Үміт сыйлап келесіз бар адамға!..
19.06.2020 2092

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Осы мерекенің қарсаңында дәрігер, қоғам қайраткері, ақын Толқын Ақанұлы жайлы жазсам деп қолыма қалам алдым.


Толқын Ақанұлының қазақ медицинасы мен руханиятының дамуына елеулі үлес қосып, еңбек етіп келе жатқанына қырық жылға жуықтапты. Туған жері Шығыс Түркістан, Тарбағатай аймағы Толы ауданында басталған арман жолы бүгінгі ел алдындағы үлкен абыройлы азамат биігіне алып шықты. Кәсіпкер, меценат, ақын, «Бақкелді - 2012» ЖШС-нің директоры және бас дәрігері болып қызмет атқарып келе жатқан Толқынның есімі қазір көпшілікке кеңінен танымал. Оны әріптестері де, осы саласының білгірлері де жоғары бағалайды. Оның себебіне көз жүгіртіп көрелік.

Толқын Ақанұлы Қытай Халық Республикасы медициналық университетінің жалпы медицина мамандығын бітірген. Өзінің еңбек жолын алғаш бастаған кезінен-ақ Қытайда жиырма жылдай емханада дәрігер, диспансер жетекшісі және медицина саласында әкімшілік меңгеруші болып қызмет атқарған. 2009 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бақкелді – 2012» ЖШС директоры және бас дәрігері. Тынбай еңбектенудің нәтижесінде дәрігерлік жолы да өзгеге үлгі етерліктей болып қалыптасты. Оған дәлел: Денсаулық сақтау министірлігі «ҚР халық және рухани емшілер мекемесінің» толық мүшесі; «Табиб» халық емшілер Қауымдастығының толық мүшесі; «Қазақ халық емшілігі» бойынша оқу циклін бітірген; «Сая» мейрімділік қор мүшесі; Халық медицина мектебі «Қазақ халық емшілігі» бойынша оқу циклін тәмәмдаған; Қазақ халық шипагерлігі ғылыми-зерттеу, оқыту және емдеу орталығынан ине салу, уқалау, шөп дәрімен сауықтыру құқығы берілген. Халықаралық «Экология» Академиясының Академигі. Халық денсаулығын сақтау ісіндегі ерекше еңбегі үшін бірнеше марапатқа ие болған. 

Жазушы А.П. Чеховтың мына сөзі ойға оралады: «Дәрігердің мамандығы - бұл ерлік, ол өзіне құрбан болуды талап етеді, ойдың ниеттің адал болуын қажет етеді», «Дәрігер ой санасы анық, пиғылы, мінез-құлқы таза, адал және мұнтаздай болу керек». Толқын ағаның да қолына қалам алғызған сол тазалығы дер едім. 


Дәрігерлік кәсіп – бұл ең адамгершіл, сонымен қатар өте жауапты мамандық. Дәрігер болу үшін бейімділік, икемділік, қабілеттілік, ауру адамның сенімін ала білуі, ол адамды өзінің ауруымен күрестіре білуі керек. 

Жоғарғы біліктілігі, дер кезінде шапшаң шешім қабылдау қабілеттілігінің арқасында талай ауыр жағдайда келгендер өлім аузынан қалып, қайта өмір есігін ашқаны шындық. Медицина атасы Ибн Синаның мына төмендегі сөздері еске түседі: дәрігерде қыранның қырағылығы аурудың нәзік саусағы, жыланның даналығы, арыстанның жүрегіндей қасиеттер болу керек екенін осы қасиетті Толқын ағаның бойынан байқадық. 

М.Я. Мудров өзінің бір еңбегінде былай деген: «... ауру денені емдейтін шипагер –философиямен психологиядан нәр алады. Бұл өнермен қайғылыны жұбатасың, ашулыны жұмсартасың, шыдамсызды сабырлатасың, тұйықты ашық, шыншыл, ұялшақты батыл етесің. Бұл өнермен ауруларға беріктілік рух беріледі. Ондай рух тәннің ауырғанын, қамығуды, қиял-арманды жеңеді, ауру адамның еркіне, жігеріне өзінің сырқатын бағындырады. Міне, біз сөз етіп отырған дәрігер осындай адам ... 

Уақыт көшіне ілесіп ізденіспен жасаған ой-тұжырымдары мен тәжірибесі мол өз ісінің шебері Толқын аға жайлы облыстық, республикалық баспасөз беттерінде мақалалар, лебіздер үнемі жазылып, жарияланып жатады. 

Ағаның тағы бір ерекшелігі қарапайымдылығында. Қарапайымдылық - адам бойындағы ізгі қасиет. Алдына келген әрбір адамды жылы қарсы алып, ашық-жарқын әңгімелесіп, дертіне шипа тауып, емдеп қоя береді. Менің түсінгенім, аға осы қарапайым қасиетімен айналасына сыйлы.     

Ақындығымен де жалпақ елге танымал Толқын ағамыздың 2018-жылы «Фолиант» баспасынан «Үміт сыйлағым келеді» атты өлеңдер мен әндер жинағы жарық көріп, Елорда төрінде «Берекелі Қазақ елі» атты шығармашылық кеші өтті.

Адамның жаны мен тәнін қатар емдеу азға ғана бұйыратын бақыт. Ол жағынан алсақ Толқын аға бақытты адам. Мыңдаған, миллиондағын адамдардың алғысы абыройын аспанға көтеріп, беделдің биігіне шығарып келеді. Адамдарға үміт сыйлаудан жалыққан емес. Оны өзінің жырына да арқау етеді. 

Үміт сыйлағым келеді

Өмірден күйзелгенде, шаршағанда, Сыйлағым келеді үміт барша жанға. Сыйлағым келеді елге жасыл ғұмыр, Таудағы мәңгі жасыл аршадан да.

Келмейді сырқат жанды зарықтырғым, Дертінен талайларды сауықтырдым. Қол ұшын жауыма да берсем деймін, Басына төне қалса қауіп бір күн. 


Біреудің көрсем-дағы жамандығын, Келмейді арзандатқым адам құнын. Дәрігер деген атқа дақ түсірмей, Күзетем тіршіліктің амандығын!..

Сыйлаған шипагерлік Алла маған, Дарыған бұл қасиет кең даладан. Алғысқа бөленеді әр күн сайын, Ажалға арашашы болған адам!

Қай заманда болса да адам баласы бірінші байлық – денсаулық екенін естен шығармақ емес. Алайда бұл қағиданың орындалуы үшін білікті мамандардың да рөлі ерекше. Сондықтан түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығып шығуына себепші болып жүрген ақ халатты абзал жанның мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қайратыңыз қажымасын дегім келеді. 

Сіз әрі сезімтал, адам тағдырына жанашырлықпен қарайтын сегіз қырлы, бір сырлы азаматсыз. Оны бәріміз мақтаныш тұтамыз. Әрдайым биіктен көріне беруіңізге тілектеспіз.

Алтынбек Құмырзақұлы