Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары
15.12.2014 3116
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстанның сыртқы саясатын негіздеудегі бастамалары (1991-1996 жж.) жайлы тарихи деректер.

Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардағы Қазақстанның сыртқы саясаттағы қызметінің негізгі бағыттары: 

— Елдегі Кеңес Одағынан қалған ядролық қару және оны нысанаға жеткізу құралдарының мәселесін, Семей ядролық сынақ алаңының жұмысын айқындау; 

— Көршілес мемлекеттермен арадағы шекара, т.б. аймақтық келелі істердің шешімін табу; 

— ТМД елдерімен арадағы экономикалық, қорғаныс, т.б. бағыттардағы атқарылатын жұмыстарды белгілеу; — Орталық Азиядағы халықаралық қатынастағы Қазақстанның орнын қамтамасыз ету; 

— Алыс шетел мемлекеттерімен, соның ішінде АҚШ, Еуропа, Жапония, т.б. елдермен арадағы сыртқы саясаттың бағыттарын жүйелеуге арналды. 

Негізінен алғанда, ХХ ғасырдың 90 — жылдарындағы мерзім әлемдегі ядролық қару апатының ұлғаюымен ерекшеленді. Себебі осы кезеңде бұл қаруға ие мемлекеттердің оны жетілдіру, жаңа түрлерін шығару мақсатындағы сынақтар жүргізулерінің молаюымен, кейбір мемлекеттердің осы қаруға ие болуға ұмтылуларымен атап өтіледі. 

Басқаны айтпағанда, 1986 жылғы сәуір айындағы Кеңестер Одағындағы Чернобль атом электр станциясындағы орын алған апат, оның зардаптары ядролық қарудың адамзатқа төндірер орасан зор қаупін айқындап берген еді. 

Осылармен бірге ХХ ғасырдың соңындағы жер шарындағы ең саны көп және қуатты ядролық қаруға ие болған Кеңес Одағының тарауы, осының негізіндегі бұл мемлекеттегі аталған қару қорының едәуір бөлегінің Қазақстанда орналастырылуы да біздің республика басшылығына осы қарудың болашағын шешу міндетін қойған еді. 

Шындығында да: «Қазақстан КСРО тарағаннан кейін қуатты ядролық қаруы бар үш республиканың біреуіне айналды. Республикада әрқайсысында 10-нан ядролық қондырғылары бар әлемдегі ең ауыр СС-18 зымырандары, ядролық қондырғысы бар 240 қанатты зымырандар алып ұшатын ТУ-95 МС стратегиялық бомбалағыштар орналасқан еді» [1.93-94]. 

Бұрынғы Кеңес Одағы Республикаларындағы жойқын қару мен оны нысанаға жеткізу құралдарының жинақталуы әлем мемлекеттері мен халықтарын алаңдатқандығы белгілі. Оның себебі: біріншіден, жаңадан егемендіктерін алған республикалардың көпшілігіндегі өткен ғасырдың соңындағы ұлтаралық қатынастың күрделі жағдайда болуы, екіншіден, олардағы экономикалық құлдырау мен сәтсіздіктер, үшіншіден, халықаралық заңсыз ланкестік және экстремистік ұйымдар мен күштердің осы қаруға ие болуға деген әрекеттері салдарынан бұл қарулардың жаңа дербес республикалардан шығып кетуіне деген қауіп еді. «1991 жылдың басына, — деп жазады Н.Ә.Назарбаев, — Қазақстан территориясында жаппай қырып-жоятын қарудың, атап айтқанда, 1216 ядролық жарылғыш заты бар континент аралық баллистикалық зымырандар және ауыр бомба тасушы ұшақтарға арналған ядролық жарылғыштарды құрайтын мол қоры жасалды. Қазақстан территориясындағы ядролық стратегиялық күштер қоры мүмкіндігінше жаппай қырып жоятын қарудың және оны жеткізу құралдарының ең жаңа түрлерінен тұрды» [2]. 

Міне осыдан барып, Қазақстан Республикасының алдына осы қарулардың орнын белгілеу, тіпті одан арылу мәселесі қойылды. Аталған қаруларды республика территориясынан шығара отыра мемлекетіміздің әлемдік саяси, шаруашылықтық қатынастарға толығымен енуіне кең ауқымды жағдайдың іске асырыла бастайтындығы айғақтала түсті. Себебі бұрынғы Кеңес Одағынан қалған атомдық қарудың сенімі сақталатындығына деген алаңдаушылық ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қатысушы мемлекеттер тарапынан Қазақстанның атомдық қарусыз елге айналған жағдайда оған экономикалық өркендеуіне, сонымен бірге қауіпсіздігіне халықаралық тұрғыда кепілдік берілетіндігі мәлімдене бастады. 

