Тарихшының бір күні: Ерлан Сламбеков
08.02.2017 1919
«Тарихшының бір күні» айдарының бүгінгі қонағы – тарих пәнінің мұғалімі, Астана қаласы білім инновация қыздарға арналған лицей-интернатының (қазақ-түрік лицейі) директоры Сламбеков Ерлан Талғатбекұлы

ӨМІРДЕРЕК

Сламбеков Ерлан Талғатбекұлы Қарағанды облысы, Теміртау қаласында 1983 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген. 3-сыныпқа дейін сонда оқып, кейін отбасылық жағдаймен Шымкент қаласына көшіп, №46 мектепте оқыған, кейін 1995-2000 жылдары Шымкент қаласындағы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейін тәмамдаған. Жоғарғы оқу орнын Түркияның Селжұқ университетінің тарих мамандығы бойынша бітірген. 

«Әр адам өз ісінің шебері ғана емес, өз мамандығын мақтан ету керек»

Е.С.: Түркиядағы Селжұқ университетін бітіріп келген соң, Алматы облысы, Есік қаласындағы қазақ-түрік лицейінде мұғалімдік қызметімді бастадым. Бірақ менің негізгі мақсатым ғылым қуып, әрі қарай жалғастырып, осы тарих саласын тереңінен танығым келген. Осы жолда мені 2006 жылы Ақтөбе қаласына жұмыс бабымен ауыстырған болатын, ол жерде де тарих пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқардым. Сол кезде сәті түсіп Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетінде 2008-2010 жылдары магистратурада оқыдым.

2009-2011 жылдары Қостанай қазақ-түрік лицейінде тарих пәнінің мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары міндетін алып жүрдім, 2011-2013 жылдары Алматы қаласындағы іргесі жаңадан қаланған С. Демирель атындағы колледжде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым, одан 2013-2014 жылдары Орал қазақ-түрік лицейінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары ісі бұйырды. 2014-2015 жылдары Астана қаласы дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым, 2015 жылдан бастап осы қазақ-түрік қыздарға арналған лицейіне байқау арқылы директор болып тағайындалдым. Әрине, әкімшілік қызметте жүрсемде мұғалімдік міндетімді ұмытқан емеспін, қазірдің өзінде директорлық міндетпен қоса тарих пәнінің мұғалімімін.

Сонымен тарих пәнінің мұғалімі әрі лицей директорының бір күніне куә болайық.

Е.С.: Таңертең 06:30-да жанұямызбен тұрып, таңғы асымызды ішіп, мектеп пен балабақшаға баратын балаларымды жеткізіп саламын, сонан соң жұмысқа келемін. Жұмысқа келген соң хатшымнан күннің негізгі іс-шаралар тізімін қарап өтемін және сол бойынша қажет болғанда мұғалімдер жиналысын өткіземін.

ҰСТАЗ БОЛУЫМА СЫНЫП ЖЕТЕКШІМНІҢ БІР СӨЗІ СЕБЕП БОЛДЫ

Негізінен бала кезімнен тарихты ұнатып оқығанмен осы саланың маманы болу ойда болмаған, бұл саланы таңдауымның өзіндік қызығы бар, Түркияда жоғарғы оқу орнына тапсырғанда 12 мамандықты бірдей таңдайсыз, менің негізінен таңдаған мамандықтарым халықаралық қатынас, экономика саласы болатын, соңында 12-ші мамандықты таңдайын деп тұрғанда сынып жетекшім бір мамандықты мұғалімдік етіп таңдасай деп кеңес берді, сөйтіп сынып жетекшімнің құрметіне 12-ші мамандықты тарихшы мамандығын таңдап, нәтижесінде сол мамандыққа түсіп оқып шықтым, бұйрық деген осы.

Е.С.: Мысалыға бүгінгі лицейіміздегі маңызды іс-шара, бізде жәрмеңке өтеді, бұл шара тұрақты түрде жылына екі рет өткізіледі, жәрмеңкеде оқушылар үйден әзірлеп әкелген тәтті тағамдарын сатады, ал түскен ақша қайырымдылыққа, нақты айтқанда, аз қамтылған отбасылар мен балаларға беріледі. Бұл шараның адамгершілікке, өміршеңдікке тәрбиелеуде маңызы зор. 

