Жәди Шәкенұлы: Тарихи тақырыптарды көбірек қаузап жүрмін
05.05.2020 2115

Бүгін белгілі қазақ жазушысы, тарих зерттеушісі, Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі Жәди Шәкенұлының туған күні. Біраз уақыт бұрын ағамызбен жолығып, шығармашылығы, шеттегі қазақтың тағдыры, рухани жаңғыру жұмыстары айналасында әңгімелескен едік. Сол сұхбатымызды ағамыздың туған күні қарсаңында оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

- Жәди аға, әңгімеміздің әлқисасын шығармашылық жұмысыңыздан бастасақ, немен айналысып жатырсыз, оқырмандарыңызды алдағы уақыт қандай дүниелер күтіп тұр?

- Шығармашылық адамын мұхитқа түскен кемеге ұқсатамын. Бағытты дұрыстап жүзе бересің. Мүмкін, жауын, дауыл кезігер. Мүмкін тауға жолығарсың. Сол секілді қолыма қалам алғалы өмірдің сан сынағына түстім. Аллаға шүкір, қажымадым, қайтпадым. Азды-көпті дүние жаздым. Мәселе, көп жазуда емес, жазған дүниеңнің оқырман қалауынан шығуында. Шығармашылық адамы қашан да жазған дүниемнен қандай атақ-марапат аламын деп емес, әдебиет арқылы халқыма, болашаққа не беремін дегенді көбірек ойлауы керек.

Қазақ халқының жазылмаған ақтаңдақ беттерін көрген сайын өзімді тарихқа, өткенге көп итермелеймін. Тарихи тақырыптарды көбірек қаузап жүрмін.

Тарихи дүниені оқырманға бергенде мен үшін екі жол бар. Бірі – көркем тарихи шығарма арқылы, мысалы: «Қаралы көш». Екіншісі деректер арқылы, зерттеу арқылы, мысалы: «Қытайдағы қазақтар», «Оспан батыр және Шығыс түркістан мәселелері», «Қытай қазақтарының әдебиеті» кітаптарым.

Қазіргі бағытым да дәл осылай – екі жол, жазып жатқан көркем шығармаларым бар, көбі тарихи тақырыптарға құрылған. Деректік дүниелерім де аз емес. Шетел қазақтары мен олардың тарихындағы көрнекті тұлғалар хақындағы жарық көрмеген еңбектерімнің өзі екі том болған екен. Соңғы кездері соларды баспаға дайындап қойдым. Биылғы жылдың үлесін күтіп тұр.      

Бүгінде «жұрт кітап оқымайды» деген пікір жиі айтылатын болып жүр, бұл туралы не айтасыз?

-  «Жұрт кітап оқымайды» деген адамның өзі кітап оқымайды немесе оқыта алмайды. Өз басым бір кітап оқыған сайын, кемінде мен білмейтін бір ауыз сөйлемге жолығамын. Жақында әлем бойынша тарап жатқан коронвирустық карантин кезінде Рашид ад-диннің «Жамиға-ат-Тауарих» кітабының бес томын қайталай оқып шықтым. Бұрын мен ғана емес, талай тархшы ат үсті өте шыққан, не бір «қазыналарын» тауып алдым. Тамсандым, таңдандым, қуандым. Шетелдік саяхатшылардан – Рычковтардың, Константин Остравцаның, Марко Полоның жазбаларын үзіп-жұлып оқыдым. «Қытай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректерді», «Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерін»  ақтардым. Жаңа әдебиеттер болмаса да бұрын үстірт қарап, бағамдаусыз өтіп кеткен тұстарына зер салдым. Ал енді, тарихи тақырыпқа бойлағысы келгендер, осыларды аттап кете берсе, қазақ тархының бір қалтарысы бағынусыз бос қалар еді. Олай болса, «оқу» дегенді осыған қарата айтып отырмын. Көп оқысаң, көп үйренсең, оқу мәдениетін, сөйлеу үлгісін үйренесің. Жазушы, тарихшы тіптен солай.