Осылармен бірге қатар саяси тұрақтылық, әлемдік нарық қатынасына толығымен ену, халықаралық саясаттағы бейбітшілік пен мемлекеттер арасындағы тең қатынас, кез-келген мәселені бәсеңдік пен келісімдер арқылы шешуді егемендігін алған күннен бастап мақсат етіп қойған және де ядролық қарудың зардабын халқы толығынан басынан өткізген Қазақстанға бұл қарудың қажеті де жоқ еді. Елбасының ұстанымы солай екендігі барша қазақстандықтарға айғақ болатын. Қазақстанның осындай бағытын оның басшысы елдің тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап жариялай бастағандығы белгілі. Бұған қарамастан сол мерзімдегі АҚШ басшылығы тарапынан Қазақстандағы ядролық қарудың болашағына байланысты талаптар да қойыла бастады. Мысалы: Н.Ә. Назарбаевтың: «Ақыр аяғында қысым көрсетуге көшті. Егер ядролық қарулар туралы құжатқа бүгін қол қоймасақ, ертең қалған мемлекетаралық құжаттардың бәріне де қол қойылмайтындығын мәлімдеді. Ал ол құжаттар экономикалық қарым-қатынас мәселелерін қозғағанмен, Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру жөнінде бір ауыз сөз айтпайтын. 

Мен де дегенге жетпей тынбау үшін тәуекелге міндім. Ондай жағдайда елге оралуға әзірлене бастайтындығымызды айттым. Ақыры американдықтар райларынан қайтты. АҚШ-тың біздің сұраған кепілдіктерді беретіндігі туралы құжатқа қол қойылды». [3.65] — деген сөздері Қазақстандағы сол кездегі ядролық қарудың болуы мен оның болашағы туралы мәселенің халықаралық тұрғыда келелі сипат алғандығына дәлел болады. 

Міне осындай жағдайда Елбасының Республиканың мүддесін жан-жақты ойластырған шешімі негізінде Қазақстандағы ядролық қаруды сыртқа шығару жұмыстары басталды. Нәтижесінде «1995 жылдың сәуір айының соңында Республика территориясынан Кеңес Одағынан қалған ең соңғы қырғын әкелетін қару шығарылды» [1.94] 

Мұнымен қатар «Қазақстанның (келесі үлкен, — Ғ.Қ.) қасіреті — Семей атом қаруын сынау алаңы еді. Мұнда әлемдегі ең ірі Дегелен тауларынан қазып алынған 200-ге жуық штоленнен тұратын тау тастарының қосындысы жасалынды. 40 жыл ішінде (1949 жылдан бастап) сынақ алаңында 470 (КСРО-дағы барлық жүргізілген 715 жарылыстың) ядролық жарылыс жасалынды: 26—жер үстінде, 87—ауада, 354—жер астында іске асырылды. Ядролық жарылыстар Қазақстанның басқа аймақтарында да сыннан өткізілді. Атап айтқанда Каспий жағалауы тұзды-тасты аймақтағы Азғыр сынақ алаңында 1966-1979 жылдары аралығы 17 жер асты ядролық жарылысы іске асырылды (Тағы да 21 жарылыс және де ядролық қуаты бар 4 зымырандық сынақ республиканың бұлардан басқа да аймақтарын-да жүзеге асырылды). Ядролық қалдықтар мәселесі аса қауіпке айналды. Қазақстанда олардың қалдығы жинақталған 100 орын бар. 

Ядролық қалдықтардың көлемі мөлшермен 419 миллион тонна деп анықталған[4]. Осының барлығы ел тұрғындарының денсаулығына үлкен қауіп төндірді. Қалыптасқан экологиялық жағдай аса күрделі кері ахуалды қалыптастырды. Қазақстандағы сынақ алаңдарындағы жер астындағы жарылыстар зияны республика территориясынан асып, көрші аймақтарға да кері әсерін тигізе бастады. Міне осыдан барып бұл мәселені шешу мемлекеттің, ұлттың болашағын айқындайтын дәрежеге көтерілді.

