Қажымұқан Поддубныйды қалай жеңген?
07.04.2021 4756
Қазақ Даласының Батыры Қажымұқан Мұңайтпасов – жауырыны жерге тимеген, тізесі бүгілмеген балуан! Ол үшін дауласудың да керегі жоқ

Десе де, әлі күнге дейі нүктесі қойылмай келе жатқан бір ғана мәселе бар. Ол – «Қажымұқан Поддубныйдан жеңілген бе, жеңілмеген бе?» деген сұрақ. Бұл турасында Жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың 1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қажымұқан» атты кітабының 103-бетінде: 

«– Ағаның жолына әдепсіз кісі ғана таласады. Бірінші орын мына кісінікі, – деп сирағынан қыса ұстап, тіп-тік көтеріп иығына тұрғызды да, Поддубныйды кенеттен есікке алып кетті Мұқан», – деп суреттеледі. 

Яғни, бұл жерде Қажымұқан жеңілмеген, тек інілік ізет жасаған. Осы оқиға 1913 жылы Парижде өткен Әлем біріншілігі болатын. Қажымұқан неге бұлай істеген? Әрине, оның бір-ақ жауабы бар. Ол – орыс пен қазақ достығы. Ал шын мәнінде Поддубный Мұңайтпасовты жеңбеген немесе Қажымұқан Поддубныйдан ешқашан да жеңілмеген. Мұны бір деңіз. Тек кей кездері екеуі тең түсіп отырған. Ол рас. Ондай жағдайда да Қажымұқан Поддубныйды дос, аға, ұстаз тұтқандықтан ғана екінші орынды қанағат тұтып бас орынды беріп отырған. 

Оқи отырыңыз:Қажымұқанға жасалған қастандық


Ал енді Қажымұқанның Поддубныйды қалай «жеңгеніне» тоқталамыз: 

Сөзіміздің басында барлық балуандарды жеңіп шығып, соңында қалатын Поддубный мен Қажымұқан көп жағдайда «тең түсіп» отырған дедік. 

Қытайдың Харбин қаласында да осылайша тең түсіп, Поддубный бірінші, Қажымұқан екінші орынды алған. Ал Токиода өткен жарыста бұл жағдай басқаша сипат алған. Тағы да Ресейдің екі балуаны жеңімпаз болғаннан кейін бұл шешім өзгеріп кетеді. Яғни, жеңімпаз тек біреу ғана болуы керек. Бұл анығында дұрыс шешім еді. Енді балуандар французша күресемес, жапондық «жию-житси» күресінен өнер көрсетуі керек болады. 

Қазақтың ғана емес, әлемнің ұлы балуаны Қажымұқанды үнемі осылай шетел балуанының тасасында ұстауға тырысушылық басым


Бұл туралы зерттеуші Мұрат Керейбайдың «Қажы Мұқан» (Астана: Фолиант, 2006) атты деректі кітабында былайша түсіндіріледі: 

«Жарыстың бас төрешісі: 

– Қадірменді орыс палуандары! Сіздер французша күрестен жеңімпаз атандыңыздар. Дегенмен, бəйгеге тігілген арнайы ақшаны іштеріңіздегі ең күшті дегендеріңіз жапондық «жию-житси» күресінде жеңгенде ғана алады. Біз сіздермен Харбин қаласында осылай келіскен болатынбыз...

Оқиғаның осылайша өрбитінін күтпеген орыстар алғашқыда абдырап қалды. 

Залда қайтадан тыныштық орнады. Енді орыс палуандары «жию-житсу» күресі жайлы еміс-еміс естігендерін ойларына түсіре бастады. Бұл күресте ешқандай ереже жоқ екен, əркім өзі ойлап тапқан кез келген əдіс-айланы қолдана алады. Палуанның жауырыны жерге тисе де жеңілген болып есептелмейді. Жеңілудің бір ғана түрі – күрес алаңында о дүниеге аттану немесе есінен танып құлап қалу ғана. Ал қарсыласы жеңіс тұғырына шығып, қомақты, қаржыға ие болады. 

Иван Поддубный

Тағы да үнсіздік. Жұрт демдерін ішінен алып отыр. 

Орыс палуандарының ешқайсысы басын өлімге тігіп, Саракикимен күреске түсуге батылдары жетпей тұрғанда ортаға Қажы Мұқан суырылып шығып, шапанын орындыққа тастай салды. Сол кезде Мұқан палуанның екі жағында тұрған Иван Поддубный мен Иван Корень: 

– Қой, асығыстық жасама, өлесің. 

– Бұл күрес французша күрес емес, жапондық күрес... – десті. 

Сонда Қажы Мұқан: – Мен намысты қолдан бере қоятын халықтың өкілі емеспін! Тəуекел! Аруақ! – деді де, алға суырылып шықты». 

Күрес аяғында Қажымұқан Саракикидің үстіңгі ерні мен мұрынын қоса қармап, екінші қолымен желкесінен тіреп ұстап, ерні мен мұрнын қоса сыпырып алады. Саракики есінен танып қалған мезетте, сыпырылған бет-терісін қоя беріп, оның мойны мен иығынан мықтап қармап ұстайды да жоғары қарата лақтырып жібереді. Жапон балуаны 5-6 ай емделгеннен кейін ақыл-есінен айырылып, жындыханаға түсіп, көп кешікпей қайтыс болады. 

Жапон балуаны Саракики Джиндофу

Көрдіңіздер ме?! Атағы жер жарған, күрескен адамы тірі қалмаған Саракикимен күресуге Поддубныйдың да жүрегі дауаламай, ортаға батыр Қажымұқан шығып, дұшпанын жер жастандырады. Сонымен, жоғарыдаайтқан төрешінің шешімі қанағаттандырылды. Сонда, бірінші орынды Қажымұқан Мұңайтпасов алған болып шықпай ма?! Әлбетте, солай! Шындыққа тура қарайық, тарихты бұрмаламайық, ағайын! 

Бауыржан Берікұлы