 - Бұл сұрақты қойып отырған себебім, сіздің «Қаралы көш» романыңызға оқырмандардың ықыласы ерекше екені байқалып тұрады. Әлеуметік желілер бетінде үнемі талқыланып, пікірлер жазылып жатады. Мұның сыры неде?

- Кез-келген дүние оқылу үшін жазылу керек. Есеп үшін, атақ үшін жазылған дүниенің құны – көк тиын. Өз шығармасының оқылуына көп алаңдаған адамның бірі – Абай. Ол ойлады: «Құран мен хадис неге көп оқылады?» деп. Сосын Құранды, Інжілді, Тауратты, Забурды оқыды. Сосын қайта ойланды. «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» тапты. Ой түйінін өлеңіне сіңірді. Жазды. Өлеңі өлмеді.

Мен ойладым, «Абай өлеңі, қара сөзі неге көп оқылды, өлмеді? Жұрт неге Мұқағалиды жеңіл қабыдап, оны әнге айналдырып жіберді?» деп. Сауалымның бар жұмбағын таппасам да, аздап түсіне бастадым. Сөздің, әдебиеттің киелі, құдіретті өнер екенін түсіндім. Ішіне кіргім келді. Оқиға ішіне, ұлттың өзегіне, тілдің ішіне. Шамамша сүңгіп, сүзіп алған дүниемді қара сөзбен – «Қаралы көш» етіп өріп шықтым. Және де қанды қасірет, жанды тарих, болған оқиға. Аллаға шүкір, кітаптың жарық көргенініне 10 жыл болды. Содан бері оқырмандарым, әр күні болмаса да аптасына хабарласып тұрады. 3-4 күннің алдында ғана Түркиядан Алейна Ердоған деген оқырман хабарласты. Стамбул университетінің студенті екен. «Қаралы көштің» түрік тіліндегі нұсқасын оқыпты. Осы тақырып аясында еңбек қорғап жатыр екен, сауалдарына жауап алды. Менің «Қаралы көшті» өзім үшін емес, қазақ үшін, түркі әлемі үшін жазсам деген шын ықылас, ниетім, бейнетім аздап ақталған сияқты.

Шеттегі қазақтың тағдыры, ұлттық рух, көш, көштің жайы деп жүрген азаматтардың бірісіз, жалпы осы саладағы жұмыстарға көңіліңіз тола ма?

- «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей бұл тақырып бір қуандырып, бір жылатады. Қуанатыным, Аллаға шүкір, елге ел қосылды, жағаға жең қосылды. Ұзын саны бір миллионнан артық қандасымыз өзінің отанына оралды. Өсіп-өркендеп екі милионға жақындады. Ал жылайтыным, шеттегі отырған бес миллион қазақтың көз жасы. Өздері сезіп те, сезбей де отырған өзге ұлттың телегейі оларды бері емес, ары тартып барады. «Байырғы түркі жерінде отыр ғой» деп қанша жұбаныш іздесек те, топырағы өзінік болса да, шаңырағы жаттікі, басқанікі.

Біздің көші-қон үрдісіндегі шабытты, ынталы, ыстығы суымаған кезеңіміз 1992-2007 жыл аралығындағы 15 жылдық мерзім еді. «Темірді қызуында соқ» дегендей, алғашқы дүмпумен, сағынышпен оралған алдыңғы лекті әйтеуір сіңіріп алдық. Ыстық алақанымызды көргендері де көп, көлеңкемізге тоңғандары да жоқ емес. Ал, сол 2007 жылдан кейінгі көші-қон үрдісі дауылдағы кемедей шайқалды. «Оралман жеп кетті» деп сылтауратқан талай жайын (акула) су түбінде жатып-ақ майшабақтарды қылғытты. Заты, жаман атауы оралманға аударылды да, «жерлік», «көшіп келгендер» деген екі үйекті қолдан жасадық. Бір-бірімізді кінәліп, бір-бірімізге үрке қарап жүріп, алыстағы ағайынның көңіліне күмән, көш жолына тұман салдық. Қысқасы көш доғарылды. Сол тұста: «барлығымыз бір ғана қазақпыз» деп жан-тәнімен ойлайтындар, жұмыс атқаратындар аз болды.