ТҮБІ БІР ТҮРКІ ТАРИХЫ

Түркияда отандық тарих ғылымы терең зерттелген және жетілген. Біз түбі бір түркі халқымыз, сондықтан бауырлас халықтың тарихына терең бойладым. Жалпы Түркияда ғылым жолына түсем дегенге әрқашан жол ашық және толық мүмкіндік пен жағдай жасалған. Өз мамандығым бойынша айтар болсам, тарих көп оқып, терең үңілуді талап ететіндіктен мен бірден кітапханаға бас сұқтым, мен оқыған Селжұқ университетінің кітапханасының қоры өте мол, кірсең шыққысыз. Одан бөлек оқу бағдарламасы оқытушыға емес, студентке бағытталған, ал бұл өз кезегінде студенттің өздігінен білім ізденушілігіне кең мүмкіндік туғызады, одан бөлек әр студентке қолжетімді компьютер, интернеті тағы бар. Оқып жүріп тағы бір аңғарған қызықты жайт, Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшілігіндегі қызметкерлердің 80%-ның негізгі мамандығы тарихшы екен. Тарих мамандығында оқығаннан кейін ізденіп реферат, курстық жұмыстар жазып ғылымға бет бұра бастадым, солардың ішінде ауыз толтырып айтарлық тақырыптардың бірі – «Балбал тастар» тақырыбы. Алматы қаласындағы Ә. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірге жұмыс жасап, нәтижелі ғылыми еңбек шығардық, одан кейін қолға алған ірі зерттеуім «Қазақстан мен Түркия арасындағы білім саласындағы саяси қарым-қатынастар: 1991-2000 жылдар аралығы» деп аталды. Бұл жолда да көптеген тарихи танымдық мәліметтер жинастырдым, әрине қазақ-түрік білім қарым-қатынасы өз тамырын өте ертеден мешіт-медреседе діни білім алудан бастау алады, сонау кезеңнен бастау алған екі ел арасындағы білім саласындағы сара жолға бір жасадым. Диссертацияны екі елдің білім беру жүйесін салыстыра отырып зерттеп сәтті қорғап шықтым.

Е.С.: Бұл іс-шарадан соң менде 9 сыныппен тарих сабағы, тақырып Кеңес Одағы өте маңызды тақырып, себебі Кеңес кезеңімен біздің тарих тұтас деп айтуға болады. Сабақты дәстүрлі емес жаңа әдіс-тәсілдермен өткізуге тырысамын. 

Е.С: Тағы бір күнделікті жұмыс кестесіне кіретін маңызды сәт өзара тәжірибе алмасу, бұл маңызды себебі біз өз білімімізді жетілдіріп одан әрі дамыту қажет және өз тәжірибесімен бөліскен жөн. Бір-бірімізден көріп, біліп, үйренгеннің еш артықтығы жоқ және бұл сала бізде бір жолға қойылған ол үшін арнайы шығармашылық жұмыс жасайды, мұғалімдермен семинар өткіземіз. 

ТАРИХТЫ БІЛУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Тарихшы болу, оның ішінде мұғалім тарихшы сол заманға сай болуы тиіс, мысалы біз оқыған кезде тарихқа көзқарас, тарихты оқыту басқаша болатын. Ал қазір тарихты оқытуда тарихшы мамандығына жаңа қырынан қарау қажет, тарих біздің өткеніміз, ол біздің атамекеніміз, ата-бабадан қалған асыл мұрамыз және болашағымыз сондықтан да тарихты білу, оны қазіргі жас ұрпақ бойына дұрыстап сіңіру – әрине мұғалім тарихшы ретінде біздің парызымыз. Мен күнделікті сабағымда тарих пәнін баланы ең бастысы оқыту, үйрету, баға қою, үйге тапсырма беру емес, керісінше тарих бұл біздің тұтас өн бойымыз, біз осы Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды одан әрі тереңдеп танып білудеміз, соны қадірлеп, ұмытпауымыз керек, міне осыған бағытта саналарына терең ой тастаймын, әрине одан бөлек сабақты берудің қазір сан түрлі әдіс-тәсілдері бар, ақпарат ағымы дамыған, технология жетілген заманда білімді де оның ішінде тарихи білімді де соған сай беруіміз қажет және өз басым тарих сабағыма тыңғылықты дайындықпен келемін. Жасыратыны жоқ, ақпарат ағымы мен технология тегеурініне шек болмай тұрған кезде қазіргі оқушы білімге оның тарихты қызығып оқуға тартудың өзі ерлік, бұл тұрғыда менің сабақ барысында қолданатын тиімді әдіс-тәсілдерім бар, мысалыға айтар болсам қазіргі жас жеткіншекке бағыт бағдар бере отырып, сыни тұрғыдан ойлануына жағдай жасау, одан қалды қателіктерін бірден жайып салмай, керісінше өзі түсініп немесе жанындағы оқушы түсініп бір-бірінің қате тұстарын дұрыстайтын мүмкіндік туғызу. Осыдан келіп өзіндік іздену, кемшіліктерін уақытында түзету, бір-біріне көмектесу деген секілді қасиеттер жүре келе оқушы бойына біліммен қатар сіңеді. Қазіргі білім беруге келсең күн сайын өзгеріп оқыту талаптарына сын еселеп өсуде. Өз сабақтарымда пайдаланып жүрген өзіндік оқыту жүйем бар, өзіндік әдіс-тәсіл деп айтсам да болады. Тарихты оқытуда басты қажеттілік ұлттық құндылықтарды ұмытпау керек, одан кейін баланы сыни ойлататындай, ой тастап, ізденіп, талаптанатындай шара жасау. Осы тұрғыда өзіндік оқыту жүйемді реттеп, практикалық аясын кеңейтіп авторлық жоба ретінде қорғау да ойда бар. 

