлік мұсылмандар одағы Атқару комитеті (Исполнительный комитет мусульман, Икомус) төрағасының орынбасары ретінде Петроградта қызмет істеп жүрген шағында Жанша Досмұхамедов көзімен көрген еді. Ол астанадағы түрлі саяси және қоғамдық ұйымдардың төңкерісті қолдамағанына куә болған. Жаңа үкіметпен Мұсылман аткомы атынан алғашқы келіссөздер жүргізуге әрекеттенген. Түркістан өлкесінің генерал-губераторы фон-Кауфман 1869 жылы Самарқаннан Санкт-Петербургке жөнелткен орасан зор Құран Кәрім кітабын – әр бетінің мөлшері 68х53 см, қалың, мықты 353 пергамент параққа VII ғасырда түзілген, ғылымда «Осман жиғызған Құран», «Самарқандық куфа Құран» деп аталатын бастапқы, толық нұсқаны қайтарып алу жайындағы мұсылман қауымының тілегін совет үкіметіне – Халкомкеңеске Мұсатком атынан жеткізген. Содан, тағатсыздана күтіп жүрген қазақ құрылтайы шақырылуына байланысты, алып-ұшып елге оралған болатын.
Орынбордағы ІІ Жалпықазақ съезінде Жанша Досмұхамедов өзіндік көзқарас ұстанды. Ол орталықтан бермен лықсыған анархиядан қазақ елін сенімділікпен қорғау үшін шұғыл автономия жариялау қажет деген ұсыныс көтерген-тін. Алайда ұлт-азаттық қозғалыстың танымал серкесі Әлихан Бөкейханов автономияны қазақ ішіндегі басқа жұрттардың пікірін білгеннен кейін, милиция құрып алып барып жариялауды дұрыс деп білді. Екі түрлі көзқарастың ширыққаны сондай, мәселе делегаттардың аттарын атап (поименное) дауыс беруі жолымен шешілетін болды. Автономияны шұғыл жариялауға қарсы жақ тоғыз кісінің даусын артық алып, жеңді. Бірақ жеңілгендер өз көзқарасынан қайтпағандықтан, делегаттар екі жақты да қанағаттандыратын ымыра қарарға тоқтасты. Жалпықазақтық «Алашорда» Ұлт кеңесі бір айдың ішінде Түркістан қазақтарының автономияға қосылу мүмкіндігін анықтауға міндеттенді. Олар Алаш автономиясына қосылған жағдайда, съезд автономияны мүмкіндік туған бетте жария ету құқын Ұлт кеңесіне берді. «Алашорда» Ұлт кеңесінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі, Түркістан автономиясы (мұхтарияты) үкіметінің Сыртқы істер министрі Мұстафа Шоқаев Сырдария облысы қазақтарының съезінде қаралмақ осы тағдыршешті мәселеге байланысты түркістандық қайраткерлерге арнайы жеделхат жолдады.
1918 жылғы 4–9 қаңтарда Түркістан қаласында өткен съезге Алашорда өкілдері Бақтыгерей Құлманов, Тұрағұл Құнанбаев, Міржақып Дулатов арнайы барып қатысты. Съезд мәселені қызу талқылап, түркістандық қазақ аймағы Алаш автономиясына мұхтарият үкіметі пен Алаш Орда арасында одақтастық шарт жасалғаннан кейін кіреді деген шешім қабылдады. (Алайда Ташкенттегі советтік билік келесі айда-ақ, 1918 жылғы 19–22 ақпанда Қоқан қаласына қызыләскерлер мен дашнактардың қарулы күшімен сұрапыл шабуыл жасады, қала талқандалды, халық аяусыз қырғынға ұшыратылды. Бар болғаны 64 күн өмір сүрген Түркістан мұхтарияты құлады, автономияның үкіметі қуылды. Алғашқы премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаев бой тасалап, Семейге келді, Алашордада қызмет етті, ал одан кейінгі премьер Мұстафа Шоқаев Ташкенттен пойызбен жаралы солдат кейпінде құпия аттанып, Алаш автономиясының батыс жағына барды, одан алашордашы қайраткерлер қатарында Құрылтайшы жиналыс мүшелері комитеті шақырған жиындарға қатысты, ақыры большевизммен күресін алыс шетелге кетіп жалғастырды).
