ҚР Президент Жолдауы. Х. Әбжанов — сараптамалық пікір
20.11.2014 936
«Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Ә. Назарбаев ел халқына кезекті «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты жолдауын жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға шақырды.

Ханкелді Әбжанов,
т.ғ.д, профессор

Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы әдеттегіден ерте жарияланды. Неге былай екенін Жолдаудың мәтінімен танысқан соң түсіндік.

«Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ, — деп қысқа қайырған екен Н.Ә. Назарбаев. — Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз».

Шынында да заманның жүзі жылынбай тұр. Әлемдік экономикадағы, қаржы-банк саласындағы кереғарлықтар алпауыт мемлекеттердің теке-тіресімен тереңдей түскенін көріп те, сезіп те отырғанымыз рас.

Тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығы мен қызығын, шексіз артықшылығы мен мүмкіншілігін енді біле бастаған шақта қосақ арасында кетпес үшін алдын ала қамданғанымыз жөн. Қазір таңғы асты тәңіріден күтіп, бейғам жататын уақыт емес.

Жолдау бүгін атқарылуға тиісті өзекті міндеттерді егжей-тегжейлі тиянақтаған. Олар экономиканы да, әлеуметтік инфрақұрылымды да, елішілік келісім мен ынтымақты да, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатты да қамтып жатыр.

Бірінен бірін бөле-жара қарау еш мүмкін емес. Мәселен, биік технологияларға сүйенген экономикасыз адамдардың әл-ауқатын көтеру, отбасын баспанамен қамтамасыз ету тәрізді жобалар бос сөз күйінде қала береді.

Ал әл-ауқаты төмен жанның қай жерінен ойын-күлкі шықсын. Аш адам — ұрысқан, ауру адам — тырысқақ, демей ме халқымыз.

Мен экономист емеспін. Бірақ, нарық тұсында, бәсекенің бәсі артқан жаһандану заманында іскерлікпен, заңның аясында мал тапқанның айыбы жоқ екеніне көзім жете түсуде.

Кімде табыс, қаржы-қаражат мол болса, уақыт үдесінен шыға алғанның жиынтық көрінісі сол. Бұл орайда Қазақстан серпіліс пен ілгерілеудің тамаша белестерінен өтті. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев баса көрсеткендей, «сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары-деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік».

Енді сол қордағы, ақшаны, ақылмен, төкпей-шашпай жұмсап, «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыратын кезең келді.

«Нұрлы Жол» — сан-салалы, кешенді, батыл бастама. Ол — еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысы бар іс-шаралар дестесі. Солардың ішінде білім мен ғылымға айрықша назар аударылғаны бүгінгі қауырт тіршілік ертең кемел келешекке ұласатынын меңзеп тұр.

Елбасымыз апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемасын шешу үшін қосымша 70 миллиард теңге бөлуге, мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін қосымша 20 миллиард теңге бөлуге тапсырма берді.

Президент тапсырмасын сапалы орындаған әкімнің асығы алшысынан түсетініне, мүлт кеткені мұрттай ұшатынына кәміл сенемін.

Жоғары білім басшыларына да артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Ғылымның экономикадағы маңызын арттыруға, заманауи мамандар дайындауға жегілетін 10 ЖОО анықталған екен. Алдағы екі жыл ішінде оларға 10 миллиард теңге бөлінбек.

Осы 10 ЖОО ЭКСПО — 2017 миссиясына сүбелі олжа салуға міндетті. Ендеше, аттың жемін жеп, тайдың жұмысын атқармайтындардың уақыты келмеске кеткенін айтып жатудың өзі басы артық шаруа.

Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы — «Мәңгілік Ел» идеясына баршамыздың назарымызды аударды. Осылайша Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев алдағы бес жылдың «Нұрлы Жолын» ХХІ ғасырды қамтыған ұлттық идеямен ұштастыра алды.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат, — делінген Жолдауда, — әлемінің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз». Ал тарихы терең «Мәңгілік Ел» идеясының мәні Отанды сүюмен анықталады.

Ол — «бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз».

Президентіміз қапысыз дәйектеген ұлттық идеяға қатысты пайым-тұжырымымызды бұған дейін-де білдірген едік.

