Сақ қорғандарын суық қолдан қалай қорғаймыз?
17.08.2013 2887
Күршім ауданындағы әр дәуірдің археологиялық ескерткіштерінің толық картасын жасау, сонымен қатар мүмкіндігінше қола, ерте темір және түркі дәуірі тайпаларының жерлеу ғұрпы, салт-санасы мен дүниетаным

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Ғани Омаровтың жетекшілігімен  Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында «Алтай археологиялық экспедициясы» бүгіндері күрделі зерттеу жұмысын жүргізуде. Жобаның басты мақсаты – Күршім ауданындағы әр дәуірдің археологиялық ескерткіштерінің толық картасын жасау, сонымен қатар мүмкіндігінше қола, ерте темір және түркі дәуірі тайпаларының жерлеу ғұрпы, салт-санасы мен дүниетанымына қатысты мәліметтерді жүйелеу, сараптау, бір сөзбен айтқанда Алтай өркениеті туралы мәліметтер қорын молайту. Жуықта тілшіміз ғылыми іссапарда болған  ғалыммен кездесіп, соңғы жаңалықтарымен  танысқан еді.

ДмҚ: Ғани Қалиханұлы, Алтай – түркі өркениетінің алтын бесігі дейміз. Бұл ғылыми жобаларыңыз осы пікірді дәлелдей түсетін құндылықтармен толығатын секілді. Зерттеуге кімдер, қалай қатысуда? Сол туралы айтып берсеңіз?

Ғани Омаров: Бұл ғылыми кешенді жобаға университетіміздің тарих, археология және этнология факультетінің ұстаздары, ғылыми қызметкерлері, магистранттары мен студенттерінен жасақталған мамандар алдыңғы шепте қатысуда. Сонымен бірге зерттеудің тобына Семей мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінің студенттері  де қатысуда.

Далалық ғылыми-зерттеу жұмысы Қалжыр ауылдық округіне қарасты Алқым қорымында түркі және ерте темір дәуірінің үш қорғандарындағы қазбалардан басталды. Бұл қорым Қалжыр өзенінің оң жағалауында таудан жазыққа ағып шығар жерінде, Қалжыр ауылынан солтүстік батыста 4 шақырым жерде орналасқан. Далалық ізденістердің келесі сатысы осы аудандағы аталған округтерден басқа Қаратоғай, Ақбұлақ, Теректі, Төсқайың ауылдық округтеріндегі археологиялық ескерткіштерді есепке алу, нақты орындарын анықтау, картаға түсіру болды. Бұл жұмысқа Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері Г.А. Кущ пен Г.И. Суворовалар да тартылды. Нәтижесінде жаңадан қола дәуірінің бір қонысы, бір қорымы, ерте темір және түркі дәуірлерінің елуге тарта қорымы және петроглифтер тобы тіркелді. Егіндібұлақ ауылы мен Ақбұлақ ауылдары жанында сақ патшалары мен ақсүйектері жерленген элитарлық қорғандар тобы анықталып, есепке алынды.

ДмҚ: Қазақ археологтары әлемдік ғылымның озық тәсілдерін өз зерттеулеріне пайдаланып отыр ма, бәсекелестікке қа­білетті ме?

Ғани Омаров: Археология – гуманитарлық ғылымдардың ішінде жасының бірі. Соңғы кезде археологияға әртүрлі сала мамандары: генетик, биолог, ветеринар, топырақтанушы, өсімдіктанушы және т.б сала мамандары қатысуда. Мұның өзі осы ғылымның жеке дара өмір сүре алмайтын  кешенді, дамыған пәнге айналуының белгісі емес пе?! Осы талапқа отандық археолог ғалымдар дайын деп айта аламыз. Белгілі археолог ағамыз Жәкен Таймағамбетов ең соңғы ғылымның әдістерін қолданатын білікті маман. Ол соңғы кезде геоархеология бағытында жұмыс істеуде. Бұл жобаға Италия, Бельгия  мамандарын тартып отыр. Тағы бір мысал,  З.Самашев басқарған экспедицияда  Берел қорғанынан мәңгі тоң боп қатып қалған қорым кешенінен сақ ханзадасының мұрасы, алтынмен әбзелденген тұлпарлар табылды. Осы қорымда жатқан адамдардың денесі, сүйегі, шашы да жақсы сақталған, мәселен мәңгі мұзда сақталған жылқылардың еті еш бүлінбей сақталған, тіпті аузындағы жеген шөптің жасыл нілі де сол қалпында қалғаны жерлеу құрылысын бабаларымыз аса күрделі архитектуралық құрылыс ретінде соққанынан деуге болар. Енді осы қорымнан табылған адамдардың нәсіл тегін генетиктер, жылқыны ветеринарлар, жылқының жеген шөбі мен өсімдік тұқымдарын биологтар арнайы зерттеп отыр. Осылайша біздің дәуірімізге дейінгі ІҮ-ІІІ ғасырларда салтанат құрған мәдени қазына бүгінгі ғылымның арқасында қазіргі ұрпаққа  айдан анық, күннен жарық  болып жетеді.