ІІ Жалпықазақтық съезд жұмысын аяқтағаннан кейін іле-шала, Торғай облысының советтік Төтенше соғыс комиссары болып тағайындалған Әліби Жангелдин Орынборға қызыләскермен келе жатты. Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары қызметін доғарды. Сондай-ақ ІІ съездің шешімімен кіндік қала ретінде белгіленген Семейге Қазақ (Алаш) автономиясы «Алашорда» Халық Кеңесінің төрағасы міндетін атқару үшін аттанар алдында, Орынбор қалалық думасының гласныйы (депутаты) ретінде, 1918 жылғы 12 қаңтарда: «Қазақ-қырғыз жалпы сиезі қазақ-қырғыз ұлтының кіндік комитетіне председатель сайлап, Орынбордан кетпек болғаным себепті, Орынбор городской думасының гласныйлығын тастауға тура келеді» деген мәлімдеме жасап, думаның және думадағы мұсылман фракциясының төрағаларына, барлық үзеңгілес депутат жолдастарына оң тілегін білдіріп қоштасты («Қазақ», 1918 ж., № 259). Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы Райымжан Мәрсеков 1918 жылғы 15 қаңтарда облыс комиссарымен және шаруалар кеңесінің төрағасымен бірге қол қойып, жергілікті билік органдарына таяу арада Қазақ өлкесінің автономиясы жарияланатыны жайында жеделхат жолдады. Орынбордағы жалпықазақ съезінің шешімдерін, автономия туралы шынайы ұғымды ешқандай бұрмалауға, арандатуға, қисынсыз өсекке жол бермей, түсіндіру шараларын қолға алуды тапсырды. Алайда ақпан айында қалада кеңес өкіметі орнады да, саяси жағдай өзгеріп кетті. Орынбордан келген Алаш автономиясы үкіметінің мүшелері Семейде билік құрған кеңес өкіметі органымен тікелей іскерлік қарым-қатынас орната алмады, тиісінше соған байланысты жұмысқа да бірден кірісе алмады. Сонда Алашорданың Петроградтан Мәскеуге көшіп барған Орталық кеңес үкіметімен – Ресей республикасының Халық Комиссарлары Кеңесімен – келіссөз жүргізуіне қажеттілік туды.
1918 жылғы наурызда «Алашорда» Ұлт кеңесінің мүшесі Жанша (Жаһаншаһ, Жаһанша) Досмұхамедов Алаш Ордасының делегациясын басқарып, Оралдан Мәскеуге аттанды. Делегация сапарға Орал облысы қазақтары съезінің шешімі бойынша шыққан. Құрамында Ұлт кеңесінің тағы бір мүшесі, Орал облыстық земство басқармасының төрағасы Халел Досмұхамедов пен бірнеше мүшесі болды. Олар Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Владимир Лениннің алдында баяндама жасап, Қазақ автономиясын құрған Екінші Жалпықазақ съезінің құжаттарын тапсырды, заманауи өзгерістерге орай туындаған өзекті талаптарды сол шақта большевиктердің билеуіндегі Семейде іс жүзінде жұмысына кірісе алмай тұрған Орталық Алаш Орда атынан алға тартты. Қабылдау сәтті өтті. Досмұхамедовтер Предсовнарком Ленинмен және Наркомнац (Ұлт істері жөніндегі халық комиссары) Сталинмен ұтымды келіссөздер жүргізді. Кіші Совнаркомда (Халкомкеңесте) жұмыс істеп, Алаш автономиясы құрылымын кеңестік рельске үйлестіру жобасын жасады. Осы тұста Ленин мен Сталин Семейдегі Алаш автономиясы үкіметінің басшылары