Қазақфильм «Балуан Шолақ» фильмін түсіруді бастады
02.07.2017 2338
Кеген маңында фильм үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылды

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Кеген ауылының маңында «Балуан Шолақ» толықметражды көркем фильмі үшін арнайы Қызылжар жәрмеңкесі тұрғызылды. Бұл декорацияда режиссер Нұргелді Садығұлов бастаған түсірілім тобы фильмнің негізгі сахнасын түсіруде. Бұл туралы ақпаратты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі фейсбуктағы ресми парақшасында жариялады. 

Аты аңызға айналған балуан осы жәрмеңкеде Балуан Шолақ есіміне ие болады. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп жатыр. «Егер ол тек балуан болса, онда мен спортқа негізделген экшн фильм жасайтын едім.

Ол тек халық композиторы болғанында, онда шығармашылықтың адамы туралы лирикалық фильм түсірер едім. Алайда Балуан Шолақ «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлға, бойына түрлі өнер дарыған адам болғандықтан, фильмде оның образын көрсету қиынға соқпақ. Десе де осы фильмді көрермен алдына ұсыну үшін барымызды салып жатырмыз» - деді фильмнің режиссері Нұргелді Садығұлов.

Фильмнің қоюшы-суретшісі Ержан Сүлейменовтың айтуы бойынша декорацияларды екі айдың ішінде тұрғызған. Суретшілер департаменті жәрмеңкені архив материалдары мен суреттер негізінде жасап шыққан. Басты кейіпкерлер – Балуан Шолақ, Ғалия, Балқадиша және Татьянаның киімдері костюм жөніндегі суретші Меруерт Торыбаеваның эскиздері бойынша тігілген. Реквизиторлар тобы кинода қолданылатын әрбір затты тыңғылықты таңдай білген.