Сондықтан да, «1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Семей сынақ алаңы жабылды» [1.71]. Аталған қадам арқылы Қазақстан әлемдегі ұзақ мерзім бойы тұрақты жарылыс өткізіп келген сынақ алаңының орнын айқындады, енді бұдан былайғы мерзімде еліміздің территориясында атом қаруының жарылысы болмайтын болды. 

«Осыдан тура 44 жыл бұрын Семей маңындағы полигонда, — деп көрсетеді Н.Ә.Назарбаев, — алғашқы ядролық жарылыстың басталуы Қазақстан тарихының тағы бір қасіретті бетін ашты. Еліміздің басына түскен ауыр экономикалық, әлеуметтік және рухани ауыртпашылықтар сол көп жылғы ядролық сынақтардың қайғылы қорытындысы іспетті. Адамгершілік шегінен шыққан бұл сынақтар халықтың иығына түскен өлшеусіз ауыр жүк болды. Оның қисапсыз зардабын біз аяғына дейін сезініп болмасақ та халықтың бұл ессіздікке деген қарсылығы әлдеқашан пісіп-жетілген еді. Қазақстан Президентінің Семей полигонын жабу туралы Жарлығы да енді ғана қаз тұрып келе жатқан жас мемлекеттің өз ішкі проблемаларын шешуге ұмтылған алғашқы батыл қадамдары болып табылды. Мұндай қадамның әлемдік практикада тұңғыш жасалғанын біз бүгінде зор мақтанышпен ауызға аламыз және біздің бұл қадамымыздың көптеген мемлекеттердің жойқын ядролық қару жөніндегі қалыптасып қалған көзқарастарын өзгертуіне, адамзат баласын алаңдатып отырған осы проблемаға аса жауапкершілікпен қарай бастауына айтарлықтай ықпал етті. Осындай сындарлы позицияның берік орын алуына «Невада-Семей» қозғалысының өз ролін атқарғанын айтуға тиіспіз. Бұл қозғалыс ел қауіпсіздігі үшін алаңдап отырған қазақстандықтарға ғана емес, басқа елдердің де қоғамдық ұйымдары үшін қозғаушы күш бола білді» [5]. 

Тәуелсіздігін жаңадан алған Қазақстанның Кеңестер Одағынан қалған ядролық қару қорынан арылу және сынақ алаңын жабудағы осындай шешімі әлем қауымдастығынан қызу қолдау тапты. Атап айтқанда: «АҚШ Президенті Б.Клинтон 1994 жылдың қаңтар айында Брюссель қаласында өткен АҚШ Президентінің баспасөз конференциясында: «Қазақстан Орталық Азиядағы демократиялық бағыттағы аса маңызды республика ретінде ядролық қаруды таратпау туралы келісімге қосылуға, ядролық қарусыз елдер қатарына енуге келісті. Бұл шешімді жоғары көлемдегі Қазақстанның Президенті Назарбаевтың зор еңбегі деп есептеуге болады», — [1.70] деген баға берді. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы ядролық сынақ алаңдарын жабу және осы қарудың қорларын ел территориясынан шығаруды қамтамасыз ете отыра оны әлемдік тұрғыда жоюды іске асырудың нақты жолдарын ұсынды Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті мемлекетіміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан дүние жүзі мемлекеттері басшыларының кездесулерінде, халықаралық ұйымдар жиындарында әлемді ядролық қару апатынан құүтқару, сынақ алаңдарын жабу туралы мәселелерді ашық қойып келеді. 

Мысалы, ол 1996 жылғы 2 желтоқсандағы Лиссабондағы ЕҚЫҰ мемлекет және үкімет басшыларымен кездесуде: «Қазақстан ядролық қуды сынауды толықтай тоқтату туралы келісімнің жасалуын қуаттайды. Біздің мемлекетіміз планетада бірінші болып ядролық сынақ алаңын жапты. Біздің ядролық қаруды таратпау туралы бастамаға қосылуымыздың куәсі әлемдегі өзінің қирату күші жағынан төртінші орын алатын зымырандық-ядролық қуатты жоюымыз болды,» — [6] деген мәлімдеме жасады. 