Бөкейханов пен Ғаббасовты төте желіге шақырған жеделхат жолдады. Ертеңіне, 1918 жылғы 2 сәуірде, Иосиф Сталин төте желі арқылы Алашорда төрағасының орынбасары Халел Ғаббасовпен сөйлесті. Сталиннің Кеңес үкіметі атынан айтқан түйінді сөзін «Абай» журналы шыққалы жатқан 3-ші нөмірінің мұқабасына «Қуаныш құтты болсын!» деп сүйіншілеткен тақырыппен басып, дүйім жұртқа жария етті. Онда Наркомнац Сталин Предсовнарком Ленин екеуі 1917 жылғы 2 қарашада қол қойған «Ресей халықтары құқтарының декларациясында» жария етілген ұлт саясаты принциптері күшінде екені айта келе, «Сіздердің өкілдеріңіз бізге әкеліп тапсырған жалпықазақ сиезінің қаулысын түгелімен қабыл аламыз» деп, осы орайда Алашорданың Кеңес билігін тануы жөніндегі Халкомкеңестің шарттары мен тілектерін білдірген. Сталиннен естіген осынау маңызды хабардың соңына журналды шығарушылар: «Ақ түйенің қарны жарылды. Өмірі қазақ – қазақ болғалы көрмеген қуаныш басыңа келді, көрдің. ...Алаштың баласы, көтер басыңды! Қуанышың құтты болсын! Тойың тойға ұлассын! Тіріл, Алаш! Сілкін, Алаш! Қуан, Алаш! Жаса, Алаш!» – деген шаттық лепес білдірді. Оған қоса: «...Бөкейханов, Ғаббасов, Ермеков, Мәрсеков атына Мәскеуден тағы телеграм алдық. «Халық комиссарларымен сөйлесіп жатырмыз, Алаштың автономиясына қарсылығы жоқ. Бүгін-ертең Алашорда өкілдерімен Сталин ауызба-ауыз сөйлеседі», – деп. Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер, жоғарыдағы өкілдер осы сабаздар екен», – деді.
Ал «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 35-ші санында Кеңес өкіметінің ұлт мәселесін шешу жоспарлары жайында Сталиннің айтқандары және Халкомкеңестің қазақ съезі шешімдерін қабыл ала отырып, қойған шарттарымен бірге, оған «Алашорда» Ұлт кеңесінің берген жауабы қоса жарияланды. Жауапта: «...Ұлт жұмысын басқарушы Халық Комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзін тексергеннен кейін, Совет хұкіметі Россиядағы барлық автономиялы халықтардың Кіндік Хұкіметі деуге қаулы қылып», он бір бабқа Алашорда шарттары тұжырымдалды. Арнайы бабта: «Қазақ-қырғыз (сол заманда қазақ-орыс және қазақ-қырғыз терминдері казак пен қазақ ұғымдарына синоним іспетті қолданылған, яғни қазақ-қырғыз – қазақ пен қырғыз дегенді емес, тек қазақ аталымын білдіреді) істері туралы елші Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтерді өкіл еттік. Олар қазір Мәскеуде автономия туралы Алашорда атынан сөйлесіп жатыр», – деп көрсетілді. «Алашорда» Халық Кеңесінің мүшелері Ұлт істері бойынша халық комиссары Сталиннің төте желі арқылы айтқан «ІІ Жалпықазақ съезі қаулылары толығымен Совнаркомның автономия туралы декретіне сәйкес» деген мәлімдемесін талқылай келе, Федеративтік Кеңестік Республиканың орталық билігін танығанын, сөйтіп Алаш ұлттық-территориялық автономиясын тоқтаусыз жариялау қажет екенін хабарлаған жеделхат Халкомкеңеске 1918 жылғы 3 сәуірде салынды.
Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Кіші Совнаркомда (сол уақытта Ресей үкіметінің жанындағы тұрақты комиссияны осылай атаған, ол Халкомкеңестің – Үлкен Совнаркомның – қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау үшін құрылған болатын) Кеңес үкіметінің шешуіне қойып отырған ұсыныстарын большевиктік билік талаптарымен ұштастыра пысықтаумен шұғылданып, тиісті құжаттар жобасын біліктілікпен дайындаған еді. Совнарком (Халкомкеңес) қорытылған ұсыныстарды мақұлдап, Орал облысындағы земство мекемелерінің жұмысын жалғастыра беруіне келісті. 1918 жылдың 1 сәуірінде өткен мәжілісінің № 335 Қаулысы бойынша, Зауральенің (Жайық сыртындағы) земство мекемелері өздерінің әдеттегі міндеттерін бұрынғысынша атқара беретін болды. Сондай-ақ Халкомкеңес сол өңірдегі қазақ (алаш) ұйымдарын совет рельсіне аударуға қажетті ақшалай қаржы бөліп, делегацияның қолына беріп жіберуге қаулы алды. Алашорда мен Кеңес үкіметі арасындағы алғашқы тарихи келіссөзді табысты жүргізіп, үлкен саяси жеңіспен Оралға оралып келе жатқан делегацияны Саратов қаласындағы Депутаттар кеңесі (Совдеп) Атқару комитетінің мүшелері тоқтатты. Оларға Орал совдепін құлатып, мүшелерін тұтқынға алған Әскери үкіметтің қамауынан қашып келгендер Досмұхамедов делегациясы үстінен шағым түсірген болатын. Мәскеуге Әскери үкіметтің тапсырмасымен кетті деген жорамалмен. Делегация мүшелері Саратов совдепшілерінің талқысында өздерін мәртебелеріне сай, өте лайықты дәрежеде ұстады. Көзқарастары мен ұстанымдарын дәлелді түрде қорғады. Орталықпен келісімдерін жүзеге асыруға Саратов совдепшілерінің жәрдем бергені дұрыс болмағын дәйектеді. Орал делегациясы туралы мәселе қараған Саратов Аткомының 1918 жылғы 17 сәуірдегі соңғы мәжілісінде Жанша Досмұхамедов тағы да Мәскеуге сапардың мақсаты мен қол жеткізген нәтижесін тілге тиек ете келе, Орал совдепінің құлатылғаны делегацияға Халкомкеңес қабырғасында ғана мәлім болғаны жөнінде айтып, Саратов совдепімен бірлесіп жұмыс істегенді жөн көретінін әңгімеледі. Орал өңірінің тұрғындарына үндеу жазғанын, оны ұшақпен елге жеткізіп, жұртқа таратуға Саратов совдепінен көмек сұрайтынын айтты. Жанша Досмұхамедовтің ақтар қоластындағы өңірге ұшақпен жеткізіліп, ауылдар мен қалаларға апарып тасталған «Орал облысының Жайық сыртындағы бүткіл қазақ земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды тұлғаларға және барлық азаматтарға» арнаған сондағы үндеуінде: «Жалпықазақтық «Алаш Орда» Халық Кеңесі Ресей Федеративтік Республикасының кеңестік билігін мойындады да, Халық Комиссарлары Кеңесімен қарым-қатынас орнатты», делініп, келіссөздердің жақсы нәтижесі ретінде: «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан жақын күндерде Қазақ істері жөнінде комиссариат құрылады да, ең қысқа мерзім ішінде қазақ өлкесінің автономиясы жайында декрет жарияланады», – деген хабар және Халкомкеңестің земство жөніндегі қаулысы айтылған-ды. Соларды хабарлай отырып, үндеуде: «Орал облысының Жайық сырты бөлігіндегі қазақтың барлық земстволық және қоғамдық ұйымдары мен лауазымды тұлғаларын, барша қазақтарды кеңес өкіметіне қарсы бағытталған қозғалыстардың ешқайсысына да қатыспауға, сондай қарсылық қозғалыстарға араласы бар адамдарға ешқандай көмек көрсетпеуге» шақырған және кеңестік биліктің қазақ үшін тиімділігіне назар аударған. «Естеріңізде болсын, қандас қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырды өз қолдарыңызға алу, ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болу жөніндегі табиғи тілектеріңізге тұңғыш рет еңбекшілердің Кеңес өкіметі ресми түрде құлақ асты, Кеңес өкіметі қазақ ұлтының ұлттық мүддесін және өзін өзі билеу құқығын мойындап отыр. Орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-мәрттігін бағалай біліңіздер!» деген жүрекжарды сөздермен үндеуін аяқтап, «Жалпықазақтық «Алаш Орда» Халық Кеңесінің Мүшесі Дос-Мұхамедов» деп қол қойған.
