«Абай ережесі» немесе Қарамола съезіне 130 жыл
26.08.2015 3695
Биыл қазақтың бас ақыны – Абай Құнабевтың 170 жылдық мерейтойы туған ауылында кең көлемде аталып өтті. Осы тарихи күнмен бірге «Абай ережесіне» немесе Қарамола съезіне 130 жыл толып отыр

Абайды ақын, жазушы, қоғам қайраткері, философ, саясаткер ретінде тануға мүмкіндік мол. Бірақ Абайдың саяси және құқықтық ірі реформатор екенін жиі естен шығармағанымыз абзал. Олай дейтініміз 1885 жылғы Қарамола съезінде жетпіс үш баптан тұратын заң ережелерін ұсынғаны тарихта белгілі. Сол уақыттағы қазақ қоғамының өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мұң-мұқтажын бір кісідей білген дана Абай жергілікті атқару органдары мен билер қызметінде әлеуметтік істерге араласады. Заң ережелерін жинақтап, қазақтың ерте кезден келе жатқан әдет-ғұрып нормаларын негізге ала отыра «Абай ережесін» дүниеге әкеледі. 

«Абай ережесі» 1885 жылы мамыр айында Қарамола жерінде орта жүз рулары бас қосқан жиында жинақталып, жазылды. Оған жүзден астам билер қатысты. Бес дуанның болыс билері бас қосқан жиында 73 баптан тұратын «Ереже» қабылданды. Ережені Абай бірнеше күнде жазып шыққан. Бұл туралы философ, ғалым Асан Омаров «Абай: ашылмай келген қырлары» атты монографиялық еңбегінде: «Шабыты шалқығаны емес пе, жиылған би болыстарға арналған Ережені Абай 3-4 күнде дүниеге әкелген. Сол 73 баптан тұратын жаңа заңды баршасы — болыс, билер һәм ұлықтар мақұлдап, ереже астына қолдарын қояды», – деп жазады. 

Далалықтарға, яғни қыр халқына ғана тән әдет-ғұрып, дағды-машықтар ұлы дана Абайға жақын әрі түсінікті еді. Ол ережеге көп өзгертулер, түзетулер қосып өңдеді. «Абай ережесі» қамтыған кейбір дәстүрлерде өзіндік ерекшеліктер мен жаңалықтар байқалды. Бұл Абайдың туған халқының мүддесі жолындағы күресте жеткізген тарихи жеңісі еді. Заң алдындағы жауапкершілік өмір талабына сай өзгертілген. «Абай әдет-ғұрып мәселесін заманға сай лайықтап, халық пайдасына шешті, кем-кетіктің, әсіресе әйел провасын», – жақтады дейді көрнекті зерттеуші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев. 

Бұл ереженің жазылуы жоғарыда айтып отырған Қарамола съезінің басты тарихи оқиғасы болды. Абай ережесі қазақтың әдет-ғұрып құқығымен де патша өкіметі сот билігімен де ұштасып жатты. Қазақ даласындағы ертеден келе жатқан заңнамалық құжаттарды жетік білген заңгер Абай орыстар енгізген заң нормаларында шебер пайдалана алды. Билер шешімі тек қана басқару мен сот жүйесі емес, сонымен қатар халықтың дәстүрі мен ұлттық таным-түйсігі екенін туған халқына айтып жеткізді. Сот билігінің қазақ қоғамында ертеден қалыптасқанын дәлелдеді. 

«Абай ережесінің» көптеген тараулары қылмыстық құқық пен жазаға арналады. Оның ішінде құрыс-төбелес, ұрлық, ұрлықты қайта жасау, денесіне зақым келтіру әрекетері қатты жазаланды. Әсіресе төбелесті ұйымдастырушылар айыбы басқаларға қарағанда көбірек болды. «Абай ережесі» құн дауы, жесір дауы, мал дауы, мүлік дауы, әмеңгерлік, мұрагерлік, дауларды шешу, үкім шығару және сот жүргізу тәртібінің ерекшеліктерімен енгізілді. Қалай десек те, Конституциямыздың 20 жылдық мерейтойында «Абай ережесін» ұмытпағанымыз абзал. Ата заң тарихына алтын әріппен жазылар құқықтық құжат екенінде тілге тиек ете кетейік. Өйткені Абайдың өзі айтқандай «Толық адам» санатына жетіп, зор ғалым болған шағында дүниеге келген заңнамалық құжат. 

«Абай ережесі» немесе Қарамола съезі – бүгінгі тарихтың шежіресі. Төбе би сайланып, әрі «Абай ережесін» жазған данышпан хакім Абайдың туған ауылына ерекше әсерге бөленіп қайтады деген тұсы заңғар жазушы М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында кезігетін еді ғой. Қазақтың көсемі болудың, оның заңнамалық құжатын жасауды үлкен жауапкершілікпен сезіну мыңның біріне ғана тән. 

 Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