Тағы бір жағдайды айта кетсек,  қазір археологтар жер қыртысын ғарыштан бақылайтын құралдарды өз ісіне пайдалануда, алдын ала алынған кейбір нәтижелерін шетелдік эксперттерге де беріп сынатуда. Мысалы, жер серігі арқылы жасалған аэрофототүсірілімді жиі пайдаланудамыз. Бұл арқылы көне қорым, ежелгі шаһар жұрттары, өркениет қалдықтары  қай мекенде орналасты, мөлшері қандай деген секілді өзекті ақпаратты бірден ала аламыз. Орта ғасырдағы қала жұртын байқауға мұның үлесі зор. Мысалы, Алакөл ауданы аумағындағы орта ғасырлық Асусай, Жайпақ дейтін қала жұрттарын ғалымдарымыз осы әдіспен бақылап тапқан. Бағзы қазына орнын алдын ала қандай  бойлық, нешінші  ендікте екенін анықтап аламыз да, адаспай үстінен дөп түсеміз. Мұндай мәдени нүктені JPS дейтін құралды пайдаланып оңай-ақ табуға болады.

ДмҚ: Ғарыш серігі арқылы  бақылау жасау, арнайы аэрофототүсірілім жасау мол  қаржыны талап етпей ме?

Ғани Омаров:  Мүлде олай емес. Біз алдымен Кеңес Одағы жылдары түсірілген фототүсірілімдерді пайдаланамыз. Одан кейін ғаламтордағы  Google бағдарламасын осы мақсатқа тегін қолдана аламыз. Ең қуантатыны ғаламторда мұндай бағыттағы фотосуреттер жыл сайын жаңғыртылып отырады.

ДмҚ: Алтай археологиялық экспедициясы қандай олжаларға кездесті?

Ғани Омаров: Ғылыми іссапар кезінде көптеген археологиялық нысандар жаңадан зерттеліп, жобасы түсірілді, гео­графиялық координаттары мен картадағы орны анықталды. Мұрағат материалдары және кездейсоқ жағдайда табылған жәдігерлер бойынша зерттеу жұмыстары да жүргізіліп, Күршім ауданының археологиялық ескерткіштерінің зерттелу тарихы жазылды. Сондай-ақ алғаш рет Қара Ертіс жағасында құм мен қиыршық тастан тұратын екі ерте темір дәуірінің және авариялық жағдайдағы үш түркі дәуірінің қорғандарына қазба жұмыстары жүргізіліп зерттелді және өзінің бастапқы қалпына келтірілді. Жалпы осы өңірден ғылымға белгісіз болып келген жүзге  тарта ескерткіштер ашылды деуге болады. Қаратоғай, Ақбұлақ, Теректі, Төсқайың ауылдық округтеріндегі археологиялық ескерткіштерді есепке алу, нақты орындарын анықтау, картаға түсіру жұмыстары да табысты жүргізілді.  Қола дәуірінің бір қонысы, бір қорымы, ерте темір және түркі дәуірлерінің елуге тарта қорымы және петроглифтер тобы анықталып,  картаға тіркелді. Егіндібұлақ ауылы мен Ақбұлақ ауылдары жанында сақ патшалары мен ақсүйектері жерленген элитарлық қорғандар тобы табылып, есепке алынды.

