Қазақтың интеллектуал қаламгері Зәуре Батаеваның «Оспан батыр мен Дуглас Маккернан жайлы қызықты деректер» атты мақаласын оқып отырып қазақтың әлі де болса ғылыми айналымға түспеген тарихи деректері көп екен-ау деген ойға қалдым.
Онда автор Британ тілшісі Годфри Лиас деген адамның «Kazakh Exodus» деген еңбегі турасында баяндайды.
«Бұл кітапта Оспан батыр мен Қалибек хакім туралы туралы ақпарат көп. Осы еңбекте Званцов деген жігіттің аты аталды. Оспанның отрядында болған орыс жігіті екен. Василий Званцов Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданындағы Еловка деген ауылдың жігіті. Званцовтың тұлғасы өз жайына бөлек әңгіме, ол жайлы бір адам әлі жазады» деген мәліметті көріп интернет торабынан бұл адам жайында жазылған деректерді іздестіре бастадым. Сосын көзімізге түскені мына мақала болды. Төмендегі беріліп отырған мақала Роман Грузов атты журналист әрі саяхатшы адамның Званцовтың өз ауызынан жазып алған дүниесі екен. Оны біз орыс тілінен ана тілімізге барынша ықшамдап, тәржімалап беруге тырыстық.
Біз АҚШ-тың арнайы тыңшысы болған Дуглас Маккернанды көбіне Алтай тауындағы уран мен Курчатовтағы полигон туралы еліне астыртын ақпарат беріп отырған қызметкер болғаны турасында аздап білетін едік.
Ең әуелі аудармаға келмес бұрын З. Батаева жазған мақаладағы Званцовқа қатысты деректерді қаз-қалпында оқырман назарына ұсынсақ па дейміз. Ары қарай автор «Into Tibet: The CIA’s first atomic spy and his secret expedition to Lhasa» (2002) деген кітапты тауып алып оқығандығын айтады. Онда Дугластың өте қызық адам болғандығын, сондай-ақ қазақтармен етене қарым-қатынаста болғандығын Оспанға АҚШ атынан қару-жарақ, алтын беріп, байланыс жасаған да осы Дуглас екендігін алға тартады.
«...Дугластың Шығыс Түркістандағы шаруасы аяқталмады, себебі бұл жағдайға АҚШ өкіметі шындап кірісе алмаған. Сондықтан Дуглас Шығыс Түркістандағы істі тастап, Гималай арқылы жасырын Тибет өкіметімен келіссөзге бар деген тапсырма алған. АҚШ елшілігі Үрімшіден қашуға мәжбүр болғанда, Дуглас жалғыз өзі қалып, атом бомбасының жарылысын анықтайтын құрылғыларды Званцовпен бірге орнатып кеткен. Бірақ Званцов байқұстың Дугластың не істеп жүргенінен мүлдем хабары болмаған».
Айтқандай-ақ төмендегі аудармада осы сөздің айдай анық екендігі де айтылады. Бір ғана мысал келтіре кетейік.
«Мен оның аудармашысы болдым. Әрі келіссөздер жүргізіп, жұмыстарына қолғабыс еттім. Маккернан аз уақыт қазақтармен қалғысы келді. Ол менен осында қаласың ба деп сұрады. Егер қала алмасаң бізбен бірге жүр деді. Біз шөл дала арқылы Тибетке жол жүреміз, одан әрі Тибет қыраты арқылы тұп-тура Лхаса қаласына барамыз деді.
Оның неге бұлай сапар шекпегін еш түсінбедім. Бәлкім, саяхатқа қызыққан шығар деп ойладым» дегені жоғарыдағы сөздің бұлтартпас дәлелі ғой.
Ары қарай Батаева ханым бұл мәселені бүй деп жазады. «Оспан батыр елшілік бар кезде Дугласқа көп көмек берген еді. Орыстардың бұл аймақтан уран іздеп жүргенін де Дугласқа Оспан батыр алғаш болып хабарлаған болатын. Бірақ Оспан мұның уран екенін еш білмеген, «тас тиеп жүр» деп хабарлап, үлгісін әкеліп берген. Дуглас «тасты» жылдам зерттеп жіберіп, Сталиннің уран іздеп жүргенін бірден түсінген» екен деп жазады.