Әрине, көші-қон саласында қозғалып жатқан оң үрдістер, заңнамалық толдықтырулар қазір де қуандырады. Алайда «көк тудың астына келіп, көгеріп жүргенше, қызыл тудың астында қызарып жүрейін» деп беті ары қарап кеткен ағайынның жүрегін жытыуға дәрменсізбіз. Қытайдағы ағайындар туралы айтқанда көбі экономикалық бұғауға кіріптар болды, қанат-топшысы топ болып, қалай ұшуды білмейді. Арманы көп болса да, дәрмені жоқ. Саны да аз емес екі миллиондай. Жас ағашты балапанынан мәпелетпесең, теріс қисайып өскен терек ырқыңа көнбейді. Көші-қонның алғышқы қызулы шағын, ар жақтағы ағайынның ықыласты күйінің орайлы сәтінің көбі қолдан сусып кетті.

Қазірде келіп жатыр, бірақ аз. Бұдан кейін де келеді, ол да мәз емес түрде ғана. Біз уақыт ұзарған сайын өзіміздің нені, қалай жоғалтқанымызды тіпті де аңғара түсеміз. Амал не, барымызбен базар боламыз.    

Өткен жылды «Рухани жаңғыру», «рухани кемелдену» деген ұранмен шығарып салдық. Нәтижесі не болды? Лайықты тірлік атқара алдық па?

«Рухани жаңғыру», «Рухани кемелдену», «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбы айқайлатқандай керемет үндеу, жақсы бастама еді. Алайда құлдық сана түбіне жеткен, орысша ойлап, шүлдірлеуден аса алмайтын мәңгүрттенген әудеттің көбі сол «жаңғырыуды» түсінбеді. Себебі өзі «жаңғыра алмай, жаңара алмай» тұр. Түрі қазақ, жүрегі күпті, көңлі алаң, арзан нан тапқанан абырой көретін жалтақшыл топтың көптігі алға жүргіргендердің етегіне оралғы болды. Елім, жерім деген азаматтардың саны аз, жолы күдір. Сондықтан да көп іс ұран түрінде қалды. Тіпті осы ұраншылдық жас буынға жазылмас індеттей үңгіп кіріп алған. Сөзі жылы, ісі суық, түсі жылы, жүрегі мұз – алдамшы тобыр көбейді. Әуелгі бағыт – ұлттың өзінің ең таза тектік, түп төркініндегідей тазалық пен жаңа заманның озық ойын үйлестіріп, ел мен жерге жан-тәінмен еңбек ету мақсатынан туса да, бұл жолдағы бенетіміздің ауырлығы тағы да көрінді.

Кешегі Абылайдың 300 жылдық тойы қандай деңгейде өтті? Тәуелсіз елі тау тұлғалы ұлына не жасап берді? Орыс отарына қарсы шапқан барыс – Кенесары рухы бізге разы ма? Кенесарының қытайлық үлгісі, кеңестік комунистер айтақтаған қытайлық қызылға қарсы шапқан баһадүр Оспан батырдың 120 жылдық тойы қай деңгейде өтті? Шошақ бөріктілердің бір-бірімен итше таласқанынан ұзай алмай жүрген қазақ киносы ұлттың рухани оянуына қандай сауға берді? – міне, тізе берсек, таусылмайтын сауал көп. Тапқанымыз қанша, жоғалтып жатқанымыз қанша екенін пайымдап жатқан жан да жоқ. Өткен жылдар өзегінде кеткен кемтік пен жоқтықты келесі күндерге артып, үмітшіл қазақпыз деп алға қараймыз.  

Ұлттық рухымыз әлі көтерілген жоқ, бодандық қамыты шешілгенімен ізі қалып қойды. Шынын айтқанда рухани тұрғыдан қамыт киіп жүргендей сезінетіндер көп әлі. Мұндай психологиялық құлдық мінезден арылу, құтылу жолдары қандай?

