«Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» атты дөңгелек үстел өтті
23.02.2015 1756
Елбасы Н.Ә. Назарбаев тәуелсіздік таңы атқан тұстан бері тарихымызды түгендеп, жоғалған жәдігерлерімізді жандандыруды басты міндет етіп келеді

Осы бағытта тарихи тұлғаларды елге, жастарға кеңінен насихаттаудың маңызы зор. Қазіргі таңда елін жаудан азат еткен батырлардың, қазақтың басын бір арнаға біріктірген хандардың, елге билік айтып, сөзі өткен билердің есімі елге оралып, олардың ерлігін бүгінгі ұрпақ мақтан тұтуда. Ендеше Сарыарқаның адыр белінде дүниеге келген Кетбұқа бабамыздың да тарихтағы тағылымы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, жастарға тәлімді тәрбие.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы тұлғаларды білмейінше, бір де бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес» деген болатын. Ал Сирия мемлекетіне барған арнайы іс-сапарында қазақ еліне қатысты тарихи тұлғалардың осы ел үшін жасаған еңбектерін бағалай отырып: «Кетбұқа бабамыз – түбі бір түркіге ортақ ұлт тұлғасы» деп тебірене айтқаны бар. Олай болса, кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Кетбұқа бабамызды Алаштың атасы, мемлекет қайраткері десек әбден жарасады.

Осындайда сұрақ туындайды: ұлт тарихында терең із қалдырған көреген саясаткер, шебер дипломат, мемлекет қайраткері, сәуегей әулие Кетбұқа жырау біздің ой-санамыздан өз орнын қаншалықты алып жүр?

Міне, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» атты дөңгелек үстел мен экс-депутат Мұхамед Көпейдің «Кетбұқа» жинағының таныстырылымы дәл осы сұраққа жауап беріп өткендей. Шараның мақсаты да сол – ұлы тұлғаның есімін ұрпақтар санасына сіңіру.

Жиынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөзбен ашып, тарихи тұлғаның кім болғандығы жөнінде жұртшылыққа кеңінен таныстыру үшін сөз кезегін «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіровке берді.

Бірлестік төрағасы «Кетбұқа – тарихи тұлға» деген тақырыпта кеңінен баяндама жасады.Содан кейін оның өз дәуірінде қоғамға қосқан еңбегін зерттеп-зерделеп жүрген қазақстандық жазушы-ғалымдар мен бұдан бұрынғы кездесуде зор белсенділік танытқан Қызылорда, Түркістан жұртына мінберді пайдалана отырып өз ризашылығын білдірді және «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің атқарар міндеті ауқымды екенін, оның ішінде нар тұлға жайында сыр шертетін еңбектер жариялау, мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастыру, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу басты бағыттары саналатынын айтып етті.

- Бүгінгі Мұхамед Көпейдің «Кетбұқа» жинағының таныстырылымы сол жұмыстардың бір нәтижесі әрі бабамызға көрсетілген құрмет,- деді ол.

Өз кезегінде сөз алған ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов «Кетбұқа және қазақтың бабалар сөзі» деген тақырыпта ой өрбітіп, ұлты үшін ұлы еңбектермен ел есінде қалған абыздың өз дәуіріндегі ерлік істерін тарихи дерек бойынша оны ұлықтаудың сәті туғанын жеткізді.

«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай «Тарихтағы және аңыздағы Кетбұқа» туралы өзінің тарихи әфсанасынан мысалдар келтірді: «Алты арыс ел Ұлытауға жиналып, Кетбұқаны Ұлығ би сайлады», - деді сыншы-ғалым.

Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Кетбұқа – Еуразиялық тұлға» екенін дәйекті дәлелдермен айтты. Кетбұқа жыраудың есімі Лев Николаевич Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түскенін, оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы осы Кетбұқа бабамызға арналған жеткізді.

Филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек болса, «Көркем әдебиеттегі Кетбұқа» тақырыбын барынша ашып көрсетті: « Асан қайғы, Қазтуған, Доспанбет жырау, Махамбеттей ақындар ұлы тұғырға көтеріп жырлаған Кетбұқа бидің көркем әдебиеттегі орнын шегелегендей болды. «Кезінде «Ердің ері егеудің сынығы» - деп Кетбұқадай батырды Ұлытауға аттандырады. Елдің игі жақсылары оның ішіндегі Майқы би: «Қаратаудан әрі қарай асыңдар. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар. Қаракеңгір, Жездікеңгір, Құдайберді деген жерге барып, ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен әділ биліктің күшімен, ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар», – деп батасын берген екен. Ұлы бидің батасы қабыл болып, еңселі орда құрылып, тасқа таңбаларын қашатып, ант беріскен жер – Ұлытау. Сол Ұлытаудағы Таңбалынұра жерінде үш жүздің таңбаларын тасқа қашатқан Майқы би мен Кетбұқа бабаларымыз» деді филолог-ғалым Рақымжан Тұрысбек.

Жиында аз нәрсе айтылған жоқ. Күйші Жанғали Жүзбаев қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұқаның есімі әйгілі «Ақсақ құлан» күйімен қатар аталатынын, «Ақсақ құлан» десе, Кетбұқаның, Кетбұқа десе, «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатындығын жеткізді. Сондай-ақ «Кетбұқа жыраудың халық арасындағы кең тараған күйлеріне «Нар идірген», «Күйдім-жандым», «Ақсақал», «Жошы хан», «Ақсақ құлан», «Жылан қайыс», «Ел бірлігі» күйлерін жатқызуға болады. Кетбұқа бабамыз Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында да айтылады. Кей деректерде Кетбұқа Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір кезде қобызбен күй тартып естірткендігі туралы әңгіме бар» деді Күйші Жанғали Жүзбаев.

Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерелері, профессор-оқытушылар, студент-жастар қатысып, өз ойларын білдірді. Біз білмейтін қуанышты-деректер де бар екен: Кетбұқа бабамыздың қобызда тартылатын «Ел бірлігі» атты күйін қырғыз ағайындарымыз ұлттың алтын қорына кіргізіпті. Бұл дегеніңіз Кетбұқа бабамыздың аты бізге жауынгершілік жолдармен қатар, құдіретті күй әуендерімен де тығыз байланысты екендігін көрсетеді.

Бүгінгі Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақ елінің қаһармандық тарихы және Кетбұқа тұлғасы» тақырыбындағы басқосу тарихта өз орны бар Кетбұқаның ерлігін дәріптеудегі игі шараның бірі және ұлы бабаға көрсетілген үлкен құрмет болды.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Баспасөз қызметі