Елбасы: Ассамблея тарихы – тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі
Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясының XXV сессиясы басталды
«Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында өтіп отырған сессия жұмысына 1500-ден астам адам қатысуда.
Олардың қатарында елдің барлық өңірлерінен келген Ассамблеяның ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Ассамблея мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, саяси партиялар, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар басшылары, шет мемлекеттер дипломатиялық миссиялары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысуда.
Бүгін «Жаңғыртудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім»атты тақырыппен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы барысында ҚР Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы - тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі екендігін айтты.
«Биылғы Ассамблеяның сессиясы ерекше мезгілде өткелі отыр. Еліміздің үшінші мүшелге аяқ басумен бірге бұл аса күрделі кезең. Қазіргі әлемдегі ахуал ел тыныштығы тұрақты дамудың ең маңызды шарты екендігіне көзімізді тағы да жеткізіп отыр. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, бастауы ретінде құрылған Ассамблеямыз өзіне жүктелген қастерлі миссияны өте үлкен дәрежеде орындап келе жатыр. Бүгінгі Ассамблея тарихы ол тұрақтылықтың, татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады. Бірліктің киелі бесігі, елді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей тетігі», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХV сессиясында бәсекеге қабiлеттi адамның қандай болу керектiгiнде сөз етті.
«Адамның бәсекеге қабiлеттiлiгi дегенiмiз не? Мемлекет, экономика, тiптi әр адам бәсекелестiкке қабiлеттi болуы керек. Бiзге Кеңес үкiметiнiң 70 жылында елдiң сыртына шығуға мүмкiндiк бермейтiн. Бiздiң балалар, тiптi өзiмiз қазiр бүкiл әлемдi шарлап жүрмiз. Және басқа елге келгенде сен өзiңнiң құқықтарыңды дауламайсың, сол елдiң заңымен өмiр сүресiң. Сондықтан, адам бәсекелестiкке қабiлеттi болу үшiн әлемдегi адамдардың деңгейiнде кең ойлауы керек», - дедi Елбасы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, алдымызға қойып отырған ең басты мақсат өркендеп өсіп, 2050 жылы ең жоғары дәрежедегі 30 елдің қатарына қосылып, халқымыздың тұрмыс жағдайын көтеру болып отыр. Ол жолда ошақтың үш аяғындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттың қай қайсысы да айрықша маңызды екеніне тоқталды.
«Сондықтан біз әлемдік ахуал қандай болса да алға қарай ұмтылуымыз керек. Көріп отырсыздар, қанша дағдарыстан өтіп келеміз. Ешқайсысында біз сүрінгеніміз жоқ, экономикамызды төмен түсірмедік. Биыл еліміз кешенді жаңғыруға кірісті. Ошақтың үш аяғындай болатын экономикалық, саяси және рухани бағыттың қай қайсысы да айрықша маңызды. Қазақстанның үшінші жаңғыруы деген экономикалық түлеудің басын мен өзім Жолдауымда айттым. Мемлекетті басқаруды жетілдіре түскен конституциялық реформалар - саяси жаңғырудың негізі. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға өзек болған жобалар рухани кемелденудің бастауы», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ассамблея адамды құрметтеуге, ашық жарқын болуға үйретеді деді. «Ассамблея жаныңдағы адамды қандай болса да, қабылдап, құрметтеуге үйретедi. Оның тiлiн, мәдениетiн, салт-дәстүрiн сыйлай бiлуге баулиды. Әлем осылай ғана өмiр сүре алады», - деген Назарбаев бәсекеге қабiлеттi адамдарға қажеттi басқа да қасиеттерге тоқталды.
ҚХА-ның XXV сессиясының қарсаңында, 2017 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өттi. Оның барысында ҚХА қызметінің бірқатар өзекті мәселелері қаралды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма бесінші сессиясын шақыру туралы жарлыққа биылғы жылдың наурызында қол қойған болатын.