Қазақстанның өз территориясында орналасқан ядролық қаруларды және оны нысанаға жеткізу құралдарын шығаруына әлемнің жетекші мемлекеттері тарапынан нақты жауаптар беріле бастады. Мысалы: «... 1994 жылғы 5 желтоқсанда СБСЕ-нің Буда¬пештегі мәслихаты кезінде шын мәніндегі тарихи оқиға болды. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келі-сім-шарттың депозитарийлері — Ресей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстан қауіпсіздігіне берілетін кепілдіктер туралы Меморандумға қол қойылды. 

Онда аталмыш мемлекеттер СБСЕ қағи-даларына сәйкес Қазақстанның қазіргі шекарасының мызғымастығын, тәуелсіздігі мен егемендігін қадірлейтіндіктерін куәләндырды. Қазақстанның саяси тәуелсіздігіне, аумақтық тұтастығына қарсы күш қолданбауға, экономикалық зорлық-зомбылық көрсетуден бас тартуға міндеттеме алынды. 

Біз бұл кепілдіктерді Қазақстанның қарусыздану жолындағы жауапкершіл саясатына берілген лайықты жауап деп са-наймыз. Кейін мұндай кепілдіктер ҚХР мен Франция үкіметтері тарапынан да берілді» [3.72-73]. Атап айтқанда: «1995 жылдың ақпан айында Қытай үкіметі Қазақстанға ядролық қауіпсіздік кепілдігін беру туралы мәлімдеме жасады.

Онда: «Қытай Қазақстанның қауіпсіздік кепілдігін алу туралы тілегіне толығымен түсіністікпен қарайды. Ядролық қаруы жоқ елдер мен ядролық қарусыз аймақтарға қарсы ядролық қару қолданудан бас тарту Қытай мемлекетінің табанды саясаты болып табылады. Бұл нақты іс-қимыл Қазақстанға да тарайды», — [1.96] деп көрсетілген.

Ал, мұның өзі республикамыздың егемендіктің алғашқы жылдарындағы орын алған сыртқы қатынастар мен ішкі жағдайдағы кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе отыра дүниежүзілік экономикалық, т.б. қауымдықтарға тоқтаусыз енуіне оңды ықпал етті. 

Қазақстан әлемге осы мерзімнен бастап бейбітшілікті жақтаудағы өзіндік орны бар, экономикасы қарқынды тұрғыда дами бастаған, көпұлтты тұрғындарының бірлігі пен түсіністігі қамтамасыз етілген мемлекет ретінде таныла бастады. Тәуелсіздігін алған алғашқы уақыттағы Қазақстан Республикасының келесі міндеті — мемлекеттің заңды территориясын толығымен халықаралық құқықтық негізде айқындау болды. Соның ішінде көршілері Ресей, Қытаймен арадағы шекараны белгілеу аса қажеттілікке айналды. Өйткені, сонау Ресей патшалығымен Қазақ елі арасындағы ұзақ мерзімнен бері толығымен анықталып болмаған, әсіресе кеңестік дәуірдің хрущевтык билігі кезінде орталықтың мүддесіне сай барынша бөлшектеліп, тарихи атаулары толығымен өзгертілген Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы шекаралық өңірлерін заңдастыру күн тәртібіне қойылды. 

Осылармен қатар кезінде тарихи қазақ жері толығымен құрамында болған Ресей империясы, одан кейінгі Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы шекара ұзақ мерзім бойы бұл мемлекеттердің арасындағы түсініспеушілік, жауласу мен қақтығыстардың негізіне айналып келді. Тіпті соңғы мерзімде Қытай жағы үлкен көлемдегі шекаралық аймақтарға деген өзінің нақты талаптарын қоя бастады. Ал, аталған жерлердің едәуір бөлегі Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанның территориясы еді. Осындай күрделі жағдайлар кеңестік билік тарапынан жергілікті халықтардың келісімінсіз жиі өзгертіліп келген Қазақстанның тәуелсіз Өзбекстан, Қырғызстанмен арадағы шекараны анықтауда да қалыптасты. 

Міне сондықтан да, ХХ ғасырдың 90-жылдарындағы Елбасының көрсетілген елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да аталған күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және де әділетті тұрғыда шешуге арналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды.