Соның практикалық ұсыныстарын оқырмандар қаперіне сала кеткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені «Мәңгілік Ел» идеясы мемлекет құраушы халықтың сан ғасырлық құндылығын, көпұлтты, көпдінді ахуалымызды, бірде-бір этносқа қандай ғана болмасын басымдық берілмейтінін меңзейді.

Сөйте тұра, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын, межесі мен мәресін айқындайтын іргетасқа төл тарихымыздың қойнауында қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа аманатталған, бәсеке мен сынақтардан шыңдалумен бүгінге жеткен бабалар арманы қаланғаны неге тұрады! Осыншама бақ-дәулетті бастан ұшырып алмау үшін не істеу керек?

Біріншіден, Президент дәйектеген ұлттық идея өткен күндерге құрмет көрсететін, бүгінімізге интеллектуалдық ізденіс, болашаққа ұлы серпіліс болғандықтан оған конституциялық мәртебе беру — уақыт талабы. Ата Заңымыздың тарау-тарауына «Мәңгілік Ел» идеясы демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға септесетінін толықтыру түрінде енгізсек, идеяның жасампаз құдіреті ашылады. Экономикалық, идеологиялық, саяси пікіралуандығының өзекті ұйытқысы орнығады. Басқа да берері мол.

Екіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмауына Парламент пен Үкімет, Президент әкімшілігі жағдай жасағаны абзал.

Үшіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Осылардың санасына, өмір салтына сіңген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» орнатудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.

Төртіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын ғылыми тануды қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер, бай-бағландар қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне септессе, нұр үстіне нұр. Қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бюджетке алақан жая бермей, бір мезгіл өзі-де қаражат тапқанының айыбы жоқ.

Бесіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этностар мен аймақтарға жеткізу атқарылар іс-шараның бір парасы ғана. Ол әлемдік, ақпараттық, ғылыми кеңістіктерден ойып тұрып өз орнын алуы керек.

Соңғы үш ғасырда қазақ даласында дүниеге келген озық ұлттық идеяның бірде-біреуі отарлау және коммунизм елесінің теориясы мен практикасына шыдас бермегендіктен жасампаз миссиясын толық атқара алмай, тарих қойнауына кірген еді.

Есесіне Кеңестік тоталитаризмнің таптық-партиялық қатыгез идеясы тұлғаларымызды баудай түсіріп, Қазақстанды өркениет әлемінен жыраққа әкете жаздады. Қазақ елінің мәңгілігіне, гүлденуіне қызмет ететін идея енді туды. Ол жаңа Жолдаумен асқаралы биікке көтерілмек.

«Мәңгілік Ел» идеясының салтанаты Қазақстанды дамыған мемлекеттер қатарына қосқанымен бәрімізді байлық иесіне айналдырмайды. Әрине, байлар, орташалар бүгінгіден әлденеше есе көп болары сөзсіз. Бірақ әлеуметтік жіктелу сақтала береді.

Менің пайымымша, ХХІ ғасыр ортасына қарай біз «ақылды» ортада өмір сүретін күнге жетеміз. Үй, жабдық, жол, көлік, киім, оқулық — бәрі «ақылды» болғандықтан, бақылауды күшейтіп, жауапкершілікті ілезде анықтауға мүмкіндік беретіндіктен адамдарды адамдық қалпынан шығармайды.

Бұл кедейлер, кембағалдар, қылмыскерлер, жемқорлар жоғалады деген сөз емес. Қайшылықтар, кемшіліктер-де орын ала береді. Шешімі-де табылып жатады. Мәселе «ақылды» ортаны түзуге, әсіресе ғылыми қамтымды экономиканы, жоғары өңделген өнімдер шығаруды қалыптастыруға, білім мен ғылымның тиімділігін арттыруға өздік төл олжа сала білуімізде, сол жолға шыңдап түсуімізде, сөз бен істің бірлігінде.

Күні кеше жарияланған Жолдау алдағы міндеттер мен әлденеше ғасырлар бойы отандастарымыздың жүрегін һәм санасын билеп келген арманын үйлестірудің сара жолын ұсынды.