Жоғарыдағы кітаптан үзінді келтірген автор Дуглас пен Оспан ұзақ уақыттар бойы бір нәрсе хақында сөйлескендігін, алайда Томас Лейрд деген адам ЦРУ-дің мұрағатынан бұл жайлы ақпаратты аяғынан сабылып көп іздегенімен, ешнәрсе таба алмағанын айтады.
«...Томас Лейрд кейін Америкада тұратын Званцовты тауып алып, сұхбат алғанда, Званцов Дуглас пен Оспанның әңгімесін Максим Степан аударды деп жауап берген. Ал Степан Дугласпен бірге Тибеттің шекарасында қаза тапқан. Дуглас орыс тілін жақсы білсе, Максим қазақ тілін тамаша білген. Себебі Максим де Званцов сияқты Оспанның отрядында бірнеше жыл болған екен» дейді. Ал жоғарыдағы Степен мен Дугластың қатар болған қазасы жайында Званцовтың өзі былай дейді. «Қазкөлден шығып, екі ай бойы жол жүрдік. Сол жүргеннен шекараның шетіне іліндік. Тибеттіктерді бірінші болып біз көрдік. Мен Маккернанға қолына ақ ту беріп, байланыс орнатуға бір адамды жіберсек қайтеді дедім. Ол мені тыңдамады. Бәріміз сол жерге барып, шатырымызды тігейік, содан кейін байланыс жасармыз деді. Егер мені тыңдағанда ғой, бәлкім, бәріміз де тірі қалар ма едік.
Біз шатыр тігіп еш үлгерген жоқпыз, жиырма шақты тибеттіктер атып шығып, бізді атқылай жөнелді. Осы жерде төрт түйеміз бірден өлді. Дуглас пен Степан және Левка үшеуі сол жерде мерт болды» деп айта келіп жолға бес адам болып шыққандығын айтады. Ал мұны Зәуре апайымыз былай деп көрсетіпті. «Дуглас, Бессак, Степан және Василий Званцов төртеуі Тибетке бірге шығады. Дуглас Тибетке аса маңызды тапсырмамен бара жатқанын серіктестеріне айтпаған. Екі айдан кейін Дугласқа рация арқылы Баркөлдегі трагедия туралы хабар жеткен. Қытайлар қан жоса қылған қазақтардың өліміне Дуглас өзін кінәлі санаған. Званцов Томасқа: «Дугластың қайғырғаны сонша, басына пистолетін тақап, өлмек болды», – деп айтқан. Бессак пен Званцов Дугласты әзер дегенде жұбатқан.
Бірнеше айда Тибеттің шекарасына өліп-талып жеткенде, Тибет шекарашылары әй-шәй жоқ, оқ жаудырып қоя берген. Дуглас пен серіктестері қазақтың шапанын киіп жүргендіктен, тибеттіктер оларды қазақтар деп ойлаған сияқты. Тибеттіктерді қазақтарға айдап салған қытайлар, бірақ қазақтар тибеттіктердің малын, бала-шағасын ұрлап, маза бермегені тағы бар. Бессак пен Званцов адам сенбес себептермен тірі қалса, ал Дуглас пен Степан қаза тапқан. Тибеттіктер екеуінің басын Бессактың көзінше кесіп алып, денелерін сол жерге тастап кеткен. Жаралы Званцов пен Бессакты тибеттіктер қамауға алған. Ал бұл жайлы оқиғаны Дугластың отбасы тек 90 жылдардың аяғында ғана білген» дейді.
Дәл осы деректерді енді Званцовтың өз ауызынан естігеніміз дұрыс шығар. Жоғарыда уәде еткеніміздей Роман Грузов атты журналистің Званцовтың өз ауызынан жазып алған дүниесін дәл осы арада оқырман назарына ұсынсақ па дейміз.
Осы жұрт Званцовты біле ме екен....