Биылғы жылы Есік, Бесшатыр, Шілікті кешеніне тең келетін ең үлкен қорған Бесоба ескерткішін қаздық.  Жан ауыртатын жағдай соңғы бір-екі жылдың аралығында ескі қорғандарды белгісіз ұрылар тонап кеткен. Жергілікті әкімшілік, шекарашылар, полиция қызметшілері суыққолдылар туралы ештеңе білмей отырғаны өкінішті. Негізінен мұндай ежелгі қорған, обалардың  тоқсан  пайызы сол дәуірдің өзінде тоналып кеткендіктен, біздер, археологтар өткен тарихымызды, ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігі, наным-сенімі, салты, шаруашылығы мен т.б. жайттар туралы там-тұмдаған мағлұмат алу үшін ыңғайсыз жағдайды біле тұра  қазба жұмыстарын үмітпен жүргіземіз. Ал Күршім өңірі шекаралық аймақ. Ішің удай ашитыны Ақбұлақ ауылы жанындағы сақтардың патша қорғандары соңғы бір-екі  жылдың  ішінде аямай тоналған.

ДмҚ: Айдың-күннің аманында ата-баба қорымы тоналуы, шекаралық өңірде сақталған ежелгі інжу мәдениетке дәл бүгіндері  қарақшылық шабуыл  жасалуы, ол туралы полицияның да бейхабар болуы  масқара жайт екен. Қорым тонаушылар кімдер, олар бағзы мұраны қалай тонаған?

Ғани Омаров: Жалпы қорым тонаушыларды шартты түрде екі кезеңге жатқызуға болады. Алғашқысы – ескі дәуірде сол патшамен тұрғылас болған жандар. Кейінгілері – байлыққа, алтынға қызығушылар. Ал біздің көріп отырғанымыз бүгінгі ашкөздер болғаны тіпті масқара. Ежелгі заманда патша болсын, батыр болсын қайтыс болғанда оны өзінің ата жауы қорлау үшін моласын ашып тонап кететін болған. Ал бүгінгі біздің ұрпақтың өз ата-баба қорымына қол салуын не деп түсінді руге, неге жатқызуға болады? Мәселен, қола дәуірі адамының моласын ерте темір дәуір адамы тонайтын, жау боп жүрген елдер бір-бірінің мұрасына қол салатын. Мысалы, сақ қорғандарында күншығысқа қарай жерасты жолы болады, жүрелеп отырған адам сиятындай соқпақ салынады, соны көрген, нақты білетін жандар  сол сүрлеумен еніп, алтын қазынаны сол заманда-ақ үптейтін. Күршімдегі үлкен Бесоба қорымында 30-ға  тарта қорған бар, соның 80 пайызы тоналған. Соның ішінде оннан астам қорған соңғы екі  жылдың жүзінд тоналған. Ұрылар қорған үстінен 9 м тереңдікке дейін көлемі 2х1м шұңқыр қазып, баукеспелік әрекет жасаған. Жалпы, археологтардың айтуынша Қазақстанның басқадай өңірлерінде қорғандарды тонаушылық соңғы уақытта қатты бел алған. Антиквармен айналысатындар, оңай жолмен байлыққа батқысы келетін ала­аяқтар металл іздегіш түрлі дамыған құрал-жабдықтарды қолданып, тонаушылық жасайды.

ДмҚ: Жергілікті әкімшіл іктің, полицияның бейғам отыруы, қарапайым халықтың да  немкеттілігі мәдени мұраға деген бүгінгі қоғамымыздың салғырт көзқарасын, түсінік  қалыбын көрсеткендей. Жергілікті халықты сауатты ақпаратпен қамтамасыз ету, мәдени мұраға, патриоттық тәрбиеге жетелейтін шаралардың өтпеуі де бұл іске кесірін тигізгендей. Жалпы, Қазақстандағы тарихи ескерткіштердің республикалық деңгейдегі бірегей катологі бар ма, атап айтқанда онда осы тоналған Бесоба қорғаны құндылық ретінде тіркелген бе?