Н.Ә.Назарбаевтың атап көрсеткеніндей: «1994 жылы премьер Ли Пэннің Қазақстанға келген сапарында, екі елдің арасындағы шекараны заңдастырып, үлгеріп, тиісті келісімге қол қойдық. ... 1995 жылдың қыркүйегіндегі бұл елге барып қайтқан үш күндік сапар үстіндегі соңғы жолығысу өте ерекше болды. ... Қазақстан мен ҚХР арасындағы Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі грамоталар алмасу протоколына қол қойылды»[3.209,210]. 

Елбасының одан арғы жүргізген қызметінің барысында: « ... 1998 жылдың 12 қазанында Ресей Президенті Борис Ельциннің мемлекеттік сапары барысында Қазақстан мен Ресейдің 1999 жылдан Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы шекараны анықтауды белгілеген Хаттамаға қол қойылды» [1.97]. 

...Екі мемлекеттің арасындағы одан кейінгі шекаралық қатынастың негізі де бұл мәселені барынша толығымен шешуге арналды. «Осы қатынастың қорытындысындай (2005 жылдың, — Ғ.Қ.) 18 қаңтарында Мәскеуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісімге қол қойды, нәтижесінде әлемдегі ең ұзақ шекара құқықтық негізде бекітілді».[7] 

Тарихтары ортақ көршілес мемлекеттер арасындағы жүргізілген келісімдер мен анықтаулардың қорытындысында ...«1998 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы мемлекеттік шекараны анықтау туралы меморандумға қол қойылды[1.97].Өзбекстанмен арадағы шекара да екі елдің тарихи мүдделеріне сай реттелді.»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев ЕҚЫҰ мемлекет және үкімет басшыларымен болған кезекті кездесуінде: «Территориялық тұтастықтық пен шекараның мызғымастығы қақтығыстарды болдырмаудың берік негізі болып табылады. Жаңа әсер ету аймақтарына ұмтылушылықты жоққа шығару және осыған орай бөлектену шептерін қалыптастыруды жоққа шығара отыра Еуропалық қауіпсіздіктің беріктігін мойындау жоғарыдағы аталған талаптарды іске асырумен қатар жүруіне ортақ қауіпсіздік кеңістігіне қарай жетелейді. Міне осы негізде ХХІ ғасырдағы еуропалық қауіпсіздіктің жолы қалыптастырылады»,[8]-дей келе, осы бағыттағы мемлекеттераралық шекараны мүдделі жақтардың өзара келісімі, халықаралық ұйымдардың араласуы арқылы заңдастыру қажеттігіне тоқтады. Осындай келісім мен шешім арқылы қалыптасқан территорияның беріктігі мен бұлжымастығы аймақтық, әлемдік бейбітшілікті сақтаудың негізгі кепілі екендігін көрсетті. Қазақстанның өзімен көршілес елдермен арадағы шекарасын осындай талаптар негізінде белгілеуі бұл талаптардың орындалуының айқын мысалы екендігі баршаға аян болды. 

Азаттықтың алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басты буындарының келесі түрі-ТМД мемлекеттерімен арадағы қатынасты өзара тығыз байланыста жүргізуді негіздеу еді. Себебі Достастыққа енетін мемлекеттердің саяси, экономикалық, т.б. салалардағы бірлескен қызметтерін жүйелеу, өңірде түсіністік пен сенімділік, өзара уағдаластыққа негізделген байланысты қалыптастыру қажеттігі бұл ұйым құрылғаннан-ақ айқындала түскен еді. Осы тұрғыда ХХ ғасырдың 90-жылдар көлемінде Қазақстан Республикасының Президенті көптеген ұсыныстар мен бастамалардың негіздеушісі ретінде танылды. Алматы қаласы бірнеше рет достық елдері басшыларының кездесу орнына айналды. Оларда ТМД мемлекеттері арасындағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени, т.б. бағыттардағы қатынастарды жетілдірудің, аймақтағы тұрақтылықты, ұжымдастықты жүзеге асырудағы жоспарланған қимылдың барысы, болашағы талқыланып, шешімдер шығарылды. Мысалы, Алматыда өткен келесі осындай жолығысуда» ...ТМД мемлекеттері — қатысушыларының әуе шабуылына қарсы бірлескен қорғаныс жүйесін құру мәселесі көтерілді. 

... Тәжік-ауған шекарасындағы қалыптасқан жағдайға байланысты арнайы мәселелер жиынтығы талқыланды. Соның ішінде Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Президенттерінің БҰҰ аясындағы толық бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытындағы қимылдарын жүргізу туралы үндеулері қаралды. 