Василий Званцов 1923 жылы қазақ топырағында туып 2012 жылы АҚШ елінде дүниеден өткен. Журналист әрі саяхатшы Роман Грузов ЦРУ-дың Тибетке жасаған экспедициясының мүшесі болған, американдықтарға коммунистік Қытайдан Далай Ламаның сыртқа шығуына көмектескен белгісіз орыс әскерін ерекше іздестірген болатын. Ақырында ол соғыс кезінде Тибеттің о шетінен бұ шетіне дейін өткен, Лхазада бата алған, кейін Калифорнияда жылжымайтын мүлікпен айналысу арқылы шексіз байыған Қызыл армияның қатардағы жауынгерінің басынан кешіргендерін бүге-шігесіне дейін хатқа түсірді. Оны алғаш рет Гавайядан ұшыратқан Роман Грузов беймәлім жанмен сұхбаттасқан тұңғыш журналист. Бұл әңімеден соң В.Званцов көп өтпей фәниден бақиға озды.
ССРО-дан қашу
«Мен Марқакөл көлінің (қазір Қазақстан аумағы – Esquire) жанындағы Нижня Еловка (Төменгі Еловка) ауылында дүниеге келдім. Жүз шақты үйі бар үлкен, бай ауыл болатын. Әкемнің аңшылыққа қабілеті болды да, былғары-терінің арқасында күрт байып шыға келді. Шаруашылығымыз үлкен болатын. Жұмысқа жегілетін аттар бір жағынан көлік ретінде де мінілетін. Сондай-ақ біршама сиыр мен шошқа, тауықтарымыз да бар болатын. Әкем қолғабысқа жұмысшы жалдағаны үшін бір-ақ күнде мен кулактың баласы болып шыға келдім. Ең сорақысы сол, әкем шаруашылығына жұмысшы жалдағаны үшін түрмеге түсті. Ол ұзақ уақыттар бойы темір торда отырды. Кейін түрмеден қашып шығып Қытай жағына, дәлірек айтсақ Шыңжаңға қарай өтіп кетті. Тым суыт жүрістен бе екен шешеме: «тірімін, еш алаңдама Қытайға кеттім» деп айтып та үлгеріпті.
Көп ұзамай менің де кетуіме тура келді. 1942 жылы халықты соғысқа жаппай жұмылдыру жарияланып, досым Николай екеуміз Аягөзге келдік. Сол жерге келген екеуіміз де бай кулактың баласы едік. Дүниенің қалай құбылатынын айтсаңызшы, кезінде бізді жермен жексен еткен үкімет енді қайтадан өздерін бізге қорғатпақшы екен. Бұл үкімет үшін біз ешқашан соғыспаймыз деген екеуара ұйғарымға келіп, қашпақшы болдық. Мен бір кездері аз болса да ұстаханада істеп таға соққан жағдайым болған. Сол сәтте ұста керек деп жариялап жатқанда соған барып тізімделдім. Бірақ, майданға баратын взводқа емес, тылға кететін взводқа есімімді тіркеттім. Николай тігінші болатын. Оны да әскерге арнайы киім тігу үшін сонда қабылдады.
Біз қашуға нақтап кірістік. Бар азығымыз екі бөлке нан ғана болатын. Ал қаруға келсек, екеуміздің тек пышағымыз ғана болды. Сөйтіп бір күні қашып шықтық. Қараңғы түсісімен қаладан шықтық. Бірақ қалай, қайда жүруіміз керек? Қолымызда не карта, не компас жоқ, тек темірқазық жұлдызы бойынша ғана бағыт түзеп келеміз. Бағымызға қарай, сол жылы қазақ даласында жауын-шашын аз болатын. Соның арқасында межелеген жерімізге дәлме-дәл келдік. Семейден онша қашық емес, бұл жерде бұрындары да бірнеше рет болған едім. Барымызды баяғыда жеп тауысқанбыз. Қып-қызыл ашпыз енді. Бір кезде колхоздың қорасына тап болдық. Онда енесінен бөлінген бұзаулар әр шарбақта оқшауланып бөлек-бөлек тұрады екен. Баспалап келіп қарасақ, күзетшісі бар екен. Темекісін бұрқыратып әрлі-берлі үздіксіз жүре беретін сол күзетшінің ұйықтар уақытын күттік. Сөйтіп бір шоқ бұтаның ішінде үнімізді шығармай тығылып отырдық. Таң ата күзетші ұйқыға кетті-ау дегенде Николай шарбаққа қарғып түсіп желкеме бұзауды әкеліп сала қойды. Сөйтіп орманға қарай зытып отырдық. Сиыр етіне қарағанда бұзау еті тым жұмсақ қой. Біз сол бұзауды шикілей жеп тіпті сіңіріне дейін тұтастай талғажау еттік.