Е.С.: Өзіңіз білетіндей, тәрбиесіз берілген білім адамның қас жауы деген әл-Фараби бабамыз. Бұл тұста тарихи танымдық іс-шараларды көптеп ұйымдастырамыз, дарынды қыз балаларға арналған білім инновация лицейі деген атау алып жатырмыз, бірақ атау өзгергенмен білім жүйесі өзгермейді керісінше одан әрі жетілдіреміз. Жалпы лицей тарихына келсек, Астана қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицейі 2003 жылы ашылды, содан бері 14 жыл бойы елорда жасөспірімдерін білім нәрімен сусындатып келеді. Біліммен қатар тәрбиені басты кезекке қойғанбыз. Тәрбие тал бесіктен басталаны бәрімізге аян. Тәрбие жұмысын біз үшжақты жүргіземіз ол оқушы – ата-ана – мектеп осы үш траекторияны бірдей қадағалап, үш бағытты тең ұстаймыз. Осы сөзімізге бір ғана дәлел лицейімізде тұрақты жүргізілетін Guest Lecture ( қонақ лектор) бағдарламасы. Бұл бағдарламаға ата-аналар қатысып тәрибе сағатын өткізеді.

Белгілі саясаткер Саясат Нұрбекпен кездесу

Бағдарлама – оқушылардың бағыт-бағдарын таңдауына көмектесетін басты іс-шара. Бұл шараға одан бөлек елімізге танымал бір саланың басын ұстаған, өз ісі мен кәсібінің маманы деген құрметті тұлғаларды шақырамыз – мақсат сол өзінің өмірлік тәжірибесімен, көрген-білгенімен бөліседі,сонымен қатар оқушыларға болашақ мамандығын таңдау жолда үлкен ықпалын тигізеді. Қазақта «Жүз рет айт айтқанша бір көр» деген сөз бар. Біздің қонақ лекторымызда қазірге дейін түрлі сала мамандары болды және бұл шара әрі қарай өз жалғасын табады.

Е.С.: Солай мектеп тіршілігімен жүргенде бір күндік жұмыс күні бітеді, әрине оның арасында мектеп болғаннан кейін өзіңіз білесіз әртүрлі жағдайлар болып қалады, ата-аналармен кездесу болады, баланың тәртібі, сабақ үлегірімі, одан бөлек бізді арасында қала мектептері директорларының жиналысына шақырады сол секілді тағысын тағылар, ол маңызды іс-шаралардың арасында шешілетін мәселелер деп айтса да болады. 

ОТБАСЫМ – БАР БАҚЫТЫМ

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Сондықтан мен бос уақытымды отбасыма арнаймын. Демалыс күндері міндетті түрде отбасымызбен демалыс орындары мен балалардың танымдығын дамытатын орталықтарға бірге барамыз. Одан қалды, үйде кейбір істерді жұмылып бәріміз бірге жасаймыз, сол арқылы отбасылық ауызбіршілігіміз одан әрі нығаяды.

Е.С.: Бізде сабақты бір мезгіл оқыса да кешкі жұмыстан 18:00-да тіпті одан да кеш шығамыз, өйткені кезек күттірмейтін мәселелер шығып қалғанда, ізін суытпай шешуге тура келеді. Жұмыстан шығып таңертеңгі келген жолыммен балабақшаға соғып балаларды алып, үйге келемін, сөйтіп отбасыммен қауышып, арқа-жарқа боламыз. 

 

 

ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕКТІҢ ЖЕМІСІ

    

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Фото: Нұрбек АЛЬМАНБЕТОВ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)