... Қазақстан Республикасының Алматы кездесуінің күн тәртібіне достастық мемлекеттері жетекшілері қолдаған және қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау туралы ұсынған Меморандумының енгізілуін ерекше атап кетуге болады. Бұл құжат ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің егемендігі және территориялық тұтастығын нығайтуды одан ары күшейтуге бағытталған,» — [9] делініп, достастыққа мүше елдердің ұйымдасқан қызметтерінің нәтижелері талқыланып, маңызы айқындалды. 

Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының келесісі — Орталық Азия шеңберіндегі өзімен көршілес мемлекеттермен түсіністік пен өзара ұғыныстыққа негізделген байланысты тереңдету болды. Аталған бағытта Елбасы Н.Ә. Назарбаев егемендіктің бастапқы кезеңінде-ақ көптеген келелі мәселелердің ұйытқысына айналды. Осы өңірдегі жаңа қатынас негізіндегі ұйымдастырылған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының негізделуінің басында болды. Аймақ мемлекеттерінің халықаралық ланкестікке, заңсыз есірткі айналымына қарсы бірлескен қимылдарын іске асыру жөніндегі оның бастамалары оңды қолдауын тауып келеді. Қазақстан Республикасының өңір мемлекеттерінің түгелге жуығымен дипломатиялық, экономикалық, т.б. бағыттардағы қатынастар орнатылды. 

Солардың ішінде еліміздің Орталық Азиядағы тарихи көршісі Қытаймен арадағы қатынастың негізі қаланды. Ал мұның өзі Қазақстанның Орталық Азиядағы саясатының жетекшілік бағытына айналды. Осындай мақсатта Қазақстан Республикасының Президентінің бірінші кезекте ҚХР басшылары, әр саладағы іскер топтары жетекшілерімен кездесулері өткізіліп, оларда екі мемлекеттің өзара және Орталық Азиядағы жүргізетін келісімді саясаттары айқындалды. Аталған мазмұндағы Елбасының 1996 жылдың 25-26 сәуір күндеріндегі Қытай Халық Республикасына жасаған ресми сапарындағы: "ҚХР-мен достық және игілікті көршілікті қамтамасыз етудегі біздің өзгермес саясатымыз Азия құрылығындағы бейбітшілікті нығайту мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның сыртқы саясатының жүйелілігі мен бұлжымастығына қызмет етеді. Бұл мақсатқа жетісу Қазақстан ұсынған және көптеген мемлекеттер қолдаған Азиядағы өзара қимыл және сенім шаралары туралы кеңес өткізу туралы ұсынысы болып табылады. 

... Бірлескен қимыл арқылы ғана бейбітшіл, қауіпсіз және тұрақты Азияны негіздеуге және азиялық нарыққа жол ашылатындығына сенемін. 

... Осы жағдайда біз Қытайдың Қазақстанмен екі жақты қатынасты жандандыру мақсатындағы ұмтылысын біздің тәуелсіздігіміздің маңызды жағы екендігін қарастырамыз»,— [10] деген мәлімдемесі екі ел арасындағы ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің алдағы кезеңдердегі жан-жақты қатынастарының негізгі бағыттарын айқындайды. 

Қазақстан Республикасының Орталық Азия аймағындағы жүргізіп отырған осындай саясатына АҚШ жоғары билігі тарапынан: «Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасындағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуда ... маңызды орынға ие. ... Қазақстанда барлық мемлекеттердің Орталық Азиядағы егемендікті құрметтеу, тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары бойынша дамытудағы тұрақты негіз қалыптастырудың бүкіл мүмкіндіктері бар. 

Оқиғалардың осылай орын алуы басты нәтижеге — Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастыққа енуіне жағдай жасайды,» — [11] деген баға берілді. 

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында Қазақстан Республикасы жоғарыдағы айтылғандармен қатар әлемдік, аймақтық халықаралық қатынасты реттеудегі БҰҰ-ның алар орнын айқындауға белсене қатысты. Республика басшысы Н.Ә. Назарбаев көрсетілген ұйымның мінбесінен бірнеше рет сөз сөйлеп, мемлекетіміздің халықаралық саясаттағы ұстанып отырған бағытын жариялады. Аталған ұйымның әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтаудағы орнына баға берді. Оның ықпалын арттырудағы ұсыныстарын ортаға салды. Мысалы, Елбасының «ХХІ ғасырдың басындағы ешқандай да халықаралық құрылым Батыс Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия және Солтүстік Америкадағы қазіргі күнгі қалыптасып отырған жаңа ауқымды құбылыстарды есепке алмаса әлемдік қауіпсіздік және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шеше алмайды. Осы бағыттағы Қазақстанның көзқарасын БҰҰ осы жылдың маусым айындағы қарусыздануға арналған сессиясында жариялаған едім. 