Ертістен өтіп, жол бойы ауыл үйлердің нанын ұрлап жеп жүріп үйімізге де жеттік. Тура 38 күн бойы жол жүрген екенбіз. Түнде Николайдың әкесіне келдік. Ол: «Ойбай, не істеп қойдыңдар, мен құрыдым ғой» деп қатты зәресі ұшты. Сөйтіп маусым мен шілде, тамыз айларында ауылдың маңындағы орман арасында баспалап жүрдік. Сол жердегі жандардың бәрі де бізге көмек қолын созды. Ал қыркүйек келгенде күн суый түсті. Не істеу керек? Мен ойлана келе Қытайға әкеме баруды ұйғардым. Ал Николай болса «туған жерді қиып тастап кету қиын» деп бұлталаққа басты. Мен «түрмеге түсіп шіримін демесең қашайық» дедім. Содан барып ол келіскендей болды. Шешеммен еш қоштасып үлгермедім, содан кейін оны көрген де емеспін. Әрине, анама бармақшы болып талаптанып баққан едім. Алайда ауыл маңына үлкен торуыл қойылыпты, соған тұтқын бола жаздап әйтеуір аман-есен құтылып кеттік.
Василий Званцов, жаңа ғасырдың басында (2000 ж) Дереккөз: perduha.com
Әрине, Қытайға жету оңай емес, шекараға дейін үш жүз шақырым бар. Бізге бірақ төте жолмен жүруге еш болмайды. Тек түнделетіп қана тау арқылы жүріп отырдық. Алтай тауларынан асып түссек, шекара болатынын баяғыдан білетін едім. Таудан да аман-есен асып түстік. Осы кезде қырсық болғанда екі елді бөліп ағып жатқан өзеннің дәл жиегінде орыс солдатына қарама-қарсы кезікпесіміз бар ма. Ол қаруын қамдай бастағанын көріп-ақ тұрмыз. Ал біздің қолымызда пышақтан басқа дәнеңе де жоқ болатын. Осы кезде әкемнің айтқан бір өсиеті саф етіп есіме орала кетті. «Ешкімді өлтірме, сонда сені де ешкім өлтірмейді» дейтін еді жарықтық. Әрине, қолымнан келгенше адам өлтіруден әрқашан да аулақ болдым. Біздің ниетімізді байқады ма жаңағы солдат та бізге еш қауіп төндірген жоқ. Байқамағансып отыра берді. Өзеннен өтіп, киімімізді ауыстырып алдық та Шыңжаң жеріне қарай ендей түстік. Көп жүрдік. Әбден арып-шаршап бір қазақ ауылының жұртына тап болдық. Өздері енді ғана көшіп кетсе керек, жұртта бір ит қалып қойыпты. Сол итті алдарқатып жүріп ұстап алып, одан шашлық жасап жан шақырдық. Ол иттің еті де таусылайын деді. Арып-ашып жүріп бір шағын қалашыққа да келдік. Сол жерде орыстар тұратынын естіп, оларға бармақ болып едік, сол жерде қытай шеріктерінің қолына түсіп қалдық. Тілімді бұрмалап әкемнің осында екендігін түсіндіріп едім, кейін бізге екі қытай шенеунігі келді. Біреуі тап-таза орысша сөйлейді екен. Мен ССРО-дан қашып келгенімізді айттым. Ол: «жақсы, әкеңді іздестіреміз, ал бүгін Шара-Сумэге барасыңдар», – деді. Қазір совет елшілігінің жанынан өтеміз, сол кезде бастарыңды көрпемен бүркеніп алыңдар» деді. Бізді ол жерге апарған арбакеш те орыс болды. Сөйтіп үш ай түрмеде отырдық. Орысша сөйлеген қытай шенеуінігі сөзінде тұрған екен. Кейін әкем келіп, бізді шығарып алып кетті. Ол жерде әкемнің өз шаруашылығы, дәлірек айтсақ диірмені мен омартасы бар екен. Біз шамамен жүз шақырымдай жерде орналасқан Шара-Сумэ қаласына апарып сол бал мен ұнды сатып күн көрдік. Осылайша жеті жыл тұрдық. Одан кейін тағы да саяси бұлғақ басталып кетті. Шығыс Түркістан үкіметі пайда болып тағы да қашуымызға тура келді. Бізді ұстап алып, Ресейге қайтарып жібереді деген үрей күні-түні жанымызды жегідей жеді.
