Астана қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи мұражайында Алаш әскерінің құрылуына 100 жыл толуына орай «Эпистолярные источники по истории движения «Алаш» атты құжаттар жинағының таныстырылды
Жинақты құрастырушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Құдайбергенов Қуандық Шыңғысұлы қазіргі таңда «Тұран» білім беру корпорациясында қызмет етеді. Ғылыми және педагогикалық қауымдастыққа Ресейдің Том облысы Мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттардың жинағы ретінде дайындалған ғылыми басылымды таныстыру және оны Әскери тарихи музейдің қорында сақтауға ұсыну жиынның басты міндеті болды.
Жиынды Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Күлзира Ысқақова жүргізіп отырды. Кіріспе сөзінде экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі Рахман Алшанов ғылыми басылымның ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихын, оның ішінде 1917-1920 жылдардағы қысылтаяң тұстағы қазақ интелигенциясының тарихи маңызды істерін тануда өлшеусіз үлес қосатынын айтып жеткізді.
Қуандық Құдайбергенов 2004 жылдан бастап Том қаласындағы мұрағаттан Алаш-Орда үкіметінің Уақытша Сібір үкіметімен өткізген келіссөздерінің хаттамаларын, Алаш әскери басқармасының басшысы, штабс-капитан Х. Тоқтамысовтың Уақытша Сібір үкіметінің әскери министрлерімен большевиктерге қарсы ортақ әскери одақ құруы жөніндегі хаттарды, Х. Тоқтамысовтың әскери құрылымдарды жасақтау жөніндегі атқарылған жұмыстар турасында Алаш-Орда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханға берген есептерін тапқанын жария етті. Сонымен қатар ғалым Алаш автономиясын мемлекет есебінде қарастыру қажеттігін нақтылап айтып, автономияның 7 түрлі сипатын еңбектің кіріспесінде негіздейді.
Ғалымның бұл еңбегін белгілі алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіп мырза да жақсы бағалайды. Кейбір кілтипан тұстарда қайта-қайта қоңырау шалып, деректерді анықтап, нақтылай түсуде Қуандық Шыңғысұлының ынтасына көңілі толғанын айта келіп, қоғамда үрдіс алып отырған Алаш автономиясының жарияланбауы туралы жайсыз хабарлардан сақ болуға шақырды. «Бізде мемлекет болмаған» деп ұран көтерушілердің әрекетін өз құйрығын жеп бастайтын әлдебір жәндіктің қылығына ұқсатты. Оның айтуынша, Алаш тақырыбын 30 жыл бойы игеріп келе жатқан тарихшы М. Қойгелдиевтің мәлімдемелері түсініксіз.
Том облысы мемлекеттік мұрағатынан алынып, ғылыми айналымға ұсынылған деректер қоры басылым ретінде көптеп жарияланса, бүгінгі Қазақстанның мемлекеттілігін негіздеп кеткен Алаш автономиясының тарихтағы рөлі айқындала түсіп, автономияның болған-болмағанына байланысты дауларға нүкте қойылатынына көзіміз анық жетті.