Ғани Омаров: Кеңес Одағы дәуірінде 1960 жылдары «Қазақстанның археологиялық картасы» деген еңбек жарық көрген. Сол кезеңдегі деңгей, көне мұраға деген сыңаржақ көзқарас бойынша осы кітапқа барлық ескерткіштер толық қамтылмаған. Соңғы кездерде тарихи мұра қайта түгенделіп, облыстар бойынша катологтар шығуда. Шығыс Қазақстан облысында, Қызылорда облысында мұндай кітап шықты. Оған арнайы қаржы бөлініп,  жергілікті әкімшіліктің Мәдениет басқармасының  қызметкерлері, кейбір мамандар қатысқан. Бірақ тоналған Бесоба қорымы туралы мәлімет, әрине, ешқандай кітапқа тіркелмеген. Бұл – ғылыми аса ауқымды шаруа, алдымен ескерткішті анықтау үшін атқа мініп, жаяу-жалпы шұбап, тау-тасты аралауды, ізденуді, одан кейін ғылыми тұрғыдан байыпты паспорт жасауды, одан кейін республикалық Ескерткіштерді қорғау мекемесіне тіркетуді талап ететін ірі жұмыс қажет. Әйтпесе «піс алма, аузыма түс алма» дейтін дүние емес.

ДмҚ: Сіздердің жоба бойынша ескерткіштерді анықтау, паспорттау жұмыстары да жүйелі жүруде екен. Дегенмен археологиялық мұраны тіркеуге алу туралы жүйелі түзім, республикалық деңгейдегі бірегей ереже әлі де жоқ секілді.

Ғани Омаров: Рас айтасың, бұл күрделі мәселе. Мәселен, қандай бір мұраның маңызы аудандық  немесе облыстық, республикалық дәрежеде болады дейік. Мұны қалай анықтауға болады, ескерткіштің тағдыры соған да байланысты. Айталық, республикалық деңгейде құрылыс жүрілетін болса, онда археолог маман комиссия құрамында болып, сол нысан салынатын аумақта құндылықтар бар  ма, жоқ па, соған жауап бере алады. Ал егер облыстық, тіпті аудандық деңгейде құрылыс нысаны салынатын болса, оған ешкім де назар аудармайды, содан барып талай қорымдар, қала жұрттары құрылыс ғимаратының астында қалған  немесе үстіне ауыл салынып, дән себіліп, егінжай  алаңына айналып, жыртылып кеткен деуге болады.

Мәселен, Күршім ауданында  қола дәуіріне қатысты «тас жәшік» деп аталатын жерлеу орны кездеседі. Осы ауданның Жаңаауыл деген елді мекенінде мұндай ескерткіштің үстіне мектеп салынып кеткен. Биылғы экспедицияда Күршім ауданы Бұғымүйіз ауылынан орта ғасыр қалашығының жұртын таптық, жалпы Шығыс Қазақстанда орта ғасыр қаласының жұрты сирек кездесетіндіктен бұл елеулі құндылық деуге болар. Өйткені жер қыртысы тау-тасты,  жынысты болғандықтан сақтың, ғұнның, қыпшақтың  талай  көне қаласы белгісіз боп кеткен, тек шығыс, батыс деректерінде жазу күйінде қалған. Ал енді аталмыш жұрттың үстіне жергілікті халық бау-бақша салып, картоп егіп тастаған.  Мәселен, бұл қалашық орта ғасырдағы Талхиз секілді үлкен қала емес, шағын бекініс, керуен сарай болуы да мүмкін. Әйткенмен «ұлттың ұлысы, кішісі болмайды» дегендей мәдени құндылықтың ірісі, ұсағы да болмайды, көне ғасырдан жеткен құйттай жәдігер бүгінгі өркениет талаптарына сай қатаң қорғалуы тиіс. Осындай көптеген олқылықтар кетіп жатыр әр өңірде, әр өлкеде, осыны жергілікті басшыларға айтсақ, «мұны тектейтін сендер кімсіңдер, оның не керегі бар?» дейді иығын қиқаң еткізіп. Ата-бабадан қалған әр мұра көздің қарашығындай сақталғанда ғана алып даламыздың  қасиетті де өсиетті  тарихы түгенделіп, құдіретті  рухы тұтас болатынын тарихи тамырымыз тереңдей беретінін әр азамат ыстық жүрегімен сезінетін кез  әбден жетті деп ойлаймыз.