Түркістан арқылы
Мен жалғыз қашқан жоқпын. Бізде 300 адамнан тұратын орыс атты отряды бар болатын. Cол отрядқа жергілікті халық шағым жасай бастады. Айтатындары: «Бұл жер Түркістанның жері, сендердің елдерің емес, кетіңдер» дейді.
Бір жағынан, советтіктер де олардың қолтықтарына су бүркіп отырды. Біз сөйтіп қытай мен совет идеологиясының ортасында қалдық. Қай жағына барсақ та бізді өлім күтіп тұрды. Әкем бұл кезде шау тартып қартайғандықтан, бізбен бірге жүре алмайтын еді. Біз Үрімшінің солтүстігінен өтіп, Гученге келіп, сол жерде Оспан батырдың отрядымен бірге тұрақтадық. Бұл кәдімгі етжеңді қазақ, көшпендінің бейнебір өзі дерсің. Меніңше, ол бірнеше рет түрмеде отырған. Бірақ сол түрмеден үнемі қашып кететін болғандықтан, жергілікті халық оны өте қатты сыйлайды екен. Әскерінің бәрі мұсылмандар болды. Бостандықты жанымен сүйетін әрі мал бағатын халық екен. Мен қазақша жақсы білетінмін, содан мені отрядтың старшинасы етіп тағайындады. Бұл дегенің кем дегенде 300 адамды ұнмен, етпен, сондай-ақ олардың мініс аттарын жем-шөппен қамтамасыз етуім керек дегенді білдіреді. Біз осы шаруа барысында полковник Омар Ма деген дүнген арқылы олармен байланыс ұстап тұрдық.
Осылайша бір жыл Гученде тұрдық. Бір кездері ел арасында Түркістан Мао Цзэдунның қарамағына берілмекші екен деген суыт хабар тарады. Омар: «Кім не істегісі келеді, соны істеңдер, я отбасыларыңа қайтіп оралыңдар, я Үндістанға немесе Тибетке қашыңдар. Ал мен өзім Формозаға (Тайвань. - Esquire) кетемін», – деді. Әрине, шешім қабылдау өте қиын болды. Ұсталған жағдайда советтіктер мені түрмеге қамайтынын жақсы түсіндім. Сол кезде Омар мені Дуглас Маккернанмен таныстырып, Үрімшідегі американ консулдығына жылқышы етіп орналастырды. Сөйтіп Маккернанның оң қолына айналдым. Біріншіден, мен таза қазақша сөйлей алатынмын, екіншіден, Шыңжаңда мен әскери іс-әрекеттерге әбден бейімделіп, шөл далада қалай жүру керектігін өте жақсы меңгерген едім. Мен оған өз офицері сияқты бағындым. Ол да мені қатты сыйлады. Сөйтіп күндердің күндері мен жаныма екі орыс жігітін алып Баркөл жаққа қаштым. Ол жерде Оспан батыр мен біздің отрядымыз бар болатын. Маккернан да досы Фрэнк Бессакпен сонда кетті. Мен оның аудармашысы болдым. Әрі келіссөздер жүргізіп жұмыстарына көп қолғабыс еттім. Маккернан аз уақыт қазақтармен қалғысы келді. Ол менен осында қаласың ба деп сұрады. Егер қала алмасаң, бізбен бірге жүр деді. «Біз шөл дала арқылы Тибетке жол жүреміз, одан әрі Тибет қыраты арқылы тұп-тура Лхаса қаласына барамыз», – деді.