Алайда Кеңес өкіметімен ынтымақтастық осымен аяқталды. Семейдегі Орталық Алашорданың Сталинмен төте желідегі сұхбатқа байланысты өз шарттарын ұсынған жауабын Халкомкеңес алған, бұл жайында Досмұхамедовтердің 1918 жылғы 5 сәуірде Мәскеуден Семейге, Халел Ғаббасовтың атына жіберген жеделхатында: «Алашорданың ұсынған шарттарына Кеңес үкіметі жақын арада жауап бермек болды», делінген-ді. Сондай-ақ келіссөздердің тағы да мынандай шүбәсіз жетістіктерін айтқан: «Кеңес үкіметінің басында Қазақ Комиссариаты ашылатын болды. Бұл комиссариатқа кіретін адамдарды Алашорда өзі сайлап жібереді» және «Кеңес өкіметі әр облыстағы Советтерге «қазақтың тұтқынға алынған азаматтарын тегіс босатыңдар» деп әмір қылды». Осы жеделхат мәтінін редакция «Сарыарқа» газетінің 37-ші нөміріне асқан ризашылықпен баса отырып, Кеңес үкіметі «жуық арада Алашорда автономиясын жария қылар, қазаққа да жарық сәуле, күн туар деген ойымыз мол, иманымыз зор» деп жазған болатын. Бірақ бұл ой ақталмады. Халкомкеңес пен Ұлт істері жөніндегі комиссариат жер-жердегі өкілдері арқылы түрлі әлеуметтік топтар арасындағы ой-пікірге, ұлттық «Алаш» және социалистік «Үш жүз» партияларының ұстанымдарына тез-ақ қаныққан. Нәтижесінде, кеңестік үкімет (предсовнарком Ленин мен наркомнац Сталин) таптық мүдде тұрғанда ұлттық «буржуазиялық» құрылымға жол беруге болмайтынын парықтап, Досмұхамедов делегациясы Мәскеуден аттанысымен, онымен жасалған келісімдерді де, Семейге төте желі арқылы айтылған уағданы да бірден ұмыт қалдырды. Ешқайсысына да жауап берместен, жер-жердегі өкілдеріне «буруазиялық автономияны еңбекшілердің мойнынан түсіріп тастау» бағытымен жүруге нұсқау берді.
Кеңес үкіметінен осылай беті қайтқан Алашорда қызметін ақтарға сүйеніп жүргізуге көшті. Орал облысы қазақтарының Жымпитыда өткен кезекті съезі 1918 жылғы 18 мамырда Орал облысының Жайық сыртын «Ойыл уәлаяты» деген атпен, бес үйез кіретін ерекше дербес аумаққа бөліп, уақытша үкімет құрды. «Ойыл уәлаяты» мемлекеттік-автономиялық бірлігі Алаш автономиясының құрамында саналды. Үкіметінің төрағалығына Жанша Досмұхамедов сайланды, үкімет уәлаяттың республикалық режімде жұмыс істейтін әкімшілік-аумақтық құрылымын түзіп, қызметін ұйымдастырумен, юнкерлер (офицерлер) даярлайтын мектеп ашып, халық милициясын жасақтаумен шұғылданды. Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетінің 262-ші нөмірінде жарияланған жеделхатында Алашорданың 1918 жылғы 24 маусымда Алаш (Заречная слободка) қаласында іске кіріскені айтылды. Алашорда төрағасы Әлихан Бөкейханов, мүшелері Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Ғаббасов қол қойған бірқатар заңдар мен ережелер жарияланды, алдағы міндеттерді қалай орындау керектігі жайында тапсырмалар берілді. Семей, Ақмола облыстарында милиция жасақталып, ақ гвардиямен бірге большевиктермен соғысуға аттанғаны айтылды. Қазақ ұйымдарына «ел қорғаушыларды жинау ісін ...үш жұманың ішінде» аяқтау ұсынылды.
(Жалғасы бар)
www.egemen.kz
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.