Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы жалғасуда
05.10.2013 1960
Абылай – қол бастап жауға шапқан батыр ғана емес, көрші мемлекеттермен келіссөз жүргізе білген дипломат.

Бүгін Арқаның төсінде, киелі Көкшенің баурайында Абылай ханның 300 жылдығын тойлау басталды.

Алты алаштың ардақтысы, тарихи Һәм саяси тұлғалардың бірі саналатын айбарлы Абылайдың асына қазақ зиялылары жиналды. Той шымылдығы «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» деп аталған халықаралық ғылыми-практикалық конференциямен ашылды. Алдымен алыс-жақыннан келген меймандар Көкшетау қаласының қақ ортасында орналасқан Абылай хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тарихи тұлғаға тағзым етті. Содан соң ауызы дуалы ақсақалдар, сарабдал саясаткерлер мен мәдениет майталмандары конференцияда кеңінен көсілді. Қазақтың аумалы-төкпелі заманы мен бүгінгі бүтін елдің бірлік-берекесін сөз етті. Мемлекеттік  хатшы Марат Тәжин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлттың ұлы перзентіне арнайы жазған  мақаласынан үзінді келтіріп, Елбасының құттықтауын жеткізді.

Абылай – қол бастап жауға шапқан батыр ғана емес, көрші мемлекеттермен келіссөз жүргізе білген дипломат. Бұған Қытай, Ресей мұрағаттарында жатқан тарихи құжаттар, оның ішінде хан Абылайдың көптеген іргелес елге жазған хаттары дәлел. «Халық тарих толқынында» бағдарламасының аясында бұл құндылықтардың алғашқы легі елімізге әкелінді. Ал бүгінгі тойға Қытай, Моңғолия, Әзірбайжан және Ресейден Абылайдың ұрпақтары келіп қатысты. Олар Елбасына Абылай ханның бюстін сыйға тартты.

Осылайша Арқаның төсін дүбірлеткен Абылайдың тойы ұрпаққа аманат, болашаққа салауат айтып өтіп жатыр. Ал ертең Көкшетау қаласының маңында театрланған көрініс қойылып, ұлттық спорт түрінен жарыс ұйымдастырылады.

Суреттер: http://e-history.kz/ru/photosets/view/75