Оның неге бұлай сапар шекпегін еш түсінбедім. Бәлкім, саяхатқа қызыққан шығар деп ойладым. Сөйтіп Баркөлден Такла-Макан арқылы жолға шықтық. Жолбасшымыз қазақтар еді. Олар суды қайдан іздеу керектігін жақсы білсе де біз екі күн бойы сусыз жүрдік. Жолбасшылар жол бойындағы барлық қытай заставаларын бес саусағындай білетін. Солардың нұсқауымен біз Қазкөл өзенінің бойындағы ауылға келдік. Тибетте қыс түсіп кеткендіктен, сол өзен бойында үш ай тұрдық. Ауыл иесі Тәжі бізге он екі қой беріп қатты күтті. Киген киіміміз жақсы болатын. Маккернан маған американдық әскери және іш киім мен төсек қаптарын берген болатын. Олардың бәрі әлі күнге дейін менің гаражымда сол қалпында тұр. Қош...
Сонымен, көктем шыға жолға қамдана бастадық. Ауыл иесі бізге Лхасаға дейінгі жолды көрсетіп жіберді.
Тибетке сапар
Тибет туралы мен тек мектептен ғана естіген болатынмын. Тибет таулары туралы хикая көп. Қазақтар ауызынан бұл таудың ішінде улы газ бар екендігін көп естіген едім. Олар оның улы газ емес, ол жерде оттегі жетіспегендіктен, адам ұйқыға кеткеннен кейін соның кесірінен жүректің тоқтап қалатынын еш білмесе керек.
Бес адамнан тұратын сапарды Маккернан мен Бессак басқарып келеді. Мен өзіммен бірге Степан мен Левканы ала шыққан едім. Қазкөлден бесеу болып аттанған болатынбыз. Ал қазір сол бесеудің тірі жүргені тек мына мен ғана. Төртіншісі болып осыдан алты жыл бұрын яғни 2010 жылдың 6 желтоқсанында Фрэнк дүниеден өтті. Маккернанның Семейді бақылау үшін ССРО-ға кісі жібергенін мен осы Фрэнктан білдім.
Сөйтіп американдықтардың алтыны мен гранаталарын түйеге артып Тибетке тарттық. Жолға деп алған тамағымызды үнемдеп, күніне тек бір-ақ рет, (кешке ғана) тамақ іштік. Ал күндіз бауырсақты ғана талғажау етеміз. Бауырсақ – қазақтың төл сөзі. Өзі ұзақ уақыт бойы бүлінбейтін тамаша тағам. Биік жерде көп тамақ жеуге әсте болмайды екен. Бірде Левка етті көп жеп қойып, құлағы мен мұрнынан қан кетіп, жаман болды. Өледі деп ойлаған едік. Әйтеуір, абырой болғанда сауығып кетті. Қазкөлден шығып, екі ай бойы жол жүрдік. Сол жүргеннен жүріп шекараның шетіне келіп іліндік. Тибеттіктерді бірінші болып біз көрдік. Мен Маккернанға қолына ақ ту беріп, байланыс орнатуға бір адамды жіберейік дедім. Ол мені тыңдамады. Бәріміз сол жерге барып, шатырымызды тігейік, содан кейін байланыс жасармыз деді. Егер мені тыңдағанда ғой, бәлкім, бәріміз тірі қалар ма едік.
Біз шатыр тігіп үлгерген де жоқпыз, жиырма шақты тибеттіктер атып шығып, бізді атқылай жөнелді. Осы жерде төрт түйеміз бірден өлді. Дуглас пен Степан және Левка үшеуі сол жерде бірден мерт болды. Ал, менің аяғыма оқ тиді.
Тибетке көшу картасы. perduha.com
Сонымен тірі қалған Бессак екеумізді тибеттіктер түйелеріне артып ауылдарына алып келді. Тағы да екі күн жүріп, үлкен шатырға кез болдық. Сөйтсек, оны Маккернанға арнап Далай Лама тіктірген екен. Бізді қарсы алуға генералдың жіберген әскері үш күнге кешігіп қалыпты. Генералдың шатырында бізді ерекше күтіп, тамақ берді. Бірақ ол шатырда ешқандай дәрі жоқ болып шықты, Ал менің аяғым күп боп ісіп кеткен болатын. Өзіміздің аптечкамыздан қалған 8 таблетка сульфадиазинді алып келді. Менің шыбын жанымды алып қалған дәрі де осы болды.