Біз бүгін барлығымызды ХХ ғасырдың екінші жартысындағы мүмкін болған әлемдік дәрежедегі апаттардың алдын алудағы БҰҰ-ның жемісті жігерлі қимылдарына ризашылық білдіруіміз керек. 

 ... Мұның өзі ... жаңартылған БҰҰ негізгі бағыттарын айқындауға күш салуымызға мүмкіндік береді. ... Ал мен БҰҰ-ның міндеті мен мақсаты барлығымызға белгілі деп ойлаймын. Олар-Бейбітшілік, Тұрақтылық, Даму, Адамның Қауіпсіздігі, Халықтар мен Ұлттардың біртұтас жанұясын негіздеудегі жағары халықаралық ұйымдарды Нақты Демократияландыру болып табылады.... Ол үшін ... барлық аймақтардағы мемлекеттердің осы ұйымдағы пікірлерін есепке алынуына назар аудару қажет,» [12] — деген мәлімдемесі Егемен Қазақстанның БҰҰ жұмысына деген көзқарасын паш етеді. 

Қорыта айтқанда, тәуелсіздігін алған алғашқы (1991-1996) жылдардағы жүргізілген сыртқы саясаттың нәтижесінде: 

— Қазақстан бейбітсүйгіш, әлемдегі ядролық қаруға, оны сынау алаңдарының жұмысына деген өзіндік байламы бар, оны іс жүзінде дәлелдеуші, осы бағыттағы барлық халықаралық істерге белсене қатысушы Ел ретінде танылды; 

— Егемен Қазақстанның шекарасы көршілес мемлекеттер, халықаралық ұйымдар тарапынан мақұлданып, құқықтық тұрғыда бекітілді; 

— Отанымыз ТМД кеңістігі, Еуразия аңғары елдері арасында ұстанған бағыты қалыптасқан мемлекет ретінде белгілі болды; 

 — Қазақстан Республикасының әлемдегі шиеленісті халықаралық ахуалды бәсеңдету, оны келісім арқылы шешу жолындағы бастамалары, ұсыныстары арқылы БҰҰ, т.б. беделді халықаралық бірлестіктердегі ықпалы арта түсті. 

Мемлекетіміздің тәуелсіздігін алған күннен жүргізген осындай саясатының басында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев тұрды. 

Елбасының сыртқы саясаттағы сындарлы да ойластырылған қызметінің нәтижесінде оның есімі дүниежүзілік қауымдастықта әлемдік тұрғыдағы бейбітшілікті жақтаушы, оны нақты істе дәлелдеуші ретінде ерекшелене түсті. 

Қарасаев Ғ.М., т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

1. Cовременный Казахстан: цифры и факты.-Алматы, 1998, С.112. 

2. Сааданбеков Ж. Нурсултан Назарбаев: Законы лидерства.-Астана, 2005, с.486. 

3. Н.Ә. Назарбаев. Ғасырлар тоғысында- Алматы: Өнер,1996.-272 бет 

4. История Казахстана: народы и культуры: Учеб. пособие/Масанов Н.Э. и др.-Алматы: Дайк-Пресс, 2001.-608 с.+вкл. 28 с. с.352 

5. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор-5-Н,тіркеме1, іс 1810, пп.16-17 

6. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор. 5-Н, тіркеме 1, іс-5947, п.8 

7. Қазақстан-Ресей қатынастары. 2005. Құжаттар мен материалдар жинағы.-М.:РМ, 2006, 2б. 

8. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор 5-Н, тіркеме 1, іс 5947, п.5 

9. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор 5-Н, тіркеме-1, іс 1993, п. 5 

10. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор 5-Н, тіркеме-1, іс 6070, пп. 27,60 

11. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор 5-Н, тіркеме-1, іс 6111, п.15 

12. ҚР Президентінің мұрағаты.- Қор.5-Н, тіркеме-1, іс 5048, п.10