Бізде уақытты алдау, билікті алдау, халықты алдау сынды жалтақойлық, жағымпаздық, екі жүзділік көзқарастардың тереңдегені сонша, көршіңе сыр айтудан қорқасың. Сатқындар санынының көбеюіне орай жаратып отырған ұлтсыздану идеясы, іштен іріту амалдары, қазақ брілігіне, болашағына күдікпен қарау сынды көлеңкелі сұмдықтар әлі балапап жүр. Балалап қана жүрген жоқ елді алалап жүр.

Ұлт азат болу үшін ең әуелі олардың тәні таза болу керек, сосын жаны таза болу керек. Тәні тазару үшін жүрегі иманмен суарылып, ана жатырына  тамған тамшы періштелік тазалықпен жандануы тиіс. Таза жатырда көктеп, таза қан-сөлмен азықтанған қызыл шақа таза ұрпақ болып дүниеге келеді. Тәні таза болады. Таза тәнге жарық дүние табылдырығын аттағаннан-ақ, таза нәр, таза уыз, таза қан қажет. Таза ауа қажет. Мұның бәрі иманмен қалыптасып, ұлттық діңген, түркілік тектен көктейтін адалдықтың жемісін дайындайды. Әр қазақ өзін ұлттің анасы және әкесімін деп ерекше жауапкершілікпен сезінгенде ғана аталған қадамдарды абыроймен баса алады. Алланың алдында, адамның алдында жас жеткіншек – жаңа буынды дұрыс жолмен жақсы тәрбиелей алады.

Өзін ұлттың иесі санаған әр бір жан баласына: «сен патшасың, сен ел мен жердің төл перзенті иесісің. Аспанда Тәңірі (Алла) жерде сен өз отаныңның қожасысың. Туған далаңның, өскен отаныңның әр тамшы суы сенің анаңның уызы, ұрпағыңның сусыны, әр шөкім топырағы сені көктеткен құнарлы мекеннің бөлшегі, болашаққа қалдырар аманатың. Туған халқың – сенің әкең, сенің шешең, сенің аға-әпкең, сенің іні-қарындасың!» дегендерді қанына ғана емес, сүйегіне дейін сіңіріп жіберуіміз керек. Осы қасиеттер жүрегіне сіңген ұрпақ қана нағыз ақсүйек, нағыз батыр, нағыз бекзат болмыстағы өз даласының адал иесі болады. Түйіндеп айтқанда ұлттық таза тек, ұлттық идеология шынайы түрде қалыптаспайынша, құлдық санадан құтыла алмаймыз.

- Алашқа айтар ДАТЫҢЫЗ қандай?

- Біздің қасіртті кезеңдерміз – орыспен қытайдың арасында ойыншық болып, қуыршаққа айналған шақтарымыз. Тіпті қазір де соның көлеңкесін көргенде ұйқымыз шайдай ашылады. Өкініштісі, зиялы қауымдарымыз, оқығандарымыз кейде сол биік мінберге көз сала алмай құм санап жүреді. Үлкен масштабтағы ұлттық ойлаудан, түркілік бірліктен көрі ұсақ идеялар шырмауынан ұзай аламайтындар көп. Аталарымыздың «ірі болайық, тірі болайық» деген сөзін еске алсақ, бізде соны қайталағымыз келеді. Қазаққа ірілік керек, хан ұлындай бекзадалық болмыс керек. Ежелден еңкеймеген елміз. Бір терінің ішінде неше толып, неше солған тағдырымздың бізге берген ащы сабағы аз емес. Сол үшін ең бастысы елім деп шын жүрекпен еңіреп тұратын ерлерден болсақ, ұрпақтың көз жасына қалмаймыз. Қазақ халқы бүгін де тәңірдің сынақ сәттерінде шығар. Сынақтан сүрінбей өтетін халқымды тек қана біиіктерден көргім келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тұғырымыз берік болсын. Ауыз бірліктен, еңселі елдіктен айрылмайық!