Лхаса
Мен ешқашанда су жүрек болған адам емеспін. Біра, Қытайда қалсам да, ССРО-ға барсам да әйтеуір өлім. Сөйтіп, Тибетте тұрақтауға тура келді. Түйемен жүріп отырып біз бір ауылға жеттік. Сол жерде бір емші аяғыма шөптен жасалған дәрі жағып еді, бұған дейін үш тәулік ұйқы көрмеген мен отырған жерімде тастай қатыппын да қалыппын. Сол ұйықтағаннан таңертең бір-ақ ояндым. Емшіден Лхаса алыс па деп сұрап едік, ымдап атпен жүрсең 12 күндік жол дегенді саусағымен ишаралап көрсетті.
Лхасаға шамамен күндіз жеттік. Мұнда бәрі тым өзгеше екен. Мен Азияда туып-өстім, бірақ Тибетті Түркістанмен салыстыруға еш болмайды. Олар ұн қосылған тұзды шай ішеді екен. Көбіне ұнды қайнап тұрған сумен араластырады, бұны тибетше тсампа дейді. Маған ең алдымен қойдың еті мен яктың қаймағы алынбаған сүтін әкелді. Рахаттанып отырып ішіп жедім.
Лхаса – төбелер мен дөңдерге шашыла орналасқан қала. Монастырьларының бәрі төбенің басына салынған. Ал қала орталығы өзен ағып өтетін тегіс жерде орналасқан екен. Олар өлгендерді өзенге тастайды екен, мұнысы маған тіптен оғаш көрінді. Өзен оларды ұстап тұрсын ба мүрдені ақбауыр асау толқындары бірден жағаға шығарып тастайды. Ешқандай гигиена мен тазалық деген атымен жоқ. Кей жерлерде дем алу тіптен мүмкін емес. Есесіне өзен іші толған балық. Мен бірде оларға неге балық ауламайсыңдар деп сұрадым. Олар болса бұл үлкен күнә ғой деп шу ете қалды.
Сол кезде Тибет маған шынымен-ақ біртүрлі болып көрінді. Бәрі ламалар. Тұрғындарының дені құдайға құлшылық етеді. Ал, әйелдері тас тасып, монастырь салады. Мен үшін бұл тіптен ыңғайсыз көрінді. Мен мұсылмандардың арасында туып-өстім ғой, бірақ оларда дүниетанымы мүлде басқаша-тұғын. Ал бұл жерде әйелдер кәдімгідей құлдықта жүргендей қызмет етеді екен. Осылайша біз төрт ай тұрдық. Осы жерден Генрих Харрер деген азаматты кездестірдім. Өзі бір тамаша жігіт екен. Маған өте көп көмегі тиді. Менің дәрігерім мен күзетшім, тіпті аспазым да осы жігіт болды десем, асыра айтқандығым емес. Ал Бессак болса бөлек тұрды.
Бірде бас дәрігер Далай Ламадан бата алу керек деген соң, біз Бессак екеуміз соған қарай жүріп кеттік. Далай Лама отырған сарай таудың басында орналасқан екен. Біз баспалдақ арқылы ұзақ жүрдік. Ішке кіріп едік, толып жатқан бөлмелер мен үлкен барабандар, «ом мани падме хум» деп бәрі де құлшылық етіп жатыр екен. Біз келіп иіліп амандастық, ол да бізге сәл еңкейіп ишара жасап, қолын менің басыма әкеліп қойды. Өзі жап-жас бала екен. Осы жап-жас бала мына Тибеттің тірі құдайы десем де болады.
Кейін Бессак Далай Ламамен Америкада кездесті. Бірақ мен бұдан кейін мұндай саяси істерге еш араласқаным жоқ. Мұндай кездесулердің адам өміріне аса зор қауіпті екендігін совет заманынан бері көкейіме құйып алған болатынмын.
Міне, сонымен төртінші ай түгеуге таяғанда, Үндістан тарапынан бізге өтуге рұқсат берілді. Атымызға мініп ары қарай жүріп кеттік. Оң жағымызда болса Непал, Сикким арқылы ұзақ жол жүріп Үндістанға да келдік. Гималай тауының етегінде Силигури деген шағын қала бар екен. Сол Силигуриге джиппен келдік те, әрі қарай Калькуттаға кеттік. Сол жерде тұңғыш рет теңізді көрдім. Одан әрі аэропланмен Нью-Делиге ұштық.
Шынымды айтайын, мен де ешқандай да құжат болған емес. Осы жерден егіз орыс жігітерін ұшыраттым. Олардың әкесі патша үкіметінен бері осында тұрады екен. Әкелері елші болыпты. Олар Австралияға кету үшін құжат алып жатыр екен. Мен де талпынып көрген едім, бірақ өтінішім еш қабыл болмады. Ішімнен американдықтар менің Австралияға кеткенімді қаламады-ау деп ойладым. Содан көп ұзамай Америка консулдығынан адам келді. Сен қағаздарыңды толтыр, біз сені Америкаға жібереміз деді. Визаны сегіз айдай күткен шығармын, ақырында маған куәлікпен қоса билет те берілді. Америкаға барғанда немен айналысатынымды еш ойлаған жоқпын. Бірақ Бессак: «Сен онда барғанда темірші бол. Әлі жассың ғой. Ал, тілді әлі-ақ үйреніп кетесің», – деді. Айтқандай-ақ солай болып шықты да ғой.
Америка
Сол кезде Нью-Делиден Оклендке дейін төрт күн жүріп келдік. Делиден алдымен Бангкокке, одан Гонконгке, одан әрі Манила, Филиппинге, тағы бірнеше аралдан өтіп Гавайяға, сөйтіп Америкаға да жеттік.
Мен Оклендте Continental Can Company көкөністері үшін консерві банкасын жабу үшін жұмысқа орналастым. Екі жыл істеп, өзімнің сақтау кітапшама екі мың доллар салып қойдым.
Мен тұрған жерден сәл әріде орыстың сағат жөндейтін дүңгіршегі бар болатын. Оның иесі маған: «Василий, сағат жөндеу шебері болсаң жақсы болар еді. Мен саған өз бизнесімді сатар едім» деп бірнеше мәрте айтқан болатын. Содан сағат жөндеу шеберлерінің үш айлық курсын оқып, арасында аздаған жұмыс істеп жүріп сол дүкенді сатып алдым.
Мен аяққа тез-ақ тұрдым. Көп ұзамай үй сатып алдым. Төрт жылдан кейін Сан-Францискода үш үйім болды.
Қазір дүние мүлдем басқаша болып кетті ғой. Мен балама айтамын: кезінде мен бизнесті екі мың доллармен бастаған едім, ал қазір саған 200 мың доллар берсем де ондай іс жасай алмайсың деймін. Рас, осы алпыс жылдың ішінде көп нәрсе өзгеріп кетті емес пе. 1953 жылы алтынның унциясы 36 доллар болса, қазір унциясы 1350 доллар. Қалайша бұлай болып кеткендігін еш түсінсем бұйырмасын? Менің бұған тіпті ақылым да жетпейді.
Өзімнің CIA-ға жұмыс істегенімді мен бейбақ кейін ғана білдім ғой. Америкаға мені Тибет экспедициясы үшін ғана кіргізген секілді. Әйтпесе Америкада еш тұрмас едім ғой.
PS. Осы аударманы жасап отырып «Адамның басы Алланың добы» деген ұғымға шынымен-ақ иланады екенсің. Қандай қиын замандарды адамзат баласы басынан кешірген. Айтпақшы, аудармада В.Званцовтың Тибет топырағында жүргенде Генрих Харрер деген ізетті жанмен кездескенін айттық қой. Осы кісінің саяхатшылдығы мен альпенистігін айтпағанда қаламгерлігі бір төбе жан екен.
Оның «Жеті жыл Тибетте» атты деректі кітабының негізінде түсірілген әйгілі «7 лет в Тибете» киносы осы Бессак мен Званцовтың Лхазада өткен тағдыры турасында. Осыдан-ақ Званцовтың қандай адам болғандығын бағамдай білсек те болатын секілді.